Қазақтың қара домбырасы Гиннестің рекордтар кітабына енді

3264
Adyrna.kz Telegram

Қытай қазақтары ұлттық музыкалық аспап — домбыраны Гиннестің рекордтар кітабына тіркеді. Шыңжаң өңіріндегі Толы ауданының 10 мың домбырашысы жексенбі күні бір сәтте қазақ халқының «Кеңес» күйін орындады. Толы аудандық мәдениет мекемесінің бастығы Гүлістан Хамитқызының айтуынша, қара домбыраны рекордтар кітабына тіркеуге дайындық шамамен екі жыл бұрын басталыпты. Аудандық халық өкіметі мұндай бастамаға қолдау көрсеткен. Науқанға аймақтағы ең мықты деген домбырашылар тартылған. Ұйымдастырушылар ақылдаса келе қазақ халқының «Кеңес» күйін таңдап алыпты.

- Халық арасында «Күй басы — Кеңес» деген сөз бар. Күйдің шығу тарихы да қызық. Қазақтар ежелден ел ісін билер кеңесі арқылы шешіп отырған. Ірі жиындарға халық күйшілері де қатысқаны белгілі. Кеңес күйі осындай тарихи жағдайда пайда болған екен, — дейді Гүлістан Хамитқызы.

Күйді таңдап алған соң ұйымдастырушылар алқасы рекорд тіркеу үшін 10 мың адамдық күйшілер қосын жинау қажет деп шешіпті.

Бірақ олар осыншама домбырашыны таба алмайтындығын жақсы түсінген. Сол себепті халық арасында домбыраны насихаттау керек деген тұжырым жасалған.

- Бізге қарасты жеті ауыл бар. Сол ауылдардағы мектептерден 160-тан астам домбырашы таңдап алынды. Он мықты домбырашы осы оқушыларға «Кеңес» күйін тарту тәртібін үйретті. 160 домбырашы әрі қарай өз шәкірттерін тәрбиелеуі керек болды. Біз оны қадағалап отырдық, — дейді Гүлістан Хамитқызы.

Оның айтуынша, домбырашылар қосынын құру жоспары аясында орта мектептерде аптасына бір сағат домбыра үйрену сабағына арналған. Бұған қоса, аудандық телеарна арқылы «Домбыра үйренейік» бағдарламасы ашылып, бес минуттық хабар күнделікті эфирден беріліп отырған. Хабарда «Кеңес» күйі үйретілген.

- Біздің жұмысымыздың нәтижесі көрінді. Бұрын домбыра шерте алмайтындардың ұлттық аспабқа деген қызығушылығы оянды.

Егіншілер, малшылар осы науқанға ат салысты. Қазір қарасаңыз, біздің ауданда бір шаңырақта 8-9 домбыраға дейін алғандарын кездестіруге болады. Қонаққа барсаң үйдегілердің бәрі «Кеңес» күйін шертіп жатады, көшеде жүрсең де күйдің үні естіледі. Бұл тамаша науқан болды. Домбыраны ұмытып бара жатқан біздің ұрпақтарымыз үшін бұл үлкен үйрену негізі болды, — дейді Гүлістан Хамитқызы.

Ұйымдастырушылар ауылдарды аралап, күйін үйреніп жатқан кісілердің шығармашылық жетістіктерін үнемі бақылап отырған. Бұған қоса домбырашылардың тізімі дайындалған. Науқанға қатысушылар туралы мәлімет Гиннестің рекордтар кітабына тіркелу үшін заңдық құжаттарды рәсімдеуге қажет болған.

Домбырашылар күйді әбден үйреніп болды-ау дегенде, сыныптар, мектептер арасында, сондай-ақ мекеме жұмысшылары арасында жарыстар ұйымдастырылған. Домбыра ұстаған жұртшылық топпен бірге майданға шығатын күнді асыға күтіпті.

- Күй үйретілген соң ғылыми-кәсіптік шеберлік, топтық жетекшілік ету мәселелеріне көңіл бөлінді. Мәселен, бір мектепте бірлі жарым домбырашы шықса, солардың басын құрап күйді орындау жұмыстары жүргізілді. Ең соңында домбырашылар бір ай бойы бір майданда жаттықты. Топ дайын болды, — деді Гүлістан Хамитқызы.

Биылғы мамырдың 30-күні қазақтың ұлттық киімін киген 10450 домбырашы аудандық орта мектептің үлкен спорттық алаңына жиналды. Олардың ішінде 28 ұлттың өкілдері болған, әйткенмен дені қазақтар екендігі хабарланып отыр.

Ұйымдастырушылар алаңды безендіру, домбырашыларды көркемдеп отырғызу жағына ерекше көңіл бөлген. Таңертең сағат 10-да «Кеңес» күйі орындалды.

- Кері уақыт саналып, бәрі бір сәтте бастады. Дәл сол сәттегі жағдайды тілмен сипаттап жеткізу қиын: домбыраға тағылған үкілердің тербелісі, әуенде қалықтаған саз… Гиннестің рекордтар кітабына тіркеуге келген адамдардың өздері сондай тебірентерлік сәттің куәсі болғандықтарын айтып жатыр. 10 мың домбырашының күй орындау сәтін жоғарыдан қарағанда керемет көріністі тамашалауға болар еді, — дейді Гүлістан Хамитқызы.

«Кеңес» күйі орындалған соң Гиннес рекордтар кітабының өкілдері рекорд тіркелгендігін растайтын куәлікті табыс етті.

Қытайдағы Шыңжаң өңірінің Толы ауданында 93 мың халық тұрады, оның 73 пайызы — қазақтар.


Талғат ДҮЙСЕНБЕК

Пікірлер