Нұржан Жанпейісов: Жиырма жеті қыздың атын жаңылмай айтып шығамын

3263
Adyrna.kz Telegram

- Сіз халықаралық «Ша­быт» фестивалінің және Әміре Қа­шаубаев атындағы бай­­­қау­дың Гран-при ие­гер­і­сіз. Бір сөзбен айт­қан­да, дәс­түр­­лі ортада атыңыз дүр­кі­реп тұрған әншілердің бірісіз. Бі­­­рақ кейбір кісілер «Нұржан Жан­­­пейі­сов» дегенде бірден та­­ни кетпей, «Ол кім?» деп қа­­лады. Мұның себебін не­ден көрер едіңіз?

- Әркімнің өнер жолында ал­ға қойған мақсаты бар. Сол мұ­­­­рат­қа жету үшін біреулер аян­бай тер төгіп, тірнектеп абы­рой жи­нап, жылдар бойы есе­леп еңбек ете­ді. Енді бі­реу­лер атын жар­на­ма­лап не­ме­се көкесінің күшімен, бас­ты­­ғының беделімен бұған оп-оңай қол жеткізеді. Өз ба­сым атым­ды шығаруға аса ын­­талы емес­пін. Атадан ба­ла­ға, ұстаздан шә­кір­тке мирас бо­­лып қалатын ұлт­тық клас­си­­калық өнерімізді қас­терлеп, қал-қадірімше на­си­хат­тап, дәс­­түр сабақтастығын жал­ғап жү­р­сем деймін. Әр ән­ші­нің, әр саланың өз жанкүйері, тың­­­дарманы болады. Құдайға шү­­­кір, менің де өз ортамда аз­ды-көп­ті орным, шы­ғар­ма­шы­лы­­­ғым­ды бағалайтын тың­дау­шым бар деп ойлаймын. Елдің бәрі мені та­нуы міндет емес. Бас­тысы, құді­рет­ті қа­зақ әні­нің танылуы, өсіп-өр­­кен­деуі, дәс­түріміздің дә­­­ріп­телуі.

