Қазіргі құс салу думандарына көңілім толмайды

3016
Adyrna.kz Telegram

Тілеуқабыл ЕСЕНБЕК, «Құсбегі» халықаралық мектеп-орталығының директоры, кәсіпкер:

 

– Тілеуқабыл аға, Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында ұмытылып бара жатқан бүркітшілік өнерді қайта қолға алып, бабалардан қалған құс салу өне­рін жандандырған мамандардың бірі өзіңізсіз. Жалпы, осы өнерді, осы кәсіпті қолға алуыңызға не себеп болды?

– Мен өзім Қарағанды облысында туып-өстім. Балалық шағымның бәрі сонда өтті. Сол кішкене күнімізде туып-өскен өлкемдегі Қотырқызыл деген тауда құстас болатын. Әкеммен ылғи ілесіп жүргенімде мынау не деген тас, онда не бар деп сұрай­тынмын. Сон­да әкем маған онда бүркіттің ұясы бар екенін айтатын.

Міне, осындай өлкеде өскен­діктен, маған бүркіт құсы, бүркітшілік өнері жақын болып кеткен шығар. Әрине, ол кезде бүркітші боламын деп ойлаған жоқпын, бірақ әлгі жақындық түбі мені осы өнерге алып келді деп айтуға болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасы ғана емес, қазақ мәдениеті де күйреудің шыңырау шегінде тұрған кез еді. Сонда мен осы бүркітшілік өнерді қолға алуды жөн көрдім. Ол үшін алдымен әкем айтқан құстастағы бүркіттің ұясын тауып алдым. Осылайша, бүркітшілік өнерді әрі қарай дамыта бердім. Қазіргі күні Қараған­дыдағы бүркітшілердің барлығы менің шәкірттерім деп айтуыма болады. Себебі мен олардың барлығына өзімнің білгенімді, түйгенімді айтып беріп отырамын. Қай үйде бүркіт, не басқа құс өсіреді дегенді естісем, сол үйге бас сұқпай қой­маймын. Өйткені кей­бір құс өсіруді білмейтін адамдар оны өлтіріп қоюы мүмкін. «Қой бағуды білмейтін қуалап жүріп өлті­редінің» кері болмасын деймін.

– «Қой бағуды білмейді» демекші, қазіргі күні әр адам шама келсе, қолда аң, құс асырауды сәнге айналдырып ал­ды немесе оны алып, сатуды кә­сіп етіп отырғандар бар. Осы туралы не айтасыз?

– Адам да табиғаттың бір бөлшегіне кіреді. Аң мен құс та – адамдар сияқты та­би­­ғаттың ажырамас бір бөлшегі. Өзіңіз ай­тып отырғандай, қазір шама келсе, құс асы­рауды сән көретіндер көбейіп кетті. Бұл таби­ғатқа, әлбетте, зиян келтіреді. Қазір біздің небір бағалы құстарымыз құрып кетіп жатыр. Қызыл кітапқа енгізілгені қан­ша­ма! Ал енді оларды сату жағына келер болсақ, мұны істеп жүргендер – Қазақстан мен Ресейге оқуға келіп алып, оқудан шы­ғып кеткен шетел азаматтары. Олар бізде бағалы аң, құстардың бар екенін естіп алады да, оларды ұстап, сату арқылы байлыққа кенелемін деп ойлайды, сөйтіп, табиғатқа зиян келтіреді. Әрине, құстарды ұстағаны­мен, оларды қымбат бағаға сата алмайды. Оның үстіне кейбір құстарды өлтіріп те алады. Сонымен бірге ауылдың есерлері де қазір осындай қылмыстық істермен ай­на­лысатын болды. Құлқынның құлы бол­ғандар пайда табамыз деген оймен бағалы құс­тарымызды қырып жатыр. Менің ойымша, оларға қатысты жазаны күшейткенде ғана бағалы құстарды сақтап қала аламыз.

