Home » Жаңалықтар » Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы Қырғыз елінде тойланды

Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы Қырғыз елінде тойланды

Қырғыз елінде тарихшы, фольклоршы, географ, этнограф Шоқан Шыңғысұлының мол мұрасына арналған көрме ұйымдастырылып, Халықаралық конференция өтті.  Бүгін Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында әйгілі қазақ ғалымы, этнограф, тарихшы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы мен қырғыздың мемлекет қайраткері Боранбай бидің 235 жылдығына орай салтанатты шаралар өтті. 

Түркі академиясы Халықаралық ұйымы мен Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткен салтанатты шаралар барысында «Шоқан Уәлиханов және Боранбай би. Тоғысқан тағдырлар» атты Халықаралық конференция, мәдени концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. А.Малдыбаев атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық опера және балет театрында болған «Шоқан Уәлиханов және Боранбай би. Тоғысқан тағдырлар» атты жиынды осы елдің Ұлттық ғылым академиясының президенті Абдығаны Эркебаев ашты. Артынша екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, маңызды шара жалғасын тапты. Өз кезегінде сөз алған Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырәлі бұл шараның бауырлас қос елдің тарихи және мәдени ынтымағын арттырудағы маңызын атап өтті. «Бізге Қырғыз елі Боранбай бидің, Шоқан Уәлихановтың мерейтойларын өткізу туралы ұсыныс жасағанда біз қуандық. Ол ең біріншіден бауырлас қос елдің тарихы мен мәдениетін жақындастырып, әйгілі тұлғаларымыздың тарихта алар орның ұрпаққа танытатын шара екен деп»,-деді Д.Қыдырәлі. «Түбі бір туыс халықтар арасындағы байланыстарды тереңдетуге, түркі интеграциясының нығаюына және әдебиет саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін» Осмонакун Ибраимовты Түркі академиясының Құрмет грамотасымен және Жанкороз Каниметовты «Тұғырлы тұлғаларды ұлықтауда қосқан зор үлесі үшін» Алғыс хатымен марапаттады.  Қырғыз Республикасының Президент аппараты, ҚР Жоғарғы Кеңесі мен Қырғыз Үкіметінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдар, тарихшы-этнограф ғалымдары қатысқан айтулы шараға Қазақстан тарапынан бір топ мәртебелі делегация қатысты. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері кеңесінің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. Болат Көмеков, «Мәдени мұра» журналының бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы қос тұлға жайында баяндама жасады.  Манас атындағы Қырғыз-Түрік университетінің профессоры Қадыралы Конқабаев Шоқан Уәлихановтың қырғыз тарихында алар орнына тоқталып, Қырғыз тарихын, әдебиетін, мәдениетін әлемге паш еткен ең бірінші тұлға екенін баса айтты. «Бүгін Қырғыстандағы ең киелі қара шаңырақ А.Малдыбаев атындағы балет және опера театрында үлкен салтанатты жиын болып жатыр. Екі елдің тарихи тұлғаларының мерейтойын өткізіп, үлкен салтанатты жиын жасауы ең маңызды ұлттық шаралардың бірі ретінде бағалауға болады. Себебі қырғыз бен қазақтың бір-біріне егіз ел екені тарихтан белгілі. Егерде қиырдан дұшпан келіп қалса, қазаққа қырғыз келіп, қырғызға қазақ келіп жәрдем бере алатыны, ақиқат. Ал енді Шоқан Уәлихановқа тоқталар болсақ. Ол кісі өте білімді, сауатты тұлға болған. Орыс, қырғыз, түрік және тағы басқа көптеген тілдерді білген. Қарасаңыз біреуінің білімі жоқ, бірақ бір елдің көсемі болған, екіншісі білімді, дүниеге бір жаңа жол ашатын шамшырақ болған. Екеуі қырғыз бен қазақтың туыстық дәнекерін байланыстырып, шығармашылық орталықты нығайтқан. Сондай-ақ Шоқан Уәлиханов Қырғыз тарихын Еуропаға, Ресейге, әлемге танытқан. Оның батырлық жыры “Манасты” танытқан. Басқа қырғыз шығармаларын танытқан. Тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын танытқан ең бірінші тұлға ретінде Қырғыз тарихында өлшеусіз үлесі бар. Сондықтан бүгінгі маңызды шараның Қырғыстан астанасы Бішкек те, Шолпан-Ата қалаларында өтуі маңызы жоғары деп білемін. Бұл әлі-де жалғасын тауатын ең маңызды тарихи күндердің бірі болады»,-Қ.Қонқабаев.  Сондай-ақ Түркі мемлекеттері кеңесінің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов Түркі академиясы Халықаралық ұйымының маңызына тоқталып, келесі алтыншы саммит Қырғыстанның Ыстықкөлінде өтетінің айтып өтті. «Түркі академиясы Халықаралық ұйымы түркі дүниесін ұйыстырып, жақындастыру, бір-біріне тек қана мәдениет жағынан ғана емес, экономика жағынан, ақпараттық кеңістік жағынан да, басқа салалардан да бірігіп, иықтасып, тізерлесіп бірге жүруді міндет тұтатын ұйым. Ұйымның бесінші саммиті биыл Астанада өтті. Оған ел басыларыңыз Алмазбек Атамбаев келіп қатысты. Алла қаласа келесі саммитіміз ыстық көлдің жағасында болайын деп тұр. Бүгінгі Шоқан менен Боранба й биге қойылатын ескерткіш белгі сол саммиттің кезінде ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Жаңа сөйлеген азаматтардың сөзі бір жерден шығып жатыр. қырғызға да, қазаққа да ортақ ата сөзі бар: “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” біздерді ешкім ажыратып ала алмайды. Тіліміз де бір, діліміз де бір, тарихымыз да, мәдениетіміз де ортақ. Осындай ортақ құндылықтарды бірге ұлықтап, бірге тойлап жүрсек одан артық ешқандай екі елді жақындастыратын шаралар болмас еді. Еліміз аман болсын, екі елдің арасындағы бірлік пен ынтымақ өрлей берсін»,-деді Ә Ахметов өз баяндамасында.  Бұдан бөлек, осы салтанатты шара аясында Шоқанның өзі салған суреттері мен кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Шара соңы Қырғыз Республикасының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Айта кетер болсақ, Шоқан қырғыз елінде 1857 жылы, Қашқария сапарының алдында болып, 1856–1857 жылдар аралығындағы сапарларының негізінде «Қырғыздар жайындағы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Ыстықкөлге бару сапары» атты ел назарын өзіне бірден аударған әйгілі еңбектерін жазған. Қырғыздың әйгілі «Манас» батырлық жыр-дастанын тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, әлемге танытқан. 


Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ,

 Қырғызстан-Бішкек


Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

21 мың теңге бермегені үшін екі баласын әкімдікке тастап кетті

Келіншек әкім орынбасарынан әлеуметтік көмектің екінші тоқсанына құжаттарын тезірек өткізіп беруін өтінген  Жалғызбасты ана екі ...