Тұрарбек Құсайынов. Шырмауық

1114

Тұрарбек Құсайыновтың кезекті кітабы "Шырмауық" деп аталады. Қазақстанды шырмауықтай орап алған діни идеологиялар жайлы жазып жүрген Тұрарбектің бұл кітабы еліміздегі діни ағымдар төңірегінде. Республика аумағына олардың қалай келгені, қандай мүдде көздегендері мен ел идеологиясына қалай қауіп төндіретіні ашып жазылған. Автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейтінін тағы да ескерте кетеміз.

Редакциядан

КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасы зайырлы, демократиялық мемлекет деп жарияланған. Бұл дін мен мемлекет арасының бөлінгенін білдіреді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы арнайы заңда ел азаматтарының және осы елде өмір сүріп жатқан азаматтығы жоқ адамдардың кез келген дiндi еркiн ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы екені бекітілген. Құдайға құлшылық жасауға, дiни жоралғылар мен рәсiмдерге қатысуға немесе қатыспауға  болады. Бірақ дінге күштеп мәжбүрлеуге мемлекет жол бермейдi. Сонымен қатар мемлекет наным-сенім бостандығын әрбір адамның ар-ожданының еркіне берген. Бұл ерекше шартты сақтайтын бейтарап позицияға келіңкірейді.  

Өзінің ішкі мазмұнында наным-сенім көзқарасын қамтитын діни сананы қалыптастыруда діни идеология бәрібір маңызды рөл атқарады. Діни идеология екі бөліктен тұрады. Егер ислам діні тұрғысынан алсақ, діни идеялар жүйесін жасап, діни ағымның бастауында тұрғандарды «ислам ғұламалары» деп атап жүр. Ал сол діни ағымға адамдарды тартып, жамағат ауқымын кеңейтушілер  «дінбасы», «имам», «молда», «шейх» (ұстаз), «пір», «тақсыр», «дағи», «ахи» және т.б. деп аталады. Олар діни уағыздың тиімділігін арттырып, адамдардың діни санасына әсер етуді күшейту үшін және зайыр- лы мемлекетте өзін заңдастыру мақсатында түрлі қоғамдық ұйымдар құрады. Мемлекет сол ұйым- дарды тіркеуге алу арқылы көзден таса қылмай, қоғамдағы наным-сенім бостандығына қатысты процестерді сырттай реттеуге, қадағалауға талпынады. Дегенмен кейде мұндай талпыныс мақсатты нәтижесін бере қоймайды, себебі мемлекет билігіндегілер де діни қауымдастықтар мен ұйымдар жұмыс жасап жатқан қоғамның мүшелері, олар да наным-сенім бостандығы бар азаматтар. Діннің негізгі сипаттарының бірі болып саналатын психологиялық көңіл-күйге олар да тәуелді. Бұл оның «дін мемлекеттен бөлінген» деген декларацияны бұзып тұратын, бірақ көзге көрінбейтін бір сипаты ғана.

Ислам діні христиан діні сияқты реформацияға ұшыраған жоқ. Оның қалыптасуы мен дамуында саясаттың рөлі ерекше болды. Дін идеясының орнығып,  саяси мүдде көздеген идеологияның қанат жаюы ежелгі Ислам халифатымен байланысты. Әлі күнге дейін Мұхаммед пайғамбардан кейін теократиялық империяшыл мемлекетті басқарған төрт билеуші (Әбубәкір, Омар, Осман, Әли) мұсылмандар (сунниттер) үшін «әділ халиф» саналып, ерекше құрметке ие болып келе жатыр. 

Ислам әлемінің бергі кездегі тарихында да ашық діни сипаттағы революциялар жалғасып келеді. Ислам атауымен аталып, шариғатты (исламның мұсылманды белгілі бір тәртіпті, шартты сақтау- ға міндеттейтін заңнамасын) толық немесе жарым-жартылай қолданып жүрген мемлекеттер бар. 

Кейде демократия мен либерализм құндылықтарына негізделген зайырлы мемлекеттерде де халықтың діни санасына арқа сүйеп әрекет етіп, сайлауда жеңіске (билікке) жетуді көздейтін саясаткерлер  әркез қылаң беріп қалады. Бұл тұста белгілі бір діни идеологияны басшылыққа алған ұйымның зайырлы мемлекет билігіне ықпал ету, сол арқылы біртіндеп саяси билікті тартып алуды көздейтінін ұмыт қалдыру мүмкін емес. Мысалы, империяшыл Осман  халифатын таратып, оның орнына Түрік республикасын құрған Кемал Ататүрік бұрыннан саясаттың тасасынан әрекет етуге әдеттеніп қалған тариқат пірлері мен ислами жамағат шейхтарының жымысқы ісіне түбегейлі тосқауыл қою үшін репрессивті шаралар қолдануға мәжбүр болды.

