«Біржан деп атым шықты алты алашқа»

4183
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Біржан деп атым шықты алты алашқа» атты қазақтың біртума сал-серісі Біржан Қожағұлұлының әндерінен кеш өткен болатын. Осы концерт барысында әнші-композитор туралы бірталай тың деректер айтылып, жарыққа шықпаған кейбір туындылары алғаш рет орындалды. Туған жері Көкшетау өңірінен Біржанның шөбересі Марал Мұхамедқалиұлы Теміртасов арнайы келіп, атасы туралы сыр шертті. Біз бүгін халық композиторы, айтыскер ақын туралы бұрын-соңды айтылмаған тың да маңызды мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:
- Біржан сал шығармашылығы осы уақытқа дейін ел жадында ұм­тыл­май, қымбат қазынадай қастерленіп, халық өнерпаздарының алтын сандық кеудесінде сақталып келді. Ком­по­зитордың біздің заманымызға әртүрлі нұсқаларын қоса есептегенде, алпыс­тан аса әні жеткен. Аталмыш ән ке­шінде 20 өнерпаздың орындауында 30-ы орындалды. Бұл — Біржан сал шы­ғармашылығы тұңғыш рет то­лықтай тыңдарман назарына ұсы­нылды деген сөз!
Біржанның «Мамакең Айтбай десе күлімдейді, Сұр жорға астымдағы сү­рінбейді. Аққудай аспандағы жүз құбылтып, Сал Біржан ән салуға ерін­бейді» деп келетін «Айтбай» әнін алғаш рет әнші Еркін Шүкіманов жұрт назарына ұсынды. Ал «Базарың құтты болсын, ардақты елім» деп бастау алатын қазіргі айтылып жүрген нұс­қасының сөзі кезінде «Біржан Сара» операсына лайықталып, арнайы жазылғаны белгілі. Біржанның тағы бір шығармасы «Ақтентектің әні» деп аталады. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Әбікен Хасеновтің шәкірті Сәкен Әбішев деген қарт күйшіге орындап бергенімде, ол кісі маған тарихын әңгімелеп берген болатын. Сәкен күйші аталған шы­ғарманың Қарағанды облысы, Шет ауданында өмір сүрген Ақтентек серіге, оның бірінен-бірі өткен сұлу қыздары: Шұға, Мақпал, Ажар атты аруларға арналғанын айтқан еді. Біржан осы әнді Ақтентек серіге сәлем беруге барған сапарында шы­ғарыпты. Өкініштісі, бұл жолы Ақтентек пен Біржан салға кездесудің сәті түспейді. Ақтентек серінің өзі де ел аралап, салдық құрып кетсе керек. Біржан тобын Ақтентектің ақылды, көрікті, өздері де өнерпаз қыздары күтіп, шығарып салыпты. Осылайша, «Ақтентектің әні» дүниеге келген деседі. «Ақтентектің әні» музыкалық құрылымы жөнінен Айбозыммен туыс ән. «Айбозым» Біржанның жасы ұлғайғанда дүниеге келген әні екені белгілі.
Сол сияқты Біржан салдың бұрын еш жерде айтылмай, халық әнші­лерінің орындауында нотаға түсіп, Бір­жан салға арналған ән жинақ­та­рында ғана немесе «Қазақ радиосы» мен мұрағаттарда сақталған «Дү­ние», «Керкекіл», «Бірлән», «Құяң бел», «Ақжорғажан», «Мәті Дәулен», «Қуандық», «Біржан сал ақын», «Біржан салдың соңғы әні», «Мінезі жүйрік аттың соқпа-соқпа» және Абайдың сөзіне шығарылған әндер делініп жүрген «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Жасымда ғы­лым бар деп ескермедім» деп ата­латын бірнеше әндері тұңғыш рет жарыққа шығып отыр. Жалпы саны — 12 ән. Демек, аталмыш шарада шыр­қалған әндердің жартысына жуығы тың дүниелер болды. Бұл әндердің барлығы «Адырна» этнографиялық бірлестігінде әнші Жоламан Құ­жимановтың ұстаздық етуімен жас әншілерге үйретілді.
