Ертеде қазақ өзінің ұлттық мәдениетін, әдебиетін, өнерін аса қастерлеп, көздің қарашығындай сақтап отырды. Кеңінен тараған «Едіге», «Қарасай-Қази», «Қобыланды», «Алпамыс», «Қырымның қырық батыры», «Ер Тарғын» және басқа да қисса-дастандарды, ертегі, аңыздарды ауызекі жаттап, сауықшыл, өнерпаз ата-бабаларымыз той-думандарда, айтыс-тартыстарда халқына қызмет жасаған.
Тарихқа жүгінсек, Сыр өңірінің бір шеті Арал теңізі аймағынан «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» талай-талай терең ойшыл, ділмар, шешендер, жезтаңдай әнші, сал-серілер, күйшілер, жыраулар көп шыққан. Айталық, Еспембет, Молда Бәйім, Нұртуған, Сұлтан, Қарасақал Ерімбет, Нұрмағамбет Қошанұлы, Құлжан Келімбердіұлы, Смағұл Исаұлы сынды ақын ата-бабаларымыздың асыл мұралары халықтың рухани нәр алатын шежірелеріне айналған. Бүгінгі кейіпкеріміз – жырау Рысбек Әшімов осы өнерге жасынан араласқан, ел ішінде «Аралдың Қара жорғасы» атанған Қызылорда облысы, Арал-Қазалы өңірінде қалыптасқан Нұртуған шайыр жыраулық мектебінің өкілі, насихаттаушысы. 1986 жылы жапон зерттеушісі Минору Морито мырзаның КСРО халықтары фольклорына арнаған үш лазерлік дискісінің біріне даусы жазылды. 1990 жылы БҰҰ жанындағы «ЮНЕСКО» ұйымының шешімімен «Алтын табаққа» (Золотой диск) Алмас Алматов, Шамшат Төлеповалармен бірге даусы жазылған қазақстандық үш жыраудың бірі. 1993 жылы Санкт Петербургте, 1994 жылы Саха елінде, 1996 жылы Алматыда өткен ЛОРД халықаралық ғылыми-өнер конференцияларында талай рет жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, тыңдаушыларын таң қалдырған. Бүгінде Арал аудандық музейінде қызмет атқарып жүрген қарапайым тұрғын. Сәті түсіп, ағамызды әңгімеге тартып, жыраулық өнердің бүгінгі хал-ахуалы туралы сұраған едік.
– Рысбек аға, кім-кімнен де есітеріміз жыраулық өнер – екінің бірі ұстана бермейтін ауыр жол. Сол ауырлықты мынадай алмағайып заманда алып жүру қалай тиіп жатыр?
– Жыраулық – қанымызға сіңген қасиетті өнер. Асқанға тосқау болды, тосылғанға демеу берді. Оны төл тарихымыздан, рухани әлемімізден еш уақытта бөліп тастай алмаймыз. Бала күнімізден аға буын жырау-термешілердің өнерін тамашалап, оларды тыңдап өстік. Есейе келе тәлім алдық. Ұстаздарым марқұм Қаппар Жармағамбетов, Әбілхан Махановтар еді. Әсіресе, Әбілхан ағамыз бала күнімнен осы өнерге баулып, талай сахналарға шығарды, болашаққа қанат бітірді. Сонан бері осы өнермен барар жерімізге барып, нанымызды тауып, шығар шыңымызға шығып отырмыз. Қай өнер де оңай емес. Ал жыраулық дәстүрге келетін болсақ, онда бүтін бір қазақ халқының тарихы, рухы, салт-дәстүрі, фәлсафасы, өмірлік тұжырымдары т.