Қайғылы Науайының күйі - Науайы

3520
Adyrna.kz Telegram

Ертеде Ноғайлы елінде Қайғылы Науайы деген атағы алты Алашқа жайылған арқалы әулие домбырашы өмір сүріпті. Ол жаздың жарық айлы түнінде, ел-жұрт ұйқыға шомғанда, Каспий теңізінің жағасында «Ақшағылдың» басында отырып домбыра тартқанда, Қайғылы Науайының сазына перінің қыздары жиналады екен.Қайғылы Науайы екі аяғын құммен көміп алып, домбыраны күңіренткенде, бойын билей алмай селкілдейтін көрінеді. Сол кезде үлбіреген жібек көйлек киген перінің әдемі қыздары домбырашыны айнала қамап отыра қалады екен. Сөйтіп жүргенде ол өзіне жақын отыратын перінің бір сұлу қызына ғашық болыпты. Бара-бара махаббат дертінің меңдегені сонша, қайғының зарына шыдамай, өз-өзінен аласұра бастаған Қайғылы Науайы ауылдың бір ақылды ақсақалына құпия сырын айтады. 

- Е, балам, — депті ақылшы ақсақал. — Перінің де перісі бар, кейбіреуі адам баласына жақын болады. Сенің күйіңді тыңдағаны рас болса, ол — адам перісінің қызы болды. Егер оған шынымен ғашық болсаң, сырыңды ешкімге білдірме. Қашалақ тауын жайлаған он саусағынан өнері төгілген Жоламан ұста бар, соған бар да біз жасаттырып ал. Бізіңнің сабы тұт ағашынан, ал өзі суарылған болаттан жасалатын болсын. Домбыра тартуға перінің қыздарына барғанда осы бізді жанқалтаңа салып бар да, өзіңнің ғашық болған қызыңның етегіне түйре, сол қыз сендік болып қалады, — депті. Науайы күйші ақылшы қарияның айтқанындай етіп бізді дайындатыпты да, жанқалтасына салып алыпты. Сол күні перінің қыздарын еліктіру үшін домбыраны ерекше қызуланып тартыпты. Перінің қыздары айнала қоршап отырып, шақпақ шағып, от жарқылдатып, домбыраның сазына бұраңдап билепті. Күйшінің ғашық қызы бұл күні оған өте жақын отырыпты. Осы сәтте Науайы күйші ғашық қызының етегіне бізді шаншып үлгеріпті. Таңсәріде перінің қыздары бірінен соң бірі тарай бастапты. Мұның ғашығы да орнынан тұра бергенде етегіне түйрелген сиқырлы біз тартып, жібермей қояды. Қыз тағы бір бұлқынған сәтте құлап түседі. Науайы құлаған қызды бас салып, айырылмай қатып қалады. Қолға түскен перінің қызы Науайы күйшіге: «Маған адамзаттың қолы тиді, мен енді сендік болып қалдым. Бірақ саған қоятын үш шартым бар, соны орындасаң ғана саған әйел боламын. Ал осы айтатын үш шартымды орындамасаң, мен сендік болмаймын» депті. Науайы күйші «шартыңды айта бер» депті.

- Олай болса, — депті перінің қызы,

— бірінші шартым: мен жалғыз үйде отырғанда, менің үйде не істеп жатқанымды көрейін деп үйдің жабығынан сығалап қарамайсың. Екіншісі: мен жүріп бара жатқанда артымнан қарамайсың. Үшіншісі: менің өкпе тұсыма қарамайсың, — депті.

Қайғылы Науайы бұл айтқан үш шарттың бәрін де орындайтын болып уәде беріпті. Сөйтіп, күннен-күн өтіп, айдан-ай өтіп, Науайы күйші перінің қызымен өмір сүріп тұра беріпті. Арада біраз жыл өткен соң, күйшіге әбден бойы үйреніп, баяғы үш шартын бұзып, өзіне білдірмей байқап көрейінші деген ой түседі. Көпке дейін бұл шартқа шыдап жүрсе де, бір күні әлгі айтқан жерлеріне қарап қойып, перінің қызының адамзаттан бітімі бөлек екенін көреді. Келесі күні перінің қызы ерте тұрып Науайы күйшіге:

- Сен менің үш шартымды бұздың, бұдан былай мен сенімен тұрмаймын, өз еліме кетемін. Бірақ менің ішімде сенің алты айлық балаң бар, ол балаң Араб еліндегі Хира тауының үңгірінде өмір сүреді. Балаң керек болса, сол жерден тауып аласың, — дейді. Перінің қызы Қайғылы Науайымен қоштасып, бірнеше рет сілкінгенде сұлу денесіне қанат бітіп, ұшады да кетеді. Араға біраз уақыт салып Науайы күйші перінің қызының айтуы бойынша Хира тауына барып баласын іздейді. Бөтен елде көп жүріп, ұзақ уақыт баласын таба алмай қайғырады. Сондықтан да оны ел «Қайғылы Науайы» деп атап кетеді. Бір күні Арабияның ыстық күнінде баласын іздеп Хира тауын әдет бойынша айналып жүргенде, таудың жарығынан бір бала шығып ойнайды да, бұл ұстайын десе, бала қашып, ұстатпай, жоқ болып кетеді. Науайы ақыл сұрап сол жердің бір қариясына барады. Арабтың қариясы Науайыға мынандай ақыл айтады: «Осы маңда бір шебер әйел бар, соған әдемі қуыршақ жасатып, сонан кейін ер-тұрман жасайтын шеберге ер жасаттырып ал. Баланың ойнайтын тау жарығының тұсына бар да, бір жеріне қуыршақты қой, ал екінші жерге аттың ерін қой да, ердің керсеніне желім жақ. Қыз бала болса қуыршақпен ойнар, онда оны ұстамай-ақ қой, қыз бала саған бала болмас, ал ұл болса, ерге мінеді», — дейді. Қайғылы Науайы қуыршақ пен ерді тауға әкеліп, баланың ойнайтын жеріне қояды да, өзі бір жақпар тасқа жасырынып жатады. Бір кезде таудың үңгірінен бала шығып, «әуп» деп ерге мінгенде жалаңаш денесі сол мезет желімденген атқа жабысып қалады. Науайы шап беріп баланы ұстайды да, еліне алып кетеді. Кейін ер жеткенде ел қамын жеген Едіге батыр сол бала екен, — дейді аңыз бойынша. (Нысанбек Төреқұлов. «Қазақтың 100 би-шешені» 1995, 27-бет).

«Науайы» күйі бізге атақты күйші Дина Нұрпейісова арқылы жетті. Оның орындауында бұл күй «халық күйі» деп берілген. Оны алғаш рет нотаға түсірген — белгілі күйші Томат Мерғалиев. Т.Мерғалиевтың, С.Бүркіт, О.Дүйсеннің бірігіп шығарған «Қазақ күйлерінің тарихы» кітабында Науайы күйшінің өмір сүрген уақыты XІІІ-XІV ғасыр деп берілген. Соншама уақыт өтсе де, күйдің аңызы сақталып, өзі сол қалпында халықтың еншісіне беріліп кеткендігі — уақыт заңдылығы. Бір қызығы, аңызда сөз болатын «Ақшағыл», «Қашалақ» деген жер атаулары осы күнге дейін Атырау облысы, Құрманғазы ауданында бар және солай аталады. «Науайы» күйі бүгінде күйшілердің барлығының дерлік репертуарында бар.


Бағлан БӘБІЖАН

«Айқын».

Пікірлер