Home » Айдарлар » Өнер » «Тілге шешен, әнге бай…»

«Тілге шешен, әнге бай…»

Қазақтың дәстүрлі ән өнері тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі — Молдабай.Молдабай 1858 жылы дүниеге келген. Туған жері Ақтөбе уезінің Бөрлі болыстығының үшінші ауылы, бұл — қазіргі Мәртөк ауданы аумағындағы жер. Ол жылқы жылы туғандықтан, ата-анасы атын Жылқышы деп қойыпты. Бір өлеңінде ол: «Орынбордың алдында тағалаған жорғадай» деп, өзін жорғаға теңегені бар.

Молдабайдың әкесі малшы болған. Ал атасы Торғай домбырашы, тілге шешен, тауып сөйлейтін өткір тілді адам болыпты. Қонақжай Тор-ғайдың үйінде әнші, күйші —  өнерлі адамдар жиі бас қосады екен. Сол ортада өскен Молдабай жастайынан малшылыққа емес, өнерге бой ұрады.

Молдабай — сері болған адам, үнемі қасына 20-25 жігіт ертіп, ойын-тойда жүрген. Молдабайдың Желжетпес деген аты, жүйрік тазысы мен қыран бүркіті болған. Желжетпес иесі ән салып келе жатқанда, ақырын жүріп, ән әуенімен қозғалуға үйренген екен.

Молдабай мұрасы — қазақ ән өнерінің қазынасы. Бұл — күн өткен сайын өз құнын жоймайтын, керісінше, бағасы шарықтап, қымбаттай түсетін қазына.

Біз үшін Молдабай бейнесі сазгер, сері, ал ең алдымен әнші-орындаушы ретінде асқақ. Оның таза, сыңғырлаған даусы ел жадында қалған.

Сонымен қатар, оның даусы ерекше кең диапазонды, күшті бол-ған екен. Мәртөк ауданындағы Қойбасы тауы мен аудан орталығы арасында үлкен қырат бар. Ол
«Бестеңге» аталады. Бір бай кісі жолда келе жатып, бес теңге ақшасын қыр басында жоғалтып алыпты. Кейін іздегенімен, ақша табылмаған. Сонан қырат «Бестеңге» деп аталып кеткен көрінеді. Сол қыр басына шығып, таңертең Молдабай домбырасымен ән салғанда, әншінің даусы төмендегі ауыл-аймаққа естіледі екен де, сиыр сауған келіншектер, шаруаларын қоя қойып, әнге құлақ түріседі. Бұл — қариялардан естіген әңгіме.

Әнші ретінде Молдабай тек табиғат берген даусымен ғана ерекшеленбеген, сондай-ақ  орындаушылық тәсілі де бөлек, өз стилі бар әнші болған. Әншілік өнерімен Молдабай Орынбор жәрмеңкесінің мәнін де, сәнін де келтірген.

Молдабайдың сазгерлігіне келсек, кезінде оның көптеген әндері ел арасына кең тараған деп шамалаймыз. Бірақ кейінгі аласапыран заманда көпшілігі ұмытылған. Бізге «Қойшының әні», «Бестоспа», «Сусар-ай», «Молдабай» секілді саусақпен санарлық туындылары ғана жетіп отыр. Қалғанын іздеп, жинастырумен өнер зерттеушілері айналысады деп сенеміз. Молдабайдың тағы бір қыры — ол айтыскер ақын да болған. Оның Алтын деген қызбен айтысы жөнінде деректер қалған.

Молдабай атақты күйші Қазанғаппен кездескен, сондай-ақ Әбілқайыр хан ұрпағы, күйші Қамбар Медетовпен де тығыз достық қатынаста болған деседі.

Молдабайдың атын ән тарихында қалдырған шығармасы — «Молдабай» әні екенін жұрт жақсы біледі. Молдабай — басқа туындылары ұмытылып, көпшілікке беймәлім қалған тұста да осы бір ғана әнмен өнерде, ел жадында сақталған дарын.

«Молдабай» — ерекше ән, ойнақы, көңілді ән. Мысалы:

«Тәңірберлі Молдабай

Малға жарлы болса да,

Айтар сөзге келгенде,

Тілге шешен, әнге бай» — деп, өзін таныстырып бастаған тұстан-ақ бір ерекше шуақпен, жылылықпен тыңдарман жанын баурап алады.

Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында «Молдабай әні» ел аузында айтылатын, «Қазақ әндері» деген жинаққа әрдайым енгізілетін. Өзіміз талай естідік, әуенін де үйренгенбіз. Қазірге дейін сол әуен ұмытылған жоқ. Бірақ бүгінде бұл әннің сахналарда, мәдени шараларда болмаса, жиын-тойларда көп айтылмайтыны өкінішті. Қазіргі ән жинақтарына да енбей қалып жатады.  Молдабайдың әнін кезінде әнші Әли Құрманов (1901-1969 жж.) бүкіл қазақ арасына таратты. Ол Молдабай әнін ерекше екпінмен, ойнақы, бай мимикамен, еркін түрде орындаған. Ал домбыра қағысын да сан түрлі әдіске салып, ойнақшыта тартып, тыңдаушыларын қыздыра айтқан. Ол Молдабайдың «Молдабай», «Сусар-ай», «Қойшының әні», «Бестоспа» әндерін орындаған. Тенор дауысты Әли Молдабайдың әнін айтқанда көрермендер ду қол шапалақтап, әншіні сахнадан жібермей, әнді қайта-қайта айтқызады екен.

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі Әли Құрмановтың орындауында жазылып алынған Молдабайдың бірнеше әні облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы. Атап айтқанда, Әли Құрмановтың орындауында кинотаспаға, сондай-ақ, дыбыс таспаға жазылған әндер сақталған. Бұлардың арасында Молдабайдың «Молдабай», «Қойшының әні» әндері бар, ал тағы бірнеше әннің авторы көрсетілмеген. Бәлкім, ол әндер де — Молдабайдың әндері болар? Әзірге бұл жағы белгісіз.

Атақты әнші, термеші, жыршы Әли Құрманов  1901 жылы Шалқар  ауданында туған. Ол — Құрманғазы атындағы оркестрдің алғашқы құрамындағы домбырашылардың бірі. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатыс-қан. Сол жылы оған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі атағы берілді. Әли Құрманов репертуарында Мұхиттың, Қызыл әншінің, Батақтың Сарысының, т. б. әндері болған. «Әлидің өткір термесі, қолдарын неше саққа жүгіртіп, ойнақшытып, домбыраны қағуы, ән орындағандағы шығармашылық еркіндігіне байланысты, Мәскеу тыңдаушыларының айызын қандырды», — деп жазды Ахмет Жұбанов.

Әнші Жүсіп Сейілов те (1901 — 1971 жж.) — Молдабай шығармаларын насихаттаушы, орындаушы ретінде үлкен еңбек сіңірген жан. Ол Қарабұтақта дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі атағына ие болды. Ахмет Жұбанов Жүсіптің әншілік, орындау-шылық шеберлігін жоғары бағалап, «…қызып кеткенде Ғарифолладан да озып кететін» деген.

Қазір «Молдабай» әнін орындаушылар арасында атақты әнші Бекболат Тілеуханды ерекше айту керек. Оның ерекшелігі — Қазақстанның қай өңірінің де — батыстың, шығыстың, оңтүстіктің, Арқаның — әншілерін атап отырып, олардың әндерін нақышына келтіріп, әр аймақ мектебінің ерекшеліктеріне сай шебер орындайды, тыңдарманын бір аймақтан екінші аймаққа сапарлап, ауылдан-ауылды аралап жүргендей әсерге бөлейді. Мен «Молдабай» әнін Бекболаттың орындауында бірнеше рет тыңдадым.  Бекболат бірде даусын жоғары көтеріп, бірде төмендетіп, қолын да, домбырасын да ойнақшытып, «Молдабай» әнін бастай жөнелгенде, әп-сәтте-ақ баурап алып, әннің, орындаушының жетегінде кете барасың…

Бір жолы оның «Молдабай» әнін Ақтөбедегі Студенттер сарайында өткен концертте орындап, жұртшылықты дүр сілкіндіргені есімізде.

«Молдабай» әнін ақтөбелік талант-ты әнші Қоянбай Тобағабылов та жақсы орындайды. Сол секілді қазір бұл әнді сахнаға алып шығып жүрген  жас әншілер де бар.

Молдабай 1923 жылы кенеттен қайтыс болған деседі. Ел аузында қалған әңгімеге сай, Молдабай бір жиын-тойдан кейін ауылына ауырып қайтады. Үйіне келген соң жуынып-тазаланып, ауылдастарын, жақындарын шақырып қоштасады. Ал күн ұясына батқан шақта әнші бақиға аттаныпты.

Әнші бір кезде үлкен тойдан қымбат, ақ түсті жібек орамал әкелген екен. Алтын түсті жіппен, араб қаріптерімен Құран сөздері жазылған сол орамалды өмірінің соңғы күніне дейін ұқыптап ұстап, қастерлі мүліктей сақтаған деседі. Өмірінің соңғы сағаттарында қасында болған туыс-қандарына: «мені жерлегенде, домбырамды Құран сөздері жазылған ақ жібек орамалға орап, қасыма салыңдар» деп өсиет айтыпты. Ел аузындағы Молдабай туралы деректерді жинап жүрген мәртөктік өлкетанушы Елена Ониськованың айтуынша, туыстары әншінің соңғы тілегін орындаған. Әнші Қойбасы тауының қойнауында жерленген, қазір бұл — Мәртөк ауданының Байторысай селолық округіне қарасты жер.

Бүгінде Молдабайдың бейіті табылып, білетін жандардың айтуы бо-йынша орны белгіленді. Егер сол жерде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе, бейіттен домбыра шығуы тиіс. Сонда Молдабай жерленген жер бұлтартпастай дерекпен дәлелденеді.

Молдабайдың ата-тегіне келсек, Таманың Тәңірберлісінен тарайды. Атасы Торғай, Молдабай және оның ұлы Жиеншора, немересі Есенаман, шөбересі Мұрат — бесеуі де әнші-өнерпаз. Жиеншора әншілігі жағынан әкесімен теңдес өнер иесі болған. Есенаман суырып салма ақын, әнші-домбырашы болған екен. Мұрат та ән салған, домбыра тартқан. Ол  Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Осымен Молдабай шежіресі тоқтайды.

Жоғарыда мен мәртөктік өлкетанушы Елена Ониськованың есімін атап кеттім. Молдабай туралы қазір бізге белгілі деректердің басым бөлігі — осы Еленаның жиған-тергені. Ол — бұрынырақта аудандық кітапханада, ал кейін аудандық газетте істей жүріп, ешкімнің тапсырмасынсыз, өз қызығушылығымен Мәртөк тарихын зерттеген адам. Жүрегі таза, елге, жерге адал, ұлты поляк Еленаны Мәртөк тарихының білгірі десек, артық айтқандық емес.

Мәртөктік дәрігер Жақсат Қарылғашов та —  өз бетімен ізденіп, Молдабай туралы біраз дерек жиған адам. Ал тағы бір мәртөктік өлкетанушы Мәлік Жанғалиев Молдабай бейіті басына белгі қойды.

Өз басым «Молдабай» әнін бала күнімнен біліп өскен жандардың бірімін. Ұлым Дәуренді ұйықтатқанда да, үнемі домбырамен осы әнді айтушы едім. Бірақ өзім сүйіп айтатын бұл әннің авторы біздің жақтың адамы деп ойламаппын. Молдабайдың тек әні болмаса, өзі туралы деректер мүлде жарыққа шығарылмаған ғой. 1992 жылы мені қызмет орныма мәртөктік ақсақал Сейітқали Жанғалиев іздеп келді. Молдабайдың Мәртөк өңірінде өмір сүрген жан екенін, руы Тама екенін, оған туыс болып келетін жандардың бүгінде Мәртөкте тұратынын алғаш сол кісіден естідім. 1996 жылы осы деректерді белгілі сазгер, өнер зерт-теушісі Илья Жақановпен бөлістім. Ил-ағаң Молдабайды зерттеу ісін шұғыл түрде қолға алды. Ол кісімен Мәртөкке бірнеше рет бірге бардық, біледі деген адамдармен жолығып, көптеген деректер, мәліметтер жинады. Әнші бейітінің басында болдық. Илья Жақанов кейін де Мәртөкке қайта-қайта келіп, көп ізденді. Сөйтіп, «Алтын Орда» газе-тіне Молдабай әнші туралы көлемді мақала жариялады. Бұл — Молдабай туралы ең алғашқы көлемді мақала еді.

Ақтөбе  облыстық тарихи-өлкетану музейі Молдабай есімін есте сақтау, оның мұрасын насихаттау бағытында бірнеше шара  ұйымдастырды. Дегенмен, қазақ ән өнері тарихында өзіндік орны бар Молдабай мұрасын зерттеу және насихаттау, есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында оның атына көшелер, нысандар беру, Молдабайға арналған тарихи-танымдық, мәдени кештер, кездесулер, басқа да шаралар ұйымдастыру ісін көпшілік болып қолға алатын уақыт келді деп білеміз.


Еркін ҚҰРМАНБЕК,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ШҚО-да ауқымды спорт пен өнер фестивалі басталды

Ырғызбай Досханаұлының туған жерінде өтіп жатқан «Тұғыры биік Тарбағатай» халықаралық фестивалі әлемнің әр түкпірінен келген ...