Қазақтың дәстүрлі әндері сандық форматта жарық көрді

1223

«Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні». Бұл — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның қадағалауымен былтыр қолға алынған үлкен жоба. Ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен 1000 күй жыл басында жарыққа шықты. Енді міне, тереңнен тамыр тартқан қазақтың дәстүрлі 1000 әнінің бүгінгі заманға сай сандық форматта жазылған антологиясы тұсауын кесіп отыр.

Игілікті істің басы-қасында болып, жылға жуық жұмыс істеген, ықылым заманнан келе жатқан қара өлең, ғұрыптық әндерден бастап, халық әндерін, халық композиторларының шығармаларын орындаушылық мектептеріне сай жіктеп, бір арнаға тоғыстырған — осыған дейін де талай тыңғылықты шаруа тындырып үлгерген «Ел» продюсерлік орталығы. Көз майын тауысып, көзайымға жеткен редакция алқасы мен жанын салып жәдігер жинаған жұмыс тобының бұл еңбегін тарихи-мәдени әрі ғылыми еңбек деп бағалауға толық негіз бар.
Бас-аяғы елу дискіден тұратын ұлттық құндылықтарымызды сараптап, сүзгіден өткізген — редакция алқасының төрағасы, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Төрағаның орынбасары — Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев және «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі Ғалым Доскен. Сондай-ақ, осы қатардағы жыршы Алмас Алматов, дәстүрлі әншілер Қатимолла Бердіғалиев, Рамазан Стамғазиев, Ақан Әбдуәлі, өнертану ғы-лымдарының докторы Сара Күзембаева, Кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар орталығы мемлекеттік мұрағатының директоры Алла Сейітованың үлесі ұшан-теңіз. Этно жобаның жұмыс тобына жетекшілік еткен — белгілі ақын Гүлнар Салықбай. Бас редакторы — Тұрсынжан Шапай. Өнер зерттеушісі, профессор Саида Еламанова, әнші Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Бағлан Бәбіжан, Ерлан Рысқали, Жасұлан Базарбаев, Базаралы Мүптеке, Мұрат Әбуғазы, Саян Ақмолда, Елдос Еміл, Абзал Қуанышұлы да ел мұраты үшін өлшеусіз тер төккендер.
Гүлнар Салықбайдың айтуынша, жұмыс барысында шығармашылық ұжым біраз қиындықтарды бастан өткеріп, түрлі кедергілерге кездескен. Әсіресе, халық әндерін жинау оңайға соқпапты. Өйткені мұрағатқа, «Алтын қорға» үңілгенде, бір халық әнінің он-он бес атаумен орындалып жүргені белгілі болған. Олардың ішінен бір ғана әншінің репертуарын таңдау ұзақ талқылауға түскен. Тіпті осы уақытқа дейін ешкім орындамаған туындылар да табылған. Даулы әндердің тарихы шешілген. Мәселен, Жаяу Мұсаның «Сұрша қызы» зерттей келгенде, Балуан Шолаққа тиесілі екені анықталған. Нәтижесінде 21 дискіге 500-ге жуық халық әні жазылып, нотасы мен мәтіні қосымша кітапқа шықты. Ән авторлары туралы мәліметтер, орындаушылар жайлы деректер де үш тілде берілген. Арнайы өкілдер Моңғолия, Қытайға барып, қандастарымызбен сөйлесіп, олардың арасында айтылып жүрген әндер мен қара өлеңдерді жазып әкелген. Олардың басым көпшілігі домбыра, қобыз, сырнай, жетіген аспаптарымен сүйемелденген. Ал күйсандықтың сүйемелімен ән айтқан Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Елубай Өмірзақов, Рабиға Есімжанова тәрізді тағы басқа біраз әншілердің таспаға жазылып, сақталған дауыстары сол қалпында алынған.
- Әндерді жинақтау, саралауда құрастырушылар, негізінен, «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясындағы жүйені ұстанғанмен, кей ретте, одан бас тартуға тура келетін жағдайлар да кезікті. Мәселен, халық күйлері болсын, халық композиторларының шығармалары болсын — қазақтың барша дәстүрлі күйі әр аймақта қалыптасқан күйшілік дәстүр, орындаушылық мектеп жөнімен жүйеленіп, топтастырылып берілсе, жинақтай келгенде, халық әндерінің басым көпшілігін қазіргі күнде дәл олай нақты мектеп, айқын дәстүрге бөліп-жіктеу мүмкін еместігі көрінді. Антологияда тек аты-жөндері белгілі, айқын әншілік дәстүр қалыптастырушы тұлғалардың шығармалары ғана шартты түрде, өздері өмір сүрген өңір атымен аталатын кәсіби дәстүрлі ән мектебі аясында топтастырылды. Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағатында, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған көне үнтаспалардағы әндер, техникалық сапасы жарамды болған жағдайда, жинаққа, ең бірінші кезекте, алғашқы орындаушылар жеткізген нұсқада енгізілді.

