Қазақтың әні қашанғы талауға түседі?

3236
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әндері — ұлттық рухани қазынамыздың баға жетпес басты байлығы. «Маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай сезіледі» деп ұлтымыздың өзгеше өнеріне биік бағасын берген орыстың музыка танушысы Затаевичтің пікірі — аңыз емес, ақиқаттың нақ өзі. Қазақ әнін тартылмайтын киелі кәусар бұлаққа теңесек, осы бұлақтың арнасын басқа бағытқа бұрып, лайлап жатқандары жыл емес-ау, күн санап көбейіп келе жатқаны намысыңа тиеді.

Мәселен, халық мұралары мен халық композиторларының әндерін өзге ұлттың, оның ішінде Қытайдағы ұйғыр ағайындардың өз меншігіне айналдырып бара жатқаны — ұлттық өнерімізге жасалған үлкен қиянат дер едік.

Соңғы кездері Қытай ұйғырларының қазақ әндерін меншіктеп алуы жиілеп барады. Бұл туралы арғы бетте тұратын ағайындарымыз біраз уақыттан бері жанашырлық танытып айтып та, мәселе көтеріп те келеді. Елімізден сол жаққа жиі баратын әнші, сазгерлер де басқаның қанжығасына барымтаға түскен әндерімізді өз құлағымен естіп келіп жүр. Жақында Қытайда шығарылған ұйғыр тіліндегі «Сағынасың демесең» деп аталатын клиптерден құралған жинақ қолымызға түсті. Сол дискідегі екі ән «Көңілімді бермеймін» деген атпен Ғайни Әбдікәрім атты әншінің жеке меншігі болып жазылып, бейнебаян түсіріліпті. Айна-қатесіз ақын Құдайберген Қазыбековтың өлеңіне жазылған Марат Ілиясовтың «Мерекем сен» әні. Біз жинақты бірден Марат ағамызға тыңдаттық.

Марат ІЛИЯСОВ, әнші, сазгер:

- Ұзынқұлақтан естуімше, «Мен саған өкпелемеймін» деген әнім де тура осылай ұрланып, ұйғырлардың еншісіне айналған. Әннің сөзін жазған ақын Мұхтар Шаханов. Ал «Мерекем сенді» де ұйғырлар өзіне дәл солай иеленіп алған. Жалғыз бұл емес, менің әндерімнен басқа да көптеген әндеріміздің ұрланғанын Үрімшіде болғанда, анық көз жеткіздім. Бірде асханада тамақ ішіп отырғанымызда, біздің жас әншілеріміздің көптеген әндерінің ұйғыр тілінде айтылып жатқанын естідік. Ең сорақысы Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» деген әні де бұрмалауға түскен. Бұл біріншіден, жалпы қазақ халқына, қазақ өнеріне жасалып жатқан қиянат. Шынын айтқанда, бұл авторлар қоғамының тікелей жұмысы, бұл жұмыспен сол кісілер айналысу керек. Мәдениет министрлігінің, Әділет министрлігінің арнайы бір департаменті тек қана осы саламен жұмыс істейді. Бұл мәселе сол кіслердің құлағына жетсе, мүмкін тиісті орындар тікелей шешетін шығар.

Шаба ӘДЕНҚҰЛҚЫЗЫ, әнші, сазгер:

- 2006-2007-жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері Үрімші қаласына гастрольдік сапармен бардық. Бір күні ұйғырлардың мейрамханасына бас сұқтық. Сонда Шәмші ағамыздың «Арыс жағасында» әнін және Алтынбек ағамыздың «Сағындым Алматымды» әнін ұйғырлардың инструменталдық музыкасына айналдырып, басқа бір автордың атын жазып бейнебаян түсіргенін көзіміз шалды. Ал жақында ғана Қытайда тұратын жездем «Шаба, сенің «Бір өкініш бір үміт» әніңді ұйғырлар өздерінің әні етіп айтып жүр» деп хабарласты. Меніңше, бұған дер кезінде мән беріп, назар аудару қажет.

