"Атажұрт еріктілері" ұйымының Нұр-Сұлтандағы кеңсесіндегі жиында партия құруды көздейтін бастамашыл топ астанада штаб құрып, партия бағдарламасын таныстыруы тиіс еді. Жиынға партия құру идеясын көтерген белсенді Жанболат Мамай Алматыдан Skype арқылы қатысты (Мамай билікті сынаушы шетелде тұратын Мұхтар Әблязовтан "ақша алып, газет шығарды" деп үш жылға бас бостандығы шектелген. Оның пробациялық мерзімі аяқталмағандықтан Алматыдан басқа қалаға шыға алмайды).
Бастамашыл топ партия құрудағы мақсаттарын айтып жатқанда өзін “жалғызбасты ана әрі дәрігер Жанат Аширова Қозыбаевна” деп таныстырған әйел "қанша жиын өткіздіңіздер, демократия дейсіздер, осыған дейін не шештіңіздер? Мәселе шешілді ме? Айтасыздар да қоясыздар. Халықты алдамаңдар, партия қажет емес" деп шу шығарды. Оның сөзін жанында отырған тағы екі әйел де қолдап, "Жанболат Мамай партия құрамын десе астанаға неге келмейді, Алматыда не істеп отыр?" деді.
Мамай үш жылға сотталғанын, пробация уақытында Алматыдан шыға алмайтынын, сондықтан Skype арқылы байланысып отырғанын айтты. Бірақ әйелдер Мамайдың да айтқанын тыңдамай, қайта шулады. Бастамашыл топ әйелдерден шығып кетуді сұрап еді, олар залдан шығудан бас тартты.
Кейін әйелдер "Мамай сатқын", "дерьмократы, вы нам не нужны" деген жазуы бар плакаттарын шығарды.
Жиын соңында шу сәл басылып, бастамашыл топ партияның Нұр-Сұлтандағы штабы құрылғанын жариялады.
24 қараша таңертең бастамашыл топтың Қарағандыдағы жиынында бірнеше адам шу шығарып, жиынның өтуіне кедергі келтірген. Шу шығарғандар қолдарына "Мамай сатқын", "Біз сенбейміз" деген плакат ұстап тұрған.
Бастамашыл топтың өткен аптадағы Қызылордадағы жиынында белгісіз адамдар дауласып, жиынға кедергі келтірген. Бұл қаладағы жиналыс кейін партия құрылғанын қолдайтын тұрғынның үйінде жалғасқан. Бастамашыл топ өкілдері әр қаладағы шуға қарамастан партияның штабтары құрылғанын айтады.
Жанболат Мамай 16 қазанда Алматыдағы жиында "Қазақстанның демократиялық партиясын" құратынын мәлімдеген. Ол “партияның мақсаты сайлауға түсу емес, елдегі билік жүйесіне өзгеріс енгізу, халықтың үнін билікке жеткізу” екенін айтқан.
Қазір Қазақстанда "Нұр Отан", "Ақ жол", Коммунистік халықтық партия, "Бірлік", "Ауыл", ЖСДП және "Азат" партиялары ресми тіркелген. Оның үшеуі - "Нұр Отан", "Ақ жол" және Коммунистік халықтық партияның Қазақстан парламентінен орын алған.
Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен мың адам қатысқан құрылтай өткізуі тиіс. Билік 40 мың мүшесі бар партияларды ғана ресми тіркейді.
"Азаттық" радиосы
Фото авторы Инга Иманбай