Әндерді жинақтау барысында айтарлықтай қиыншылықтар да кездесті. Мәселен, сол мұрағат, қорлардан бір әннің бірнеше атаумен, я болмаса әр әншінің орындауында түрлі нұсқада табылуы, ән сөздерінің қате айтылуы немесе басқа әннің мәтінімен ауысып кетуі сияқты жағдайлар жиі ұшырасты. Бір негізден өрбіген ұқсас әндер мұқият тыңдалып, салыстырыла келіп, жинаққа әннің негізгі түпнұсқа деп танылған үлгісі ғана жіберілді. Әр әншінің орындауында әр түрлі атаумен жүрген ән аттары бір ізге түсіріліп, мүмкіндігінше, ән мәтіндері толық әрі дұрыс айтылған үлгілер ұсынылды.
Сонымен бірге, аттары ұқсас болғанмен, құрылымы, әуен, ырғағы бір-бірінен мүлде бөлек әндер де көп екені белгілі. Мәселен, «Сәулем-ай» аталатын әндер шоғыры. Бұл үлгілер әндер тізімінде бір-бірінен түр ретінде айрықшалап көрсетілді: «Сәулем-ай» (1-түрі), «Сәулем-ай» (2-түрі), т.с.с. Ал бір негізден өрбіген, айырмашылықтарымен қатар, ұқсастықтары да айқын тұрған кейбір әндер бір-бірінен нұсқа (вариант) ретінде ажыратылды: «Екі жирен» (1-нұсқа), «Екі жирен» (2-нұсқа) т.б.

