Рамазан Стамғазиев: Затаевич, Брусиловскийлер домбыраның мүмкіндігін таза сезбеген секілді

2619
Adyrna.kz Telegram

– Рамазан аға, «1937 жылдары арманда кеткен боздақтардың әндерін қайта жаңғыртып, мұрағатқа өткізіп, ғылыми жұмыс жазып, кітап шығарсам» деген ойыңыз бар еді. Ізденісіңіз қаншалықты іске асып жатыр?

– 37-нің құрбандарының өздері ақталып шыққанға дейін шығармалары еш жерде жазылмаған, айтылмаған. Әндері алысқа қудаланып кеткен шәкірттерінің ғана есінде. 1991 Жетісуда Шалтабай, Қа­пез Байғабылұлын зерттеуге арналған экспедиция басталды. Сағатбек Медеу­беков, Ғалымжан Серікбаевтар бір-екі ай ел аралап жүріп, біраз дүниелерді тауып әкелді. Әндерді сұрыптап, тарихын айтқан адамдармен кездесіп, анық-қанығына көз жеткіздік. «Жетісу әндері» кітабы шыққанда алғашқы болып орындап, экрандарға шы­ғар­дық. Қапез деген – Стамбулда оқыған, ағартушы болған, кейін Кеген ауданындағы, То­ғыз­бұлақ деген ауылда мектеп салдырт­қан адам. Жала жабушылар мекте­бін де, кол­жаз­баларын да өртеген. Негізі, 1937 жы­лы қасындағы достары «сатып» кеткен екен. Небәрі төрт әні ғана жеткен, Аллаға шүкір дейік. Қазір сахнада, оқу орында­рында, сту­денттеріміздің репертуарында айтылып жүр. Зерттеу жұмысын туған інім Ерлан Стамғазиев жазды. Ал «осындай жерде дерек бар екен», деген жерге дейін барып түбегейлі зерттеген – Сағатбек Медеу­беков ағамыз. Ол кісіге айтар алғы­сы­мыз шек­сіз.

– Өнерде еліктеушілік деген – заңды құбылыс. Ұстазына еліктеп, оның ән қорындағы әндерді айту арқылы жұрт кімнің шәкірті екенін таниды. Ал өзіндік бейнеңді қалыптастыру үшін, өзің қазақтың бұрынғы айтылмай жүрген бір әнін не күйін жаңғыртып, сахнаға алып шығуың керек сынды…

– Әлбетте, солай. Мен 1987 жылы эс­тра­да-цирк студиясына оқуға түсіп, 1989 жылы бітірдім. Қатарынан 10-15 жылдай домбырамды құшақтап, дәстүрлі әнмен сахнада жүрдім. Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов сынды өнерде аты мәшһүр болған әншілердің репертуарын қайталап айтып жүрдік. Сол уақытта көп жерлерде мені Қайрат Байбосыновтың шәкірті деп қабыл­дайтын. Ұстазымызға еліктеп шыққан соң, кімнің шәкірті екеніміз ән айту мәнерімізден байқалып тұратын. Өзім әкеп қосқан Жам­был­дың «Жиырма бесі», Қапездің әндері­нен кейін өзіндік қолтаңбам айқындала бастады. Көзі қырағы, дәстүрлі ән өнерінен хабары бар адамдар Стамғазиев деген жас әншінің шығып келе жатқанын аңғарды. Ән қорымдағы әндеріме қарай бағалап, болашағымнан үміт күтіп жүрді.

– Дәстүрлі ән-термелеріміз бен дәстүрдің ізінде шыққан кейінгі әндерді эстрадаға бояуын кетір­мей, сол қалпында алып шығып жарылыс тудырған – Бекболат аға екеуіңіз. «Рамазан Стамғазиев» деген есімді халыққа танымал еткен эстрада деп айта аласыз ба? Эстрада әншіні танымал қылудың бір жолы ма, әлде ұлттық музыканы танытудың жолы ма?

