Қалың қалай, мүсін өнері?

4302

Бүгінгі мүсін өнері туралы әңгіме көп. Тіпті бүгінгі ғана емес, кешегі Кеңестік дәуірде де бұл өнер жөнінде әр түрлі ой қозғағандар болған. Сол ойдың көпшілігі біздің елдегі мүсіндік туындылардың әмсе көңіл көншіте бермейтініне назар аудартатын-ды. Оған өнертанушылардың уәжі –өнерге саясаттың араласуы болса, ал қазір қай мүсіншінің қолын кім байлап отыр? Негізгі кінарат неде? Осы сауалдар төңірегінде «Жауһар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қорының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті…

 

 Тілеуберді Бинашев, мүсінші:

– Бүгінгі мүсін өнеріне не жетіспейді?

– Табиғи дарын деген қасиет Алладан келеді. Шетелден білім алу дарынсызға дарын қосып бермейді. Қазіргі мүсін өнерінде табиғи дарын жетіспеуде. Санаулы. Ал шынайы таланттарға жағдай жасау керек. Жағдайы оңбаған соң, әр тарапқа нәпақа іздеп кетуде. Шеберхана – біздің екінші үйіміз. Өз кезімде үйім де, күйім де болмады. Жастығым жағдайды түзеумен өтті. Бүгінде сол тынымсыз еңбектің арқасында жеке шеберханам мен музейімді аштым. Егемендікке қол жеткен тәуелсіз елімізде  жастарға жақсы жағдай жасалынуы тиіс. Атты да бәйгеге шаптыру үшін жақсылап баптаймыз  ғой. Өнер адамы да тура сол іспетті. Ал  күйі дұрыс болмаса, таланты жайында қалады. Өмірлік сыңарына да көп нәрсе байланысты. Кейбір талантты жігіттердің отбасылық жағдайы жақсы болмай шығып, ішкілікке салынып кетті. Өнер деген кітаптан оқып-білетін нәрсе емес. Ол Алладан, табиғаттан  келеді деп айттым ғой. Алып кете алмасаң, жоғалып кетуің де мүмкін. Сондай қиындықтары бар. Қазір өнер академиясында айлық өте аз. Мүсінші деген теориялық және практикалық деп 2-ге  бөлінеді. Теориялық тұрғыдағысы оқытуға, сабақ беруге ғана бейім. Көп мүсіншілер теориялық білімге бай болғанымен, практикаға келгенде қолы жүрмей қалады. Кітабын құшақтап, жылдық бағдарламасымен сабақ берген ондайлардың асығы алшысынан түседі. Не ілкімді жұмыс жоқ. Содан кейін ой жетіспей жатыр. Аттың да түрін ажырата білу керек қой. Мәселен, аттың айғыры, соғымға сойылатыны, байлайтыны болады. Қазір біздің хан, баһадүрлеріміздің көбін әбден семіртіп соғымға соятын аттарға мінгізіп қойған. Негізі батыр тұлпарды жаратуы тиіс. Тұлпарды да дұрыс айыра алмайды. Демек, ой тапшы. Бүгінде тілімен сайрайтындар көп. Ісі аз. Жоқ десек те болады. Не көрме ашпайды. Көшеде тұрған ескерткіштердің барлығы шығармашылыққа жатпайды. Тапсырыспен жасалған дүниелер. Ал шығармашылық өз жүрегіңнің қалауымен туады. Шынайы талантпен бірге халтурщиктер де кездеседі.  Халтурада ақша көп болады. Айыра білу керек. Бүгінде көп мүсіншілер тапсырыспен істейді. Бірақ, оларда шығармашылық жоқ. Сонсоң тұлғалар аттың үстінде отырғаннан  жалықты. Өзге де қаһарман жетерлік. Алдар көсе, Қожанасырды әспеттеп, неге бейнелемеске?! Жуырда «Мұңлық-Зарлықты» Алматыда қоямыз деген бастама көтеріліп еді. Қаржы мәселесімен аяқсыз қалды. Бұл мүсінде бейнеленген арал, төрт Сырдың толқыны, төрткүл дүниенің төрт бұрышына мәлім дегенге меңзейді. Арғы жағынан қарасаң, қобызбен тұрған Мұңлықты көресің. Мұңлықтың заманында жазу аз дамығандықтан не нәрсе де қобыз арқылы жеткен. Бергі жағынан қарасаң, әлгі қобыз қылышқа айналады. Ол ел қорғаған батыр болған-ды. Екеуі егіз өмір сүрген. Сол қалыптарында киіктің үстінде отыр. Анасы әлпештеп асыраған. Осындай тәрбиелік-тәлімдік маңызы зор мүсін қойылуы керек. Қазіргі мүсіндер Қытайда жасалып, мұнда әкелініп жатыр. Олардың қазаққа айтары да, берері де шамалы. Осындайда  қазақта  өнер, тарих жоқ па деп, қаның басыңа шабады. Бізде  саябақ  көп. Жұрт демалатын жерлерге қазақ қызының прототипін қойса құба-құп. Мысалы, Баян-сұлу, Еңлік-Кебектерімізді. Жастардың  «Қозы-Көрпештің» аллеясында кездесеміз дегені қандай ғанибет! Осылайша жастардың тарихқа деген қызығушылығы артады. Ұрпаққа мәңгілік өшпес мұра болып қалады.

– Жастардың беталысы қандай?

