Мәкен ТОЙШЫБЕКОВ, ҰҒА академигі, профессор:
– Мәкен Молдабайұлы, сіз қазақтың ежелгі мал тұқымын сақтап қалу турасында зерттеу жасап жүрген ғалымсыз. Осы ретте сұрайын дегенім, «нақ қазір елде қазақтың ежелгі мал тұқымының неше алуан түрі сақталды» деп анық айтуға болады? Жалпы, ғалым ретінде елдегі мал шаруашылығына қатысты ұстанып отырған саясатымызға көңіліңіз тола ма?
– Мен мәселені әріден тарқатайын. Баяғыда 1918 жылы Кеңес өкіметі орнағандағы есеп бойынша, яғни 1916-1918 жылдары Қазақстанда 22 түрлі қойдың тұқымы өсірілген екен. Мәселен, Батыс Қазақстанда азғыр тұқымды қой, Еділбай қойлары өсірілсе, Орталық Қазақстанда бес ата қойлары, ал Шығыс Қазақстанда шыңғыс тұқымды қойлар мен әртүрлі құйрықты қойлар, моңғол тұқымдас қойлар өсірілді. Қазір бізде мұның бірі де жоқ. Бүгінде біз қазақтардың ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға келгенде, асылтұқымды мал басын алуға келгенде ауызды қу шөппен сүртіп отырмыз. Бізде қазір тек Еділбай қойының тұқымы ғана сақталып қалды. Қалған 21 түрлі тұқым құрып кетті.
Ал енді «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ежелгі мал тұқымын көрсетіп мақтана алатындай дәрежеміз төмен болса, елдегі асылтұқымды мал басы санаулы ғана болса, мал шаруашылығына қатысты осыдан кейін қандай саясатты айтуға болады?! Біздің мал шаруашылығы саласын құртқан нәрсенің өзі осы саясат. Кезінде Кеңес өкіметі орнай сала бәріміз күн көсем санаған Ленин екі декрет қабылдапты. Оның бірі – жер мәселесіне қатысты, екіншісі меринос қойларды өсіруге қатысты. Соның ішінде Ленин қабылдаған декретте қойды будандастыру жайы айрықша көрсетілген. Осы құжатты орындау қажеттілігінен қылшық жүнді қойды будандастыру арқылы биязы жүнді қойдың басын көбейту сол заманның қажеттілігі болды. Өйткені биязы жүнді қойдың жүнінен киім-кешек тігу, сапалы мата алу, оны экспортқа шығару оңтайлы еді. Ал қазақтың қылшық жүнді қойының жүні киіз басуға, кілем тоқуға, әртүрлі үй бұйымдарын жасап дайындауға ғана жарайтын-ды. Осындай үрдістер, саясаттар салдары қазақтың ежелгі қой тұқымының ұсақталуына апарып соқтырды. Енді келіп біз ежелгі мал тұқымы дегенде жалғыз-ақ Еділбай қойының бетіне қарап отырмыз. Бүгінде асылтұқымды мал алумен, мал тұқымын зерттеумен айналысып жүргендердің арасында жоғарыда мен атап кеткен қойдың түрлері бар екенін білмейтіндер де бар…
– Сонда біз ежелгі мал тұқымын сақтап қалуда осы уақытқа дейін ешқандай әрекет жасамағанбыз ба? Сіз әңгімеңіздің ауанын «біз бұл ретте қол қусырып отыра бердік» дегенге әкеліп отырсыз ба?
– Амал қанша, бұл тұрғыда біраз шаруалар атқарылған. Бірақ оның өзі мардымсыз. Өзіңіз білесіз, қазір ежелгі тарихи жәдігерлерімізді, ежелгі мәдени құндылықтарымызды сақтап қалу мақсатында Үкімет арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдады. Міне, қазақтың ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға қатысты да осындай бір арнайы мемлекеттік бағдарлама керек. Әйтпесе ең кемі бес жылдан соң біз ата-бабаларымыз азық етіп, күн көрісінің бір бөлшегіне айналдырған ежелгі мал тұқымдарын тек суреттен ғана көріп отырамыз. Сондықтан құзырлы тарап жедел түрде осы ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға байланысты салиқалы шешімдер қабылдау керек.
