Атамыз қазақ қашанда салт-дәстүрді берік ұстанған. Оны өскелең ұрпағына өнегелі мұра етіп қалдырып отырған. Жалпы, дәстүрін сақтаған ел қор болмайды. Себебі дәстүр адамды тәрбиеге, ақылға баулиды. Әр мемлекеттің өз салты, әдет-ғұрпы бар.
Қазақтардың басын бір шаңыраққа біріктірген Қазақстанның әр облысының дәстүрлері алуан түрлі болып келеді. Мұны мойындау қажет. Атамыз бір болса да, салтты әр аймақта түрлі етіп ұстанамыз. Мысалы, кейбіреулермен танысқан кезде, «Оңтүстіктенмін» десең, төбе шашы тік тұрады. «Сіздерде келіндер көшеде не үйде басынан орамалын тастамайды екен ғой», не болмаса «Келіндеріңіз күнде біреуге сәлем береді екен» деп миыңызды ашытады. Олардың ойынша, бұл бұрынғы заманда қалып қойған ескірген әдет. Қай заманнан жетсе де, бұл — ежелден бар дәстүр. Басына орамал тартып, үлкенге сәлем беруден апа-әжелеріміз ешқашан жалықпаған. Себебі бұл үлкенге деген құрметіңді көрсетеді. Бұдан басқа да салт-дәстүрлеріміз жеткілікті. Жаза берсең, таусылмайды. Ал өзге елдердің өзіндік дәстүрі жайлы білетіндеріміз көп емес. Бүгінгі мақалада оқырман назарына басқа мемлекеттердің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері және ырымдары жөнінде бірқатар мәлімет ұсынбақпыз. Екі тектің ерекшелігі Испанияда дәстүрді ұстанатын адамдардың екі тегі болады екен. Тұрмысқа шыққалы жатқан қыз жұбайының тегін алмайды. Ал бала туған жағдайда сәбиге әкесінің де, шешесінің де тегі беріледі. Ол қалай дейсіз бе? Мысалы, Пилар Гомес Диас деген бойжеткен Фелипе Родригес Фернандес деген жігітке күйеуге шығып, олардан қыз туса, нәрестенің есімі Мерседес Родригес Гомес болады. Байқап отырғанымыздай, алдымен өзінің, сосын әкесінің аты, кейін анасының есімі жазылады. Испандықтар дүкендерді, кітапханаларды, дәріханаларды байырғы әдет-ғұрып бойынша адам есімімен немесе ғимарат орналасқан көшенің атымен атайды. Мәселен, «Фармасия Пинтада». Бұл Пинтада көшесінде орналасқан дәріхана деген мағынаны білдіреді. «Эрманос Морено» дейтін атты көрсеңіз, ол ағайынды Моренолардың компаниясы деген сөз. Бұл елде тағы бір қызық салт бар. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша Испанияда жүкті келіншектер үйде босанғанды жөн санайды. Біз аяғы ауыр әйелді толғақ басталысымен, тіпті одан да көп бұрын ауруханаға жеткізіп саламыз. Ал бұл елдің тұрғындары кішкене күте тұрғанды қалайды. Олардың ойынша, аурухана ахуалы босанғалы жатқан әйелге қорқыныш сезімін тудырады. Сондықтан Испания халқының басым бөлігі ауруханаға барар жолда, таксиде, автобустарда туған. Екі рет тойлайтын туған күн Ол — ол ма? Испанияның әрбір азаматы туған күнін жылына екі мәрте тойлайды. Біріншісі — өзінің нағыз туған күні болса, ал екіншісі — әулие аталарының туған күнін өзінікі секілді атап өту. Елде киелі ұғымдар көп болғандықтан, тұрғындардың әрбір екіншісіне әулиенің аты беріледі. Енді жерлеу рәсіміне тоқталсақ. Адамның денесінен жаны кеткен соң, оны жерлейтін жер дайын болса, бірден рәсімге кіріседі. Ал орын болмай қалған жағдайда мәйітті 72 сағатқа дейін ұстай алады. Жерлегендерінің өзі қызық. Дайын жерді бұл елде жалға алады екен көбінесе. Ай сайын ақшаңызды төлеп тұрасыз. Қаражат болмай қалса, мола орналасқан жердің әкімшілігі топырақ астындағы денені қайта қазып алып, оны басқа жерге ауыстыруға құқылы. Беті аулақ! Грекия халқы да ырымға қатты сенетіндердің қатарында. Қала көшелеріне шықсаңыз, ойнап жүрген балалардың мойындарынан көздің белгісі бар алқаны көресіз. Олардың ойынша, бұл жолыңды ашып, бақыт әкеледі. Сондай-ақ бұл халық біреуді мақтамас бұрын алдымен үш рет түкіріп алады. Себебі құдайлардың қызығушылығы туып қалуы мүмкін. Түкіргеннен кейін ғана әлгі адамға деген сүйіспеншілігін білдіре бастайды. Қарап отырсаңыз, көрші орыстардың әдетіне ұқсайды. Орыстар мен гректердің бұл нанымына сенетіндер біздің арамызда да баршылық. Бізде де «Әй, көзің өтіп кетер, түкірші», — деп жататын әдет бар ғой. Су сепкенің — сыйлағаның Сонымен қатар гректер дәстүр бойынша үйге келген қонаққа міндетті түрде ішімдік ішуді ұсынуы керек. Олай жасалмаса, үй иесі тәрбиесіз деген жаман атқа ие болады. Ал келген мейманның біреудің үйінде отырып тарануына және