б. бар қасиеттері жатыр, сонысымен құнды. Халқымыздың асыл мұрасы, кие қонған қымбат жәдігерімізді шамамызша насихаттап, осы өнер жолындағы басқа да майталмандармен бірігіп, жыр-терме кештерін өткізіп тұрамыз. Бірақ, халықтың қызығушылығы аз. Қынжылатынымыз, кезінде той-томалақ, думандар болғанда жыраулар өнер көрсетіп, кезек-кезегімен таңға дейін жыр айтқан, осылай ел мерейін көтерген. Әр тойдың дәрежесі сол тойға баратын жыраудың деңгейімен өлшенген. Ел ағасы болған, жасы ұлғайған, үлкен жырау келсе, ол ауылға бүкіл қазақ жиналып, тойдың ауқымды, кең көлемде өтілетіні сезілген. Қазір сол дәстүрдің тоны теріс айналып кеткендей. Бүгінде жырау емес, қандай эстрадалық әнші келеді, мерекенің де дәрежесі соған сай болады. Арнайы дәстүрлі ән-жыр кештерінде болмаса, қоғамда бізге, жырауларға деген құрмет азайып кетті. Халық көбінесе жеңіл, секеңдеген эстрадалық әндерге назар аударып, санасын улаған шетелдің дауылпаздай дүңк-дүңк еткен әуенінің құлы боп барады. Оны қоя берсек, әзілімен елді күлдіреміз деп талай жастарымыз арзан күлкіге, тереңіне үңілмей жеңілтек ойға беріліп жатыр. Қайтпек керек, өнердің оты өшпесін деп сол көрші-көлем, ағайын-туыстың арасында айтып жүрміз. Былай ел аралап, салт бойынша басқа аймақтарға барып өнер көрсету – дәл бүгінгі күні бізге арман ғана. Жетпіс жыл дініміз бен ділімізден айырды деген КСРО-ның кезінде мұндай күй кешпеген едік. Бізді апарып-әкеліп, жағдайымызды жасап, қолдау білдіретін өкімет жоқ, оның үстіне бізді тыңдағысы кеп отырған ел де жоқ. Халі нашар, нанын әрең тауып жеп отырған елге немізді айтамыз? Отбасының жағдайын ойлап, басы қатып жүргендер сенің жырыңды қайтсін?! Қарын тойса, көңіл жайланса, сонда барып жұрт сауық іздейді, көңіл көтереді, жыр тыңдайды.
– Дәстүрлі ән-жырымыздың қазіргі таңда насихаты қай деңгейде?
– Адам күніне екі-үш рет тамақтанбаса, қарны ашады ғой, сол секілді жырды да әрдайым тыңдап, рухани азықтанып отыру керек. Себебі, жырда жоғарыда айтқандай халқымыздың бар болмысы көрініс тапқан. Егер жыр-термені қазақ ылғи тыңдап отырса, қанына сіңіп, рухани байиды. Ал, жылына бір-екі концерт беріп, сонымен шектеліп қалсақ, онда жағдай басқа, керісінше, санадан өше бастайды, түсінік жойылады. Бүгінде не көп – әнші көп. Кейбіреулері осы жыраулар шығармаларын жаңа үлгіде эстрадамен орындап жүр. Көңілге жағымды боп, нәрін кетірмей жатса, қолдаймыз, ол да дұрыс шығар. Бірақ, айтқанның жөні осы екен деп даңғырлатып, қадірін кетіріп жатса, әрине, оған қарсымыз. Айта кететін бір нәрсе, кезіндегі жырау ата бабаларымыз тегін адам болмаған. Молдадан хат танып, керуенге ілесіп, ел аралап, мұсылманша сауатты болған. Дін исламның елге жақсы таралуына зор ықпал еткен. Толғаулары арқылы Құранды тәфсірлеген. Мысалы, Қарасақал Ерімбеттің (Ерімбет Көлдейбекұлы) шығармаларын қараңыз. Мағынасы сондай күрделі, екі үш қайтара оқымай түсіне алмайсыз. Араб парсы сөздері мол қолданылған, шығармашылығының көбі дерлік мұсылманшылдыққа, Құран аяттарына арналған. Толғауларын айтып, не тыңдап отырып-ақ біршама мұсылманша сауат ашуға да болатындай. Ерімбет қадим жолын тұтынған тәфсіршіл шайыр. Ол өзінің толғау, дастан, қиссалары арқылы Құран Кәрим аяттары мен пайғамбар хадистерін тарихтап, мағынасын түсіндіріп, таратып-тармақтап, оны үнемі ұлттық ұғымға сай ұлағаттап отырған. Ал енді, сол Ерімбетті білесің бе деп сұрашы біреуден, арнайы оқыған не осы өнердегі жан болмаса, бәрі бірдей тұшымды жауап бермейді. Тіптен, баяғысын қойып, бүгінгі күнгі жырауларды сұрасаңыз да жарытып ештеңе айта алмайды. Мынау нағыз төкпе терменің майын тамызып жүрген, Наурызбек жыраудың төл шәкірті Өсербай жырау, киелі Маңғыстауды сол Өсекеңмен бірге дүркіретіп жатқан Ұзақбай, Жеткізген жыраулар, кейінгі Әділбек, Аманқостар, мына біздің Сыр мен Арал-Қазалының дүлділдері марқұм Бекұзақ, қазіргі інісі Айбек Тәңірбергеновтер, марқұм Сұраған жырау, таза көмеймен айтатын Алмас Алматовтың жанындағы Жиенбай, Сәрсенбай жырау, Нартай мектептерінің қаншама өкілдері, бәрі-бәрі өз айналасына ғана танымал, олардың ешкім халін сұрап, жағдайын жасап жатқан жоқ.
– Өзіңіздің дайындап жатқан төл шәкіртіңіз бар ма? Отбасыңызда жиі жыр айтасыз ба?
– Отбасымда өзім де, ұлым да жиі айтамыз. Біз қазақ ырымшылмыз ғой. Мен де ырымдап бір ұлымды Нұртуған деп атадым. Әзірге ел алдына шығып жүрген жоқ. Бұйыртса, алар асуы әлі алда, томағасы сыпырылғалы жүр. Манағы айтқанымдай, қолдан келгенше шақырған жерлерде домбырамды да апарып, айтып жүрміз. Сондай жерлерде баламды да айтқызамын, елдің батасын алып жүр. Жалпы, Нұртуған жыр мектебі деп үйірме де аштым. Көбісі есейіп, алған сабағымен ел арасына сіңіп кетті. Кейбіреулері жарыққа шығып та жатыр. Солардың бірі – Астанадағы Елмұра Жаңабергенова. Дәріс алып, машықтанып жатқан талай шәкірттерім бар. Ал, өзімнің төл шәкіртім ретінде баламды дайындап жатырмын. Айтпағым, әр қазақ еліне, ұлтына өзінше қызмет етсе, бастысы сол емес пе?! Үкіметтен көмек күтіп отыра бергенше, өзі де бірдеңеге талаптанғаны дұрыс қой. Әйтеуір, қазақ қазақтығын жоғалтпаса, өнеріміз де, жырымыз да жоғалмайды деп сенем. Менің білерім, түбінде қазақ қазақша сөйлейді, бақша-мұратына жетеді. Кәне, осыған қол жайып, бата қылайық. Әумин!
- Әумин, аға, әңгімеңізге рахмет!
Ұлы даланың айрықша таланттары ел басына күн туғанда Абылайға ақылшы болып, арнасынан асқан Тұрсын ханды өткір тілімен жолға қойған, Кене ханның айбарын толғауына арқау етіп, аштық пен зобалаңға тап келген соғыс жылдарында «Ленинградтық өренім» деп, өшкен елдің рухын қайта түлеткен еді ғой! Алтын бастары ардақталып жүрді емес пе сонда ел ішінде?! Бодандықтан азат болып, өз алдына ел болған керемет заманда неге тарихымызды қайта тірілтпеске, неге қиқулатып, арқаны қоздырған құдіретті өнерді ұлықтамасқа, ұрпағымызды неге ұттық нәрмен кәусарын қандырмасқа? Ойланайықшы, ағайын.
Ербол АМАНГЕЛДІҰЛЫ