Рақым Тәжібайұлы: Нағыз күй «Ақ жауындай» болуы керек

2696
Adyrna.kz Telegram

Ес білгеннен күйші болуды армандадым

- Аға, білуімше, әкеңіз дәулескер күйші болыпты.Киелі домбыраны серік етуіңізге әке өнері әсер еттіме?

- Иә, әкем Тәжібай өмір бойы мал бағумен айналысқанымен, домбыраның құлағында ойнайтын күйші, халық әнін әуелете салар әнші, уәжден ұтылуы қиын айтыскер ақын еді. Ертелі-кеш тізесіне отырып алып, тартқан күйін тыңдаудан жалықпайтынмын. Ес білгенімнен күйші болуды армандадым. Қызығушылығым соншама, оңашада тиек жасауға талпынып, талай рет саусақтарымды жарақаттағанмын. Әкеме көмектесіп, әрі мал бағумен, әрі үй шаруасымен айналысқан анам Зағипа мені аяп, бәйек болып жүретін. Бүгінде ортамызда ақылшы болып отырған анам сол күндерді жиі еске алады. Өзім үйдің үлкенімін. Төрт інім де, жалғыз қарындасым да басқа салаларда қызмет етеді. Ал мен қаршадайымнан үкілі домбыраны серік етіп, өнерге деген сүйіспеншілігім мен адалдығымды жүрегімде әлдилеп келемін.

- Туып-өскен жеріңіз Қытай елі көрінеді. Атажұртқа қашан оралдыңыздар? Одан кейінгі өмір жолыңыз қалай жалғасты?

- Рас, мен Қытай елінің Құлжа қаласында дүниеге келдім. 30-жылдардағы ашаршылық кезінде аталарымыз солай ауған екен. 1955 жылы Қазақстанға, оның ішінде — әке-шешемнің кіндік қаны тамған, сол уақыттағы Талдықорған облысы, Жансүгіров (қазіргі Ақсу) ауданы, Сағабүйен ауылына көшіп келдік. Мектеп есігін алғаш сол жерде аштым. 8-сыныпты бітірген соң, оқуымды Қызылағаш ауылындағы мектеп-интернатта жалғастырдым. Үлгерімі жақсы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын оқушы болдым.

- Отбасындағы әке тәлімі — бір бөлек. Мектепте де күй өнеріне баулыған ұстазыңыз болған шығар?

- Сағабүйендегі мектепте оқып жүргенімде, Сазанбай деген ағайым домбыраға әуестігімді байқап, талабымды ұштай түсті. Алайда, ол шақта домбыраға қарағанда баян аспабына сұраныс жоғары-тын. Сол себепті, оқушы кезімде қолымнан баян түспейтін. Мектепішілік мәдени іс-шараларда ән айтатын мұғалімдерді баянмен сүйемелдеп тұрғанды мақтаныш көретінмін. Мектеп-интернатты бітірер жылы газеттен Алматыда республикалық эстрада-цирк студиясының ашылатыны жөнінде хабарландыруды оқыдым. Қолыма куәлігімді ала сала, еш ойланбас­тан студияның домбыра бөліміне құжат тапсырдым. Негізі, баян сыныбын көздеп келгем. Сөйтсем, студияда ондай бөлім ашылмаған екен. Әрі талапкерлерді қабылдау ісімен айналысып жүрген Гүлжиһан Ғалиева деген оқытушы: «Келбетің де, бойың да сахнаға лайықты екен. Домбыра тарта аласың ба?» — деп сұрады. Тарта алатынымды айтып едім, «Осында Рүстембек Омаров деген Қазақстанның халық әртісі бар. Сол кісіден домбырадан біліміңді жетілдір» деп қамқорлық танытты. Сонымен, Рүстембек ағайдың үйінде жатып, екі ай домбырадан дәріс алдым. Домбыра бөліміне емтихан тапсырған 18 баланың ішінен жалғыз өзім оқуға түстім. Ал студиядан кейін Абай атындағы пединституттың (қазіргі ҚазҰПУ) сырттай оқу бөлімін «музыка пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірдім.

- Күй өнері саласында қанша жылдан бері тер төгіп келесіз. Еңбек жолыңыздың қандай кезеңдері сіз үшін айрықша ыстық?