тырнағын алуына болмайды. Сәтсіздікке ұшырауыңыз мүмкін. Данияға жолыңыз түссе, тұрғын үйдің терезесінде ілініп тұрған мемлекеттік жалауды көретін болсаңыз, таңғалмаңыз. Бұл үйде біреудің туған күні тойланып жатқанының белгісі. Таиландтағы мына дәстүр бәрінен де қызық. Елде бұрыннан келе жатқан «Сонг Кран» деген мейрам бар. Осы күні тұрғындар көшеде кетіп бара жатқан кез-келген адамға су шашады. Олардың бұл әрекеті бір-біріне сәттілік тілегенді білдіреді. Тай елінің халқының жартысынан астамы буддизм дінін берік ұстанады. Сондықтан олар адамның басын ең қасиетті нәрсе деп санайды. Қандай адам болсын, оның басына саусағың тиіп кетсе, сен сол кісінің беделін аяқ-асты еттің деген сөз. Маймылға арналған мереке Таиланд — жалпы қай жағынан алсаң да ерекшелікке толы мемлекет. Елдің Лопбури провинциясында жыл сайынғы дәстүр бойынша маймылдарға арналған банкет әзірленеді. Адамдар шіркеуге екі мыңнан астам маймылды жинап, оларды түрлі жеміс-жидектермен тамақтандырады. Таиландықтар маймылды неге соншама бағалайды дейтін боларсыздар? Айта кетейік… Бұл елдің халқы Рама деген құдай бар деп сенеді. Аңызға сүйенсек, бір кездерде бір топ маймыл Рамамен бірге оның қарсыластарымен шайқасып, жеңіске жеткен екен. Ал Корей халқының мына әдет-ғұрпы тіпті күлкілі. Біреудің әзірлеген тағамын жеп отырсаңыз, тамақтың дәмді болғанын білдіру үшін адам шылпылдатып шайнау керек екен. Кейін ас дайындаған кісі сізге өз алғысын айтады. Қызық, иә? Біздің елде үстел үстінде тамақты былш-былш шайнап жеп отырсаң, әдепсіздіктің белгісі болып саналады емес пе? Көрші Ресей елінде дәстүр бойынша, ғарышкерлер көкке көтерілер алдында «Белое солнце в пустыни» атты фильмді көруі тиіс. Ирландияда төрт жылда бір келетін ақпан айының 29 жұлдызында қыз балалар еркектерге үйлену туралы ұсыныс жасай алады. Бұл дәстүр сонау XІ ғасырдан бері келе жатыр. Сөз салып тұрған бойжеткен «жоқ» деген жауап алса, онда бас тартқан еркек қомақты айыппұл төлеуге міндетті болады. Секіріп көңілін көтереді Жаңа жылға небәрі екі жарым айдай уақыт қалды. Сондықтан осы үлкен мереке әр елде қалай тойланатынына тоқталсақ, артық болмас. Мәселен, Францияның оңтүстік бөлігінде шағын бір елді мекен бар. Сол ауылдағы отбасылардың барлығы Жаңа жыл келген соң, таң сәріде тұрып алып, бұлақтан стақанға су құйып, қасына бәліш қосып қалаған жеріне қалдырып кете береді. Оны көрген адам ішерін ішіп, жейтінін жеп, орнына қандай болсын, бір тағам қалдырып кетуі міндетті. Дәстүр сондай себебі. Осылайша француздар Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап бір-бірінің қарнын тойдыра бастайды. Ал немістер болса, сағат он екіні көрсетпей тұрып, креслоға шығады. Жаңа жыл келген соң, жас-кәрісіне қарамастан сол жерден секіреді. Осылайша олар көтеріңкі көңіл-күймен мейрамды тойлай бастайды. Германия тұрғындарының айтуынша, Жаңа жылды қандай күймен қарсы алсаң, жыл солай өтеді. 12 секундта — 12 жүзім Италияндықтар Жаңа жылда ескі заттарын терезеден лақтырады. Затты қаншалықты көп лақтырсаң, соншалықты ырыс мол болады. Аргентина халқы болса, заттардың орнына ескі шоттарын немесе құжаттарын тастайды. Шотландықтар Жаңа жыл түнінде қарамай жағылған бөшкені өртеп, оны көше бойымен домалатады. Мұндағы көздегендері — ескі жылдың жамандықтарының бәрін жағып жіберіп, Жаңа жылды лайықты қарсы алу. Куба халқы Жаңа жылды былай тойлайды. Мейрамның басталуына бірнеше сағат қалғанда, үйдегі әрбір ыдыс суға толып тұруы тиіс. Мұнымен олар бір-біріне Жаңа жылда судай таза өмір тілейді. Бұл елде ерекше тағы бір ырым бар. Кей елді мекендердің тұрғындары сағат он екі бола салысымен он екі секундтің ішінде он екі жүзім жеуі керек. Сол кезде ғана бір жыл бойы сіздің жолыңыз болады. Міне, қарап отырсаңыздар, әр елдің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы және ырымдары әр түрлі екен. Бірі қызық болса, екіншісі ойға сыйарлық емес. Қай жағынан қарасақ та өзіміздің қазақ халқының дәстүрі, салты өзгелерге қарағанда ерекше көрінеді. Себебі біздің ата-бабаларымыз соңына тәлім-тәрбиеге үндейтін әдет-ғұрып қалдырған. Керемет емес пе?! Сондықтан қайда жүрсек те, дәстүрімізді сақтағанымыз жөн.
Бақытжан БАУЫРЖАНҰЛЫ