Экстремизм мен терроризм түсінігінің исламға қатысты жиі айтылуы да исламның, дәлірегінде, ислами ағымдардың әсіре саясиланған сипатын көрсетсе керек. Кез келген ислами ағымдардың түпкі идеологиясы зайырлы мемлекеттің конституциясы  мен соған негізделген заңдарын мойындамауға шақырады, олардың түсінігінде әділетті қоғам шариғат заңдары жүзеге асқанда ғана құрылады. Осы идеологияға еліткен халықты үкіметке қарсы қойып, қарулы төңкеріс жасау немесе үркітіп-қорқыту үшін теракт ұйымдастыру жиі қайталанып тұратын оқиға. Мұндай лаңкестіктің алдын алу, оған қарсы күрес әртүрлі сипатта өрбиді. 

Кейде радикал саналатын діни ағымға одан әлдеқайда момақан сипаттағы діни идеологияны қарсы қойып, оларды өзара қырқыстырып, екеуін де әлсірету әдісі пайдаланылады. Радикал діни ағымдардан қауіптенген мемлекет амалы таусылғанда  адам құқықтары мен азаматтардың зайырлы мемлекет заңдарында көрсетілген наным-сенім бостандығына нұқсан келтіретін қатаң репрессивті әрекет жасауға мәжбүр болады. Бірақ мұның бәрі проблеманы түбегейлі шешудің жолы емес. Осы ретте басқа елдердің тәжірибесін былай ысырып қойып, Қазақстандағы діни ахуалға, радикал идеологияға қарсы күрес тәсіліне назар салуды жөн санап отырмын. 

Қоғамның бағыт-бағдарын анықтайтын сараптамада маңызды оқиғаларға қатысушылардың аты-жөнін,  олардың діни наным-сенім көзқарасын, объективті және субъективті жағдайға орай әлдебір діни идеологияға шырматылып қалғанын айшықтап кетпеуге болмайды. Бұл – сараптаманың толық әрі мазмұнды болуының кепілі. Солай бола тұрса да, өзімнің либерал қөзқараста екенімді баса айтқым келеді – әркімнің наным-сеніміне күмән келтіріп, оны түбегейлі терістеуден аулақпын. Менің басты ұстанатын принципім Конституцияда көрсетілген наным-сенім бостандығымен сабақтас, Құдайға  сену немесе Құдайға сенбеу – әркімнің өз шаруасы. Бұл саяси мақсаты бар діни идео- логияға қатысты емес, таза дінге байланысты айтылып отырған көзқарас. Ал таза дін дегеніміз – адам мен Құдайдың арасында жеке интимді қатынас қана. Сондықтан сараптамада аты аталып, түсі түстелетін азаматтардың наным-сеніміне селкеу түсіріп, рухани зиянкестік жасаудан аулақ екенімді ескертемін.

ҚАЗАҚСТАНДА ЯССАУИ ТАРИҚАТЫ  ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Зерттеушілердің пікірі бойынша, Қожа Ахмет Яссауи  (шамамен ХІ ғасырдың соңы мен ХІІ ғасырдың ортасына дейін өмір  сүрген) өз алдына тариқат (ақиқатқа жетудің мистикалық сопылық жолын) құрмаған. Ол – орталығы Бұхара қаласында болған нақышбанд тариқатының өкілі. Ол кейін тариқат жазирасының (діни идеологияның ықпал ететін аумағы) теріскейіне уағызшы етіп жіберіліп, Ясы (Түркістан) қаласында өмірден өтеді. Бұған жарты әлемді жаулап алған Әмір Темір өзінің кеңесші пірінің айтуымен Қожа Ахмет Яссауиге кесене салдырғаны дәлел болады.

Қазақстанда Яссауи тариқаты жөнінде 2000 жылдары айтыла бастады. Бұл оқиға ауған-пәкістандық қазақ Исматулла Әбдіғаппар (кейде оның тегі Мақсұм деп айтылады, Мақсұм – күнәдан сақтаулы деген мағына береді, пайғамбарларға қатысты айтылатын сипат) есімімен байланысты. Ол Совет Одағы тұсында Ауғанстандағы азамат соғысында белгілі қолбасшы болған ұлты тәжік Ахмад Шах Масуд әскерінің діни идеологиясына жауапты адам еді. Тіпті оның «Калашников» автоматын ұстап Ахмад Шах Масудпен бірге түскен суреті бар. Ауғанстаннан әскер  шығарылған соң негізгі құрамы пуштун тайпаларынан тұратын «Талибан» әскеріне қарсы Совет Одағының сыртқы барлау қызметі Ахмад Шах Масудқа астыртын қолдау жасағаны белгілі.

