Майялардың ұлы өркениетінің сырын 40 жыл зерттеген Америка Құрама Штаттарының ғұлама ғалымы Хосе Аргуэлльес алғаш рет әлемнің жер кіндігі Алтаймен Николай Рерихтің “Алтай – Гималай” атты кітабы арқылы танысқанын жасырмайды. Аталмыш кітап ғалымға кереметтей әсер қалдырады.
Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Өйткені Н.К.Рерих 1923-1926 жылдары Индиядан аттанып, одан соң Қытайға, одан әрі Сібірге, Алтайға, Моңғолияға және ең соңында Тибетке жасаған ұзақ сапары кезінде үзбей жүргізген ғылыми зерттеулері мен қылқалам суреткер ретінде әлгі елдерден алған терең де мол әсерлерін, байырғы және кейінгі замандағы Шығыстың тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректерді күнделігіне түсіріп, соның негізінде 1926 жылы жоғарыда аталған ғажап кітапты жарыққа шығарады. Бейбітшілік туының астында төрт жылға созылған әлгі экспедицияға сіңірген зор еңбегі мен одан да бұрынғы бейбітшілік ісіне қосқан айтулы үлесі еленіп, 1928 жылы Н.Рерих Нобель сыйлығымен марапатталады. Ал 1935 жылы ғұлама ғалымның жүргізген дипломатиялық іс-шараларының нәтижесінде Вашингтонда АҚШ президенті Рузвельттен бастап, Солтүстік пен Оңтүстік Американың 21 мемлекетінің көшбасшылары қостап, Рерихтің Бейбітшілік Пактісіне қол қойылады. Бүкіләлемдік маңызы бар бұл құжатты абырой-атақтары дүниежүзіне мәлім әлемнің ғылым мен мәдениет қайраткерлері: Ромен Роллан, Бернард Шоу, Альберт Эйнштейн, Томас Манн, Рабиндранат Тагор, Джавахарлал Неру, Герберт Уэллс және басқа да белгілі тұлғалар қызу қолдайды. 1953 жылға қарай Н.Рерихтің Бейбітшілік Пактісін қуаттаған адам саны 620 миллионға жетеді. Хосе Аргуэлльестің жиһангер Н.Рерихтің ғылыми еңбегінің ішінде баяндалған жер кіндігі Алтайға соншалықты қызығушылық танытуының сыры да осында жатса керек.
Екінші рет Хосе Аргуэлльес Ресейдегі Халықтар достығы университетінде болған кезінде Алтайды зерттеуді қайта қолға алды. Себебі әлгі университетте ол бірнеше алтайлықтармен етене-жақын танысады. Университеттің басқа да жас ғалымдары оған Алтай туралы көптеген әсерлі мағлұматтар береді. Содан болуы керек, ерлі-зайыпты Хосе мен Ллойдин Аргуэлльестердің аңсары Алтайға ауып, осы бір жер жаннатын көруге ынтыға асығады. Ақыры олардың бұл арманы да орындалады. 2001 жылдың тамыз айында қос ғалым мен оларға ілесе келген “Уақыт Заңы Қорының” өкілдерін алтайлықтар Катунь өзенінің бойында ыстық ілтипатпен қарсы алады. Жергілікті халықтың қаймағы бұзылмаған мәдени салт-дәстүрлері мен діни наным-сенімдері ғалымдарға ерекше әсер қалдырады. Себебі мұндай қошеметке олар бұрын-соңды еш жерде ие болып көрмеген еді. Әсіресе, оларды таңдандырған алтайлықтардың “ақ діні” болатын. Себебі бұл наным әлемдегі ірі үшбу діннің, атап айтқанда, буддизм, христиан және Исламның тоғысқан жерінен туындаған синтез-сенім секілді болып көрінеді. Сосын Аргуэлльестердің түсінігінде, бұл ғажап кездесу уақыт пен кеңістіктің сырын ұғынудың бір нүктеге, яғни киелі Алтайға келіп түйіскен сәті еді. Екіншіден, бұл сапар оларға адам өмірінде ешнәрсенің кездейсоқ болмайтынын дәлелдеп тұрғандай әсер қалдырады. Тіпті аталмыш уақиғалар тізбегі дәл солай болуға тиісті алдын ала сызылып қойған заңдылықтардың нәтижесіндей болып көрінеді. Әйтпесе, дәл 2001 жылдың тамыз айында олардың Ресейге жолдарының түсіп, Новосибирск мен Таулы Алтайды жеті күн аралауын және олардың бұл сапарының Николай Рерихтің Трансгималай экспедициясының аясында киелі Алтайға 1926 жылы тамыз айында жасаған жорығының 75 жылдығына дөп келуін қалайша түсіндіруге болады? Жоқ, әлде о баста маңдайға не жазылса, сол болады деген халық жадында сақталып қалған аксиоманың шындықтан алыс емес екенінің шынайы көрінісі шығар бұл.
