Екі-үш жылдың алды болу керек, айтыс өнерінің бүгінгі деңгейге жетуіне көп күш жұмсаған шәр ақын Жүрсін Ермановқа отызға жетпей опат болған Оразалы сақи Досбосынов туралы мақала жазып беруге қолқа салдық. Бірақ, Жүкең келісім берген мезгілден мақаланы кешіктіре берді. Бір-екі мәрте қоңырау шалдық. Күндердің күні Жүкең редакцияға келді, қолында «Құлмамбеттің құлыны» дейтін дегдар эссе бар.«Әй, інім-ай, Оразалы туралы жазу маған қаншалықты азап екенін сезінесің бе? Жағымды сауып отырып Жарылқасынның баласы жайлы естелік жазу үш ұйықтасам түсіме кіріп пе еді?» – деп басталатын құсни-хат жоқтаудың кешіккендегі мінәйі себебін сонда барып түсіндік.
Жадымызға Әбдіраштың Жарасқанының Сағат Әшімбаевтың болмысына қашаған:
– Мақтау өлең жазайын деп жүргенде,
Жоқтау өлең жазғызғаның неткенің? – дейтін эпитафия жолдары орала берді.
Тұл айғырдың құйрық тұқылындай ғана мынау бес күн жалғаннан Оразалы шайыр Досбосыновтың көшкеніне де біршама жылдың жүзі болыпты-ау…Қазақтың алдаспанына баланатын айтыс өнерінің тарихында 2004 жылдың 31 қазаны қаралы күн болып қалды. Сонау Кеңестер дәуірінің кемесі бодан ұлттардың РУХ атты алып айсбергіне соғылып қайраңдап қалған шақта, ескі мен жаңаның тартысы шарпысып тұрған тұста кебісін өкшелей кисе де ұлттық жауапкершілікті анық сезінген қазақ руханияты Азаттықтың көк туын тіктеуге көмекке келді. «Жүрегім мен зарлымын жаралыға» деп ысқышынан от шашқан қобызын қолына алып Бекболаттың күңіренгені сол тұс болатын. Көмейіне күн сәулесі түскен Рамазан әншінің майдақоңыр әуені Алты алаштың желбіржекен жұртын өз ырғағымен әлдилеп бастаған шағы. Бұл – нарық пен наубайхананың екі ортасын жол қылған қалың бұқараның кітап патшалығынан алыстап қалған кезі еді. Сол тұста осы бір бос қалған кеңістіктің бір пұшпағындағы рухани міндетті атамұра айтыс өнері қолға алды.
Бұл, бәлкім, үлкен сөз болып шығуы да мүмкін, алайда айдың қиығындай ғана ақиқат осы.Қайта құрудың «қызуы» буынға түсіп, қос қоғам қалың әлеуметті қақпақылға салып жатқан әлгі бір елең-алаң тұста талантының түбінде қалғып жатуды қош көрмеген баһадүрлер алдаспанын оңды-солды сермеп айтыс аламанына лап қойды. Олар осы бір арда өнерге бетбұрыс әкелуден бұрын, халықтың басылып қалған рухын көтеруді алдарына бағдаршам етті. Айтысты мазмұн жағынан ғана емес, пішін, түр, ұлттық ұстын, дәстүршілдік, қыл аяғы жариялылық тұрғысынан түбегейлі өзгертуге қадам жасады. Ол жемісті болды да. Мұны неге айтып отырмыз? Айтыс өнерінің бүгінгі жасауылдарына даңғыл жол салып берген сол азаматтардың біразының ғұмыры келте қайырылды. Олар: атамұра өнерге тұтқиылдан «илигайлап» кіріп, қапыда қарақшылар қолынан мерт болған жаркенттік жампоз Жандарбек Бегімбетов, елдік мұратты, ұлттық рухты Есілдің ерке ағысының арнасымен қазақ сахнасына шығарған, қапелімде ажал жастығына бас қойған Ерік Асқаров, жанына Кандагар мен Кабул ерте жара салған, әзіз басын айтысқа келіп көтерген жамбылдық қабылан Әзімбек Жанқұлиев.Өкінішке қарай, ойда жоқ жерден құйрықты жұлдыздай Оразалы ағып түсті.Небары жиырма бір-ақ жасында тағдыр-тұзы таусылған жамбылдық Артығали Ыбыраевтың:
– Адамдар сыйған табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды, – деген жыр жолдары жүректі жиі түрткілейді.
Біз кейде жалпақшешейлікке салып, шығармашылық тұлғалардың өзіне лайықты бағасын бермей жатамыз. Қазақ өлеңінде орда бұзар шағына дейін өз орындарын айқындап кеткен, «сөз өнері дертпен тең» дегенді жеріне жеткізіп беріп кеткен қос ақынның тағдыры туралы жиі ойға қаламыз. Оның бірі – қазақ өлеңінде төңкеріс жасаған Төлеген Айбергенов, екіншісі – Тәуелсіздіктің нәсіп етуімен қазақ айтысына реформа алып келген Оразалы Досбосынов. Рас, айтыстың айшылық жерге ұзап кетуіне шығармашылық ізденіс жағынан тікелей ықпал еткен, уақыт өте келе бетбұрыс жасағанын өздері де сезінбей қалған саусақпен ғана санарлық азаматтарды біз ілкіде бір санамалап шыққанбыз, қайталауды да ар көрмейміз. Олар: Мұхаметжан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков, Оразалы Досбосынов және Балғымбек Имашев. Әрқайсысы өз шамасы келгенше айтыстың сапалық деңгейін арттырды. Олардың әрқайсысының өзіндік соны соқпағы, бурыл бұйраты бар топырақтан тамыр алған таланттар.
Бүгінгі айтыс өнеріндегі өртеңге шыққан көк желектей жайқалған жас таланттардың тәлейлі болуына, қанаттары қатаюына алдыңғы буынның қосқан үлесі орасан. Екі жастың біріне келместен бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып бүтін мектеп қалыптастыруға бар күш-жігерлерін салған сол санаулы ғана ақындардың бел ортасында қасқа тісінің арасынан сөз бораған қарға бойлы Оразалы марқұм да жүрді.
Әсілі, қасиеті, кепиеті де бөлек Жетісу топырағы – Қыдыр қарияның желе жортып бара жатқанда дорбасының түбі сөгітіліп, бір түйір дәні қалған жер болса керек. Ұлт руханиятына ұлы туындылар ұсынған кесек тұлғалар, елді-жерді қорғаудың сұрапыл үлгілерін қалдырған батырлардың тарихи шежіресі осылай демеске лаж қалдырмай отыр.
Осындай жерасты сулары секілді бірімен-бірі байланысып жатқан құбылыстар өз әсерін бермей қоймайды екен. Қара жерді жарып шықпайынша өзегі тыныш таппайтын ең пайдалы Гейзер суын әркім-ақ білуге тиіс. Хантәңірінің баурайын бұзып-жарып шыққан сол Гейзер суы сынды құбылыс – Оразалы еді.
– Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегiн сақал жаппаған,
Сүйiнбаймын, Жамбылмын,
Таңжарықпын, Шарғынмын,
Басынан сөз аспаған!
Көдектен қалған бiр ұлмын,
Қаймықпай сөйлер патшадан.
Құлмамбеттен қалған құлынмын
– Халықтың өзi баптаған,
– деп боранды күні бұйдасы тозған қайықпен теңізге сапарға шықты.
Кешегі қара өлеңнен дауыл тұрғызған ұлы бабаларымыз Сүйінбай мен Жамбылдың, Шарғын мен Таңжарықтың, Құлмамбет пен Көдек дәстүрінің бірден-бір жалғастырушысы болған, халық ауыз әдебиетінің қаймағы мен қайнарын қанып ішкен, таудың дана шалдары сақалына орап жүріп өсірген Оразалы ақын қазақ айтысына абыздардың көне сарыны мен өрдің мөлдір бұлағындай тазалықты алып келді. Суырыпсалма өнердің тұма табиғатын сарайларда сан рет паш етті. Ішкі мәдениеті мен бойын кернеген бұла таланты, қалақтай ғана бітіміндегі бас бермес асау мінезі Жаратушының жүрегіне құйған жылы ағысын жасандылықтан, жолбикеліктен, жәркештіктен, жарамсақтықтан ада болуға көп септесті. Жазба өлеңдердің өзінде кездесе бермейтін ішкі-сыртқы байланыстарда әдебиет сыншылары күтпеген ғажайып үлгілерге барды. Жымиып отырып небір образдар түзді. Әлеуметтік теңсіздік пен қаймана жұрттың байлығын қапыда уысына түсірген «көлденең көк аттыларды», кішкентай ғана билігін ірі қанау құралына айналдырған әумесер әкім-қараларды сан рет сын тезіне алды. Кешегі ұлт мұратын өмірлік ұстанымына айналдырған Алаш арыстарының астанасына айналған ақиқатты жыр қылды. Шымболат Ділдебаевтан қалған шындықтың ауласына түнеді. ХХ ғасырдың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың жырларындағы бекзадалықты, ақсүйектікті, әщадылықты айтыс мінбесіне мүлде өзге сипатта түрлендіріп алып шықты.
Екінші дүниежүзілік қырғынның бас батыры Бауыржан Момышұлы мына бір тәмсілді күйіп кеткенде айтқан болуы керек: «Ақиқат, шындық дейтін бар, бірақ ол үнемі кешігіп жүреді». Осы бір ұлы батырдың ұғымы қамшының сабындай ғана қысқа дәурен кешкен Оразалы Досбосыновтың шығармашылық, азаматтық болмысында ертерек үстемдік құрса құба-құп болар еді.
«Туған ай – тураған ет» деген рас екен, арнасынан асып-тасып, қайта басылып өтіп жатқан өмір-дария қалақтай ғана Оразалы Жарылқасынұлының тарихи айтыстар жасағанын сәт сайын алдымызға әкеледі. Қайсыбір «атқа жеңіл, тайға шап» ақындар секілді бір сәттік даңққа немесе талай ақынның талқанын тауысқан темір-терсек үшін емес, саф өнердің өміршеңдігі үшін өлең оздырды.
Қадыр Мырза Әлі бірде: «Қазақтың ірі ақындарының тіл сындырып, әліп таныған мектебі домбыраның бауырынан өрбіген өлең-жырлар әлемі еді. Қазір қазақ жырына домбырадан келетін ақындар аз, ендігі жерде ондайлар азая да бермек. Бардың нарқын, жоқтың парқын білмеумен күресу керек» – деген еді. Біздіңше бұл анықтама жазба ақындармен қатар айтыс өнерінде айрықша ізі бар айбоздарға да арналып айтылғаны сөзсіз. Бұл тізімнің жуан ортасында орақ тілді Оразалы шайырдың барына қапысыз сенесіз.
15 қараша келген сайын жүрегіміз әлсін-әлсін орнынан ыршып түседі.
Ілгерідегі жылы бiр топ азамат ақынның туған ауылы – Райымбек ауданындағы Тегiстiкке арнайы ат басын бұрды. Оразалыны есте қалдыруға арнап үлкен айтыс өткізді. Алдағы уақытта Оразалы Досбосыновты мәңгілік есте қалдыру мақсатында жергілікті атқарушы биліктің көмегімен, мәслихат құрамы арқылы бірқатар шаралар өткізу мәселесі күн тәртібінде тұр. «Өлі разы болмай тірі байымайды» дейді халық нақылы. Ал Азаматын ұлықтаған ұлттың көкжиегі кестелі. Айтыстың алхимигі – Оразалы туралы аз-кем толғанғандағы айтпақ ойымыз да осы еді. Ал жұлдызды құйрықтай ағып өтіп, мақшар таңына тап болғандар сәт сайын құлақ түбіңде «Тірілермен тірімін» деп сыбырлап тұратындай… Расында, бақиға көшкен баһадүрлер жайлы әрдайым жылы сөз айту – тірілерге міндет, парыз. Өйткені, өлгендер қайтып келмейді…
Жанарбек ӘШІМЖАН,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты