Астанада жаңадан ашылған Әскери-тарихи музейдің экспозициялары көпшілік назарына ұсынылды.
«Музей 1998 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәулеттік идеясымен салынған ғимаратта орналасқан. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі орналасқан ғимарат жұмысының жаңалығы – оның көпфункционалдығында болып отыр. Ғимаратта музейдің өзінен басқа концерт залы, уақытша көрмелер залы бар, сондай-ақ, онда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі мен Орталық ансамблі жұмыс жасайды», - дейді ұйымдастырушылар.
Қазірдің өзінде музей қорында ежелгі кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының мәдениеті мен әскери тарихынан сыр шертетін ескерткіштер, сирек кездесетін экспонаттар бар.
Музейде Қазақстан Қарулы Күштерінің залы, Мерзімді көрмелер залы, Ежелгі дәуір – XIX ғасыр залы, XX ғасырдағы әскери тарих залы, XX-XXI ғасырлардағы қару-жарақ залы, Бейнелеу өнері залы, сондай-ақ, «Қазақстан әскери ісінің тарихы» атриумы бар.
Атриумда қорғаныс қабілеттілігі саласындағы замануи жетістіктер мен өткен дәуірді ұштастыратын тарих сабақтастығын сипаттайтын барельефтер сериясы ұсынылған. Барельефтер әртүрлі тарихи дәуірдегі көшпелі қазақ жауынгерлері қару-жарақ түрлерінің ерекшеліктерін сипаттайды. Еліміздің қазақ батырлары мен заманауи жауынгерлердің ортасындағы Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы бейнеленген «Мәңгілік Ел» орталық композициясы даңқты дәстүрге деген адалдықтың нышаны.
ҚР Қарулы Күштері залында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев» экспозициясы орналасқан.
Музейде алғашқы қазақстандық снаряд, танк, әскери самолеттер мен Т-72, шабуылдаушы Су-25, «Торнадо» кемесінің макеттері қойылған. Мерзімді көрмелер залының экспозициясына «АМПИР» элиталық антиквариат салонының коллекциясы қойылған.
"Ежелгі дәуір – XIX ғасыр" залы қазақ халқының қару жасау шеберлігінің даму тарихын көрсетеді. Мұнда Қазақстан аумағынан табылған тас дәуірінен бергі жәдігерлер қойылған. XX ғасырдағы әскери тарих залында өткен ғасырдағы Қазақстанның әскери және жауынгерлік тарихының барлық негізгі кезеңдерімен байланысты экспонаттар көрсетіледі. Залда Алаш Орда автономды мемлекеттік құрылымның қызметі, Ұлы Отан соғысы, сондай-ақ қазақстандықтардың 1979-1989 жылдардағы кеңес-ауған соғысына қатысуы туралы арнайы және бірегей экспозициялар бар. Дәл осы залда проекциялық жабдықтау форматында Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің кавалерлері, 1979-1989 жылдардағы кеңес-ауған соғысының интернационал жауынгерлері, сондай-ақ «Халық қаһарманы» жоғары мемлекеттік наградаларының иегерлері туралы ақпарат көрсетіледі. Сонымен бірге музейге келушілер Ресей мұрағатынан алынған мұрағаттық құжаттар жиналған интерактивті кітаппен таныса алады.
Музей қонақтарының назарына танымал 100-ші және 101-ші атқыштар бригадаларының құрылу тарихы бойынша бірегей құжаттар, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы фотосуреттер мен жеке құжаттар ұсынылған. Қару-жарақ залында XX-XXI ғасырдың қарулары ұсынылған. Экскурсия барысында музей қонақтары тапаншадан, автоматтан, граната атқыштан, оқшашар мен оқ-дәріден бастап әртүрлі қару-жарақ түрлерімен, сондай-ақ XX-XXI ғасырдың авиациялық жою құралдарымен таныса алады. Витриналарда азаматтық соғыс жылдары, Ұлы Отан соғысы кезеңіне қатысы бар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қолданып жүрген тапаншалар, спорттық қару, оқ-дәрілер, авиациялық жою құралдары, жаяу әскерге және танкіге қарсы миналар қойылған.
Музейдің бейнелеу өнері залында көркем сурет, графика және мүсіндеу бұйымдары қойылған. Залда отандық суретшілердің Ұлы Отан соғысы, азаматтық соғыс пен төңкеріс кезеңі, халықтық ереуіл жетекшілерінің бейнесін сомдаған туындылары бар. Графикада бейнелеу өнерінің республикалық ұлттық мектебінің қалыптасуы мен құрылуына сүбелі үлес қосқан суретшілердің еңбектері ұсынылып отыр. Атап айтқанда, олардың орындауындағы қазақ батырларын бейнелейтін жұмыстар қойылған, соғыс пен атом қаруына қарсы тақырып, қазақстандық ұшқыштар, Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық батырлар бейнеленеді. Мүсіндер арасында Жамбыл Жабаевтың, сақ патшайымы Томирис, Ұлы Отан соғысындағы қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, қолбасшы маршал Коневтің портрет-мүсіндері орнатылған.
Айта өтейік, аталған музей 1 желтоқсан күні ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ашылған болатын. Музей қорында қазіргі уақытта 6 мыңнан астам экспонат сақталған.
BAQ.KZ