Сонымен әлгіндей нышанды сезімге бөленген Хосе Аргуэлльес өзі бастап келген миссия мүшелерімен бірге бірден Алтайдағы Усть-Кокси ауданының Жоғарғы Уймон селосында орналасқан Рерихтердің музей-үйіне аттанады. 75 жыл бұрын Рерихтер тұрған дәл осы үйде Хосе Аргуэлльес Ресейдің Новосибирск қаласынан шыққан атақты ғалым Алексей Николаевич Дмитриевпен кездеседі. Бұл оның көптен күткен арманы болатын. Кейіннен екі ғалымның арасында басталған жылы достық қарым-қатынас кереметтей шығармашылық байланысқа ұласады.
Аргуэлльестер басшылық еткен “Уақыт Заңы Қоры” экспедициясының басты мақсаты Алтайда Халықаралық мәдени орталықтың негізін қалау болатын. Оны іске асыру үшін Аргуэлльестер экспедиция соңында Таулы Алтайдағы атақты Катунь өзенінің оң жағалауында орналасқан Чемаль ауданында “Алтай және байырғы майя: Уақыт Заңы, өткеннен келешекке” деген тақырып аясында жеті күндік семинар өткізеді. Семинардың Кин Алтайда, яғни жер кіндігінде және сондағы Катунь өзенінің бойында өтуінің де өзіндік сыры бар. Өйткені майя тілінде “kin” деген сөздің бірнеше мағынасы бар: бірінші мағынасы – аптаның бір күні, екіншісі – аспан әлеміндегі Күн, үшінші мағынасы – кіндік. Ал майя тілінде бір күн дегенді білдіретін “kin” деген сандық ұғымнан кейінгі үлкен ұғым – “winal”. Бұл – 20 деген ұғымның атауы.Winal-дан кейінгі үлкен сан – “tun” (360 күн) немесе 18 winal. Төртінші үлкен сан – “katun”. Бір katun 20 tun-ге немесе 7200 күнге тең. Келесі, бесінші үлкен сан – “baktun”. Бұл 144000 (7200×20) күнге тең. Ал майялардың ұзын есепке негізделген күнтізбесі бойынша, аспан күмбезіндегі Күннің (Kin) бір циклі 5126 жылға теңеледі. Бұл – шамамен 13 baktun (12.8). Демек, 13 baktun – Күн циклінің бір мүшелі. Олай болса, қазіргі адамзат майялардың ұзын есепке негізделген Күн циклі бойынша, біздің заманымыздан 3114 жыл бұрын басталған және 2012 жылы 21 желтоқсанда күн мен түн теңелетін кезде аяқталатын Күннің мүшел жасының кезінде өмір сүріп жатыр. Демек, Күннің 5126 жылға теңелетін келесі циклі 2012 жылдың 22 желтоқсанынан қайта басталады. Ендеше, 2012 жыл туралы қазіргі кезде ақпарат құралдарында жиі-жиі көтеріліп жүрген әртүрлі қорқынышты қауесеттердің басты себебін 2012 жылдың Күн циклінің мүшел жасы екендігімен ғана түсіндіруге болады. Өйткені күллі адамзат әр мүшел жастан секем алады, қорқақтайды. Бұл – күмән туғызбайтын шындық.
Семинардың жеті күнге жоспарлануының да өз астары бар. Біріншіден, 7 – бүкіл әлемде киелі сан болып есептеледі. Екіншіден, 7 әлемдік генезистің негізі немесе жаратушы күші болып саналады. Тілімізде жүрген жеті қат аспан, жеті қат жер асты, жеті қарақшы, жеті жарғы, жеті шелпек, жетісін беру сияқты сөз тіркестері де жоғарыдағы нышанды ұғымдармен тікелей астарласып жатыр. 28 күнге толатын майя күнтізбесіндегі 4 апта да 7 күннен тұрады. Ал ең таңданатын нәрсе – бірден жетіге дейінгі сандардың өзара қосындысының (1+2+3+4+5+6+7) тұп-тура 28 болып шығатындығы. Сосын әлгі тізбектің тең ортасы 4 екені айқын байқалады. Ал он үш айдан тұратын Киелі күнтізбедегі 13-ті құрайтын сандардың (1-2-3-4-5-6-7-8-9-10-11-12-13) тең ортасы – 7. Демек, төрттің жетіге қатынасы, жетінің он үшке қатынасымен бірдей: 4:7::7:13. Ал бұл формула – Уақыт Заңының үйлесімділікті білдіретін ең негізгі формуласы.
