Әнді бабалар аманатын ақтау үшін айтамын

3894
Adyrna.kz Telegram

Тілеу Қуанбаев — дәстүрлі әншілік өнер мен эстрадалық жанрдың басын тең ұстап жүрген жас талант. Домбырамен әуелетіп ән салғанда, дауысы алты қырдан асады. Орындаушылық мәнері өзгеше. Сұлу тембрі құлаққа жағымды. Тыңдаушыларын бірден үйіріп әкетеді. Көмейінде даланың үні, мың түрлі бұлақтың сылдыры бар. Оның әнін естіген адам табиғи талантына сөзсіз бас иеді.
Ән сүйер ортада өзіндік орны бар өнер иесін жұртшылықпен жақын таныстыру үшін әңгімеге тартқан едік.

- Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы­на қарасты Өркен деген кішкентай ауылда дүниеге келгенмін. Мектепті сол жерде бітірдім. Бірақ бірден жоғары оқу орнына түсе қоймадым. Үш жыл ауылдан ұзай алмай, той-томалақты айналдырып жүріп қалдық. Кейін көрші ауылда туып-өскен, бір білім шаңырағында дәріс алған Тоқтар Серіков ағамыздың жанашырлығымен, ашығын айтқанда, сол кісінің айғайымен Алматыға келдім. Осында ертіп әкеліп, дом­бы­рашы Әбдікәрім Зұлымовтың қолына мық­тап тапсырды. Жалпы, менің өнер жолыма көмегі тиген азаматтар көп. Еркін Шүкіманов пен Жоламан Құжимановтан да ән үйреніп, олардың қолындағы ескі әндердің таспаларын тыңдап, дәстүрлі өнердің қыр-сырына үңілдім. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде Қайрат Бай­босыновтың класына түсіп, Қайрат ағамен қатар, марқұм Биғазы Тұтқабековтен де дәріс алдым. Қазір еркін шығармашылықпен айналысамын.
«Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» деген. Қара домбыраммен қосып, эстрадалық әндерді де қатар алып жүрмін. Бірге оқып, бір бөлмеде жатып, бір үзім нанды бөліп жеген досым Ахат Кенжебаев екеуміз 2007 жылы дуэт құрып, эстрадалық әндер орындадық. Оспанхан Әубәкіровтің өлеңіне жазылған Теміржан Базарбаевтың «Атың кім, қалқа?», Нышан Төлегеновтің «Хор қызы» әнін жұрт­шы­лық жақсы қабылдады. Бірақ оның жұмысы Астанаға ауысуына байланысты, әркім өз жолымен кетті. Меніңше, дәстүрлі мектептің өкілдеріне эстрадалық бағытта ән айту аса ауырлық тигізе қоймайды. Бүгінгі таңда Серік Қалиевтің өлеңіне жазылған Тоқ­тар Серіковтің «Аяулым», Қайрат Нұрғазиннің «Асыл жар», Арман Дүйсеновтің «Аққуым­сың», Кентау Назарбековтің «Бір бәйтерек, бір шынар» әндерiмен репертуарымды байы­тып келемін.
Жоғарыда айтып кеткендей, қазір өнер әлемінде аты аталып жүрген Ахат Кенжебаев, Рахат Бекасылов сынды әншілермен бірге оқыдық. Талғат Әбуғазы, «Аршын» тобы бізден бір-екі жыл бұрын бітірді. Колледж қабырғасында жүргенде біраз байқауларда бақ сынап, алдыңғы орындардан көрінгенім бар. Бұйыртса, алдағы айда Қарағанды қала­сында жүзеге асатын халық композиторы Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық әншілер байқауына қатыссам деймін.

Арқа өңірі — өнерлі өлке. 

Репертуарымда 150-дің ар жақ, бер жағын шамалайтын дәстүрлі ән бар. Негізінен Арқа мектебінің әндерін әуелете шырқаймын. Өздеріңіз білесіздер, Арқа өңірі — өнерлі өлке. Мұнда талантына талайлар тәнті болған небір майталмандар дүниеге келген. Бармағынан бал тамған күйші керек пе, көмейіне бұлбұл ұялаған әнші дейсіз бе, ит жүгіртіп, құс сал­ған сал-серілер іздесеңіз де Арқадан тауып, арқа-жарқа боларыңыз хақ. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Абай, Әсет, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Майра Уәлиқызы, Мәди, Иманжүсіп, Естай, Шашубайлар қалыптас­тырған Арқаның әншілік дәстүрін Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Игібай Әлібаев, Байғабыл Жылқыбаев, Қосымжан Бабақов, Қуан Лекеров, Жабай Тоғандықов, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жаңыл Қартабаева, Ләззат Сүйіндікова, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Бай­босыновтар бүгінгі күнге шашпай-төкпей, қастерлеп жеткізді. Осы кәсіби мектептен тү­леп ұшқандықтан мен де қал-қадірімше бабалар аманатын жүзеге асыруға тырысып жүрмін. Арасында Жетісу мектебінің алтын діңгегі Кенен Әзірбаев, Қапез Байғабылұлы, Жамбыл Жабаевтардың да туындыларын насихаттауға күш саламын. Себебі колледжде оқып жүрген уақытта осы мектептің қазіргі таңдағы дүлділдерінің бірі, Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Ержан Қосбармақов пен Кенен атамыздың қызы Төрткен апайымыздан тәлім-тәрбие алдым.

«Әнді жаттап емес, зерделеп айту керек». 

Мектеп қабырғасында әнді жаттап, әуені­не салып, заулатып айта беретінбіз. Балалығымыз болар, астарына аса мән бере қоймайтынбыз. Кейін ұстаздарымызға, алды­мыздағы ағаларымызға қарап, орындаушылық шеберліктің не екенін түсіне бастадық.

Кім­дер, қалай орындағанын зерттеп, әннің шығу тарихына, қандай мақсатта, қандай көңіл-күйде туғанына көз жүгіртіп, мәтініне, мәні­не, әніне зер салуға тырыстық. Жүсіпбек Елебековтің «Әнді жаттап емес, зерделеп айту керек» деген сөзін ұстаздарымыз жиі қай­талайтын. Содан түйгенім, кез келген әнші әнді «жұлдыз боламын» деп емес, бабалар мұрасын жалғастырып, аманатын ақтау үшін айту керек деп ойлаймын.

Әрине, дәстүрлі ән кештерінің сирек өтетіні көңіл құлазытады. Әйтеуір, ілуде бір «пәлен жерде дәстүрлі ән кеші өтіп жатыр» десе, қатыспасақ та, соның ұйымдасты­рылғанына қуанатын болдық. Үлкен концерттер жоқ. Халық бізді сахнадан гөрі, тойдан көп көреді. Қаптап кеткен дүбәра әндер мен оны орындаушылардың зияны бізге тимесе екен деп тілеймін. Дәстүрлі ән әрдайым дәріптелуі тиіс.

Пікірлер