- Студияны бітіре сала «Қазақ­концерт» бірлестігіне қызметке алындым. Жарты жылдай жұмыс істеген соң, әскери борышымды өтеуге аттанып, төрт жылға жуық уақыттан кейін Алматыға оралдым. Жоғарыда айтылған Гүлжиһан апайым «Гүлдер» ансамблін ашып жатыр екен. Ұстазымның шақыртуымен сонда ауыс­­тым. Сонда өмірлік серігім Ажаркүл жеңгеңмен таныстым. Ажаркүл ол кездері көркемсөз оқу шебері-тін. Табиғи талантын ұштау мақсатында, дәстүрлі ән өнерінің саңлақтары — Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алып, дәстүрлі әншілік жолға түсті. Сол себепті, 1972 жылы «Қазақконцерт» бірлестігіне қайта келіп, 1995 жылға дейін жұп жазбай тер төктік. Осы қарашаңырақта қос халық әртісі — Жүсекең және Ғарекеңмен қызметтес болдым, өнерлеріне қанықтым, ғибратты әңгімелерін тыңдадым. Жалпы, еңбек жолымның барлық кезеңі мен үшін ыстық. Өйткені, өзім сүйген кәсібіммен айналыстым. Ел аралап, халыққа өнерімді тарту еттім. Қазір зейнетке шықсам да, домбыра үйренгісі келетін жас өрендермен жеке сабақтар жүргіземін әрі мектептерде ұстаздық етемін.

- Шәкірт жетістігі — ұстаз мерейі. Мақтан тұтар ізбасарларыңыз көп пе?

- «Жұлдыз» болып кетпесе де, байқауларда лауреат атанып жүрген шәкірттерім жетерлік. Негізі, тәрбие болмаса, оқудың жемісті болуы қиын. Өзім осы қағиданы берік ұстанамын. Еңбегім жеміссіз де емес. Шәкірттерім берілген тапсырмаларға жауапкершілікпен қарауға дағдыланған. Бір жағынан, бұл — ұстазды, үлкенді сыйлау. Кей балалар сабаққа келгенде, жаныма үнсіз тұра қалып, қолдарын ұсынатын. Әдейі байқамаған боп, «Бірдеңе сұрағың келіп тұр ма?» дейтінмін. «Жоқ, сізбен амандасып тұрмын ғой» десе, «Е, онда «Ассалаумағалейкум!» деп екі қолыңды бер» деп қызартатынмын. Осының өзі елеусіз нәрсе сияқты болып көрінгенімен, тәрбие емес пе? Дұрыс сәлемдесу де — әдептілік белгісі. Үлгінің үлкен-кішісі жоқ. Қазақ тілін білмейтін ұл-қыздарына домбыра үйретуді сұрап келетін ата-аналар да аз емес. Сондай балаларға тіл мен ұлттық әдет-ғұрыпты қоса үйретіп келемін. Мұныма ата-аналары да дән риза. Жалпы, сыныбыма оқушылар 8 жастан бастап қабылданады. Менен дәріс алып, мектеп бітірген шәкірттерім — бүгінде академия студенттері. Академиядан түлеп ұшқан жастар да көмек сұрап тұрады. Күйшілер тобын құрып, үлкен сахнаға шығуға дайындалып жүрген шәкірттерім де бар. Әзірге насихаттаушылары болмағандықтан, жарқырап кете алмай жатыр. Дұрыс насихат та тәрбиенің бір түрі. Өскелең ұрпақтың лайықты тұлғаларға, өнерпаздарға еліктегені жөн емес пе? Осы орайда, қазақы үлгідегі насихаттың көшбасшысы болып жүрген «Жұлдыздар отбасы» журналына алғысымды айтқым келеді.

Домбыраларымның бәрін өзім жасаймын

- «Қоржыныңызда» қанша күй бар? Шертпе күй мен төкпе күйдің қайсысы жаныңызға жақынырақ?

- Күйдің қай түрі болса да жаныма жақын. Көңіл-күйіме қарай, бірде лирикалық сарындағы шертпе күймен сырлассам, енді бірде арынды, қарқынды төкпе күймен шабытымды еселей түсемін. Жалпы, 130-ға жуық күйден тұратын репертуарымда халық күйлерімен қатар қазіргі күйшілердің шығармалары да, шетелдік классикалық туындылар да бар.