Аргуэлльестердің Алтайда өткізген семинарының негізгі нысанасы адамдарға табиғаттың ұлы күші – әр жылы 13 айдан және әр айы 28 күннен тұратын майялардың киелі Күнтізбесіне қайта оралуға бастайтын шынайы ниет болса, екінші көздегені негізін кезінде Аргуэлльестердің өздері қалаған “Уақыт Заңы Қоры” мен “Өнердің Планетарлық Торының” Таулы Алтайда, Қазақстанда, Украинада, Оралда, Новосибирск қаласы мен Санкт-Петербургте ашылатын жаңа түйіндерінің бүршік атуына ықпал ету болатын. Жеті күн ішінде Аргуэлльестер Уақыт Заңының қыр-сырын семинарға қатысушыларға айшықтап баяндап берді. Мұндай жетікүндік семинарларды Аргуэлльестер бұған дейін де талай рет әлемнің сан алуан елдерінде өткізіп, Уақыт Заңы мен сол Заңға негізделген Киелі Күнтізбені және майялардың математикасы мен космологиясын адамдардың санасына сіңірумен келе жатыр. Сосын Хосе Аргуэлльес мұндай шараны әлемнің қай жерінде өткізсе де, 1582 жылы Ватикан қабылдаған, бірақ ғылыми негізі жоқ Григорий поптың жасанды күнтізбесінен бас тартып, нағыз галактикалық үйлесімділікке негізделген әр жылы 13 айдан, әр айы 28 күннен тұратын әрі барша адамның биологиялық циклдеріне сәйкес келетін киелі Күнтізбеге ауысуды уағыздап отырады.
Алтайға жасаған сапарында Хосе Аргуэлльес алтайлықтардың тіліндегі кин, катунь деген сөздер мен майя тіліндегі kin, katun деген сөздердің фонетикалық үндестіктерімен қатар мағыналық ұқсастықтарына және майялардың 260 күндік Цолкин деп аталатын қысқа күнтізбесінің атауының құрамында тұрған kin деген сөзге де мән береді. Оның да мағынасы – күн. Мұның сыртында Хосе Аргуэлльес Мексика жеріндегі “майаб” деген топонимге назар аударады. Бұл сөздің ертеректе Орталық Америкадағы бір аймақтың атауы болғанын, ал бірақ кейінірек оның “Анауак” болып өзгергеніне сілтеме жасай отырып, әлгі сөздің мағынасының “cулардың арасындағы жер” деген ұғымды білдіретінін және әлгі сулардың Тынық Мұхит, Кариб теңізі және Мексика шығанағындағы шалқар айдындар екенін атап өтеді. Майаб немесе Аноуак деген топонимдер, негізінен, қазіргі Мексиканың бір бөлігі болып келетін қазіргі Юкатан жарты аралы мен соның оңтүстігіндегі биік таулы аймақты қамтиды. Әлгі таулардың басында Атитлан деген көл бар. Ол Алтайдың төбесіндегі Телес көліне қатты ұқсайды. Майялар өздерін сол көлдің маңынан шыққандығын және о баста олардың 13 тайпа, 7 ру болғанын және уақыт өте келе көбейіп, әлгі аймаққа түгел тарағанын сөз етеді. Бүгінде таулық майялар өздерін “киче майя” деп атаса, ойда тұратындар “юкатектер” деп атайды. Және бір дерек көздерінен майялар туралы мынадай мағлұматты кездестіреміз. Біздің заманымыздың 668-1175 жылдары аралығында қазіргі Мексика жеріне лек-лек моңғолтектестер келіп қоныстанған. Олар Моңғолияның Толан деген аймағынан келген. Әлгі аймақ Байкал көлі мен Толы өзенінің бойына орналасқандықтан Анауак, яғни Су бойы деп аталған. Мұхиттың арғы жағынан өтіп келген соң әлгі моңғолтектестер жаңа мекендеріне өздерінің байырғы жер-су атауларын беріп, оларды да Толан немесе Толы (Туле) деп атай бастаған. Әлгі өңірлер де мұхит пен теңіз айдындарына жақын орналасқандықтан, бұрынғыша Анауак болып аталып кеткен. Кезінде қазіргі Мехико қаласының орнында да шалқар көл болған. Сол көлдің бойын жайлаған халық өздерін нахуатлактар деп атаған және олар о баста Ацтланнан, яғни жоғарыда аталған Атитлан көлінің маңынан келіп қоныстанғанын және 13 тайпа, 7 ру халық болғанын шежіре қылып айтып келген. Нахуа тілінде сөйлейтін халық өздерін нахуатлактар деп атаумен қатар Ацтланмен немесе Атитланмен байланыстырып, ацтектер деп те атап кеткен. Ацтектер демекші, егер олар о баста Алтайдан келіп қоныстанса, осыны дәлелдейтін лингвистикалық дерек бар ма, бар болса, олар қандай деген сұраудың жауабын іздер болсақ, мынадай дерек алдымыздан шығады. Мәселен, Eliseo B. Aragon және Rosario Maria Gutierrez есімді ғалымдардың қолымен жазылған нахуа тілінің сөздіктерін зерттегенімізде құрамында түркі тілдерінің бәріне де ортақ tepe (төбе) деген ацтектердің жүзден аса байырғы топонимдері мен олардың этимологиялық анықтамасын кездестірдік. Олар қазіргі Мексиканың оңтүстігінде орналасқан Веракруз, Гуерреро, Оахака және Чьяпас штаттарында өте жиі кездеседі. Ацтектердің Алтайдан шыққандығының әрі олардың түркі тектес халықтармен жақындығының тағы да бір дәлелі ацтек деген этнонимнің этимологиясынан анық байқалады. Ғалым И.