Бір айта кетерлігі, аталған ән­дердің біразының шығу тарихы сақ­талмаған. Сақталғандарының өзі адамды қилы-қилы ойға жетелейді. Мәселен, «Қуандық» әнін алайық. Біржан Сарамен айтысқан кезде, өзін «Сайраған Орта жүздің бұл­бұлымын, Арғынның Алтай-Қарпық ақтангері» деп таныстырады. Яғни бұл жерде Біржан өзін «Арғынның Қуандық тайпасынан тарайтын Алтай-Қарпық еліненмін» деп тұр. Ал, шын мәнінде, Біржанның руы Керей, оның ішінде Ақсары, одан Көшек болып тарайды. Көптеген деректерде «Біржан өзінің кедейлігін жасыру үшін Арғынның Алтай руының атынан айтысты» делінеді. Бірақ менің ойымша, қазақтың рулық жүйесімен келгенде Керейдің жолы Найманнан кіші, олай болған жағдайда Сара ата жолын алға тар­тып, Біржанды бет бақтырмауы мүмкін еді деп топшылаймыз. Қалай болғанда да, кезінде музыка зерттеу­шісі Тымат Мерғалиев сонау алпы­сын­шы жылдары Жаңаарқалық ән­ші-қарттардың аузынан жазып алып, нотаға түсірген, кейін әнші Қай­рат Байбосынов тұңғыш рет орын­даған Біржан салдың «Қуан­дық» әнінің тарихында біраз сыр жатқандай.
Біржан салдың тағы бір әні — Мә­ті Дәулен. Мәті Дәулен — тарихта бол­ған адам. Он екі мың жылқы біт­кен аса дәулетті кісі екен. Оның ба­ласы Мұсабек қажылыққа барған сапарында Меккеде қайтыс болыпты. Ал Мұсабектің баласы Шәріп те қажыға барғандықтан, заманында Шәріп қажы аталған. Осы Шәріптің қарындасы Мұқыш сұлуды Ақмола мен Аққөлдің ортасында Ащылы Айрық деген өзеннің бойында белгілі әнші-композитор Ғазиз Файзоллаұлы алып қашқан. Кейін бұның арты үлкен дау болып, ол дауға атақты Балуан Шолақтың қатысқаны тарих­тан белгілі. Біржан салдың Мәті Дәу­лені де тұңғыш рет халықпен қауыш­ты. Шөже ақын бір сөзінде «Қазақта бір құтым бар, Мәті Дәулен, ішінде барлық қазақ жалғыз сәулем» дейді. Сондай-ақ Абайдың сөзіне Біржан сал шығарды деген «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» және «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген екі ән туралы деректердің бір-бірімен керағарлығы бізді дүдамал ойларға қалдырып тұрғанын жасыра алмаймыз. Мәселен, Абай өзінің «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңін 1885 жылы жазған. Ал Біржан салдың Абаймен кездескен оқиғасы 1868 -1869 жылдары болған. Өйткені Біржан сал мен Сара айтысы 1869 жылы өткен деген дерек нанымдылау. Біржан сал Абайға осы Жетісуға бара жатқан сапарында кездескен. Бірақ кей деректер Абай мен Біржанның Шыңғыстау өлкесіндегі Барлыбай жайлауындағы кездесуі 1875 жылы болған дейді. Жазушы Асқар Сүлейменов ағамыз да өзінің «Адасқақ» атты шығармасында осылай деген. Ал енді Абайдың Лермонтовтан аударған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты өлеңі 1898 жылы жазылған. Бұған шығарылған Рубенштейннің романсы да бар. Бір қызығы, бұл өлең жазылған кезде Біржан сал өмірде жоқ, ол кісі 1897 жылы қайтыс болып кеткен болып тұр. Кейбір зерттеушілер Біржан мен Сара айтысы 1896 жылы болған деген пікірді көлденең тартады. Өйткені Сараның өзі 1878 жылы дүниеге келген дейді. Олай болуы мүмкін емес дер едік. Себебі Төребай мен Сараның айтысында Тө­ребай ақын Сараның Біржанның қа­лай айтысқанын қай жылы ай­тысқанына дейін өлеңге айнал­ды­рады. Төребайдың дерегіне сүйенсек, Сара 1853 — 1954 жылы туған болып шығады. Ме­ніңше, осы деректің жаны бар