- Осындай мақсатпен қан­ша жер­де жұмыс істейсіз? Менің бі­ле­­тінім үшеу…
- Уақытың, деңгейің, өрең же­тіп жатса, қолыңнан ке­ліп тұр­са, ерінбей еңбек ет­кен­ге не жет­сін?! Қазір нағыз жұ­мыс жасайтын ке­зіміз. Өзі­ңіз де біліп отырсыз, 2003 жыл­дан бері «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің әншісімін. Со­ны­мен қатар, Ж.Елебеков атын­­да­ғы республикалық эс­тра­да және цирк колледжінде қо­сымша ұс­таз­дық қызмет ат­қа­рып жүргеніме ал­ты жыл тол­ды. Былтырдан бері Т.Жүр­генов атын­дағы Өнер ака­де­миясында Му­зыкалық өнер фа­кул­ь­тетінің «Дәс­түрлі орын­дау­шы­лық өнер» кафедрасында дәріс бе­ремін.
«Қазақконцертте» бұрынғы­дай гастроль көп емес. Аптасына екі-үш рет барып, дайындық жа­­сап тұрамыз. Қалған уақытта шә­­кірт тәрбиелеумен ай­на­лы­су­ға мүм­кіндік бар. Үш жұ­мы­сым бі­рін-бірі толықтырмаса, шы­­ғар­ма­шы­лығыма, өзіндік із­де­нісіме еш ке­дер­гісін ти­гіз­бей­ді.
- Шәкірттеріңіздің алды көп­­­ші­ліктің назарына іліге бас­­та­ған шы­ғар…
- Әзірге көзге түсетіндей бо­ла қой­ған жоқ. Ұстаздық ең­бек­тің же­місін көру үшін бір­талай жыл­дар керек. Десе де На­риман Әб­ді­рах­­манов, Жаңа­гүл Молдахметова си­яқты сту­дент­­теріміз болаша­ғы­нан үлкен үміт күттіреді.
Республикалық, қалалық дең­­гей­­дегі байқауларға қа­тысып, ысы­лып келе жатыр.
- Өзіңіз ұстазыңыз, Қазақ­стан­­ның халық артисі, танымал ән­­ші-композитор Дәнеш Рақы­шев­­тан не алып қалдыңыз?
- Мен Дәнеш ағамыздың соң­­ғы шәкіртімін. Ол кісінің ре­пер­­туа­ры өте бай. Қуғын-сүргін жыл­­да­ры арғы бетке өтіп, елуін­ші жыл­дардың соңында елге қай­тып ор­ал­ған екен. Дәкеңнің ән­дерiн алғаш тыңдаған Мұхтар Әуе­­зов «Дәнеш, сен құр келмей, біз­ге көп байлық ала келіпсің. «Аң­шы­ның әні» неге тұрады? Бұл қазақ ән­де­рінің төресі, сән-сал­танаты ғой. Ал Әсеттің ән­де­рін кімнен үй­рендің?» деп қатты таң­ғалыпты. Дә­неш аға маған Әсет­тің бүкіл әнін, Қытай, Моң­ғо­лия жеріндегі қазақ­тардың ха­лық әндерін, бұдан бө­лек өз жа­ны­нан шыққан жүзге жуық төл туындылары мен кейінгі ком­по­зиторлардың шығармала­рын бүге-шігесіне дейін үйретіп кет­ті. Қазіргі таңда репертуарымда 250 ән болса, оның жүз шақты­сын Дә­н­еш Рақышовтан алып қал­дым деп айта аламын.
- Жүрсін Ерманов сіздің орын­­дауыңызда халық әні «27 қыз­­ды» тыңдап «Нұржан, бұл ән бұрын 16 қыз еді ғой. Қалған он бірі қайдан шыққан, орал­ман­дар ма?» деп айналасындағы елді бір күлдірген екен. Шы­нын­да бұл ән қайдан шыққан? 
-Ғарифолла Құр­ман­ға­лиевтың репертуарында «16 қыз», Дәнеш Рақышевта «27 қыз», Маң­ғыстау өңірінде «53 қыз» де­­ген ән бар. Мен қазір осы қыз­­дар­дың атын зерттеп жүр­­мін. Бір қы­зығы, үш әнде де бі­р­­лі-жарым бол­маса, қыз­дар­дың аты бірін-бірі қайталай бер­мей­­ді. Соған қа­рап, таңғаламын. «27 қыз» бұрын­нан келе жатқан ес­кі ән. 2005 жы­лы Дүниежүзi қа­­зақ­тары қауым­дастығы төрал­қа төра­ға­сы­ның бірінші орын­басары Талғат Ма­машевтың де­ле­гациясымен Бая­нөлгей өл­­­ке­­сiне барып, өнер көр­сетіп қайт­­тық. Айтайын де­ге­нім, бұл ән «Моңғол қазақтарының ха­лық әні» деген жи­нақта бар. Ал өз­­де­рі­нен сұ­ра­сам, ешқайсысы біл­­мей­ді. Қағазға түс­кені бол­ма­са, әл­­деқашан ұмы­тып қа­лып­ты.
Сол жолы сондағы ел аға­ла­ры «Ба­лам, бір концерт бере ала­сың ба, ондай мүмкіндігің бар ма?» деп сұрады. Әнші­лер­ден мен ғана бар­ған екенмін, «Ойбай-ау, тың­дай­тын құлақ бол­­са, концерт бер­ген­ге не жет­сін?!» деп қуана ке­ліс­тім. Негізі, же­ке ән кешім сонау Моң­ғолия же­­рін­де өтті десем болады. Сол кон­цертте осы «27 қызды» орын­­даған едім.