– Эстрада арқылы бір қырым ашылды. Эстрадалық жанрмен сахнаға шыққан кезімде маған «Сені есі дұрыс, тәуір әнші ме деп жүрсем, мына істеп жүрген қылығың не? Сені көріп кейінгі жастар қандай тәрбие алады? Бұзылады ғой» деп ренжіген адам­дар көп. Талай адамның райынан қайтып, кейіннен рақмет айтқандары да болды. Қай заманда да өнердің өрлеу жолдары болады. Көшпелі қазақ баяғыда еш сүйе­мел­сіз де «Елім-айды» айтты. Келе-келе домбырамен, қобызбен де айта бастады. Қазақтың халық әні, халық композитор­ла­ры­ның әндерін Жамал Омаровалар фортепианомен де шырқады. Халық мойын­дады. Академиялық оркестрмен де, хормен де жеткізді. Осы заманға меңдеп кірген эстрададан қашып құтыла алмайсың. Дәстүрлі әншілердің ішінде Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтер теа­тр­да актер болып, оркестрмен Шегенің тер­месін, Ер Тарғынды айтты. Өнер құлап қалмауы үшін жанын салды. Қазіргі заман­да біздің еншімізде тұрған жанр – эстрада. Мүмкіншілігі бар ұлттық әндер неге эстрада арқылы болса да танылып, өмір сүрмеске? Барлық ән өңдеуге келеді деп айта алмай­мын. Бір негізгі қағида бар: қазақы үн, қазақы бояуды жоғалтпасақ болғаны.

– «Қазақтың 1000 әні» антоло­гиясы барысында өзіңіз бастаған маңдайалды әншілер қаншама тың әнді жаңғыртты­ңыздар? «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шек­пен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали айтқандай, қай әндерді қазаққа қайтара алдыңыз?

– Антологиядағы бес-алты әнмен қазақ­тың дүниесін қайырып бердім деп ай­та алмаймын. Мысалы, баяғыда Қайрат ағамыздан үйренген, көп әнші білмейтін «Шормановқа», «Шорманов балаларына» деген екі әнді жаздым. Жамбылдың «Жиы­р­­ма бесін» кезінде Жамбылдың 150 жыл­ды­ғында Тезекбаев деген ағамыздың шешесі­нің аузынан алып қалғанмын. Белгілі ком­по­зиторлардың әндерінің басқа нұсқала­рын орындадық. Балуан Шолақтың «Дің­кіл­дегін» Ерзаковичтің нотасынан шығар­дық, «Сұрша қыз» Балуан Шолақтікі екенін дәлелдедік. Бұл әнді Ерзаковичке Кенен Әзірбаев айтып бергенін, Кененнің қызы Төрткен ападағы әкесінің қолжазбаларынан алдық.

– Қазақтың әні 1000 әнмен шектелмейді. Ұмыт болған әндерді тірілткен жөн. Дегенмен олар Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса сынды ел білетін танымал әншілердің белгілі әндеріндей есте қалмайды ғой. Әншілер айтып жүрмеген соң, тағы да ұмытылып қалмасына кім кепіл? Әлде ол әндер құрылымы, әуені жағынан әлсіздеу ме?

– «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді ғой қазақ. Жаңадан табылған әндерді тәй-тәй бастыртып бір кәдеге жарату қажет. Ел естімеген әнді танымал қылу орындаушылардың еншісін­де. Қағазға нотасы түсіп, күйтабаққа жа­зыл­са, артымыздан өсіп келе жатқан жастар неге айтып, жарқыратып шығармасқа? «Шаң басқан архивтерден табылармыз» дегендей, ертең жоқтаушысы табылып, біреу іздеп табатыны сөзсіз. Олардың әрқайсысы – сабақталған тарихпен келген әндер. Кез келген әннің мықты орындаушы­сы табылса, қатарына қосылады. Затаевич, Брусиловскийлердің жинағындағы әндерді шығарғанда, олар домбыраның мүмкіндігін таза сезбегендігін байқаймыз. Фортепиано­лық деңгей ауқымымен жазып тастаған. Оны домбыраға алып келсең, 2-2,5 октава­дан шыға алмай қалады. Тон үндестігін өзгерту қажет. Үндестігін ауыстырып, еңбек етіп, ізденсең ән шығады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтбаевтардың қол­жазбаларындағы әндер бүгінде жарыққа шықты. Қанша жылдар тарихтың қойнауын­да жатқан, бірақ жазылып қалған әндерді санаулы болса да, бүгінгі әншілердің орын­дауында естідік. Мұның өзі – үлкен бақыт. Үлкен өнер ошақтарындағы балаларға ән үйрету үшін «Қазақтың 1000 дәстүрлі әні» антологиясы таптырмас оқу құралы болды. Қазіргі балаларға аузына салып, көзіне шұқып көрсетпесең, аяғынан тәй-тәй басуы қиындау заман. Талдықорғанның Ербол деген әншісі маған Біржан салдың «Мәті дәулен» деген әнін алып келді. Осы уақытқа дейін бірде-бір әнші айтпаған, бірақ Біржан сал кітабында берілген ән екен. Бірге оты­рып шығарып, өткенде болған Біржан сал­дың концертіне алып шықтық. Қазір Ербол «Мәті дәуленді» сахнада айтып жүр. Демек, бұл ән – ары қарай өмір сүреді деген сөз.

– «Қазақтың 1000 әні» мен «Қазақ­тың 1000 күйі» антология­сын жасауда әншілер, күйшілер, зерттеушілер бірігіп, өзгеге телініп жүрген ән-күйлерді иесіне қайта­рып беруде бірігіп, іс атқардыңыз­дар. Қазір бас қосып тұрасыздар ма?

– Жиі басқосу үшін бізге орталық керек. Біз зерттеуші емеспіз, тек орындаушымыз. Әншілеріміздің ішінде зерттеумен де айналысып жүргендері бар. Ал арнайы зерттеумен айналысып, соның нанын жеп отырған музыкатанушы, теоретик деген мамандар өз алдына. Кеше антологияны бастайтын кезде, кезінде бізге ұстаздарымыз не үйретті, соны айттық. Орталық мұрағатқа кірдік, кітаптарды аудардық. «Біледі-ау» деген адамдармен сөйлестік. Бір ғана әнге қатысты қаншама оқиға естідік, бірақ дәлел аз. «Деген екен», «айтқан екен», «осыдан алыпты» деген бұлыңғыр дүниелер. Сәбит Мұқановтың Балуан Шолақ жайында жазған дүниесі бар. «Қасқырдың апанына арлан түсіп кетіп, Нұрмағанбет сырықтың басына пышақ байлап өлтіріп, апанға өзі түсіп кетіп, шыға алмай қалады», – делінсе шығармада, «Кешкісін ел-жұрты апандағы қолы үсіп кеткен Нұрмағанбетті шығарып, үсіп кеткен қолын кеседі», – дейді. Балуан Шолақтың тікелей туысы Естай Мырзахме­товтің қолжазбаларында «қолы отқа күйіп қалған» дейді. Айналып келгенде, әрқай­сысы Балуан Шолақтың өмір тарихынан үлкен деректер береді. Талас дүниелер көп. Сонда не істеу керек? Мұндайда әнші екі жазушының ортасынан өз қалауын таңдап алуы керек. Жақында Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан ер-азаматтарға ар­нал­ған хрестоматия шығыпты. Шығарушы­лары – есімі елге белгілі ағаларымыз. Осы күнге дейін «Екі жиренді» апарып Үкілі Ыбырайға, «Сұрша қызды» Жаяу Мұсаға қосып келеді. Сол кісілер біз айтқан мәсе­лелердің анық-қанығына көз жеткізбей, «мен білемінге салып» ән мен ән автор­ла­рын дұрыс бермепті. Нотасының қанша­лықты дұрыс екендігіне қарап үлгере алма­дым. Кітапқа қарап қарным ашты. «Аңшы­ның әнін» Жаяу Мұсаға қосып қояды. О заман да бұ заман, халық әні деп келген «Екі жирен» мен «Аңшының әнін» басқаға телігені қалай? Оны бүлкілдетіп, қисса, дастандарға салып бізге жеткізген Дәнеш Рақышев ағамыз: «Ешкімнен алғам жоқ, ел арасындағы, халық арасындағы әуен. Мен бұл әнді дамытып алып келдім» дегені есімізде. 1959-60 жылдары Дәнеш Рақы­шев Қытайдан бері қарай өтіп, «Аңшының әні» деген әнді шырқады. «Аңшының әнін» Үкілі Ыбырайдікі дегендер де кездеседі. Үкілі Ыбырай туралы жазылған еңбектердің бірде-бірінен «Ыбырайдікі» деген дерек көрмеппін. Үкілі Ыбырайдың әнін орында­ған әншілердің репертуарында да бұл ән жоқ.

– Сіздіңше, әркім өз ісімен айналысқан дұрыс па? Зерттеуші ән мен күйді зерттеп, орындаушы тек орындау керек пе?