Ауғанстанда «Талибан» содырлары күшейген кезде Исматулла Пәкістанның Пешавар қаласына қоныс аударған. Саяси тапсырыс орындауды жақсы меңгерген  журналистер Ораз Әлімбеков пен Бақытжан Қосбармақовтың зерттеу мақалаларына сүйенсек, Исматуланың Қазақстанға келіп діни миссиямен айналысуға себепші болған – ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің түлегі Ғалым Боқаш. Пушту және урду тіліне (Ауғанстан мен Пәкістан халқының басым бөлігінің тілі) маманданған ол 1997 жылы Пешаварға арнайы барып, Исматулланы Қазақстанға алып келеді. Исматулла алғашында Алматының солтүстік-батысындағы Қарасу мешітіне орнығып, сонда шілхана-медресе ашады.  Шілхананың – қырық (шіл) күндік имитациялық курстың – алғашқы шәкірттерінің басым бөлігі ҚазҰУ Шығыстану факультетінің студенттері мен аспиранттары, журналистер болады.

Исматулла жамағаты зікірдің (Құдайды еске алудың жоралғысы) жария (басты бұлғақтатып, интенсивті қимылмен зікір ету) түрін әдепке кіргізе отырып, өздерін «жалпыхалықтық атеизм тұсында ұмыт болған Яссауи тариқатын жаңғыртып жатырмыз» деп жар салады. Яссауи тариқатының «қазақтың байырғы діні» болғанын дәлелдеу үшін Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларын, қазақ фольклорының ыңғайға келетін кейбір нұсқаларын сопылық сарында тәпсірлей бастайды. Есесіне Ахмет Яссауи өкілі болып табылатын нақышбанд тариқатын терістеп, оны «сасықтардың», «дүмшелердің» қатарына қосады. 

Бұл ретте қазақстандық жаңа сипаттағы сопылар ұлтшылдықтың ұшқынын шығарып, қазақтардың ұлттық сезімінде ойнау үшін нақышбанд сопылық жазирасының тарихи кіндігінде орын тепкен Өзбекстанға, өзбек ұлтына қатысты жағымсыз пікірлер қоздатып отыруды да ұмыт қалдырған жоқ. Бұл тәмсілдің астарында нақышбанд тариқаты яссауи тариқатынан экстремистік сипатта бөлініп шығып, кейін яссауи тариқатын халық санасынан күшпен ысырып, ұмыттырып жібергені жөніндегі пікір жататын. Мұндай діни идеологиямен астасқан ұлтшылдық сол кездердегі өзбек-қазақ шекарасында анда-санда болып тұрған кикілжіңді оқиғалармен үндесіп жатты.

Яссауи тариқатының бұрын болмағанын, оның беріде, Тәуелсіз Қазақстанда пайда болғанын дәлелдейтін тағы бір оқиғалар желісі бар. Өздерінің қазақ қоғамына әсерін күшейту үшін яссауишілер қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері мен кейбір қазақ хандарының да «яссауи сопылық жолын ұстанғанын» айта бастады. Тіпті Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан Түркістан қаласында қазақ хандары мен батырларының жерленуі де соған дәлел ретінде қарастырылды. Исламға дейінгі діни культтің жұрнақтары болып саналатын Шопан ата, Зеңгі баба сияқты әулиелер де өмірде болған нақты адамдар ретінде қайта қарастырылып, оларды  Қожа Ахмет Яссауи шәкірттерінің қатарына қосты. 

Қазақ қоғамын толық қамту жолында яссауишілердің идеологиялық қиындыққа тап болғанын айта кетпесе болмас. Мысалы, Қазақстанның батысындағы халық Бекет атаға (Бекет Мырзағұлұлы) сиынады, соны пір тұтады. Рас, ол – Хорезм сопылық мектебінің түлегі. Егер осы тұстан тарамдасақ, Бекет атаның сопылықтың кадария тариқатын ұстанғаны айқын. Қожа Ахмет есімін пайдаланып Қазақстанның түстігі мен шығысын діни идеологиялық шырмауға алған яссауишілердің алдында батысты да игеру мақсаты тұрды. Олар алдымен жыршы-жырауларды, ақын-жазушыларды өздеріне тартты. Зиялы қауымның бұл санаты әсіре идеалист, аңыз-әпсаналарға сенгіш. Сондықтан Исматулла құрған  жаңа сопылық тариқатқа зиялы қауымның біршама бөлігі елітіп кеткен болатын. Мұндай елігуден маңғыстаулық зиялы қауым өкілдері, жыршы Елдос Емел (кейін «Яссауи» діни вокалды тобының әншісі болды) де сырт қалған жоқ. Аймақта біршама беделі бар олар Бекет атаның да «яссауи сопылық жолында болғанын» дәлелдеп шығуға зор үлесін қосты. Осылайша 2000-жылдарда құрылған яссауи сопылық тариқаты Алтай мен Атырауға созылып жатқан Тәуелсіз Қазақстанның «қилы заманда ұмыт болып, ұлттың қайта түлеу кезінде табысқан діні» іспетті идеологияның ұшқыны болды.