– Мәселен, ол шешімдер қандай болуы керек? Бұл тұрғыда нендей ұсыныстар айтар едіңіз?
– Бұл ретте айтарым, біздің Ауылшаруашылығы министрлігі бүгінде қылшық жүнді қойларды өсіруге мардымды қаржы бөлмейді. Бұған қатысты арнайы дотация, субсидия дегендер атымен жоқ. Министрлік тек биязы жүнді қойларды, меринос қойларын өсірушілерге ғана жеңілдіктер қарастырып отыр. Біле білгенге, қылшық жүнді қойлар суыққа төзімді, жоғары салмақ беретін, еті де мол, кез келген климатқа бейімделгіш қойлардың бірі. Бізге қазірде ең қажеттісі осы қылшық жүнді қойлар болып отыр. Мәселен, біздің атқарушы билік бүгінде отандық сүт өндіру саласына айрықша көңіл бөлуде. Осыған орай, мен керісінше айтар едім, бізге сүт өндіру саласына емес, ет өндіру секторына ерекше көңіл бөлген жөн. Байыптағанға ет өндірудің сүт өндіруден машақаты аз және экономикалық жағынан өте тиімді. Сондықтан менің айтар ұсынысым – Үкімет шетелден асылтұқымды мал басын әкелетіндерге, биязы жүнді қой өсіретіндерге ғана көңіл бөле бермей, өзіміздің жергілікті мал басының көбеюіне, соның ішінде қазақтың ежелгі мал тұқымының өсуіне барынша жағдай жасағаны абзал.
– Өзіңіз білесіз, біз 1993-1995 жылдары Австралиядан, Израильден асылтұқымды мал басын алдырдық. Тіпті асылтұқымды қойларды Австралиядан ұшақпен алып келіп, жарнамасын асырғанымыз да белгілі. Осы үрдіс біздің мекенімізде қаншалықты нәтиже берді деп ойлайсыз? Біз 15 жыл ішінде асылтұқымды мал алуды меңгере алдық па?
– Рас, австралиялық қошқарлардың, қойлардың насихатын біраз жерге жеткізгеніміз де ақиқат. Өкінішке қарай, кезінде сонша әспеттеп, мерейін асқақтатқан сол асылтұқымды қойлардан біз тұқым алып мандытпадық. Қазір сол ұшаққа салып, мәпелеп әкелген асылтұқымды қойлардың елде бірде-біреуі жоқ. Олар қазақ жерінің қақаған қысына, аптап ыстығына шыдамай, құрып кетті. Өзіңіз ойлаңызшы, Австралияның климаты мен қазақы ортаны салыстыруға келе ме? Ол жақтың қысы – жаймашуақ, жазы – қоңыр салқын. Ал Қазақстанда қайсыбір аймақтарда қыста 40 градус суық болатын болса, жазда 40 градусқа дейін миқайнатар ыстық болады. Мұндай ауа райына бөтен жұрттың малы бейімделе алмайды. Бұған қатысты тағы да мынадай бір дәлел айтуыма тура кеп тұр. Таяуда асылтұқымды сиыр өсіретін орталықтардың бірі Израильден сиыр алып келіпті. Әлгі сиырлар Израильде сауынына 6,5 литр сүт берген. Мұнда келген соң асылтұқымды деген сол сиырлар 2,5 литр ғана сүт беретін болып қалды. Көрдіңіз бе, мынадай құбылмалы табиғатымызбен, бізде дайындалған мал азығының түрлеріне сәйкес, өзге елден әкелінген асылтұқымды малдардың Қазақстанға бейімделіп кетуі қиын. Сондықтан өзге мемлекеттен мал басын елге әкелерде осы жайттарды ескерген жөн.