– Құс салу өнерін алғаш шоуға айналдырып, елдің қызығушылығын оят­қан едіңіз. Сізден кейін бұл шоуды жалғастырып жатқандар бар. Қазір дәстүрге айналған осындай думан­дарға өзіңіздің көңіліңіз тола ма?

– Көңілім толмайды деп айтуыма да болады. Біздегі құс салу жарысына 20-30 адамды алып барады да, үйдің қоянын аулатады. Бұл деген сұмдық нәрсе ғой! Үйдің қоянын қарақұс та ала алады. Бүркіт деген түлкі сияқты аңдарды бүруі керек. Жақында маған шетелдік бір азаматтар келіп, осыған қатысты наразылықтарын біл­діріп кетті. Құс салу өнері қазақтікі бол­ға­нымен, оны шын мәнінде басқаларға көрсете алмай отырғанымыз – ұят. Содан ­соң бізде бүркітті ұядан алады. Ұядан бүркітті еш уақытта алуға болмайды. Мәселен, шоуға біреулер жыл сайын балапан бүр­кіттер алып келеді. Демек, оның бүркіттері жыл сайын өліп отырады деген сөз. Әсі­ресе Алматы облысындағы бүркітшілер жарысқа балапан бүркіттерді қосады. Мен өткізген шоудың тәсілі сәл басқашалау еді. Онда біз екі-үш адамды қолдарына құс беріп – батысқа, ендігілерін – шығысқа, келесілерін солтүстікке жіберіп, осылайша, олардың ұстап келген құстарына қарап, баға қоятынбыз. Қазір шоуларды ең бол­мағанда сол деңгейге жеткізуіміз керек. Бұл шоуды бастаған өзім едім, енді тоқтата алмай жүрмін.

– Жалпы, бүркітшілік өнерді дамы­тудың қандай жолдарын ұсынар еді­ңіз?

– Бұрын серілік өнер деген болушы еді ғой. Дәл соның жүйесімен бұл өнерді де дамытуға болады. Ол үшін екі-үш бүркітші болса, оның қасына әншілері, басқа да өнерпаздары болса, ауылдарды аралап, құс салу өнерін насихаттауға болады. Ауыл­дарда жүріп, құсты қалай қолға ұстай­ды, қалай шақырады, қалай тамақ береді, қалай жаратады, қалай тұғырға қондыра­ды – соның бәрін көрсету керек.

– Өзіңіздің мектебіңіз туралы айтып кетсеңіз. Қанша шәкірт тәрбиелеп жатырсыз, қандай жаңа өнер үйретіп жатырсыз?

– Жалпы, бүркітшілік деген – бұрыннан келе жатқан өнер түрі. Мәселен, бағзы заманда патшалар бір-біріне бағалы құс беретін дәстүр болған. Құбылай ханда мың­да­ған құс болғанын тарихтан оқыдық. Орыстың патшалары да жүздеген құс өсір­ген. Сондықтан бұл өнер бәріне де ортақ. Бірақ қазіргі күні Батыста құс салу өнері алға озып отыр. Мұны неге айтып отырмын? Себебі қазір бізде бұл өнерді шын үйренгісі келетіндер аз. Мәселен, 10 мың адам бұл өнерді үйренгісі келсе, соның 50-і үйренемін деп шешеді, солардың бірақ 10-ы мектепке келіп, ертеңгісін тоғызы кері қай­тып кетеді. Сонда өнерді шын үйрен­гісі келетін бір-ақ адам қалады. Міне, ма­ған келетін шәкірттер де – осы 10 мың адам­ның біреуі ғана. Біреуге үйрете­сің, біреумен ғана жұмыс істейсің. Ал, жалпы, жаңа айтып өткенімдей, Қараған­дыдағы бүркіт­шілердің барлығын мен шәкірттерім деп айта аламын. Оларға білгенімді үйре­туден жа­лыққан емеспін.


Нұрмұхаммед МАМЫРБЕКОВ,

«Алаш айнасы».

 

Пікірлер