- Күй «тілін» түсіну үшін оның шығу тарихын білу керек. Балалар әсіресе аңыз тектес күй тарихын қызыға тыңдайтын шығар?

- Дұрыс айтасыз. Шәкірттеріме қандай да бір күйді үйретпес бұрын оның шығу тарихымен таныстырып аламын. Ұйып тыңдамайтыны жоқ. Өзім Абылдың «Абыл» және «Нарату» деген екі күйін ерекше жақсы көремін. Абыл — ХVІІІ ғасырдың соңында Маңғыстау өңірінде өмір сүрген күйші. Сол заманда адайлар көршілес түрікмендермен көп тайталасқан. Мал бағумен айналысқандықтан, барымта да жиі болып тұрады екен. Кезекті барымтаның бірінде Абыл түрікмендердің қолына түсіп қалыпты. Ол жақта той қызып жатса керек, түрікмен шалдарының бірі: «Тұтқындардың арасында домбыра тартатындары бар шығар, сыртқа шығарыңдар, көрейік», — депті. Ортаға шыққан Абыл үндеместен қолына домбырасын алып, күй тарта жөнеліпті. Күй әуеніне елтіген жұрт біраз уақыт үнсіз отырып қалады. Сосын үлкендердің бірі: «Маңғыстауда Абыл атты керемет күйші бар деп естіп ем, сен сол емессің бе?» — деп сұрапты. Оның Абыл екенін білген соң, күй құдіретіне бас иген түрікмендер күйшінің иығына шапан жауып, мал беріп, құрметпен шығарып салған екен. «Абыл» күйінің шығу тарихы осындай.

«Нарату» күйі де ерекше жағдайда туған. Абыл өмір сүрген ауылда Зілқара деген палуан болыпты. Күштілігі сонша, бірде құдыққа түсіп кеткен нарды жалғыз өзі тартып шығарыпты. Осы оқиғаға куә болған Абыл алып күш иесіне сүйсініп, «Нарату» күйін дүниеге әкеліпті-мыс. Осыдан кейін Зілқара да «Нарату» атаныпты. Мен үшін Құрманғазының «Серперінің» де орны бөлек. Кезінде «Қазақконцерт» бірлестігінің ішінен «Серпер» атты күй ансамблін құрғанмын. Дағдарыс тұсында лажсыздан таратуға тура келді. Сол күйдің толық тарихы қағаз бетінде қалмапты. Бірақ күйді ойнай бастағаннан-ақ, өзімді ұшы-қиыры жоқ кең далада жүйрік атпен желге қарсы құйғыта шауып келе жатқандай сезінемін. Күй ортасында төбеге шығып, сәл тыныстап аламын да, қайтадан еңіске қарай шаба жөнелетіндеймін. Мұны Құрманғазы бір серпілген кезінде шығарған болар деп ойлаймын.

- Өзіңіздің күй шығаратын өнеріңіз жоқ па?

- Бар. Алайда ешқайсысын жарыққа шығарған емеспін. Қазір күйлерін өздерінен басқа ешкім тартпайтын күйшісымақтардың да бары жасырын емес. Керісінше, Секен Тұрысбековтың «Ақ жауыны» мен «Көңіл толқынын» білмейтін қазақ жоқ. Міне, күй деген осындай болуы керек! Қазір біреулер Елбасына, лауазымды қызмет иелеріне арнау күй шығаруды үрдіске айналдыруда. Нұрсұлтан Назарбаевтың елге сіңіріп жатқан еңбегі орасан, ол кісі қандай құрметке де лайықты. Дегенмен, тыңдарман жадында қалатын шығарма болмаған соң, бәрі бекер. Өз басым «күйлерім тыңдарманға жетпей қалады-ау» деп қорықпаймын. Үнемі ізденіс пен рухани толысу үстінде жүріп, шығармаларымды шыңдап, жетілдірумен болдым. Енді пайғамбар жасына келген шақта, күйлерімді жарыққа шығаратын кез де жеткен сияқты.

- Домбыраны тапсырыспен шеберлерге жасатасыз ба, әлде арнайы орындардан сатып аласыз ба?

- Осы уақытқа дейін шеберлерге домбыра жасатып көрмеппін. Бәрін өзім жасаймын. Бұл өнерді «Қазақконцертте» қызметтес болған ұстазым Мағауия Хамзиннен үйрендім. Дүкеннен сатып алған немесе гастрольдік сапарлар кезінде ауыл клубтарында сынып жатқан жерінен жинап алғандарымды өңдеп, қайта жасап шығамын. Сүйікті хоббиім де сол. Аспабың өзіңе ұнаса — жұмысың нәтижелі болмақ. Қазір үйде 6-7 домбырам бар. Бірі шертпеге, енді бірі төкпе күйге, тағы бірі ән айтуға ыңғайлы.

- Күй насихатының әлі де кем түсіп жатқаны жаныңызды ауыртпай ма?

- Бүгінде күйші көп және күй өнерінің беделі артып келеді. Бұрын күйшілерге қазіргідей құрмет көрсетілмейтін. Кезінде Орталық комитеттің хатшысы болған Жангелдин деген ағамыздың «бұл аспаптар ескірді, біз Еуропаға, скрипка мен пианиноға мо­йын бұруымыз керек» деген сөзінің кесірінен қобыз бен домбыра назардан тыс қалды. Сондай рухани дағдарыс тұсында, өзі құрған ұлттық аспаптар оркестрін аман сақтап қалған көрнекті композитор Ахмет Жұбанов ағамыздың еңбегі өлшеусіз. Осыдан 20-30 жыл бұрын ауыл-аймаққа гастрольдік сапарға жиі шығатынбыз. Бір ауылға барып, автобустан аспаптарды түсіріп жатсақ, жастар «Домбыраны қоя тұрыңыз, гитара бар ма? Гитара болмаса, келмейміз» дейтін. Содан жарнама қағазына домбыра мен гитараның суретін қатар қоятын болдық. Алайда, концерт кезінде ақ тер, көк тер болып күй тартып жатқанда, жастар «болды, енді гитаристер шықсыншы» деп, жүрегімізді талай ауыртқан. Көненің көзін көрген үлкендер ғана домбыраның қадір-қасиетін ұғынатын. Ол кезеңнен де өттік-ау. Дегенмен, әлі де мықты күйшілердің өзі ауылға концерт қоюға барса, халықты көп жинай алмасы анық. Осы орайда, жас күйшілерден Асылбек Еңсеповті айрықша атап өткім келеді. Ауыл жұртын түгел жинай алатын күйші — сол. Бір ғана «Балалық шақ» деген күйінен кейін қаншама бала домбыра үйренуге қызыға бастады. Бұл — оның мықтылығы. Асылбектің жаңашылдығын түсінбейтіндер түрлі әңгіме айтады. Рас, «Асылбек күй өнеріне «дэкко» бағытын алып келді» дейміз. Алайда, сонау 80-жылдары күйді, классикалық туындыларды эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындауды сахнаға алғаш әкелген мен едім. Кезінде радиоға да жаздырғанбыз, арнайы телефильм де түсірілген. Талантты інім қазіргі техниканың мүмкіндіктерін пайдаланып, сахнада құлпыртып жүр.

Жүсекең мен Ғарекеңе сүйікті іні болдым

- Әйгілі Ғарифолла, Жүсіпбектердің көзін көрген жансыз. Ол кісілерден алған өмірлік сабақтарыңыз да аз болмаған шығар?

- Рас, ардақты ағаларымнан алған өмірлік азығым мол. Жүсекең мен Ғарекеңнің менен 30-40 жастай үлкендіктері бар еді. Ол кезде 20-21-дегі жігітпін. Жастықпен қадірлерін біле де алмаған сияқтымын. Ғарекең — Батыстың, Жүсекең — Арқаның әншісі-тұғын. Екеуі бір-бірімен әзіл-қалжыңы жарасып, қатар жүретін. Жүсекең сабырлы кісі болса, Ғарекең жылдам қозғалатын адам еді. Олардың өмір сүру дағдылары да, көзқарастары да, халықпен араласулары да, тіпті дастархан басында өздерін ұстау мәдениеттері де бізге үлгі-өнеге болды. Жүсекең жас айырмашылығымызға қарамастан, мені үнемі қасына ертіп жүретін. Әзіл-қалжыңы жарасқан аға-інідей болдық. Маған ұрысқанда көбіне «Ұзын кісіде ақыл болмайды» дейтін. Күлетінмін де қоятынмын. Бірде тағы да сол сөзді айтып еді, әдейі «Аға, Дінмұхамед Қонаев менен де ұзын кісі ғой, сонда сол кісіде ақыл жоқ па?» деп едім, «Өй, тыныш отыр!» деп көзі бақырайып, шошып кетті. «Ол кісіде нең бар? Сенде шынымен ақыл жоқ екен ғой. Димекең — ерекше жаратылған адам. Енді мұндай сөз айтушы болма!» деп қатты ескерткен. Дегенмен, содан кейін маған «Ұзын кісіде ақыл болмайды» деп айтпайтын болды (күлді).

Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Гастрольдік сапарларда ауыл адамдары өнерпаздарды құрметтеп күтетін. Және дастархан үстінде міндетті түрде 2-3 шөлмек тұратын. Жүсекең ішімдікті аузына татып та алмайтын, бірден «алып кетіңдер ананы» дейтін. Ал менің жастау кезім, «анаған» аса кет әрі емеспін. Бірде бір ауылда жастау парторгтың үйінде қонақта отырғанбыз. Жүсекең әдеттегідей «алып кетіңдер ананы» дей беріп еді, мен үй иесіне: «Тоқтай тұрыңызшы, менің 100 грамм ішетінім бар еді», — деп едім, шөлмегін қыса ұстаған жас жігіт қасыма отыра кетті. Содан бір стаканды тартып кеп жібердім. Байқаймын, Жүсекең қабағы түйіліп, төмен қарап отыр. Бірақ ештеңе айтпады. Ертеңіне тағы бір үйге кіргелі тұр едік, Жүсекең бізді қарсы алып тұрған жас келіншектен «Келін, қарағым, осы үйде арақ бар ма?» деп сұрады. Келіншек «О не дегеніңіз, аға, бар, бәрі дайын тұр» деп жік-жапар болып еді, аға мені көрсетіп, «мына бір ұзын қараға жүз грамсыз тамақ батпайды, осыған дайындап қойыңдаршы» дегені. Бетімнің оты шықты. Сол оқиғадан кейін ұялғанымнан ащы суға жоламайтын болғанмын.

- Екеуі бір-бір дәстүрлі ән мектептерінің көшбасшылары ретінде өзара ән жарыстарын ұйымдастырушы ма еді?

- Екеуі концерттерде өз шәкірттерін алма-кезек сахнаға шығаруға ұмтылатын. Ол кезде телевидение, радионың пәрмені аз, бір мектептің әнін тыңдаған адам екіншісін түсіне бермейтін. Бірде Жүсекең Атырау жаққа гастрольдік сапарында, Біржан сал, Ақан серілердің біраз әндерін айтып, көсіліпті. Сөйтсе, ақсақалдар: «Жарайды, рахмет, енді қазақша ән айтшы», — депті. Соған ренжіген Жүсекең содан кейін батыс жаққа бармай кетіпті. Уақыт өте насихат күшейіп, екі мектептің өнерпаздары бір-бірімен жақсы араласа бастады. Бұрын батыстықтар «Адайды» тартпасаң, сахнадан қуып жібере жаздайтын, қазір «Тәттімбеттің күйін тартшы» деп сұрайтын болды. Қуанатыным, сол екі мектеп өз дәстүрін әлі күнге дейін сақтап келе жатыр.

- Балаларыңыз домбыраның қадір-қасиетін қаншалықты ұғынады?

- Жоғарыда айтып өткен Жангелдин секілділердің кесірінен, домбыраның бағасы арзандаған тұста, біздің де күнкөрісіміз нашарлады. Сол себепті, үш қызымның да басқа аспаптар бо­йынша білім алғанын қалап ем. Бүгінде соныма өкінемін. Дегенмен, үш қызым да — консерватория түлектері. Үлкен қызым Гүлбаһрам мен кенжем Айнұр — фортепьяно сыныбын, ортаншы қызым Гүлнара скрипка сыныбын бітірген. Қазір Ахмет Жұбанов, Күләш Байсейітова атындағы музыка мектептерінде оқытушы болып қызмет етеді. Алдағы уақытта отбасылық музыка мектебін ашқымыз келеді.


Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Пікірлер