Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы саласында жүрген инвесторларды әлеуметтік арзан үй салу мүлде қызықтырып отырған жоқ . «Қазақстан-менеджменттік жоспарлау» орталығы мамандарының пайымдауынша, біздегі құрылыс саласында жүрген инвесторлар тек қымбат үйлерді салуды тиімді санайды. «Сондықтан болашақта Тұрғын үй құрылыс саласында жүрген инвесторларды арзан үйлер салуға міндеттеу керек» дейді мамандар.
Бұл ретте «Қазақстан – менеджмент жоспарлау» орталығының сарапшысы Айда Тілеубекқызының айтуынша, Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2016 жылы жекешелендірудің кешенді жоспарына енсе де әлі күнге дейін жекешеленбеді. Өйткені аталмыш банк баспананы халыққа арзан несиемен береді. Ал Тұрғын үй нарығында барынша көп пайда табуды ғана ойлайтын инвесторлар мұндай арзан бағаға аса қызықпайды.
«Біздегі Тұрғын үй құрылысы саласында жүрген инвестор үшін қымбат үйлер салып, оларды бәленбай мыңдаған долларға сату өте тиімді. Ірі инвесторлар тек қымбат бағалы элиталық үйлерге ғана қаржыларын салғысы келеді. Олар мемлекеттік, әлеуметтік Тұрғын үй бағдарламаларына қатыспайды. Тіпті осы бағытта жұмыс істейтін банктерге де инвестиция салмайды. Мысалы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2016 жылы сатылуға қойылды. Бірақ сол аралықтан бері банкті сатып алуға жекелеген инвесторлар қызығушылық танытпаған. Себебі белгіленген нормаға сәйкес банкті сатып алғанның өзінде барлық әлеуметтік талаптар сақталып, тұрғын үйлер халыққа арзан бағамен берілуі тиіс. Ал арзан үйлер салу ннвесторларды қызықтырмайды. Арзан үй олардың қалтасын қампайтпайды.Сондықтан келешекте осы мәселені шешу мақсатында үкімет арнайы шараларды қарастырғаны жөн. Меніңше, инвесторларды әлеуметтік Тұрғын үй сату бағдарламаларына және арзан үйлерді салуға міндеттеп қатыстыру керек»,-дейді Айда Тілеубекқызы.
Маманның айтуынша, алдағы үш жылда Қазақстанда арзан баспана табу қиындай түседі. Сондықтан келешекте Тұрғын үй бағасын долларға қарап бағалауды да доғару керек.
«Доллардың құбылу салдарынан тұрғын үй нарығы айтарлықтай зардап шегіп отыр. Доллар қымбаттап кетті. Тұрғын үй бағасы доллармен есептелетіндіктен біздегі үй бағасы да қоса қымбаттады. Бұл осы арада инвесторларға тиімді болып отыр. Біздегі құрылыс материалдарының басым бөлігі шеттен әкелінеді. Доллар өскен сайын тауар тасымалдау да барлығы қымбат. Көк қағаздың ырыққа көнбей еркін айналымға кетуі елдегі онсызда тынысы тарылып тұрған Тұрғын үй нарығын одан әрі дағдартып тұр. Бұл жерде біздің «онсызда тынысы тарылып» деп отырғанымыздың себебі: елдегі жекешеленген екінші деңгейлі банктер өткен жылдың күзінде ипотекаға баспана беруді өздеріндегі активтік қордың аздығына байланысты уақытша тоқтатқан еді. Ипоткалық рәсімдеуді жалғастыру да сол жекелеген инвесторларға тиімсіз болып отыр. Енді биылдан бастап сол тоқтатылған ипотекалық рәсімдеу жалғасын табады деп үміттенгенбіз. Бірақ доллардың қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі, банктердің ипотекалық рәсімдеуді тіптен қиындатып жібергені бұл саладағы сұраныс пен ұсыныстың деңгейін тым төмендетіп, қазірде талай баспанасыз қазақтың баспана алуға деген үміті құмға сіңгендей болды. Сондықтан бұл арада қымбат ипотекаға балама көз ретінде әлеуметтік ипотека жүйесі тәжірибеге енгізілді. Бірақ өкініштісі, ол арзан баспанаға инвестиция салу жағы әлі де кем»,- деді Айда Тілеубекқызы.
Мамандардың байыптауынша, алдағы уақытта
арзан баспана салуды игере алмауымыз еліміздің экономикасына да, әлеуметтік жағдайына да кері әсерін тигізбей қоймайды.
Бұл ретте экономика ғылымының доктоыр Жаңабай Алдабергенов
«Арзан баспанасыз Тұрғын үй құрылыс алға баспайды. Біздегі арзан деген жалдамалы пәтерлердің төлемі де әр түрлі. Тіпті жекелеген компаниялардың араласуымен жалдамалы пәтер сатып алған жағдайда қарапайым қауым екі бөлмелі пәтерге ай сайын 120 мың теңге төлеуі де мүмкін. Халыққа қойылатын талап та күшті. Сондықтан Үкімет бұл арада инвесторларға расымен де арзан пәтерлер салуға талап қоя білу керек. Ол үшін Тұрғын үй нарығында жүрген инвесторларға ұзақ мерзімге субсидия берілсе, олар өз кезегінде аталмыш қаржыны арзан пәтерсалуға ресурс ретінде пайдаланған болар еді. Сөйтіп, нарыққа арзан пәтерлер келе бастайды. Артынша екінші деңгейлі банктерге ол пәтерлерді арзан пайызбен ипотекаға беру жүйесін де қалыптастыратын едік. Ал тіптен бұл мүмкін болмаса «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіне арзан несие беру үшін беріп отырған капиталын Үкімет төрт есеге көбейтуі керек болады. Халықтың баспанамен қамтылу үміті жойылмасын десек, Үкімет осындай нақты-нақты шараларды қарастырған абзал»,-деді Жаңабай Алдабергенов.
Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы