НАРАДА ТУҒАН АЙ АРУ
Ерте, ерте, ертеде Такэтори деген қария өмір сүріпті. Қария күнде тауға бамбук кесуге барады екен. Кесіп алған бамбуктен себет жасап, оны сатып күнін көріп жүріпті. Бір күні, қария әдеттегідей ағаш кесіп жатса, бір бамбуктен жарқыраған нұрлы сәуле шығады.
«О, тоба! Мынау бір ғажап нәрсе ғой!» деп, шал ағаштың ішін жарып еді, ішінде шынашақтай сәби бар екен. Сәбидің сүйкімділігіне сүйсінген қария шұғылалы баланы бамбуктың ішінен шығарып алды. Шалдың ерекше бала тауып алғанына кемпірі де қуанады. Екеуі баланы мәпелеп бағыпты. Шұғылалы сәби шыққан бамбуктен жарқ-жұрқ еткен алтын теңгелерді күн сайын алып тұрады. Сөйтіп, қария дәулеті барша жұрттан асқан бай адамға айналыпты.
Бамбуктің ішінен шыққан балаға Кагуяхимэ (Ай нұрынан жаралған ару) деген есім тағылады. Ай десе аузы, күн десе көзі бар, ғажайып бір сұлу қыз боп бой-жетеді. Кагуяхимэнің даңқын естіген сегіз қырлы бес сері «маған қалыңдық болар ма екен?» деп, қарияның үйіне келіпті. Кагуяхимэ бес жігіттің қайсысы ойындағы затты әкелсе, соған қалыңдық болатындығын айтады. Ол қандай зат? Ишицукуриномико есімді жігітке Будданың Ишипачи деп аталатын құнды жананын, Курамочино Ишицукуриномико деген серіге алтын ағашты, ал министр Обеге от тышқанының терісін, Оотомо мырзаға бес түске құбылатын моншақты, Исонокамимаро мырзаға қарлығаштың қауырсынын алып келу тапсырылады.
Ишицукуриномико қария айтқан затты таппай қиналды. Будданың жананы жапон елінде жоқ нәрсе екен. Алыстағы Үнді жерінде бар деседі ел. «Сонау алыс елге қалай бармақпын?» деп ойлайды ол. Сөйтіп, белгіленген мерзімге дейін үйінде жата береді де, қол астындағыларды жананды іздеуге жібереді. Олар болса, бір таудың қойнауындағы храмдағы көне жананды алып келеді.
Курамочиномикоға қымбат ағашты табу тапсырылған болатын. Ол ағаш тегін ағаш емес: бұтақтары алтыннан, жемістері аппақ нұрлы болуы керек. Курамочиномико Кагуяхимэнің үйіне барып: «Мен қазірден бастап, асыл ағашты іздеймін», – дейді де, өзі серіктерімен кемеге мініп, саяхаттауға кетеді. Бірақ үш күн өтпей қайтып оралады. Сосын шеберлерді жинап: «Бұтақтары алтын, жемістері аппақ ағашты жасаңдар» деп тапсырады. Ағаш әп-сәтте дайын болды. Жарқ-жұрқ еткен бұтақтарының сәулесі аппақ жемістерімен шағылысып айналаны нұрға бөлеп тұр. Әдемілігі сонша, бейнебір жұмақ ағашы дерсің.
Курамочиномико ағашты алып, бірден Кагуяхимэге барады. «Мен бұл ағашты алыс-алыс елдерге сапар шегіп, әрең таптым» дейді. Бірақ ағаштың жасанды екендігі ашылып қалады.
«От тышқанының терісін қолға қалай түсірсем екен?» деп ойлайды Абэ. Алыстағы елдің бір адамына «от тышқанының терісін тауып, маған жіберіңізші» деп хат жазады. Содан соң хатпен бірге көп ақшаны серігіне береді де, алыс елге жібереді. Ақша мен хатты алған кісі «от тышқанының терісі дегенді естуім бар, бірақ көрген емеспін. Дегенмен, іздестіріп көрейін», – дейді. Хатты тапсырған кісі әлгі адамның сөзін Абэге жеткізеді. Олар от тышқанының терісін күтіп жата берсін.
Үш жыл өтті. Алыстағы елдің адамы уәделі затын жіберді. Министр қуанып, затты ашып көрді. Тері аспан түстес көгілдір әрі жалт-жұлт етіп, шұғылалы сәуле шашып тұр. Министр «бұл шынымен де баға жетпес зат қой. Кагуяхимэге көрсетіп, қуантайын» деп, теріні өрнектелген сәнді сандыққа салып қыздың үйіне апарды.
«От тышқанының терісін әкелдім, міне!» деп, сандықты қыздың алдына қойды. «Иә, шынымен де әдемі екен», – дейді Кагуяхимэ. «Бірақ бұл нағыз асыл тері ме екен, сынап көрмей сенбеймін. Нағыз от тышқанының терісі отқа салса жанбайды. Қане, көрейік!» деп, қыз теріні ошаққа тастады. Сол-ақ екен, тері лап етіп отқа оранды да, демде жанып кетті.
Оотомономиюки бес түске құбылатын моншақ табуы керек болатын. Моншақ кісіде емес, айдаһардың мойнында деседі жұрт. Оотомономиюки серіктерімен кемеге мініп, сапарға шығады. «Айдаһарды мына садақпен ату керек», – дейді ол. Кенет айдаһар қозғалысын білдіргендей теңіз тулады. Кеме асау толқынмен бір көтерілді де жағаға бір-ақ шықты. Сөйтіп, асыл Оотомономиюкидің моншақты іздеуі осымен аяқталыпты.
Исонокамимаро қарлығаштың қауырсынын іздеді. Сарайдың шатырында қарлығаштың ұясы бар еді. Серіктеріне аспалы себет жасатқызды. Өзі себеттің ішіне кірді. Серіктері себетті шатыр төбесіне дейін көтерді. Исонокамимаро қолын қарлығаштың ұясына салып еді, домалақ бірдеңе ілікті. Сол кезде аспалы себеттің арқаны үзіліп, Исонокамимаро жерге құлап түсті. Белі сынып, есінен танып қалды. Серіктері жедел көмектесе бастады. Исонокамимаро есін жинап, жұмылған алақанын ашып еді, қарлығаштың қатып қалған құмалағы екен.
Кагуяхимэнің сұлулығы күн сайын арта түсіп, даңқы бүкіл әлемге шарықтады. Оның көркін көрмей ғашық болған жігіттер де көбейді. Тенши деген мырза жігіт: «Бұл өзі қандай екен, өз көзіммен көрейінші» деп, Кагуяхимэнің еліне қарай бет алды. Сәнді күйме дарбаза алдына тоқтағанын көрген кемпір мен шал: «Бұл кім болды екен?» деп қараса, әйгілі Тенши мырза екен. Қариялар қонақты құрметпен қарсы алды. Қызды көрген Тенши есінен танып қала жаздады. «Менің сарайымда тұрғың келе ме?» деді ол Кагуяхимэге. «Жо-оқ, мені атам мен әжемнен айыруға болмайды» деп жауап берді қыз.
Кагуяхимэ қарияның үйіне келгелі қаншама жылдар өтті? Содан бері ол күнде кеш бата мұңайып, аспандағы Айға мұңын шаққандай, көк жүзіне ұзақ-ұзақ қараумен болды. «Қарағым, шырағым Химэ, сонша қайғылы күйге түсетіндей не болды?!» деп атасы мен әжесі жалынса да, Кагуяхимэ үндемеді. Ай күнтізбесі бойынша 15-нен 16-на қараған түні Кагуяхимэ көз жасын төгіп, мұңайып жылайтын болды. Өйткені, оның Ай еліне оралатын мерзімі жетіп еді. «Осы жолғы джюгоя кешінде Ай елінің өкілі мені алып кетуге келеді. Атам мен әжемнен ажырайтынымды ойлап қайғырамын», – дейді. Қариялар қыздың бұл сөзіне таңданып, «Біз Кагуяхимэні титтей кезінен бағып, тәрбиеледік. Ол біздің туған баламыздай. Ешкімге бермейміз», – дейді. Ал Кагуяхимэ болса, «Ай елінің өкіліне ешкім қарсылық көрсете алмайды» деп, көз жасын одан сайын көлдетіп, егіле жылады.
Қария сиынатын орынға барып, періштелерге: «Осы жолғы джюгоя түнінде Ай елінің өкілі Кагуяхимэні алып кетуге келмек. Қалай да бермей, алып қалуды сізден сұраймын» деп періштелерге жалбарынды. Періште басын изеп: «Жарайды, бәріміз жабылып, Кагуяхимэні алып қалайық» деп жауап берді. Джюгоя кеші де келіп жетті. Періштелер қарияның үйін айнала қоршай бастады. Кенет Ай жап-жарық боп кетті де, одан ақ бұлт баяу қалқып төменге түсе бастады. Бұлт үстіне қонып алған Ай елінің өкілдері еді. Періштелер садақтарын дайындады. Сол сәтте не болды деңіз? Ауыл халқы кенеттен қалшылдап, селкілдей бастады да, көздері тұманданып, еш нәрсе көрмей қалды.
Ай елінің өкілдері: «Кагуяхимэ, біз келдік», – деді. Кемпір қызды құшақтап, жібергісі келмесе де, Кагуяхимэ баяу сырғып әжесінің құшағынан ажырай бастады. «Ата, әже, мені бағып, тәрбиелегендеріңіз үшін мың алғыс. Екеуіңіз бақытты өмір сүріңіздер» деп, Кагуяхимэ қарияларға қоштасу сөзін айтты. Ол кимоносын қалдырды. Өзін баққан ата-әжесіне арнап шығарған қоштасу жырын әнімен қосып жазып қойған еді. Ән жазылған хатты да қалдырды.
Ай әлемінен келген өкілдер Кагуяхимэге әдемі қауырсындардан тігілген көйлекті кигізді. Кагуяхимэнің жарқ-жарқ етіп күймеге мінгені ғана көрінді. Кагуяхимэ мінген күйме алып бұлтқа оранып, ғаламат Ай нұрын сепкен аспан еліне көтеріліп, көрінбей кетті.
Ал қария Кагуяхимэні тауып алған бамбук Нарада өсіп тұр. Нара префектурасындағы Китакацураги уезіне қарасты Коурйоу шаһарында Такэтори деген жер бар. Жапон елі Такэтори бағын «Такэторимоногатари» ертегісімен байланыстырады. Нара қариялары баққа немерелерін ертіп апарып, Ай нұрынан жаралған ару туралы ертегіні осылай баяндайды.
ЖАУЫНДЫ КҮНГІ ЖҮЗДЕСУ
Нара бағындағы ағаштан тұрғызылған көне сарайлардың арасы. 1300 жыл бұрынғы Ямато дәуірі ме, әлде ХХІ ғасырдағы техникасы дамыған елдің шаһары ма? Стансадан түскен сәттен ежелгі Жібек жолы тұсындағы ауыл шықты алдыдан. «Киотономиябини, Наранохинаби» деген сөздің мәнісін бұл шаһардың ықылым заман ауылына тән келбеті дәлелдегендей. Иә, Киото – кербез қала болса, Нара нар тұлғалы ерлердің қолымен тұрғызылған күйі, бірде-бір бағаны өзгермеген қалпы сақталған ауыл кейпіндегі шаһар. Нара ел астанасы болған заманда салынған Тоудайдзи – ұлы Шығыс ғибадатханасында ұлы шеберлердің қолының табы қалғандай. Бүгінде маңызы зор мәдени мұра ретінде қорғауға алынған бұл кешендегі Дайбуцудэн дүниежүзіндегі ең үлкен ағаш ғимарат ретінде белгілі. Нарадағы үйлер де алғашқы кейпін сақтап отыр. Әлемдегі ең көне ағаш ғимарат та Нарада. Хоурюдзидің Кондоу сарайының оюлы жақтауларына қарап тұрып, тозды деуге болмайтын көне өркениет туындысы қаншама дәуір өтсе де өзгеріссіз қалғанына таңданасың. Мыңжылдықтардың куәгері боп тұрған Дайбуцудэн сарайының ені о баста 87 метр болыпты. Нью-Йорктың символы саналатын Бостандық монументі сыйып кетеді дейді.
Архитектураның ғаламат үлгілерін Шығыс мемлекеттерін аралағанда көреміз. Тоудайдзи, Тоуфукудзи, Касуга, Хйодзйо, Хоурюдзи, Якушиджи, Тошйодайдзи сарайларын аралап жүргенде өзің өмір сүріп жатқан заман есіңнен шығып кетеді. Тұнық ауа, жанға жайлы климат, алып дарбазалар мен шағын шарбақтар, мөлдір бастау суы, балығы алаңсыз жүзген айна көл – нағыз ауыл көрінісі. Шөбі күзде де сарғаймайтын шабындықта еліктер жайылуда. Құралайын ерткен еліктер Нараның көшелерінде көп. Бұл дүниежүзіндегі еліктер мекендейтін жалғыз шаһар.
Нараға аяқ басқанда тайфун басталған кез еді. Префектурадағы бір ауылдың тау бөктеріндегі он шақты үйі селге кетіп, толассыз жауған жаңбырдан өзен арнасынан асып жатқан. Күншығыста күзгі жауын да жып-жылы. Осакадан Нараға баратын электрпойызға мінгенде қолымда бір газет болған. Қолшатыры бар қала тұрғындары жауынды елемей еркін басып барады. Басқа қаладан қолшатырсыз келгендері қасындағы ағаш сарай шатырының жиегі астына тұра-тұра қалды. Нара бағынан шығып, қалың еліктің арасымен келе жатыр едім, көне үйлердің қатарындағы «Ақпарат орталығына» көзім түсті. «Тайфун кезінде келгеніңіз-ай» деді, қабылдаушы келіншек. Екеуміз екі сағаттай әңгімелестік. Бір кезде күзетші таяу тұрған аппақ креслоны нұсқады. Пішіні қолжуғыш сияқты шұңғыл ақ «орындық» 8 балмен селкілдейді екен. Жер сілкінісінің қалай болатынын сезінгісі келетіндер үшін жасалыпты. Оған отырудан бас тартып сыртқа шықтым. Жаңбыр әлі жауып тұр.
Вакакуса тауындағы еліктерді бақылап, Икома, Уда, Йошино, Аманокагуяма, Миминашияма, Унэбияма, Яматосандзан жоталарынан асып, Нараның орталық көшесіне жеткенше қолымдағы газетті қалдырмадым. Бұл жарнамасымен танысып болып, жырта салатын немесе ет ораған соң ошаққа пайдаланатын, әлде үй жөндегенде еденге төсейтін жай газет емес, қиын кезеңдерде от кешіп жүріп шығарған қаламгер аталардың маңдай тері сіңген «Қазақ әдебиеті» ғой. Бұл газет қазақтың басқа да газет-журналдары сияқты Жапонияның барлық аймағындағы танымал тұлғалар мен түрлі мекемелердің жеке қорларында сақтаулы. Қазақ газет-журналдарын Жапонияның әр аймағына жеткізуде қолдау көрсеткен жапон азаматтарына алғыс айтамын.
Электрпойызбен Нараға бара жатқанда қасыма бір ақсақал жайғасты. Қолымдағы газетті алып, ішіндегі «Әгугай, Нара!» деген мақаланы көргенде «оқымасам да мағынасын түсініп тұрмын» деп, жымиды. Қарияның келіні тай ұлтының өкілі екен. Жапон тілін жақсы білетін көрінеді. Бір қызығы қазақ газеттерін көрген жапондар оның мәнін бірден біледі. Қос халық арасындағы рухани байланыстың бір құралы осы газет екендігі белгілі. Ақсақал Нара префектурасында тұрады. Шаһар маңындағы туысының үйіне қонаққа барады екен. Аз уақытта үлкен тарихтан да біраз дүниені қозғаған қария Нара шаһарына бір станса жетпей түсіп қалды. «Ичигоичиэ» дейді жапондар. Жапон танымында әр адам маңызды және әр кездесудің ешқашан қайталанбас мәні бар деген ұғым берік орын алған. Сондықтан біреумен жүздескенде оны жасына қарамай құрметтейді. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасы осындайда еске оралады.
Нара Орталық кітапханасының директоры Мацушима Тэйичи қалыпты жағдайда қарсы алды. «Қазақ әдебиеті» газетін тапсырады деп күтпеген еді. Бейнебір өзі сыйлық алып тұрғандай әсерде болды. Орынбасарын, кітапханашыларды шақырды. Біраз талқылаудан кейін Алматы мен Нараның арасын жалғаған «Қазақ әдебиеті» кітапхананың арнайы бөлімінде сақталатын болды. Тайфунда, жауын астындағы Нара бағының жұпар ауасын сіңірген газет осылайша орнын тапты. Мацушима сан Жапония мен Қазақстан арасындағы әдеби-мәдени ынтымақтастықтың өркендеуіне үлкен үлес қосқан «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына үлкен алғысын жеткізді.
Бұл кітапханадан Нара тұрғындары бес кітапқа дейін алып оқиды. Кітаптар он бес күнге тегін беріледі. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған бөлме де жабдықталған. Аналар сәбилерін көрпе үстіне жатқызып қойып, кітап оқып беруіне болады. Көзі нашар көретін кісілерге кітапханашылар қалаған кітабын оқып беретін қызмет түрлері бар екен.
Нара таулы жердегі шаһар. Мәтелде аталған ежелгі астана Киотомен Кинки деп аталатын бір аймаққа жатады. Нараның тауларында болған ғажайып оқиға мына бір фольклор туындысында суреттелген.
БАРҚЫТ БЕЛБЕУДІҢ ҚҰПИЯСЫ
Сонау ерте заманда Нарада гүлді ерекше жақсы көретін бір қария тұрыпты. Бір күні ол ғажайып гүлді іздеп Йошино тауына барады. Қария таудың қатпар-қатпар қойнауларын кезіп жүріп әбден шаршайды. Бір кезде беткейден қамыс шатырлы үйді көрді. «Бұл тауда кісі тұрады екен ғой» деп қуанған қария жалғыз аяқ жолмен әлгі үйге таяды. Есігін қаққанда бір сұлу қыз шықты. Күлгін крібдішін көйлегі бар, қара барқыт белбеу байлаған бойжеткен ақсақалға иіліп сәлем берді. Шал қалың тау арасында үй тұрғанына қатты таңданды. «Әлде бұл елес пе екен?».
– Қандай шаруамен келдіңіз?– деді қыз жұмсақ үнмен.
– Таудан ерекше гүл іздеп келіп едім, кеш батып кетті. Түнеуге рұқсат па?
– Үй иесі болмаса да кіріңіз, – деді қыз. Үйден су алып шығып қарияның қолына құйды.
Үй-іші мұнтаздай. Үлкен пеште от лаулауда. Қыз қарияға бұрын-соңды татпаған дәмі ерекше шай берді. Алдына қойған тағам ащылау болғанмен, тіске жұмсақ екен. Шай ішіп болғанда шаршағаны басылды.
– Мына сусын адамға керемет күш береді екен. Мың ри ( 1 ри – 3,927 км.) жүгірсем де қажымаспын, – деді қария терін сүртіп жатып. – Тау тұрғындарының сусыны ма? Елсіз жерде қорықпайсың ба?
– Бұл үйге мені ғажайып күш ұрлап әкелген. Өзім киотолық саудагердің қызымын. Есімім – Хару. Бірде көршіммен Инарияма тауына папоротник жинауға бардым. Кенет қарсы алдымнан құрма түсті киімі бар, өткір көзді дін адамы шыға келді. Ол мені еріксіз ертіп әкетті. Қанша уақыт жүргенімді білмеймін, есімді жиғанда осы үйде отыр екенмін. Дін адамы мені үй иелеріне тапсырды да өзі шығып кетті. Ол кеткен сәтте әуеден сыңғырлаған қоңырау үні естілді. Дін адамын содан кейін көрмедім.
– Қызық екен. Бұл үйдің иесі кім сонда?
– Тырнадай арық, ақ сақалды тау адамы. Мен оған күнде осы шайды беремін. Өзі таңертең кетіп, кешке бір-ақ келеді.
Хару мұңая қарады.
– Ата, мені алып кетіңізші. Үй иесінен сұрап алыңызшы. Келін ғып аламын десеңіз де…
Шал қызды аяды.
– Расында жиырма бірдегі ұлым бар еді. Айттыруға келдім дейін.
Кешке үй иесі келді. Шалдың сөзін үндемей тыңдады.