Исматулла тариқаты о бастан саяси-діни идеологиялық жоба екені, оны мемлекеттің идеологияға жауапты лауазымды қызметкерлері іске қосқаны кейін дәлелін тапты. Бұл жобаның пайда болуына 90-жылдардың ортасында Кавказдағы діни ахуалдың ушығып кетуі, Шешенстанның Ресейден тә- уелсіздік алуға ұмтылысы әсер еткен сияқты. 

Шешенстандағы тәуелсіздікке ұмтылған ұлтшылдық қозғалыстың діни сипатының басым болғаны, діндегі сәләфилік-уаһабилік көзқарастың күшейгені белгілі. Тіпті араб елдерінен «таза дін» үшін қарулы күреске ұлты араб Хаттаб сияқты содырлардың қатысуы, олардың кейбіріне дала командирі атағын беріп, шешен жасақтарын басқартып қоюы сол кезде Кавказдағы діни ахуалдың тіпті күрделеніп кеткенін білдірсе керек. Осындай жағдайда  Ресей Федерациясының орталық билігі сепаратистерге қарсы әскер күшін қолданумен қатар, сәләфизм-уаһабизм сияқты діни радикал ағымдар идеясының таралуына да тосқауыл қоюды ұмыт қалдырған жоқ. Ол үшін мешіттерге орнығып алған уаһабилік сәләфи көзқарастағы имамдарды ысырып, оларды дәстүрлі кадария сопылық ағымының уағызшыларымен алмастыру қажет болды.

Ресей Федерациясына қарсы қарулы күрес жүргізген Дудаев-Масхадов әскеріне діни идеолог ретінде  Мухаммед-Хусейн қажы Алсабеков пен Ахмат қажы Кадыровтың сыналап кіргізілгені, ке- йін сепаратистер арасындағы кикілжіңнің күшейгені бұл құпия діни жобаның сәтті болғанын білдірсе керек. Шешенстан мұсылмандары діни басқармасында лауазымды қызмет атқарған Мухаммед-Хусейн кажы Алсабеков оқыстан Ресейге қарсы «жиһадтан» ресми түрде бас тартып, Қазақстанға оралды да, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында мүфтидің орынбасары қызметін атқарды. Ал Шешенстанда оның орнын алмастырған Ахмат Кадыров сепаратистер арасындағы интриганы қоздатып, дәстүршіл Масхадов пен «таза діншіл» Басаевтың ренжісуіне себепші болды. Кейін Масхадов қайтыс болған соң ол Шешенстанның ресми Мәскеу мойындаған президенті лауазымына дейін көтеріліп, қарсыластары тарапынан ұйымдастырылған теракті кезінде көз жұмды. Содан бері Шешенстанды оның ұлы Рамзан Кадыров басқарып отыр.

Әрине, Қазақстан Ресей сияқты федерация- лық мемлекет емес. 90-жылдардың басындағы діни нанымды радикалдандырып жіберген сәләфилік-уаһабилік уағыз Қазақстан билігін де бей-жай қалдырмағаны анық. Осы тақырыпқа қатысты жазылған зерттеулерде бұрын-соңды болмаған «яссауи тариқаты» деген атпен Исматулланың жамағат құра бастағаны да, оның Кавказдағы әлгі оқиғалармен тұспа-тұс келуі де бұл діни идеологиялық жоба сәләфизмнің радикал бағыттарына қарсы тосқауыл ретінде қарастырылғаны жөнінде айтылады. Ауған соғысындағы өзінің миссиясын аяқтап, Пәкістанның Пешавар қаласында тыныш өмір сүріп жатқан Исматулла Әбдіғаппарды жылы орнынан қозғап, өте қажет адамдай аттай қалап, Қазақстанға алып келудің негізгі мақсаты осы болатын.

Исматулла тариқаты саяси-идеологиялық жобасы Ресейдің Кавказдағы діни ахуалды өзгерту әрекетінің әдіс-айласын негізге ала отырып құрылғанын жанама дәлелдермен де дәйектеп-аргументтеуге болады. Мысалы, аздаған ерекшелігін ескермесек, Исматулла тариқаты қолданатын зікір Шешенстандағы кадария сопылық тариқатының зікіріне өте ұқсас. Кадария сопылық мектебінің белді өкілі Мухаммед-Хусейн қажы Алсабековтің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында (ҚМДБ) басшы қызмет атқарып жүріп Исматулла пірдің басшылығымен Алматыда өткен алқалы зікірге бірнеше рет қатысқанын бейнелейтін видео интернеттің қойнауында әлі жүр. 

Жалғасы бар...

 

Пікірлер