Менің атым – Шалтабай

2513
Adyrna.kz Telegram

Шалтабай — ХІХ ғасырдың аяғында Жетісу жерінде өмір сүрген ақын, әнші, күйші әрі патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан үшін Сібірге айдалған күрескерлердің бірі. Ол әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабына арқау болған бас кейіпкер Ұзақтың әкесі Саурық батырдың бірге туған інісі.

Шалтабайдың ақындығы мен күйшілігі туралы Жетісу өңірінің жұрты ғана жақсы білмеген, ол көрші қырғыздарға да танымал болған. Ел ішіндегі көнекөз қариялар оның әні мен күйін күні бүгінге дейін ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Жетісудың дүлдүл күйшісі Қожеке Назарұлы да Шал­та­байды қадыр тұтып, сыйлаған. Сібірге айдалып бара жатқанда оған арнап күй де шертуі тегін емес. Әншілік пен күйшілікті өзіне өмірлік се­рік еткен Шалтабайдың мұрасы бүгінге дейін жо­ғалмауы да оның елге танымалдығынан бол­са керек-ті. Сазгердің танымал дүниелерінің бірі — «Менің атым — Шалтабай». Бұл әнді күні бү­гінге дейін халыққа насихаттап, елге жеткізген Ал­маты облысының Райымбек ауданына қарасты Жылысай ауылында тұратын әнші, термеші Тілектес Намазбаев. 1988 жылы танымал ғалым Сағатбек Медеубекұлы Жетісу жерінде есімдері елге белгісіз талай талантты әншілер мен күйшілер­дің мұраларын жинақтады. Бір жолы ол Ті­лектес қариямен жолығады. Сонда Шал­та­байдың осы әнін жазып алып, қағазға түсіреді. Ән мен жырға бала кезден құмар Тілектес ауыл қарияларының ауызынан осы әнді естіп, үй­ренеді, елге насихаттаушы да болды. Әннің сө­зін жазып алған Сағатбек араға біраз жыл са­лып барып, оның әуенін өзі үйреніп, той-то­ма­лақта айтып, ел арасына таратады. Әннің мәтіні мен әуеніне қызыққан белгілі әнші Рамазан Стамғазиев Шалтабайдың әнін нәшіне келтіріп орындап, өзінің репертуарын байыта түседі. Ал ән әуенін музыка зерттеушісі Ба­зара­лы Мүптекеев нотаға түсіріп, ресми түрде ха­лық­қа жеткізді. Бұл әннің шығу тарихына келсек, пат­шалық Ресей 1860 жылдардан кейін Жетісу өңі­рінде отарлау саясатын күшейтіп, елдің шұ­райлы жерлерін тартып ала бастайды. Жергi­лікті халыққа қысым көрсетіп, білген­дерін іс­тейді. Генерал Колпаковскийдiң әскерінің озбырлығы және келімсектердің шұрайлы жерге қоныстануы жергілікті халық­қа оңай тимеген. Шұрайлы жерге ие­ленген келімсектер жаңа қоныстарын қыз­ғыштай қорып, қазақтардың сол маңайдан жүруіне және малын жаюға тыйым салады. Бұл үшін олардан алым-салық та алмай, жеңілдіктер жасайды. Бұған наразы болғандарды қорлап, елдің көбін тау-тасты жерге қуады.

Келім­сектердің әрекеттеріне шыдамаған Шалтабай мен Тазабек бастаған жігіттер Ақ патшаның әскеріне қарсы шығады. Мұны естіген әс­кер­басылары ереуілді Шалтабай мен Тазабектің ұйымдастырғанын білген соң, олардың соңына түседі. Іздеуге шыққан жасақ қос азаматты Құлжа қаласынан қолға түсіріп, азапқа салды. Ауыр азаптан Тазабек көз жұмады. Ал Шалта­бай тұтқындалады. Тазабектің өлімін естіген жұрт енді Шалтабайды айдаудан құтқаруды ойластырып, жолда босатып алады. Бұғаудан құтылған ол елде біраз уақыт жасырынып жүргенімен, кейін оны ел ішіндегі Доғалақ де­ген жансыз Кетпен жерінде ұстап береді. Шал­табайдың қолы қайта кісенделіп, Алматы түрмесіне қамалады. Артынша Сібірге айдалады. Өзінің дарынды күйші, ақын екенін Шал­табай Алматы түрмесінде көрсетеді. Баш­пайларымен домбыра тартып, айнала­сын­да­ғыларды қайран қалдырады. Шалтабай Сібірде жазасын өтеп жүріп те біраз жерді көргенін және өнерімен таныл­ғанын оны өлеңдерінен байқауға болады. Ол Омбы мен Томбы жеріндегі сары ноғайлармен араласып, сол жақта Қазина деген әйелмен айтысқа түсіп жеңеді. Айтыста Шалтабай өзінің мықты ақын, күйші екендігін шалғайда жүріп те дәлелдейді. Мерзімін өтеп біткен соң, ол елге аман-есен оралады.

Шалтабайдың шығармашылығын зерттеген қазақтың дәстүрлі әндерін орындаушы, бел­гілі әнші Тілеулес Құрманәлиев те ақын мұра­лары жөнінде біраз материалдар жинап, әнін халыққа жеткізушінің бірі болып жүргенін айта кеткен жөн. Тілеулес ел арасында Шал­табайды білетіндермен әңгімелесіп, біраз материалдар табады. Соның бірі — Сарыбастау ауылының тұрғыны Мұқан Нұрсадықовтың орындауындағы «Елмен қоштасу» деген күйі (қазіргі Райымбек ауданы). Күй 1978 жылдары үн тас­паға жазылыпты. Мазмұны ел мен туған жер­ге махаббат туралы. Сондай-ақ Шалта­байдың «Менің — атым Шалтабай» әнінің тағы бір варианты болғанын, ел ауызында бар екенін таяуда білдік. Әнді Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс, әнші, Шалтабайдың жақын туыс­қандарының бірі Махмұд Тобажанов та орындап жүр. Махмұд әнді анасынан үйреніп өскендігін айтады. Ал әннің шығу тарихына келсек, ол шама 1870-1875 жылдары Шалтабай айдауда кетіп бара жатқанда дүниеге келген­дігін байқатады. Сол жылдардан бері ән ел ішінде кең тараған. Елдің ауызында сақталған ән бір жарым ғасырдан астам уақыт елмен бір­ге жасап келуі де Шалтабайдың шамасы талай биікті бағындырғанын байқатады. Сібірден оралған Шалтабай еліне келгенде заманның өзгергенін көзімен көреді. От­басынан айырылғанын ағайын-туысынан бі­ліп, ол қырғыз еліне тұрмысқа шыққан әпкесіне кетіп, сол жақта қайтыс болған деген әңгіме бар. Ән мен жырға дес бермеген Шалтабай үш ішекті домбырада да шебер ойнаған. Бірақ Шалтабайдың мұраларын дер кезінде іздеген жан болмағандықтан, ұзақ уақыт елге танылмай, белгісіз болып келді. 1927-28 жылдары Жетісу жерін аралаған атақты ақын Ілияс Жансүгіров Шалтабай өлеңдерін қағазға түсіріпті. Алайда оны зерттеген адамның жоқтығынан Шалтабай күні бүгінге дейін белгісіз болып келген. Нарынқолдық сазгер-әнші Мәкен Әлиасқаров та өзінің шығармашылығы жөнінде жазған кітабында 30-жылдары Шалтабайдың өлеңдері мен әндерін және күйлерін үлкен кісілер жиі айтып, күйлерін тартқанын жазады. Бірақ Кеңес өкіметі де Шалтабайдың өлеңдері мен күйлерін тартуға тыйым салғанын тілге тиек етеді. Себебі Шалтабай байдың тұқымы болып, орыстарға қарсы шыққан және Сібірге айдал­ғаны заманға қайшы көрінеді. Шалтабайды толық танып білу әлі де кеш емес. Оның мұралары қазірдің өзінде ел ауы­зында жүр, оның өміршеңдігі де осында.


Жексен САҒЫМБЕКҰЛЫ

«Айқын».

 

Пікірлер