Бір ескерте кететін нәрсе, авторлығы күмәнді немесе кімнің шығармасы екендігі туралы музыка білгірлері анық бір пікірге тоқтаса қоймаған біраз әндер бұрынғысынша антологияда халық әндері қатарында берілді.
Мемлекеттік және жеке мұрағат, қорлардан жұрт құлағына әлі тие қоймаған немесе ертеректе жазылып алынып, кейіннен орындаушысы болмағандықтан, ұмытыла бастаған біраз әндер табылды. Бұл қатарға осы антология арқылы атажұртқа оралған шетел қазақтарының ән мұрасын да жатқызуға болады.
«Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» аталатын антологияда дәстүрлі ән үлгілері бұрын-соңды болып көрмеген көлемде, барынша мол қамтылып отыр. Дегенмен халқымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жиған ән қазынасы осы мың әнмен шектеле қоймасы хақ. Әлі де болса, жоғалғанды іздеу, кемді толықтау — келешек күндердің үлесінде. Ал «қазақтың дәстүрлі әні» аталатын, көздің қарашығындай сақтар рухани асыл мұра, қымбат жәдігерлігіміздің қазіргі барын түгендеп, шашпай-төкпей, кейінгі ұрпаққа табыстау — бүгінгі біздің парызымыз. Қазақтың дәстүрлі ән антологиясы — сол міндет-парыз мүддесінен табылар ізгі қадам, түбегейлі еңбектің көрінісі, — дейді бірауыздан өнертану ғылымының кандидаты, профессор Саида Еламанова, әнші, өнер зерттеуші, доцент Сәуле Жанпейісова, әнші, өнер зерттеуші Бағлан Бәбіжан, күйші, өнер зерттеуші Мұрат Әбуғазы.
Айта кетерлігі, бұрын-соңды естілмеген «Арыстанның әні», «Нүркейдің әні», «Соқыр Қақпанның әні», «Қайран, Алтай-Марқакөл» деген әндер жұртшылықпен қайта қауышып отыр. Қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан «Иташтың әні», «Көдектің әні», «Кәштеннің әні» және бұрын белгілі болса да жұрт құлағына әлі жете қоймаған «Бармақтың әні», «Шыныбайдың әні», «Қиясбайдың әні», «Қабыштың әндерін» алғаш рет осы жинақтан тыңдауға мүмкіндік бар. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 12 әні мен Шәкәрім Құдайбердіұлы, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтың, Әсет Найманбайұлы, Естай Беркімбайұлы, Мәди Бәпиұлы, Майра Уәлиқызы, Мұстафа, Сейітжан сал, Қанапия, Мұхит Мералыұлы, Жарылғапберді, Ғазиз, Иманжүсіп, Шашубай, Тәуке сынды біртуар өнерпаздардың, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Дулатов, Қ.Аманжолов, Р.Елебаев, М.Ержанов, Б.Жылқыбаев, Қ.Бабақов сияқты кейінгі буын дәстүрлі әнші-композиторлардың шығармаларының топтастырылуы — жұмыс тобының аз тер төкпегенін айқын көрсетеді. «Бүгінгі шыққан жинақтың рухани бағасын беретін — халық» дейді Тұрсынжан Шапай. Ал Рамазан Стамғазиев «қазақ халқының алтын қазынасына қосылған бұл шығармалардың барлығын естіп өскен ұрпақ дәстүрдің көшін әрі қарай жалғастырып әкететіні сөзсіз» деген сенім артады.
Базаралы МҮПТЕКЕ, өнер зерттеуші:
- Ғұрыптық әндердің өзі — бесік жыры, тойбастар, беташар, жоқтау, көрісу, сыңсу, жар-жар, жарапазан сияқты бірнеше түрге бөлінеді. Біз мүмкіндігінше осының барлығын толық енгізуге тырыстық. Негізінен, Қазақстанның Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында және Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан жерінде тұратын қазақтар айтатын ғұрыптық әндердің үлгілері кірді. Осыдан 20-30 жыл бұрын жазылған мұрағаттарды ақтардық. Қайтадан өңдедік. Профессор Саида Еламанованың кезінде жиған-терген қорларын пайдаландық. Әдебиеттерге үңілдік. Бұл — халқымызға мақтанышпен айтатын үлкен еңбек деп білемін!
Ақан ӘБДУӘЛІ, дәстүрлі әнші:
- Жетісу мектебінен жүзден аса ән жиналды. Осы әншілік мектептің қалыптасуына ұйытқы болған, қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген дара тұлға Кенен Әзірбаевтың орындауында отыздан аса өз әні кірді. Одан кейін Жамбыл, Пішән, Шалтабай, Көдек, Қапез, Қырбай, Үмбетәлі, Сәдіқожа, Бармақ, Әсімхан, Көбейбай, Бұлша, Қымбат сияқты әнші-композиторлардың шығармалары, бірнеше халық әндері қамтылды. Орындағандар — Төрткен Кененқызы, Ержан Қосбармақов, Рамазан Стамғазиев, Аяз Бетпаев, Тілеулес Құрманғалиев, Ардақ Балажанова, Жазгүл Даңылбаева, Ерболат Шалдыбеков, Нұргүл Әлқожаева, Әйгерім Нартүйеева. Жиырмадан аса әнді өзім шырқадым. Себебі олардың барлығы — бұрын таспаға түспеген тың туындылар. Арқа, Батыс мектептеріне қарағанда Жетісу әнші-композиторларының мұраларын жинастыру қиын болды. Кененнен басқа ешкімнің әні бұрын-соңды «Алтын қорға» жазылмаған. Басқа мектептер баяғыда көш түзеп, нақтыланып алса, Жетісу мектебі тоқсаныншы жылдардың ортасынан бері қарай қолға алынып, зерттеліп, кластар ашылып, қатарға кештеу қосылды. Сондықтан терең ізденіп, түбегейлі ойланып, тиянақты жұмыс істеуге тура келді.
Ерлан РЫСҚАЛИ, дәстүрлі әнші:
- Әуендік, орындаушылық, құрылымдық өзгешеліктеріне, орнығып, өрістеген өлкелеріне қарай дәстүрлі ән өнерінде шартты түрде, бірнеше кәсіби әншілік дәстүрлер мен мектептер қалыптасқан. Солардың барлығы ескеріліп, әр аймақ, әр мектеп сұрыпталып, сараланып алынды. Жаһандану заманында тиісті орындардың дәстүрлі өнерге көңіл бөліп, осындай жинақтарды шығаруы — айтулы оқиға, маңызды бетбұрыс, үлкен ерліктің үлгісі. Көңілге қуаныш ұялататын жағдай.


«Айқын».

 

Пікірлер