Бензиннің қымбаттауына көп балалы аналар кінәлі

3852
Adyrna.kz Telegram

Жаңа жылдан бастап жанармай тағы шарықтайды. Доллардан бөлек, алты ай сайын құбылып қоятын бензин бағасы да қазір жұртты алаңдатып отырған жайы бар. Бензин қымбаттады дегенше, елде барлық тауар, азық-түлік бағасы қоса қымбаттап, инфляция иектейтіні даусыз.

Соған қарамастан кеше Үкімет Жаңа жылдан бастап  бензин акцизінің мөлшерлемесі 4 500 теңгеден 10 500 теңгеге қымбатайтынын ресми  мәлімдеп, арнайы қаулы да шығарды. Үкімет мүшелерінің айтуынша, «бензин қымбаттап жатса да, елде қымбатшылықтың орын алуына ешкім жол бермейді». Әрине, сенгіміз-ақ келеді.

Ең қызығы, еліміздің Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жанармай салығының өсуін «көп балалы аналарға төленетін әлеуметтік көмектің кесірінен өсті» деп айды аспанға бірақ шығарды.

Оқырманға түсінікті болу үшін айтсақ, акциз дегеніміз мемлекетте өндірілген кейбір тауарлардың бағасына қосылатын қосымша құн. Осы сомма бюджетке төленеді. Яғни акциз салықтың бір түрі. Акцизді дүкенге барғанда байқамай қалуымыз да мүмкін, өйткені акциз тауарлардың бағаларына қосылған.

Осылайша Жаңа жылдан бастап жанармайдың салығы қымбаттамақ. Жанармай акцизінің 4500 теңгеден, 10500 мың теңгеге дейін көтеруге не себеп? Бұл елдегі өнім өндірушілерге салмақ салмай ма? Елде одан әрі инфляция өршіп кетпей ме? «Адырна» ұлттық порталының атынан мамандарға хабарласып талқылап көрдік.

Жәрдемақы бюджетке салмақ боп жатыр

Бұл арада Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жанармай салығының өсуін «көп балалы аналарға төленетін әлеуметтік көмектің кесірі» деп айтуында қандай негіз бар? Бұған қатысты қаржыгер Арман Мусин «рас, халыққа төленетін әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар бар, түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар осының барлығы бюджетке салмақ болып отыр. Сондықтан мәселе әдетте осылай шешіледі. Бұл бюджетке түскен салмақты сәл де болса жеңілдетер, бірақ мұның артында түрлі мәселелер туындайды» деді.

Айталық ол қандай мәселер?! Мамандар жанармай салығы қымбаттағаннан кейін бірінші кезекте өзінен өзі оның бағасы да қымбаттайтынын алға тартты. «Ал жанармай қымбаттады дегенше, азық-түліктен бастап барлығы қымбаттайды» дейді мамандар.

«Жанармай салығы өскеннен кейін жанармайдың нарықта сатылу құнын да қымбаттатуға тура келеді. Әрбір өндіруші салықтың құнын тауар бағасына қосады. Өйткені ол да өз шығынын солай шығаруы керек. Жанармай қымбаттаса, инфляция да шарықтайды. Транзиттік шығын өскеннен кейін кез келген өндіріс орны ол шығынды жабуы керек. Сондықтан бұл арада Жаңа жылдан кейін бізде инфляция өршиді»,-дейді Арман Мусин.

Әлеуметтік талондар мәселені шеше ме?

Маманның пайымынша, жанармай акцизін қымбаттатпаса тағы болмайды. Себебі қазір көрші Ресейдің өзінде жанармай тапшы болып, бізге бензин жеткізе алмай, керісінше олар бізден арзан бензинді бізден алып жатқан тұс. Ал бұлай арзан бензинді сыртқа жібере берсек, өзімізде тапшылық орнайды. Қалай десек те, біз жанармайдың қымбаттауынан қашып құтыла алмайды екенбіз. «Сондықтан алдағы уақытта қарапайым халық қиналмасын десе Үкімет нақты әрі сауатты шешімдер қабылдауы керек» дейді мамандар.

«Ресейдің мұнай газ өндірушілерінің президенті Генадий Шмаль нарықта жанар-жағармайды барынша үнемдеп пайдалану керектігін жиі айтып жатыр. Тіпті келер жылы Ресейде жанармай бағасы 10-15 пайызға қымбаттайтынын да жасырмады. Сондықтан Ресей мұнай өнімдерін пайлануға әлеуметтік норма енгізуді де жоспарлап отыр. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнап талондар шығару, күніне 50 шақырым жүретін көліктерге 150 литрге дейін ғана жанармай беру мәселесі қазір Ресейде қатты талқыланып жатқан тұс.  Жалпы, Қазақстан жанар-жағармай нарығындағы 40 пайыз тапшылықты Ресей арқылы толықтырып келеді. Бірақ қазір олардың өзінде тапшылық.   Көрші елдің жанар-жағармайын өзіне жеткізе алмай үнемдей бастауы бізге де әсер ететіні даусыз. Бұл да өнім тапшылығы мен қымбатшылығына апаратын құбылыс»,-деді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Не істеу керек?

«Бірақ бізге тапшылық орын алады. «Өнім қымбаттайды» деп отыруға тағы болмайды» деседі мамандар.

Бұған қатысты экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, біздегі мұнайдан жанар-жағармай алудың технологиялық әдісі жетілуі керек.

«Қазақстанда мұнай өңдеу технологиясының ескіргені соншалықты, біз 1 тонна мұнайдан 300-350 литр ғана жанармай ала аламыз. Ал көрші Ресейде 1 тонна мұнайдан 600 литр жанармай алады.  АҚШ-та бұл көрсеткіш 800 литрге дейін барады. Біз мұнаймен ілесіп шығатын ілеспе газды да дұрыс ұқсата алмай отырмыз. Егер сол ілеспе газды ұқсата алғанымызда «көгілдір отын бер» деп Өзбекстанға немесе Қырғызстанға жалтақтамас едік. Біз үнемі жанармай тапшылығымен бетпе-бет келеміз. Қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы түсіп жатқанымен, Қазақстандағы жанармай өнімі сол қымбат күйінше қалып отыр. Себебі біздің мұнайдан өнім алу технологиялық әлеуетеміз төмен. Осы технологиялық базамызды жетілдіргенде бензин бағасы да тұрақталатын еді. Сондықтан алдағы үш жылда осы  модернизация жайы толыққанды шешілгені абзал. Олай етпесек жыл сайын қымбатшылық меңдеп, халықтың жайын ауырлатып аламыз»,-деді ғалым.

.

 

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы 

 

Пікірлер