Таңертең ол қарияға былай деді:
– Сіз іздеген өсімдікті берейін, жүріңіз. Үй иесінің қимылы ширақ. Қария да ғажайып сусынды ішкендіктен бе, жүрісі бұрынғыдан жылдам. Екеуі биік жартастың басына шықты.
– Іздегеніңіз мына гүл ғой?
Жартас түбіндегі орхидеяны көрсетті. Қария мұндай гүлді бұрын көрмеген еді. Үй иесі қарияға орхидеяны үзіп алып ұстатты да «Аялап өсіріңіз!» деді. Содан соң бейнебір құс сияқты қалықтап ұша жөнелді. Осы сәтте қария Нара шаһарындағы өз үйінің алдында тұрғандай болды. Орхидея өскен жерден қараса кәдімгі өз мекені. Үй терезесінен ұлының дәптерге бірдеңе жазып отырғаны көрінеді. Кемпірі Камидана (Пірге сиынатын орын) алдында шырақ жағып, сиынып отыр. Анадай жердегі дүкен алдында бүлдіршіндер су шашып ойнап жүр. Үй-іші қарияның қарап тұрғанын білмейді де. Кенет арт жағынан «кетейік» деген дауыс естілді. Өзін жартас төбесіне әкелген тау ішіндегі үй иесі екен. Қария орнынан қозғалғанда үйі де, шаһар да ғайып болды.
– Үйіңізді көрдік, енді қызды беруге келісемін. Таудан түсіп қайта беріңіз. Келесі күні таңертең Ямагучи деген жерден тосыңыз. Қызды сол жерге әкелемін.
Қария алғыс айтып, таудан түсті. Алдынан жол шықты. Осы жолмен Йошино тауындағы үйіне келді. Үй-іші қарияны іздеп әбігерге түсіпті. «Қасқыр жарып кетті ме?» деген ой да келіпті. Қария ғажайып үй, барқыт белбеулі қыз туралы айтты.
Таңертең мөлдір бұлақты Ямагучиге барды. Көпір үстінде сұлу қыз тұр. Қария қызды үйіне әкелді. Қыздың табылғаны туралы хабар Киотоға да жетті. Ат сабылтып ата-анасы келді. Сөйтсе, қызды он алты жасында жоғалтыпты. Бес жыл өтсе де қыз балғын қалпы, түк өзгермеген. Күлгін кріпдішін көйлегі, барқыт белбеуі де кірлемеген, тозбаған. Ата-анасы қызының табылғанына қуанып, Киотоға қайтты. Жеті сандыққа жасауын салып, Харуды сән-салтанатымен ұзатты.
Қарияның келіні ерекше қасиетке ие болыпты дейді. Араға екі жыл салғанда жаңа жыл қарсаңында Хару Киотодағы төркініне былай деп сәлем айтты: «Жақында Хигашиямада өрт болады. Ел көшсін. Құнды заттарды алып, Нараға келіңіздер».
Төркіні аң-таң болып, жүгін тиеп, Нараға келеді. Расында Харудың айтқанындай, Хигашияма от құшағында қалып, Киото күлге оранды. Жұрт Харуды «көріпкел келін» атайтын болыпты.
Хару балалы-шағалы болып, бақытты өмір сүріпті.
Бақтағы ғажайып орхидея әлі күнге гүлдеп тұр деседі…
Нара ежелгі Ямато (Жапония) елінің өркениетті шаһары болғандығын, Орта Азиямен мәдени байланыста ерекше маңызы бар мекен екендігін ел тарихынан білеміз. Жапонияның басқа аймақтарының аңыз-ертегілерінде кейіпкер киімі кимоно деп беріледі. Ал Нарадан жазылып алынған жоғарыдағы аңызда қызды «күлгін крібдішін көйлек киген, қара барқыт белбеу байлаған» деп суреттеген. Бұл киім үлгісі қазіргі жапонның ұлттық киімі кимоноға сәйкес емес. Кимононы жібек кездемеден тігеді, «оби» деп аталатын жалпақ белбеуі де барқыт емес, жібек болады. Аңыз сюжеті Нараның ежелгі көшпенділер дәуіріндегі өркениет шаһары екендігін дәлелдейді. Нарадағы көне қабырға суреттерінде етегі тар, дәстүрлі кимоно емес, кең көйлекті, ұзын шапан киген адамдар бейнеленген. Асука кезеңінің түрлі-түсті ғажайып мұраларын айтсақ та болады.