және дұрыстау. Сол кезде Бір­жан — Сара айтысын жазып шығарды дей­тін Әріп ақын 7-10 жас шамасында ға­на. Әріп ақын 1924 жылы 62 жа­сында қайтыс болды. Бірақ Әріп ақын 1882 жылы Қазақ — Қытай шекарасын бөлген кезде (ол кезде орыс — қытай шекарасы), сол экспе­дицияның құрамында болып, Сара ақынның өз аузынан айтысты жазып алған деген деректер бар. Сондай-ақ «Біржан — Сара» айтысын тұңғыш рет өткен ғасырдың басында баспадан басып шығарған Жүсіпбек Шайхо­лисләмұлы да өзінің айтысты Сара­ның өз аузынан жазып алғанын жа­зып кеткен. Айтыста Біржан Абайды «жас жолбарыс» деп суреттейді. Бұ­ның өзі айтыстың 1869 жылы бол­ғандығына айғақ болғандай. Өйткені айтыс 1896 жылы болар болса, бұл кезде мосқал тартып қалған Абай ақын «жас жолбарыс» деп суреттел­мес еді. Айтыстың болғанына тағы бір дерек: жазушы Сәбит Мұқанов Біржан салдың ағасы Нұржанның Ахметжан деген баласына кездесіп тілдескенін, сол жолы Ахметжан Жетісуға Біржанға атқосшы болып барғанын, айтысты көзімен көргенін жазушыға естелік қылып айтқан.
Менің өз басым Ешкіөлмес деген тауға арнайы бардым. Оразхан деген кісі мені арнайы апарып, тура ай­тыстың болған орнын көрсетті. Ол жерді күні бүгінге дейін «Тоғыз­құмалақ» деп атайды екен. Осының бар­лығы Біржанның Абай өлеңдеріне сөз жазды дегеннен туған пікірлер. Бірақ қолда бар деректердің бір-біріне қайшылығы Абай өлеңдеріне Бір­жан сал ән шығарды деп кесіп ай­туға қол байлау болып тұрғаны да шын­дық.
Тағы бір үлкен мәселе, Біржан салдың жерленген жері жөнінде. Бұл тура­сында кезінде қайшы пікірлер көп болған. Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізейін деген мақсатпен, 90-жылдардың орта ке­зінде Көкшетауға бардым. Сонда Біржан салдың мүрдесінің қай жерде жатқанын білетін мұсылманша-орысша сауатты бір зиялы қарияға кездестім. Ол кісінің әкесі Біржан өлгенде жерлеу шараларының ішінде болған. Білетін ақсақалдардың қар­сылығына қарамай Біржанға басқа жерден бейіт соқтырған соң, әлгі қарияның әкесі «сен енді бұл жерді өзің біліп жүр, кейін заман жақ­сарғанда елге көрсетерсің» деп табыс­тайды. Сондай-ақ сол жолы Біржан салдың кешке жақын шығып ән айтатын Бұзау төбесін де көрдім. Осы жерден шырқаған Біржан сал­дың әні 14 шақырымға жетеді екен. Одан кейін ол кісі маған атақты Қо­жағұл бұлағын көрсетті. Бірақ бұ­лақтың қазіргі жағдайы өте аянышты, тіпті адам шошитындай… Бұлақтың айналасын бір белсенділер бульдо­зермен айғыз-айғыз күретіп тастапты. Көзі бітеліп қалған кәусарда бір тамшы су жоқ, мүлде кеуіп қалған.
Гитлер әлемді өзінің төрт бірдей жандайшабымен жаулай алған жоқ. Немістер әлемді өздерінің төрт ұлы композиторы: Бах, Гайдн, Моцарт, Бетховендердің дарынымен жаулады. Тәңір бізге Біржан сал, Мұхит, Ақан сері бастаған, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей бастаған толып жатқан дүниежүзінде теңдесі жоқ әлемдік музыка алыптарын берді. Бірақ Тәуелсіздік алған Қазақ елі осыншама мол мұраны әлемдік мәдениеттің жауһарына айналдырмақ түгілі, жалпы қазақтың рухани азығы қыла алмай отырған жағдайымыз бар. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған халқы­мыздың ұлы композиторы Біржан сал туралы игі шара халық музы­касына деген жаңа бетбұрыстың ба­сы болғай.

Тұрсынбек КӘКІШЕВ, академик:

- «Біржан — Сара» опе­расының қалай жа­зылғанын білетін адаммын. 1944 жылы Ақмола қала­сына қазақтың ұлы ком­позиторы Мұқан Төлебаев келіп, Қосымжан Баба­қов­тың үйінде бір ай жат­ты. Сол уақытта мен Қо­сымжан Бабақовпен бірге Ақмоланың облыстық театрында жұмыс істеп, үйінде бірге тұратынмын. Күн сайын екеуі түнгі бір-екіге дейін жұмыс істейтін. «Біржан — Сара» операсы осылай дүниеге келген. 1946 жылы туынды үлкен сахнада қойылғанда да алғашқы тыңдаушыларының бірі болдым. Бұл — мен үшін үлкен мақтаныш. Біржанның мұрасы қазақ бар жерінде мәңгі жасай береді деп сенеміз.
Марал ТЕМІРТАСОВ:
- Менің әкем — Мұха­мед­қали Біржанның ұлы Теміртастың баласы. Яғни мен Біржанның шө­бересі болып келемін. Асыл, Ақықтан ұрпақ бар-жоғын анық білмеймін. Бар болған күнде де бай­ланысымыз жоқ. Темір­тастың кіндігінен бір қыз, бір ұл тараған. Қуғын-сүргін зобалаңы Біржан сал ұрпақтарын да айналып өтпеген. Атамыз шахтада жұмыс істеп жүріп, «халық жауы» деген жаламен бір түнде Сібірге айдалып кетіп, сүйегі сол жақта қалыпты. Әжеміз туралы да нақты дерек жоқ. Әйтеуір әкеміз Мұхамедқали аман-есен соғыстан кейін елге оралады. Төрт ұл өсір­ген. Ол кісінің әжептеуір қоңыр дауысы болатын. «Теміртасты» айтып отыратын.

Әкеміздің айтуы бойынша, Біржан атам 16 жасында түс көріпті. Сонда бір қария «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» деп сұраған көрінеді. Сонда ол «Атамның 1500 жылқысы бар, маған өлең керек» деген екен. Таңертең тұрса, өне бойын өлең кернеп жа­тыпты. Содан бастап өнерді жанына серік ете­ді.

Атамыз жап-жақсы ән шырқағанымен, қара­пайым тіршілік кешкен. Ол заманда оны «Бір­жанның немересі» деп ешкім әспеттей де қой­маған.
Өзім 7-сыныптан бері спортпен айналысамын. Мектепте дене шынықтыру сабағының мұға­лі­мімін. Бізге өнер дарымапты. Дегенмен ағамның аздап ән салатыны бар. Балаларымыз талпыныс жасап жүр. Құдайға шүкір, Біржан атамыздың бес шөпшегі мен үш туажаты өсіп келеді.

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ, белгілі ақын, Біржанның аталас туысы:

- Біржанның суреті деп көріп жүргеніміз анық өзі емес. Ешкім ол кісіні арнайы түсірмеген. Кеңес заманында басына ес­керткіш орнату үшін «Бір­жанның суретін табыңдар» деген бұйрық болған екен. Біздің елде аудандық мәдениет бөлімін басқарған Әшкен деген азамат бар-тын. Жаны қысылғаннан өз атасының бейнесін берген көрінеді. Кейін өзі бірнеше рет «Біржан деп жүргендерің менің атам» деп күлетін. Оны өзіміз де білетінбіз. Мүсінші Төлеген Досмағамбетовтің қолынан шыққан екі ескерткіш Көкшетау қаласында және зиратының басына орнатылды. Ондағы бейне Теміртастың баласы Мұқаметқали ақсақалға ұқсайды. Суретші сол кісіге қарап отырып, образын жасаған. Қыр мұрынды, шоқша сақал, домбыра ұстап тұрған кісі Біржан сал емес. Бұл — айтылуы тиіс шындық.
Тағы бір, сөз жүзінде қалып келе жатқан мәселе, Еңбекшілдер ауданы «Біржан сал» деп аталуы тұрғысында. Бірде Елбасы Көкшетауға келгенде ақсақалдар «Еңбекшілдер» ауданын Біржан сал ауданы деп атасақ қайтеді?» деп сұрақ қойды. Президент: «Ұсыныңыздар, қолдаймыз» деді. Содан ұсыныс жіберіліп, ол қаралып, үш-төрт жыл бұрын оң шешім шыққан. Бірақ соның аяғы сиырқұйымшақтанып, заң өзгеріп, жекелеген кісі аттары жер-су атауларына берілмейтін болды. Бірақ алғашқы шешім кейінгі заң шыққанға дейін жүзеге асуы керек еді. Сол бойы бұл бастама аяқсыз қалды. Сал-серінің мерейтойлары да, өкінішке қарай аудандық, облыстық деңгейде ғана өтіп келеді.
Алдағы уақытта осы жағы ескерілсе…


Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА, «Айқын».

 

 

Пікірлер