- Жиырма жеті қыздың аты­­нан жаңылмайсыз ба?
- Барлығы сирек кездесетін қа­зақи есімдер. Сондықтан, анау айтқандай қиындық тудыра қой­ған жоқ. Жиырма жеті қыз­дың атын жаңылмай айтып шы­ға­мын.
-Жалпы, өмірде қанша қыз­дың аты жүрегіңізде жат­тал­ды?
-Жоғарыдағы әндерден бө­лек, «Үш қыз», «11 қыз» се­кіл­ді қыздардың аты аталған ән­дер бар. Солардың барлығын тү­гендеп, аналардың, арулардың ме­рекесі қарсаңында концерт қойып, тарту етсем деген жос­па­рым бар.
- Нақты жауаптан қашып, «Ән­дегіден басқа қыздардың атын білмеймін» дегіңіз келе ме?
- Иә…
- Басқа зерттеп жүрген ғы­лы­ми еңбектеріңіз бар ма?
- Жалпы, дәстүрлі ән өнері тү­бегейлі, жан-жақты үлкен зерт­теуді қажет етеді. Өткен жылы «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» деген жинақ жарыққа шық­ты. Бұл бастамасы ғана. Мұның сыртында зерттелмеген қан­шама мыңдаған әндер бар. Бас­қа мектептерге қарағанда, Же­тісу мектебі кенжелеп барып, бір ізге түсті. Жүсекең, Ғарекең­дер өз мектептерін шегелеп кет­ті. Сол сияқты Дәнеш аға­мыз­дың да әншілік мектебін жүйе­леп, дамыту керек. Ж.Елебеков атындағы колледжде бес-алты жыл бұрын класы ашылған, осы үрдісті басқа оқу орындарында да айшықтап, қалыптастыру қа­жет. Ол кісінің шығармаларын ірік­теп, кіші­гірім жинақ шы­ға­рып, оқу әдіс­те­мелік құрал ре­тін­­де пай­да­ла­нып жүрміз. Енді кі­тап ретінде көпшіліктің қо­лы­на тисе дейміз. Сондай-ақ мем­ле­кеттік мұрағат қорынан төрт са­ғаттық үнтас­па­сы мен бір жа­рым сағаттық бей­не­таспасын тауып, ағалары­мыз­дың көме­гі­мен сатып алдық. Ке­зінде са­па­сы дұрыс болмай эфир­ге шық­пай қалған жазба­лары да бар екен. Осы таспа­ларды тазалап, рет­теп, қайта өңдеп шығарсақ де­ген үміттеміз. Бір айта ке­тер­лі­гі, биыл Дәнеш Рақышевтың 85 жылдық мерей­тойы. Оны лайық­ты деңгейде атап өту Ал­ма­ты облысы әкімді­гінің жос­парында бар ма, жоқ па, толық біл­меймін. Бірақ 80 жыл­дығына байланысты дәстүр­лі әншілердің республикалық байқауы өткен. Жоспарлы түр­де жыл сайын өт­кі­зіліп тұратын болып шешілген. Алай­да белгісіз себептермен үшін­ші байқау жүзеге аспай қал­ды. Биыл да белгісіз болып тұр. Дәстүрлі ән өнерінде өсіп ке­ле жатқан жас­тар «қашан өте­ді» деп күтіп жүр. Алыс об­лыс­тардан да ха­бар­ласып жат­қан­дар бар. Өйт­кені Дәнеш аға­мыз­дың салған жолымен әнін айт­сам дейтіндер көп.
- Өз жинақтарыңызды көре алмай жүрміз…
- 2003 жылы консерватория қа­бырғасында жүріп, дәм тар­тып, Парижде өткен ха­лық­а­ра­лық дәстүрлі ән фестивалінде өнер көрсетіп қайттық. Екі кон­церт қоя­мыз деп жоспарлап ба­рып едік, аяғы үш концертке ұлас­ты. Сол уақытта сахнада ән са­лып отыр­ғанымызда фран­цуз­дар кон­цертімізді тікелей тас­паға жа­зып, кейін арты­мы­з­дан беріп жі­берді. Қазір үйде сақ­таулы, бі­рақ еш жерге са­ты­лым­ға түскен жоқ.
Сол сапардан келгеннен кейін «Қазақфильм» студия­сын­да 23 әнімді жаздыртым. Диск шығарамын деген мақ­са­тым болған. Өкінішке орай, аяғы созылып кетті де, аз тара­лы­ммен шықты. Бірақ сол ән­дер­дің барлығын қазақ радио­сы­ның «Алтын қорына» өт­­­кіз­генмін.
Кейінірек 2008 жылы

Лон­дон­да білім алып жүрген қазақ қызы, дәстүрлі өнер зерттеушісі Саида Дәукеева елшілікпен бі­рі­­гіп, Англияда кешімізді өт­кіз­ген еді. Сол жолы да арнайы сту­дияда әндерімізді жазып алып, өзімізге сыйға тартқан. Олар­дың негізгі мақсаттары өз­де­рінде жазған дүниені ғана жа­рық­қа шығарады екен, басқа жақ­тан әкел­гендердің сапасы жа­ра­май­тын көрінеді.

Бір қы­зы­ғы, муз­ы­ка­лық өнімдер са­ты­латын сауда нүк­телерін ара­ла­ға­ны­­мызда Қа­зақ­станнан б­ір­­­де-бір жинақ көре алмадық. Ал қасымыздағы қыр­ғыз бен өз­бе­к­тікі, тәжіктікі, тіп­ті Алтай ай­ма­ғы мен ту­ва­лық­тар­дың туын­ды­лары толып тұр. Мүм­кін, одан бері өзгеріс болған шы­­ғар…
Жалпы, ән жинағымызды шы­ғарып, дәстүрлі әнге клип тү­сі­ру арманымыз. Бірақ «жо­март­тың қолын жоқтық бай­лай­ды», қол қысқалау…
- Ғайыптан тайып, бір де­меу­ші табыла кетсе, ре­пер­туа­ры­ңыздағы қай әнге клип түсір­ген болар едіңіз?
- Қазақтың дәстүрлі ән­де­рі­нің бәрі клипке сұранып тұрған әндер. Бәрінің тарихы, оқиғасы бар. Мазмұны бай. Алыстан іздемейсің, ойдан құрамайсың. Мысалға, «Аңшы­ның әні» клип емес, фильмге ті­леніп тұр. Рамазан ағамыз «Ар­ман» әнінің клипін осы ән­нің негізінде түсірді. Керемет шық­ты. Әлі де байытып жасауға бо­лады. Клипті атып-шабыс емес, әннің тарихымен, әншінің бол­мысымен байланыстырып тү­сірер едік.
- Күз айында Ж.Еле­беков атын­дағы колледждің бас­шы­ла­ры, ұстаздары, оның ішін­де өзі­ңіз де барсыз өнер ие­сі­не ес­керт­кіш тұрғызу үшін жақ­сы бір бастама көтеріп еді­ңіз­дер. Нәтижесі не болды?
- Алла қаласа, осы маусым айы­ның ортасында Қазақ­стан­ның халық артисі, ән өнерінің ака­демигі Жүсіпбек Еле­бе­ков­тің ескерткіші колледждің ал­дын­­да бой көтереді. Арнайы ашы­лу салтанаты болады. Сол үй­дегі Хабиба апамыздың қай­та-қайта хабарласып, қам­шы­лауы­мен қолға алынып отырған дү­ние.
- Демек, қайырымдылық кеш­­­тен керек қаражатты жи­най ал­дыңыздар ғой…
- «Көп түкірсе көл» деген­дей, жан-жақтан қолдау білдір­ген ағаларымыз табылды. Мұ­ның барлығы Жүсіпбек аға­­­­мызға ғана емес, өнерімізге, та­ри­хы­мыз­ға көрсетілген құр­мет деп бі­леміз.
- Өткен жылдың аяғында сіз­дің өнеріңізге де құрмет көр­се­тілді. Сіз үшін қуа­ныш­ты­мыз…
- «Қазақконцерт» өнер ұжы­мының 50 жылдығына бай­ла­нысты бірқатар әріптестерім Мә­дениет министрлігінің Мә­де­ниет қайраткері белгісімен ма­ра­патталды. Солардың ішінде мен де бармын. Шыны керек, Ал­тынбек ағамыз өзі ұсынып, өзі табыстады. Бізге бұл туралы ескерткен емес, өзіміз де білген жоқ­пыз. Өнеріміздің еленіп, ша­бытымызға шабыт қосқаны деп қабыл алдық. Алдыңғы жы­лы жеке концертімді бергенмін. Был­тыр Еркін Шүкімановпен бі­рігіп өткіздік. Бір жақсысы, «Қазақ­концерт» тарапынан жар­нама, билет сату мәселесінен қол­дау бар. Құдай қаласа, күзге қа­рай, халықпен қауышып, өнері­ммен қуантсам деген ой­да­мын.
- Осындай қуанышты күн­де­ріңіздің көп болуына ті­лек­тес­піз!
- Рақмет. Жалпы, мен өмір­де не нәрсе болсын, өкінбеуге ты­рысамын. Қандай жағдайда да «Болар іс болды» деу керек. Өкі­ніштің өзінен сабақ алып, ор­нын толтыруға тырысу қажет. Ал қуаныштың орны бөлек. 2002 жылы қатты қуанғаным есімде. Әміре Қашаубаев атын­да­ғы әншілер байқауына қа­ты­сып, бас жүлде алып келдім. Сол кү­ні зайыбым тұңғыш пер­зен­тім­ді өмірге әкелді. Бала деген Ал­ланың сыйы ғой, тұң­ғышы­мыз­ды біраз күткен едік, сөй­ті­п, қуа­­нышыма қуаныш қосылды.
- Жарыңыз ұл сыйлады ма, қыз сыйлады ма?
- Біріншісі қыз, екіншісі қыз. Үшіншісі де қыз.
- Онда арманыңыз белгілі болды ғой… сұрағалы отыр едім…
- Арман көп, бұйыртқаны бо­лар. Осы балаларды аман-есен өсіріп, жеткізсек те жаман бол­мас еді.


Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА,

«Айқын».

 

Пікірлер