Тибет монахтарының кереметі

3468
Adyrna.kz Telegram

Жер бетінде, бақытымызға орай, қандай сұмдық табиғат апатынан да аман шығатын адамдар бар. Олар «Мәңгілік материк» аумағындағы үңгірлерді мекендейді және йогалар деп аталады. Йогалар дегенде, біздің көз алдымызға циркте қарнына қарыстай қанжар сұғып, мұрнынан жіп өткізетін клоундар елестейді. Клоундарды Гималайдағы йогалармен шатастырмау керек. Нағыз йогалар — біздің өркениет өркешінде дүниеге келген ерекше ұрпақ — болашақтың адамы. Гималай мен Тибетті мекендейтін олардың бойында бізге беймәлім ерекше энергия бар. Бүкіләлемдік катаклизм болса да, йогалар аман қалады. Таудың сұмдық суық ауасы мен көпжылдық аштыққа әбден шыңдалған ұрпақтың ішінен нағыз шыңдалғандары ғана сомати жағдайына жете алады.

Сомати дегеніміз — медитацияның ең жоғарғы формасы. Оны летаргиялық ұйқымен немесе клиникалық өліммен шатастыруға болмайды. Летаргиялық ұйқыда адамның жүрегі, миы жұмыс істеп жатса, сомати жағдайында дене өлген адамдыкінен де ары тас болып, сұп-суық болып қатып қалады. Бірақ жаны тірі. Тірі болғанмен — денесіз. Осылайша әлгі жан мың жыл жатқан тас денеге қайтып орала алады. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де — осы! 

 Дәрігерлер мен биологтар адам денесінің мұз болып қатуы, клеткалардың бұзылуына апарып соқтыратынын жақсы біледі. Сондықтан мұз болып қатқан адам міндетті түрде өледі. Ал сомати — йогалардың мың немесе миллион жылдан кейін де мәңгілік мұз құрсауынан тірі шығуының себебі ғылымға әлі белгісіз. Мұны аюдың 9 ай бойы үңгірде ұйықтап жатқанымен салыстыра алмайсыз.

Әрине, жоғарыдағыдай сомати жағдайына ерекше таңдалған адамдар ғана ене алады. Ал ондай ерекше күшке ие емес монахтар күніне үш рет сомати жасап, үш сағатқа ғана өліп, қайтадан тіріліп, жаттығатын көрінеді.
Жаратқан Иеміз жаһандық катаклизм болып, жер бетіндегі күллі адам баласы қырылып қалатындай жағдай туса да, Адам ата ұрпағын сақтап қалудың амалын алдын ала ойластырып, бүгінгі тілмен айтқанда, сақтандырып қойған екен-ау дейсіз. Оның бір жолы біз айтып отырған — сомати. Тибеттік ламалардың айтуынша, қажет уақытында бұл адамдар тіріліп, адамзаттың қайтадан ұрпақ жаюына мүмкіндік береді. 850 000 жыл бұрын Атлантиданы жұтып қойған Бүкіләлемдік топан су кезінде, үңгір ішінде аман қалғандар кейін жер шарына тарап, адамзат ұрпағын жайған деседі.
Бір қызығы, Тибет монахтарында адам рухын шыңдаудың неше түрлі амал-тәсілдері болған. Соның бірі — тас қараңғы терең үңгірден жылдар бойы сыртқа шықпау. Яғни адамды өзінің қалауымен көзге түртсе көргісіз тас түнек үңгірге қамайды. Өліп қалмау үшін кішкене тесіктен сусын мен тамақ қойып қояды. Тірі екенін содан білуге болады. Болды, тас қараңғы үңгірде жападан-жалғыз жатасыз. Тірі тіршілік иесі тұрмақ, тырс еткен дыбыс болмайды. Мәңгілік тыныштық. Тастай қараңғылық. Уақыттың қанша екенін, қай жыл мезгілі екенін сезіп-білу, айыру мүмкін емес. Жай жатпайды, үнемі дұға оқумен болады. Соның арқасында ешқандай аурумен ауырмайды. Шамасы үңгірде аса қуатты энергия болатын болса керек, қандай ауыр сырқат та жазылып шығады екен. Кейбіреу мұндай жағдайда үш күн, кейбіреу үш ай не асып кеткенде бір жыл ғана шыдауы мүмкін. Шыдамаса, шығарып алады. Өлсе, ішіне жерлейді. Ал енді кейбір монахтар осындай үңгірде 6-7 жылға дейін шықпай жатып алады екен. Осынша уақыттан кейін шыққандары анасынан жаңа туғандай болып жарық дүниеге оралады. Оларды күллі монахтар Құдайдай көріп, әспеттеп күтіп алады. Төбелеріне көтереді. Өйткені ол ерекше тылсым күшке ие болып шығады.
Ал енді мүлдем ас-су ішпей, ондаған жылдар бойы ұйықтап жатып, оянатын да монахтар кездеседі. Мұндай жағдайға жету үшін олар мың күн, яғни үш жыл бойы тек қана жаңғақ пен пістемен ғана қоректенетін көрінеді. Нәтижесінде, денеде титімдей де май қалмайды. Одан кейін монахтар тағы диетаға отырып, енді тек шөп тамырларымен ғана қоректенуге көшеді. Бұл да үш жылға созылады. Нәтижесінде, денесі тірі қаңқа болып шығады. Одан кейін улы шайға көшеді. Оның пайдасы — өлгенде денесін бактериядан қорғайды.

ЖЕР АСТЫНДАҒЫ МОНАСТЫРЛАРДА ҚАНДАЙ ҚҰПИЯ БАР?

1577 жылы орыс жеріне басып кірген шведтер Валаам монастырын қиратып, 35 монахты өлтіреді. Марқұмдардың денесін өртемек болғанмен, жаулаушылар оған үлгермейді. Түнде өлген монахтардың мәйіттері өз-өзінен жоғалып кетеді. Шведтер кеткен соң, әулие әкейлер бауырларының денесін іздемеген де, таппаған да.
Жалпы, Гималай мен Тибетте әлемді басқарудың «кілті» бар делінеді. Британия, Германия, кезіндегі КСРО миллиондаған қаржы бөліп, ондаған экспедицияларды құпия түрде Тибетке аттандырғанына қарағанда, «кілттің» бары рас болуы да мүмкін. Барлығы да құдіреті күшті тылсымды игеріп, әлемді билеп тұруға ұмтылғаны шындық. Жалпы, аңыздағы Шамбаланы іздеп аттанған ондаған экспедициялар оны тапты ма, жоқ па, белгісіз. Бәрі бүгінгі күні құпия. Шынтуайтында, Тибет әлемдегі ең жұмбағы ашылмаған мекенге жатады. Ондағы бар құпия тылсымды бойына сақтаған Нам-цо көлі, Ярлунг Цангпо өзені, Қайлас тауы әлі сырын адамзатқа аша қойған жоқ. Тіпті Қайлас тауынан «тірі» және «өлі» су табылғаны жөніндегі сенсациялық дерек әлем баспасөзінің «нанына» айналғаны да белгілі. Тибет йогалары осы «өлі» суды ішіп, өздерін біраз уақыт, не болмаса ондаған жылдарға «өлтіріп», сосын «тірі» суды ішіп, қайтадан тіріледі деседі. Бұл сулардың қасиеті адамдардың ағзасын жасарта алатын құдіретке де ие. Қылтамақ секілді ғасыр обаларының да бірден-бір емі көрінеді.


Төре ҒАЛИ, «Айқын»

 

Пікірлер