– Сонда мұндайда не істеу керек? Өзге елден қаншама қыруар қаржыға әкелінген мал басы елге әкелінгенде құрып жатса, қандай жолмен асылтұқымды мал басын көбейтуге болады деп ойлайсыз?
– Естуіңіз бар шығар, БҰҰ-ға қарасты ФАО деген орталық бар. Бұл орталықтың міндеті әлем елдерінде қанша мал басы бар? Олардың қаншасы асылтұқымды, қанша пайызының тұқымы сақталынған, осыны есепке алып отыру. Енді осы орталықтың 2007 жылғы есебіне жүгінсек, асылтұқымды мал басының тұқымын сауда Орта Азия елдері мен Таяу Шығыста (оның ішінде әрине Қазақстан да бар) көрсеткіш өте төмен. Тіпті осы аталған елдерде малдың тұқымын сақтаудың арнайы бағдарламасы да жоқ көрінеді. Негізінде, малды әлем бойынша екі түрде сақтайды. Біріншісі – малдың өзін тірідей сақтайды. Ал екінші түрі бұл – оның тұқымдық элементтерін сақтау және осы тұқымдық элементтерін сақтау арқылы мал басы туралы генетикалық ақпарат беру. Бұл сақтау түрі малдың тұқымын мұздатып қатыру арқылы жүзеге асады. Бүгінде әлем елдері аталық және аналық жыныс клеткасын мұздату арқылы малдың эмбриондарын сақтауды терең меңгеріп отыр. Бізде осы малдың эмбриондарын сақтау түрлері жетілмеген. Өзге елдерде малдың тегін мұздатып сақтау өте жоғары деңгейге жеткен. Мәселен, АҚШ малдың эмбриондарын мұздатып, қатырып сақтау түрін 100 пайызға дейін жеткізсе, малдың өз басын сақтауды 60 пайызға жеткізген. Африканың өзінде малдың өз басын сақтау 40 пайызға жетсе, малдың тұқымын мұздатып, қатырып сақтау 20 пайызға жеткен. Орта Азияда, яғни бізде малдың тек өз басын сақтаудың өзі 15 пайызға жетер-жетпес. Ал малдың эмбриондарын мұздатып, қатыру жағы мүлде жоқ, есепке алынбаған. Малдың өз басын сақтау көрсеткіші 15 пайыздың айналасында ғана болып отырғанда, бұдан соң қайтіп мал асылдандыру турасында сөз етеміз. Бізге мал басын асылдандыру үшін алдымен малды сақтаудың осы екі түрін терең меңгеріп алу керек.
– Қалай ойлайсыз, осы малдың эмбриондарын мұздатып қатыруды жетілдіру арқылы мал басын асылдандыруға бола ма?
– Әрине. Меніңше, осы әдісті технологияның көмегімен жетілдірсек, елде аса жоғары өнімді малды көбейту жайы анағұрлым жақсара түсер еді.
– Ал енді өзге елден асылтұқымды малдың өзін емес, мұздатылған эмбриондарын әкеліп, оны біздің елдегі мал басының жатырына салсақ, бұл іс өз жемісін беруі мүмкін бе?
– Егер бұл үрдісті жүзеге асырсақ, біріншіден, елге ұшақпенен асылтұқымды мал тасудың машақатынан арылатын едік. Екіншіден, қаншама қаржы желге ұшпайтын еді. Өйткені шетелден асылтұқымды малдың өз басын әкелгеннен гөрі, оның эмбриондарын әкелу арзанға түседі. Бұл жерде бір ескеретіні, егер біз шетелден әкелінген асылтұқымды малдың қатырылған эмбрионын өзіміздің жергілікті малдардың жатырына салып, оның өсіп-өнуіне жағдай жасай алсақ, өзіміздің климатымызға бейімделген мал тұқымын аламыз. Алған төліміз суыққа төзімді, ортаға тез бейімделгіш болады. Бұл дегеніңіз малдың өсіп-өнуіне кепілдік бар екенін білдіреді. Қазір бұл әдістің қыр-сырын меңгерген мемлекеттер малдың мұздатылған эмбриондарын экспортқа да шығарып жатыр. Ондай эмбриондарды біздің елде сатып алып жатқандар да бар. Мәселен, Астанадағы «Асыл түлік» мал өсіру орталығы сиырдың мұздатылған эмбриондарын әкеліп жатыр. Қазірде әлемде көптеген елдер мал шаруашылығына қатысты ірі-ірі арнайы жобалар легін түзіп, соны жүзеге асыруға жанталасып бағуда. Біз, керісінше, бұл мәселеге келгенде әлі де самарқау кейіп танытып отырмыз.
– Білесіз, біз, негізінен, аграрлы мемлекетпіз. Осылай бола тұра, неліктен мал шаруашылығына қатысты халықаралық жаңашыл әрекеттерді тереңінен меңгеруге мән бермей отырмыз?
– Қазір біздің мемлекетіміз атом энергиясын дамытуға, мұнай-газ саласын өркендетуге, алтын-күмісті өндіруге айрықша мән беріп отыр. Бұл да дұрыс. Мұндай секторларды міндетті түрде жандандыру керек. Бірақ «қаны қымыздан, жаны еттен» жаратылған жұрттың мал шаруашылығын өркендетпеуі, осы салаға мән бермеуі дұрыс емес. Елдегі мал басының санына қатысты мен мынадай бір деректер келтіре кетейін. Мысалы, бізде 1993 жылдары 34 миллион қой бар еді. 2007 жылы бұл көрсеткіш 13 миллионға түсіп қалды. Көрдіңіз бе, айналасы оншақты жылда 34 миллион қойдың санын біз 13 миллионға дейін кемітіп жібердік. Осы аралықтарда 61,5 пайыз мал басын жоғалттық. Нақ осы кездері білесіз, біз жекешелендіру саясатын ұстандық. Елдегі мал басының барлығы жекенің қолына өтті. Бүкіл асылтұқымды мал өндірумен айналысатын ірілі-ұсақты орталықтар, зауыттар жабылды. Осыдан барып қазақ малының саны кеміді. Ол кезде бұған қайғырған бір пенде болмады. Керісінше, «біз енді Автралиядан асылтұқымды мал әкелеміз, ағылшындардың текті малын өсіретін боламыз» деп кеуде кергендерді де көрдік. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бізде нақ сол коллективтендіру тұсында әсіре науқаншылдық басым болып кетті. Қазірдің өзінде біздің қанымызда науқаншылдық бар. Бір істі бастарда науқандатып, алаулатып-жалаулатып кетеміз. Ойлап қарасақ, осының бізге не керегі бар? Осындай науқандату, әсірелеу бізді қай істе де кері кетіреді. Демек, бізге қандай да бір істі меңгеру үшін алдымен салқынқандылық керек. Әр істің астарына мән берген жөн. Жаңа технологияның, жаңа техниканың тілін меңгеру үшін асықпай-аптықпай үйрену қандай қажет болса, қандай да бір жаңалықты, жаңашылдықты миға сіңіру үшін де сондай сабырлылық, білімділік керек.
– Қазір қоғамда «мал шаруашылығын өркендету мақсатында ауылдағы шаруа қожалықтарының басын біріктіру керек» деген пікір жиі талқыға түсіп жүр. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Рас, «шаруалардың басын біріктіру керек. Бірігу ерікті түрде болуы қажет» деген пікірлер бар. Өз басым ауылдағы шаруалардың біріге қалатынына күмәнім бар. Өйткені олардың қайсыбірі алдына салған малын өсіріп, шаруасын дөңгелетіп отыр. Мал азығын әзірлеуге де олардың шама-шарқы жетеді. Шаруалардың енді бір бөлігі алдындағы малын қалай бағуды білмей малының басын кемітіп алғандар. Былайша алғанда, олардың бірі істі жүргізе алса, екіншісі, керісінше, істің шырайын кіргізе алмағандар. Ендеше, осы шаруасы жүріп, одан пайда көріп отырған адам шаруасы тұралаған адаммен қосыла қояр ма екен? Кезінде тоқсаныншы жылдары бір шөлмек араққа бір қой беріп ішімдік сатып алып жатқандарды да көрдік. Ал мұндай адамдар қандай шаруашылықтың шаруасын өркендетеді? Сол тұста мұны ойлаған ешкім болмады. Қазір келіп шаруаларға «бірігіңдер» дейміз. Қазіргі заманда жаппай коллективтендіруге көшу мүмкін емес. Себебі біздің мемлекетіміздің заңының өзі жекеменшікті қолдайды. Демек, жаппай бірігу үшін алдымен заңға түзету енгізу керек болады. Меніңше, бұл істі әбден зерттеп, саралап алу керек.
– Сіз нақ қазір ғалым ретінде өз ұсыныстарыңызды білдіріп отырсыз, ал қоғамның қарапайым өкілі ретінде сізді қазір не толғандырады?
– Бұл ретте айтарым, біз мұнайымызды сатып жатырмыз. Пайда табу үшін сатамыз ғой енді. Өзге дүниелерді де сауда-саттыққа салдық. Ол да дұрыс шығар. Бірақ өз басым жерді сатуға, шетелдіктерге жалға беруге мүлдем келіспеймін. Өткенде әңгіме-дүкен құрып, араласып тұратын бір адам бар еді, сол айтады: «Мен түс көрдім. Түсімде бір аймаққа қалмақ шауыпты. Ана аймақтың қожайыны қазақ екен. Ол «жерімді қорғаңдар!» деп аттандап жатыр. Бірақ тірі пенде барып оның жерін қорғаған жоқ. Себебі ол жекешеленіп кеткен жер екен. Кезінде қожайыны ол жерге ешкімді кіргізбей қойса керек. Сөйтіп, оның басына күн туған кезде де ешкім көмек қолын созбады» дейді. Міне, логика… Ертең бетін әрі қылсын, әлдеқандай заман болса, жекеменшікке өтіп кеткен жерлерімізді кім қорғайды? Бүгінде әр жердің бір-бір қожайыны бар. Олардың жерінің маңына жолау мүмкін емес. Аяғыңды басқызбайды. Күні ертең сол жердің қожайындары ел басына күн туса, «бұл біздің жеріміз» деп қақпаларын тарс жауып алып отыра бере ме, сонда? Мені нақ қазір осы мәселе қатты ойландырып жүр. Жер деген біздің мекеніміз, Отанымыз ғой. Осы Атамекенімізді, Отанымызды сатып болмаса жалға беріп біз байлыққа кенелмей-ақ қойсақ қайтеді екен деп толғанамын…
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ…
Мен мал шаруашылығы саласын зерттеп жүрген ғалым болғандықтан, ерекше мән беріп, басымдық беріп айтатын ойым үнемі мал шаруашылығына қатысты болады. Байырғы қазақтар малдың басын кетірмеуге, киесін қашырмауға барынша тырысқан ғой. Осыған орай айтарым, біздің құзырлы тараптағылар да осы мал шаруашылығы мәселесіне айрықша көңіл бөлсе екен. Егер біз өзіміздің қазақтығымызды сақтап қалғымыз келсе, алдымен қазақтың ескі малының тұқымын, яғни ежелгі мал басын сақтап қалуға күш салуымыз керек. Осыған орай бізге қуатты технология, білікті маман керек. Үкімет тарапынан белгілі бір дотациялар, субсидиялар бөлінуі қажет. Әйтпесе біз ата-бабамыздың мирас етіп қалдырған ежелгі мал тұқымын мүлдем жойып аламыз.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,
«Алаш айнасы».