– Ондай шартты дүние жоқ. Ешкім шек­теу қоймайды. Әнші болғаннан кейін, аз­ды-көпті білу керек. Мысалы, мен үйренген, оқыған нәрсемді сахнада орындап беремін. Оны түбегейлі қағазға түсіріп, ғылыми тұрғыда дәлелдеп, мұрағаттағы том-том кітаптарды оқуға уақытым да жетпейді. Егер де мүмкіншілігі бар әншілер болса, айналыссын. Шамаң жетсе, білген жақсы. Әр әнші өзінің айтатын әндері туралы мағ­лұматқа қанық болуы керек. Барған жерін­де, лекция-концерт секілді қысқа әрі қы­зық­ты ғып ән, әннің авторы туралы дерек бере кетсе, тамаша емес пе? Ұстаз болған соң, білуіміз де керек. Шәкірттерімізге әннің тарихын, таспасын қолына беріп, «үйрен» десең, шикі қып қайта алып келеді. Мысал­ға, Кененнің «Бозторғайын» үйрету үшін алдымен оған Кененді оқытып, «Бозторғай» туралы реферат жаздыртып, өзінің қиялы­мен өмір сүретіндей мүмкіндік беру керек. Сонда санасында мәңгілікке қалады. Жат­тап алған әннен гөрі зерделеп үйренгені, зерделеп салғаны, қорытынды шығарғаны нәтижелі болмақ. Өзі қалай үйренсе, өзінен кейінгі буынға да сол дәрежеде үйретпек. Өйткені біздің мақсатымыз – бұларды тек сахнаға дайындау емес, тізгінді беру. Кон­церт кезінде халықты жай ғана әнмен қайыр­ғаннан гөрі әннің тарихын қысқа да нұсқа әңгімелеп жіберген жақсы. Сонда олар ұмытпайды. «Тағы да тыңдағымыз келеді» деп, ай құрғатпай, жыл құрғатпай шақыртып тұрады.

– Демек, ұлттық музыканы дәріптеу­шілер­дің эстрададағы өнерпаз­дар­ға қарағанда рухани бай болуы – көп оқуында, ізденуінде ғой…

– Қит етсе, эстрада деп шеттетеміз ғой. Оның ішінде де мықты, білімді жігіттер бар. Ұлттық өнерді дәріптеушілердің ұтатыны – бабадан келе жатқан өнерді жалғасты­руын­да. Дәстүрлі мектепке кірген бала, қала­дан емес, даладан келеді. Даланың мәдениетін, әженің әңгімесін тыңдап келген бала қайнап тұрған өнер қазанынан түс­кен­де, одан нәр алып, талай ғасырдың қазы­насына куә бола­ды. Байқауларға қатысып, әдебиетші ағалармен араласады, ары қарай оқуға түсе­ді. Жиған-тергенін қорытындылай кел­генде, «қазақпын» де­ген бір тамшы қаны жүрегін де «қазақ» деп соқтыртады. Тәрбие­нің үлкен мектебі дәс­түр­лі музыканы сіңірген адамның жан дү­ние­сі бай, отансүйгіш, дәстүрін, өнерін сүй­гіш келеді.

– Абай айтқандай, қазақ әнінің туын желбіретер Біржандай әнші­лер қазір де бар. Бірақ Біржан сал айтқан Абайдай тыңдаушыға зар­мыз әрі зәруміз. Қазақ топырағы­ның барлық аймағын аралап шықтыңыз. Талғампаз­дықпен төл музыкамыздың інжу-маржанда­рын сұрап айтқызып, ащы теріңізді шығарған ауыл не тыңдаушы болған шығар?

– Мысалы, Қызылордада концерт бергенімде, бірінші кезектегі алты әннен кейін киімімді ауыстыруым керек болды. Бишілерді жіберіп, эстрадалық кезеңді бастайын десем, екі апа келіп: «Әй, Рама­зан, бізге ана дүңкірлегіңнің керегі жоқ! Сен келеді дегенде, билетімізді алып келіп отырмыз. Бізге Естайдан, Үкілі Ыбырайдан, Нартайдан айт», – деп санамалап берді. Содан дайындалып келген концерттік бағ­дар­ламамды тоқтатып қойып, апалардың сұрауы бойынша концерт бердім. Ақ тер-көк тер боп әнді шырқап болсам, сыртта екі апам әлі жүр. Бұрын театрда істеген апалар қазақтың қара домбырасын сыйлап келген­діктерін, ән тыңдап рахаттанғандарын біл­діріп, алғысын айтып жатыр.

