Қарағанды қаласында 4 қарашада жаңа жыл түні "Древний Рим" мейрамханасындағы төбелес бойынша сот үкімі шықты. Осы төбелесте 23 жастағы жергілікті тұрғын Рахымжан Жансейіт қаза болған еді.
Айыпталушы 23 жастағы Юсиф Нурулуды сот кінәлі деп танып, 19 жылға бостандығынан айырды. Үкім шыққан кезде денсаулығы нашарлаған Нурулудың анасын дәлізге әкетті. Ол ұлының кінәсіздігін айғайлап айтты.
Қылмыстық іс бойынша барлығы 13 адам сотталды. "Бұзақылық жасады" деп айыпталған 12 адамның төртеуінің әрқайсысын 3 жылға бас бостандығынан айырды. Алты айыпталушының бостандықтары төрт жарым жылдан шектелді. Жәбірленуші тараппен бітімге келген екі адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сотталған төрт адам, үшеуі Армения, біреуі Өзбекстан азаматы жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағынан шығарылатын болды және әрі қарай бес жыл бойына Қазақстанға келуге тыйым салынды.
Тергеу мен сот поцесі кезінде кепілмен бостандықта жүрген айыпталушы Щ. Ильяны сот залынан қамауға алу туралы шешім шығарды. Үкім сәтіне қатыспаған Щ. Ильяға жеке қаулы шығарылады.
Бұған дейінгі жарыссөз кезінде прокурор 23 жастағы Рахымжан Жансейітті өлтірді деп айыпталған Юсиф Нурулуны 20 жылға бас бостандығынан айырып, айрықша тәртіптегі түзету колониясына жіберуді, қалған 12 айыпталушыны алты жылға бас бостандықтарынан айырып, жалпы режимдегі түзету колониясына жіберуді сұраған болатын.
Айыпталушылардың кейбірі тағылған айыпты ішінара, кейбірі толық мойындаған. Оқиға кезінде қаза болған Рахымжан Жансейіттің әкесі 30 миллион теңге моральдық өтемақы алғанын айтқан.
«Древний Рим» мейрамханасындағы төбелес пен кісі өлімі жайлы сот процесі қыркүйек айында басталған. Рахымжан Жансейіттің денесі 1 қаңтарда, мейрамханадағы төбелестен кейін бірнеше сағаттан соң табылған. Айыптау актісінде оның қан кетіп қайтыс болғаны көрсетілген. Бұрын тергеу барысында Рахымжан Жайсейітті бірнеше адам жабылып ұрып, пышақтағаны айтылған. Төбелес кезінде барлығы бес адам пышақталған.
Айыптау мәліметіне қарағанда, төбелес кезінде екі айыпталушы пышақ қолданған. Юсуф Нурулы үш адамды, Г. Нарек екі адамды пышақтаған. Г.Нарекке осы оқиғадан кейін іздеу жарияланып, Ресейде ұсталған. Әлі Қазақстанға экстрадицияланбаған Г.Наректің ісі бөлек қаралады.
"Древний Рим" мейрамханасындағы жаппай төбелес пен кісі өлімі Қазақстан қоғамы мен кейбір шетелде түрлі реакция тудырған. Әлеуметтік желілерде "төбелеске армян диаспорасының өкілдері қатысты" деген ақпараттар тараған. Қазақстан билігі мен Армян билігі мұны "тұрмыстық жанжал" деп атап, "ұлт аралық қатынас" деп сипаттамауға шақырған.