Шоқанның жеке бұйымдары көрмеге қойылады

2983
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік орталық музейінде Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына арналған «Шоқан асулары» атты көрме ашылады, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі. 

Көрмеге мен Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы Ш.Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалдық музейі қорынан, сондай-ақ мұрағат қорынан алынған ұлы тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты экспонаттар қойылған.Көрмеде ҚР Мемлекеттік Орталық музейі қорында сақтаулы Шоқанның жеке бұйымдары, қолжазбалары және шығармалары, сондай-ақ, ол туралы жарық көрген кітаптар мен басылымдар насихатталады. Көрмеге алғаш рет Шоқанның бөрігі мен мылтығының дүмі, Қашқар сапарынан әкелген қытай құмырасы, сапарда алып жүрген жолторсығы және «Алтынемел» мемориалдық музейінен әкелінген ұлы тұлғаның тұтынған мыс тостағаны, күміс қасығы, парша белбеуі сияқты т.б. заттарымен бірге Шоқан Уәлихановты IV дәрежелі әулие Владимир ордені, Орыс географиялық қоғамының толық мүшесіне сайланғандығы туралы дипломы (көшірмесі) қойылған. Сондай-ақ Шоқанның экспедиция барысында әкелінген бағалы тастары да қойылды.Көрменің елеулі бөлігінде Шоқанның туысқандырына қатысты экспонаттар да орын алған: қарындасы Тәжібайдың аққу терісінен тігілген бірегей ішігі, әпкесі Әпиянің көйлегі, қарындастары Бәдіғұлдың бешпенті, Нұриланың орамалы, нағашысы Иса Шормановтың шекпені сияқты жәдігерлер ерекше ден қойдырады.Көрменің мазмұнын аша түсуге ҚР МОМ қорындағы Н.Я. Третьяков, Н.Г. Хлудов, П.И.Дьяков, А.М.Мартова сынды суретшілер салған Шоқанның портреттері мен сол заманның көрінісін бейнелейтін суреттер де қойылды. Сонымен бірге көрмеде ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаты мен ҚР Кинофотоқұжаттар және дыбысжазбаларының мұрағатында сақталған Шоқанның қолжазбалары, құжаттарының көшірмелерімен бірге деректі фильмдер көрсетіледі. Сондай-ақ, Орталық Ғылыми кітапхананың қорынан алынған ғалымның өмір жолы мен шығармашылығына арналған еңбектер көрмесі де ұсынылады.Көрме аясында өткізілетін «Шоқанның ғылыми өнегесі» атты дөңгелек үстелде ұлы ғалымның мұрасының мәні мен маңызы, оның игерілуі туралы тарихшы, этнограф, өнертанушы, философ, географ, филолог, музейтанушы және т.б. мамандар баяндама жасап, өз ойларымен бөліседі.
Көрме 2015 жылғы желтоқсанның 9-ы күні сағат 15. 00-де ашылады.


KAZMUSEUM.KZ

Пікірлер