Қарағандының Жаңаарқа жағына барғанымда, «Жиырма бесті» айтып берсем, жай «Жиырма бесті» емес, «Қали Байжановтың, Қайраттың не Жүсіпбек атамыздың нұсқасымен айтып көрші» деп сұрайды білетін ел. Мені әлі де болса ескі, зерделі құлақтардың бар екен­дігі қуантады. Бір тыңдаушы болса да, со­ған қызмет етуіміз керек.

Кей жерде жастар дәстүрлі әнді айта берсең, шайқалып кетеді. Сол кезде бір май, бір шай ретінде эстра­даны да қосып қоясың. Жастардың тілімен, эстраданың тілімен қазақтың халық әнін жеткізуге тура келеді. Мысалы, Ерболат Құдай­бергеновты, көбі айыптайды. Өйткені санамызда «Мен қазақпын» өлеңін кеуде­мізді керіп, тебіреніп оқу психологиясы қалып қойған. Ерболатқа ренішімді білді­рейін деп жүрген болатынмын. Бір күні бір отырысқа барсам, кілең орыс, кәріс, аралас ұлттар «Мен қазақпын!» деп билеп жатыр. Оларға осы өлеңді жай күні жаттата алмай­сың. Солардың тілінде айтып еді, жаттап алды. Орыстарға дейін айтып жүр. Соны­сына қарағанда, қазақтың төл музыкасын жастардың да ыңғайына қарай, бояуын бұзбай, шашақ шығармайтын жолдармен жеткізу керек шығар.

– Атақты адамдармен, лауа­зым­ды тұлғалармен жақынырақ араласасыз. Олардың дәстүрлі өнеріміздің тағдырына деген алаң­даушылығын байқадыңыз ба? Кейде төл музыкаға жаны ашиды деген адамның өзі «кере­метсің» деп көзбояушылық үшін арқаны қағып қойып, ертеңінде теріс бұрылатындары бар ғой?

– Кей ағалар өнеріңе, әніңе керемет баға беріп, дәстүрлі әннің көсегесін көгертіп жіберетіндей әңгіме айтып отырғанда, шы­ны­мен, болатындай сеніп қаламыз. Ерте­ңінде сол адам өзгеріп шыға келеді. Шыны­мен де, жақсы тыңдайтын шығар, бірақ жаны ашып, көмектесейін деген адам кем­де-кем. Мысалы, кезінде Роза Рымбаева, Бекболаттарға қол ұшын берген Ахметбек деген досым бар. Қазақтың дәстүрлі әні десе, жанын аямайтын азамат. Мысалы, сол жігіт қаншама қыз-жігіттің сахнаға шығуына, киіміне, аспабына, фонограм­масына көмектесті. Бірақ бір адам қай жыртығымызды жамауға жетеді? Менің Моңғолиядағы қаншама концертіме арқау болған да – сол. Әннің тарихын да біледі, ыңылдап өзі де өлең айтады. «Саржайлау» деген қымызын, ірімшік, құрт-майын жа­сап, қазақ үшін қаншама шаруа бітіріп жүр. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, жетпейді бір адам. Біз мемлекетке сілтей береміз ғой. Мемлекет істейтін болса, осы күнге дейін істейтін еді. Бұл – әр әншінің аузынан шығып жатқан үн.

Алашқа айтар Датым…

Мықты деген қазақжанды азаматтардың балалары орысша шүлдірлеп жүреді. Сондай бір азамат баласының атын атап: «Ағашке ассалау сделай!» – дейді. Қазақы тәрбиесінің түрі. Ал ол – қазақ үшін жұмыс істеп жүрген адам. Біздің «тіл, тіл, тіл» деп даурыға бергенімізге құлақ үйреніп алды. Жазушы, қаламгер Тұрсынжан Шапайдың «Ауыз бен құлақ» деген әңгіме­сінде бүкіл ауыз жиналып, айқайды салады. Біреуі: «Біз неге айқай­лап жатырмыз? Осыны құлаққа айтайық!» – деп шешеді. Барлығы жабылып құлаққа айғайласа, ол естімейді. Үңіліп қараса, құлақтың тесігі жоқ екен. «Естімейтін құлақ болды ғой» деп тістеп көрсе, жаңағы құлақ өлі құлақ екен. Сол сияқты біз айғайлағанмен, еститін құлақ жоқ. Құлақ болғанымен, тесігі жоқ. Тесігі болғанымен, құлақтардың өлі болып тұрған заманы.


Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ,

«Алаш айнасы».

 

Пікірлер