Оралхан СӘДУАҚАС:

- Қытайдағы ұйғыр бауырларымыз қазақ әндерінің ешқандай сұраусыз авторларына айналып бара жатқан жағдайы ащы да болса, шындық. Оның ішінде «АБК» тобының орындауындағы «Бір тамшы жас» пен менің «Орда» тобы орындайтын «Белгісіз жан» деген әнім де бар.

Мен мұны халықаралық авторлық құқық ережелерін өрескел бұзу деп білемін. Заң жүзінде қудалануға тиісті нәрсе деп санаймын. Өйткені бұл интелектуалды меншік болып есептеледі, оған ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Егер қол сұғады екен, ол үшін жауап беруі тиіс. Бұл — бізді мемлекет деп танымаудың, ұлт деп сыйламаудың бір белгісі.

Қалай деп айтсақ та, бұған көз жұмып қарауға болмайды. Сондықтан мемлекет, авторлық құқық қорғау орындары арқылы мұны тоқтату керек.

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, әнші:

- Осыдан бір жарым жыл бұрын Қытайда гастрольдік сапармен болып, Тоқтар Серіктің «Жүрегім жүрегіммен егіз бе еді» деген әнін үлкен мейрамханада тыңдадық. Ол жердегі қазақтардан сұрастырсақ, «бұлар қазір ештеңеге қарамайды» дейді. Мысалы, біз Қазақстанда концерт берсек, 3 күннен кейін сол концерт Қытайдағы қара базарда сатылып жатады. Олардың мұны қалай жазып алғанын біз білмейміз. Кезінде «Дудар-ай» әнін сол жердегі бір ұйғыр азаматы ұйғырдың әні деп айтқан екен. Сонда сол елдегі 1 дәрежелі әнші, генерал ағамыз Хами Ысқақ араға түсіп, арашалап алыпты. Қазақтың ұлттық әнін кез келген мемлекет жүнін жұлған тауықтай қылып тартып алып, меншіктеп жатса, ертеңіміз не болады? Бұл дегеніңіз — қазақ өнерінің күре тамырына балта шабу. Қазақ өнері басқа ұлттың төл дүниесіне айналып жатқанда, құзырлы орындар қайда қарап отыр?

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Біз осы мәселеге қатысты Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы Марал Ысқақбайға телефон шалдық.

- Қазір Қытайдағы ұйғырлар қазақ композиторларының әндерін ұрлап орындап жүргенінен хабарыңыз бар ма?

- Жоқ, ондайды естіген емеспін.

- Ал осыны тоқтатуға сіздердің авторлық қоғам қандайда бір әрекет жасай ала ма?

- Ол үшін дәлел керек, қай әнді, кімнің әнін, кім аударып алғанын нақты көрсетсін, сол кезде қандай әрекет жасауға болатынын ойланып көрейік. Көмектесуге мүмкіндіктің қаншалықты екенін айта алмаймын. Өйткені Қытаймен жұмыс істеу өте ауыр.

- Мүмкін, министрлік арқылы шығу керек шығар?

- Министрлік шешетін болса, министрлікке шығыңдар.

- Ал сіздер өз тараптарыңыздан не істей аласыздар?

- Сен кімсің сонда?

- Мен журналистпін…

- Сен бұл шаруамен айналысуға тиіс емессің, мұнымен авторлар, әншілер айналысып, солар мәселе көтеру керек.

- Авторлар мұңын айтып бізге келді…

-Олар шағым айтып келгенімен, бұл сен шешетін, журналистердің бас қатыратын мәселесі емес. Сендерге пікір тудыру үшін керек болар. Одан басқа ештеңе жасай алмайсыңдар. Авторлар өздері қолға алып, өздері айналыссын!


Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ

«Айқын» газеті.

Пікірлер