Ф.Никоновтың пікірінше, әлгі атау а(к)цилан деген сөзден өрбіген. Ал ацтек тілінде ак деген сөз ақ, ал цилан деген сөз жылан деген ұғымдарды білдіреді. Бүл сияқты лингвистикалық дәйектерге кезінде “Азия – Берингия – Америка” атты монографияда арнайы тоқталып, жеткілікті материал берген болатынбыз. Олардың ішінде байырғы америкалық “үндістердің” азиялық, ал түптеп келгенде, алтайлық тегі антропологиялық, археологиялық, палеонтологиялық, генетикалық, лингвистикалық және басқа ғылымдар тұрғысынан жан-жақты сарапталды. Сөз соңында алтайлықтардың байырғы ацтектер мен майяларға жақындығын нақты дәлелдейтін тағы бір факторға оқырман назарын аудара кеткенді жөн санаймын.
2008 жылы ЮНЕСКО-ның бас ғимаратында, Францияның астанасы Парижде “Халықтардың Алғашқы Ұлы Көші” (“First Great Migrations of Peoples”) деген тақырыптың аясында өткен ауқымы өте кең әрі көп нысаналы халықаралық конференция діттеген мақсатына жетті. Бұлай деуге толық негіз бар. Мұны конференция нәтижесі анық байқатты. Нар жолында жүк қалмас демекші, бұл заманауи форумның бастамашысы әрі іске асырушысы халқымыздың тұғыры биік тұлғаларының бірегейі, атақ-даңқы бүкіл әлемге әйгілі, ірі қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, дарабоз ақын, дипломат, саясаткер, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің жетекшісі, еліміздің біртуар азаматы Олжас Омарұлы Сүлейменов еді. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деп халқымыз айтпақшы, Олжас Омарұлы аталмыш конференцияны өткізу үшін көп ойланып, көп толғаныпты. Мұның дәлелі халықаралық конференцияның өте ұқыптылықпен жасақталған бағдарламасынан анық байқалып тұр. Мәселен, конференцияның: “Африкадан Америкаға дейін. Планета бетіне қоныстану”, “Ұлы көштер. Ортақ мұра”, “Еуропадағы алғашқы қоныстардан бастап, ең соңғы ұлы көшке дейін”, “Ұлы көш толқындарындағы көшпелі өркениеттер” деген төрт сессияға жіктелген салиқалы бағыттар аясында АҚШ, Голландия, Индия, Италия, Қазақстан, Қытай, Перу, Ресей, Ұлыбритания және Франция сынды он мемлекеттің атынан 17 ғылыми баяндама жасалды. Олардың ішінде генетиктер де, археологтар да, палеонтологтар да, антропологтар да, лингвистер де, тарихшылар да, иммунолог-биологтар да, көшпелі өркениеттерді зерттейтін шығыстанушы ғалымдар да болды. Ғалымдар ұсынған ғылыми баяндамалардың барлығы да өзіндік ерекшеліктерімен қатар терең мазмұндылығымен ғылыми форумға қатысқан жұртшылықтың ықыласы мен ризашылығына ие болды. Өйткені халықаралық конференцияның бағдарламасына енген тақырыптар ешкімді де бейжай қалдырмады. Сосын бұл халықаралық конференцияның біз көтеріп отырған америкалық “үндістердің” алтайлық тегі туралы мәселеге де тікелей қатысы бар. Конференция материалдары ағылшын және орыс тілдерінде жеке кітап болып басылып шықты. Бұл еңбекке осы мақала авторының америкалық “үндістердің” алтайлық тегін археологиялық, лингвистикалық және генетикалық тұрғыдан дәлелдейтін ғылыми баяндамасымен қатар біздер келтірген ғылыми дәлелдерді толық қуаттайтын Франция генетигі Эвелин Эйер мен Германиядағы Александр фон Гумбольдт атындағы қордың Георг Фостер ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Эльмо Леон Каналистің өте құнды баяндамалары да жарық көрді.
Әділ АХМЕТОВ,
сенатор, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы
«Ана тілі».