Ал Ай нұрынан жаралған ару туралы аңыз сюжетінің Оғыз қаған жырымен ұқсастығы туралы «Күншығыс аңыздары» деген еңбегімізде жазғанбыз.
Нара – жапон әдебиетінің ордасы, Күншығыс өркениетінің бесігі. Нара префектурасындағы Сакураи шаһарында «Манъйошю» поэзия антологиясынан алынған 62 жыр тасқа қашалған. «Манъйошюге» өлеңдері енген ұлы ақындардың есімдері Нара префектурасының Кашихара қаласындағы тасқа бедерленген. Кашихара – тұңғыш император Джиммудың сарайы салынған тарихи орын. Әйгілі Фудзивара руы Сайтамадан кен қазып, алғашқы жапон ақшасын құйып шығарған. Нарада мәдени мұра ретінде ерекше қорғауға алынған 200 архитектуралық нысан бар. Ұлттық музыка, этнографиялық заттар, әдебиет жанрлары, тағам түрлері мен сакэ сусыны да тарихын Нарадан бастайды. Нара мыңдаған жылдар бұрын Орта Азиямен әдеби-мәдени байланысқа қақпасын ашқан, елдің ежелгі астанасы. 712 жылы «Кодзики», 720 жылы «Нихоңги», «Манъйошю» шежірелік кітаптары мен поэзия антологиясы Нарада жазылған. Кии тауларын күнде көрсең де, Йошиногава, Яматогава, Тоцукава өзендерінің жағасында қанша серуендесең де Нара ешкімді жалықтырмайды.
СУДЗАКУ – ОҢТҮСТІК ӘМІРШІСІ
Киото шаһары алғаш салынған кезеңде – Хэйанкйоу, ал Нара – Хэйдзйокйоу деп аталған. Жапон ғалымдары Нара даласында тұрғызылған шаһарда қолөнердің, ауыл шаруашылығының бірнеше мың жыл бұрын орныққанын дәлелдеген. Шйоуму императордың кезінде Фудзивара әулетінің көсемдері Хэйдзйокйоу сарайын жабдықтап болғанда ұлы Судзаку қақпасы ашылған. Осы кезде қазақ даласының Оңтүстігіндегі Созақ жерінде бір өркениет шаһары болған-ды…
Императордың әмірімен бой көтерген астананың төрт қақпасы бар еді. Шығыс танымында шаһарды төрт тараптан әулие Пірлер қорғайды деседі. Әр қақпа Пірдің атымен аталады. Солтүстікті Гэнбу, Шығысты Сэйрю (Көк айдаһар), Оңтүстікті Судзаку (Қызыл торғай), Батысты Бякко (Ақ жолбарыс) жебейді екен. Бұндағы құс пен аң атаулары таңбалардың тікелей аудармасы болып табылады. Сонымен бірге Солтүстіктен тау, Шығыстан өзен, Оңтүстіктен көл, Батыстан жол ашылады деп есептейді. Мұның барлығы алғаш астана салынған кезеңнен жеткен символикалық түсініктер.
Нара бір жарым жылда салынған шаһар. Атауы Хэйдзйокйоу деп таңбаланғанмен, «Нараномияко» (Нара астанасы) деп оқылған. Судзаку сарайдың алдыңғы қақпасы болып табылады. Биіктігі – жиырма метр, қос қабатты қақпа шетел делегациясын қарсы алатын орын ретінде халықаралық роль атқарған. Жапон мифтерінде Шығыс билеушісі Көк айдаһар болса, Оңтүстік әміршісі – Судзаку. Аузы Оңтүстікке қараған қызыл түсті алып қақпаның алдына келгенде оңтүстік астана Алматы ойға оралды. Екеуі де нарттай қызыл алманың атасы салған шаһарлар. Алайда, ежелгі Алматының қандай болғанын ешкім білмейді.
Осакаға бет алған электрпойыз теміржолмен зулап келеді. Шіркін, осы жолмен Созаққа тура тартар ма ед!..
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
«Қазақ әдебиеті»