Ауқаттысы ақшаңқан үйінің түндігінен, жақыбайы қараша үйінің жыртығынан жұлдыз санап ұйқыға кететін қазақтың табиғатпен үйлесімділігі туралы әсте әңгіме көп. Сол барқыт аспанда буалдыр сағым созылып жататыны тұнығы лайланбаған ауыл баласының бәріне мәлім. Қазақ мұны «Құс жолы» дейді. Өзінің дүниетанымын ғарыштық межемен кең құлаштап өрген халықтың бұл атауды қоюы бекер болмаса керек.Құс – қазақтың жаны. Сондықтан да Көк Тәңіріне баланған ғарыш көкжиегіндегі ғажап жаратылыс «Құс жолы» атауына лайық деп түйсінеді бұл жұрт.
Әлбетте, жаратылыстың жауһар сыйы – табиғатқа деген көңілі алабөтен қазақтың.
Алабөтен болатын. Ерте-ерте, ертеде…
Бұл іңкәрлік, жаратылыстың ең еркін мақұлығы құстарға, әсіресе, айрықша еді. Қыран баптап, тұйғын өсіріп, қаршыға салатын құсбегілік соның бір көрінісі. Байтақ даланы «қыран («ұшқан құстың» деп те қолданылады) құстың қанаты талатын» деген өлшемді де осы аяда қарастыруға болады. Шау тартып, кәрілік меңдегенді «Бүркіт қартайса – тышқаншыл» деген бір ауыз мәтелмен бедерлей салатын ұлттың болмысынан қанатты жаратылыс арқылы қанатты сөз айтуға құштарлықты аңдайсыз.
«Керуеннің түнгі жүрісін торғай білер», – дейді Қорқыт баба бір сөзінде. Немесе «Тоты құс бойына қарап зорланады, аяғына қарап қорланады», – дейді халықтық мәтел. Дамылсыз, тынымсыз, мазасыз сәтті «Ұлардай шулап..», – деп суреттейді. Ұлар құсыңыз өте сақсақ келетін жергілікті құс. Тобымен жүретін бұл құстар тау бөктерінде жайылып жатқанда, біреуі биік құзға шығып, жан-жағын бағдарлап тұрады екен. Егер қауіпті сезсе айрықша үн шығарып, хабар беретін көрінеді. Міне, осыдан туған теңеу. Және қандай көркемдікке ие теңеу десеңізші.
Осыдан кейін «құс – қазақтың жаны» демей көріңіз!
Ал, қарлығашқа деген қазақтың көңілі тіпті алабөтен. Әйгілі Төле бидің «Қарлығаш би» атануы, халқымыздың қарлығаштың ұясына аса қамқорлықпен қарап, тентекке бұздырмай, жыланға балапанын жем қылмай жіті назарда ұстап, мәпелеуі бір басқа. Ғылыми дәйектемеде қарлығаш өте ұшқыр, күніне мыңдаған маса сияқты ұсақ зиянкес жәндікпен қоректенетін пайдалы құс. Бұл да ізгілік іліміндегі ұлттың ұлы танымы болса керек.
Ал, күллі әлем білетін көне грек аңызындағы қола қауырсынды, жез тырнақты алып Стимфалия құстарымен шайқасқан Гераклдің ерлігі туралы әңгімелер қазақтың құстану жолындағы жиған әпсаналары мен қанатты сөздерінің жанында жіп есе алмайды деп санар едім. Мүмкін, менталитеттік бағам дер шығарсыз. Бірақ, мен үшін «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» Гераклдің құстары жанында қазақтың құстар туралы түсінігі шынайы әрі әділ. Көңіл сарайыңызды жадырататын, күйіңіздің хошын келтіретін адамзаттың әуезді үнін, яғни, асқақ әнін де бұл қазақ бұлбұл дауысымен салғастырады ғой. Және онысы ұнамды, жағымды.
Барлық аң-құстың тілін біліпті дейтін Сүлеймен патша туралы Австрияның әйгілі зоолог-ғалымы Конрад Лоренц былай деп жазды: «Сүлеймен патша сиқырлы сақинасыз-ақ, аң-құстармен тілдесіпті десе, мен сенер едім. Егер жануарлардың «дабыл кодын» тіл деп есептесек, соның «сөздігін» зерттеу арқылы адам ол тілді толық түсіне алады».
Шынында, әр құс бір-біріне ұқсамайтын, мінез-құлқы, қабілет-қарымы, дарыны жағынан алшақ адамдарға ұқсайды.
Құстардың ішінде адамның даусын салып, сөзін қайталайтыны – тотықұс. Сауысқан да сөйлеуге қабілетті құс екен. Ал, келемеждеуге құмар құстардың бірі – жарғаққұс деседі. Ол кейбір құстардың даусын салумен қатар, ит болып үріп, әтеш болып шақырады.
Ғалымдардың айтуына сүйенер болсақ, қамыс торғайы тәулігіне 9 сағат ән салса, шұбар шымшық шамамен 2 сағат сайрайды.
Құсты әнге, жырға қоспаған қазақтың марғасқалары кемде-кем. Алдыңғы жылдары жыл құсы – қараторғай болып жарияланғанда «Қараторғай – қазақтың туысы» деп жазған едік. Шынымен, қазақ пен құс, соның ішінде қараторғай ұқсас. Әйтпесе, халық болып, Ақан сері болып қараторғайды әнге қосар ма?!..
Мұқағалидың да мұңды жаны жабыққан жанына жалау болар жаратылысты құстан іздеген.
…Құс міндік темір қанат, аттар қалып,
Әйтсе де, мақтанбалық, мақтанбалық!..
Үлпілдеген, үрпиген үкім менің,
Жыл құстарын сағынып, күтудемін.
Көз алмай шұбатылған құс жолынан,
Бүкіл елім күтуде, бүкіл жерім.
Қырларым да күтуде, дөңдерім де,
Сағынады бізбенен көл де бірге.
Үкім менің, қарашы, жыл құстары
Келеді екен қайсы ендік белдеуінде.
Қараторғай, қарлығаш, тырналарым,
Қашан бізге әкелер жыл хабарын?
Қашан қонар зергерлер – аққу, қаздар
Әшекейлеп көлдерін, жылғаларын.
Қашан болар тоғайда ән сабағы,
Ән салады, қашан кеп жан салады?
Қашан мынау жайқалып емен, терек,
Жапырақтар жабыла қол соғады?, – дейді Мұқаң бір өлеңінде.
Шынында дейміз, Мақатаевтың жүрегі нені сезді екен?.. Қазір, құс келгенде жапырақтары қол соғып, шаттанып тұратын бұрынғы Алматы қалды ма?!
Қалада құс көрінбейді ғой.
Базары тарқаған шаһар демей-ақ қояйық. Экология шығар… Бірақ, тұрғындардың да көңіліне жылулық шақыратын шаһардың өз құстары болады емес пе? Бұл ретте ілкіде «Алматы Ақшамы» көтерген «Құстар күнін» өткізу туралы тағы айтамыз. Бұл – қажетті, дәстүрге айналуы тиіс игі шара болуы керек.
Әлемдік Құстар күнінің орайында жазылған мақала емес, қаламызға қажет ізгі ұсыныс деп қабылдаңыз.
Әйгілі композитор Штраус шұбар шымшықтың дауыс ырғағын мұқият тыңдап алып, оны өзінің атақты вальсіне енгізген ғой. Құстарды аяласақ, қаламызға қайта оралтсақ, мүмкін қазақтың да бір баласы балконда тыңдаған құстың әнінен тамаша вальс жазар, симфония жазар…
Думан АНАШ,
«Алматы Ақшамы», №41, 2-сәуір, 2011 жыл