– Жастарды ауызға алмас бұрын аға буынды сөз етейікші. Хакімжан Наурызбаев деген атақты мүсінші Алматыдағы Абайдың, М.Әуезовтың, Шоқанның  мүсінін тұңғыш қойған. Бүгінде ұмытылып барады. Біз осы кісілермен мақтансақ керек. Марқая жазсақ еді. Ол – қазақ мүсін өнеріндегі тұңғыш мүсінші. Жас қайыңдай желкілдеп өсіп жастар да жетілді. Жусанның, қойдың қиының иісін сезбей, қаладағы асфальттың үстінде өскен. Көретіндері – шетелдің киносы. Төл тұрмыс-салтымыз жоғалуға шақ. Өз есептерінде өздерін тым заманауимыз деп есептейді. Сонда біздің ұлтшылдығымыз, қазақтығымыз қайда қалды? Бойын өз ұлтынан аулақ ұстағысы келетін жастардың бізге керегі не? Мұндай жастар кез келген уақытта Отанын сатуға барады. Ең алдымен, тарихымызды ұмытпасақ игі еді.

– Бүгінге дейін қанша көрме өткіздіңіз?

– Есімде қалмапты. Әсіресе, Кеңес Одағының кезінде көп өткіздік қой. Қазіргі уақытта көрме мақсат емес. Барлығын ұйымдастырып, үйлестіретін, сөйтіп іріктейтін көркемдік кеңес жоқ. Әркім әртүрлі деңгейде жұмыс істеуде. Қаражаттан қиналған кей мүсіншілер діннің алуан ағымымен кетуде. «Мамбетизм» деген ұғым шыққан ғой. Бізді менсінбейді, кемітеді  деп намыстанатын жігіттер де бар.

– Сіздің бір туындыңыздың жарыққа шығуы үшін қанша уақыт кетеді?

– Мен уақытпен жұмыс істемеймін. Көңілің болмаса, түк те шықпайды. Тез арада бітіру керек деген ниетте істесең, халтура шығады.  Көзбояушылық. Сен оны ұқпауың  мүмкін. Бірақ, мен іштей түсініп тұрам. Сырты жылтырағанымен, іші әйтеуір жасалуы мүмкін. Сені қоршаған орта жақсы болуы керек. Біреу төбеңде  тұрса, ешнәрсе де өнбейді. Көп суретшілер отбасынан ажырасып кетті.

– Осы күні тапсырыс жайы қалай? Тапсырыс беретіндер бар шығар…

– Өте аз. Өнерге қызығатындардың саны әлдеқайда кеміді. Пенделер қу дүниенің соңында жүр. Өнер тасада қалып қойды. Арбатта отыратындардың жұмысы сұлу екен деп ойламаңыз. Түріңізді келтіруді біледі. Бірақ, ол жұмысты ешқайда қоя алмайсың. Өйткені, ешқандай құндылығы жоқ. Сурет өнерінде мынадай тәмсілді естігенсің бе? Сальвадор Дали деген суретші бүкіл әлемге танылған. Бір күні сол мейрамханада демалып отырса керек. Ол өзі өте бай әрі баққуатты кісі болған деседі. Жаңағы мейрамханаға бір қыз бен жігіт кіреді. Жігіттің Далидың ас та төк байлығынан жақсы хабары болса керек-ті. Қасындағы қалыңдығына  афтогроф алуды ұсынады.  Қымбат сусын жіберетін шығар деп жориды. Қыз Далидан афтограф сұрайды. Ал Далидың қолында не қағазы, не қаламы болмаған соң, қол сүртетін қағазға  бірнәрсені сызып береді. Жігіті екеуі келгенін байқаған ол: «Мынау– сендердің тойларыңа сыйлығым»,-дейді. Қыз даңқты суретшіге соншалықты сараң болар  ма еді деп қапаланады. Бір жылдан соң, Дали өмірден озады. Кейін әлгі айқыш-ұйқыш салынған суретті бір ауқатты адам миллион долларға сатып алыпты. Сөйтсе, ол Далидың өміріндегі тұңғыш  салфеткаға салған суреті екен. Қыз сол кезде оның ұлылығына бас иіпті. Пикассолардың жұмыстарын менің өзім көбінесе түсінбеймін. Ал бірақ өте қымбат бағаланады. Оның жұмысы әлі күнге дейін зерттелуде. Менің де басымда бір қызық жәйт болды. Бір күні қыздың бейнесін жасадым. Сол мүсін өзіме еш ұнамады. Алдым да, жерге лақтырып жібердім. Қазіргі түрі енді экспонатқа ұқсайды. Бабалардан қалған зат іспетті. Қазып алған сияқтымын. Шедевр. Бәлкім, бұл Баян сұлу, Қыз Жібектер шығар. Нағыз туындыға айналып шыға келді. Сондай  қызық буырқанған сәттерді өткереміз.

– Музейіңіздің ашылғанына қанша болды?

– Музейімді хобби үшін аштым. Адамдар рухани тәрбие алсын деген мақсатта келушілерге қызмет көрсетеді.

Көркемдік кеңестің қадірі өтті-ау!..

 

Марат Өмірсерікұлы, доцент:

- Бүгінгі мүсін өнерінің насихатталуы қандай?

– Екі  астанамызда кейінгі кездері көп мүсіндер орнатылуда. Өкінішке қарай, көпшілігі аяқ астынан жарыққа үстірт шығып жатыр. Іріктеуден өткенімен, шындығына келгенде, сапасы  сын көтермейді. Кеңес уақтысында үкімет қаулы шығаратын. Ол қаулы Суретшілер одағына беріліп, арнайы мамандар тартылатын. Жарыстан өткеннен соң да, талай сынға ілігетін. Жеке Көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Құрамына ғалым, сәулетші, суретші, мүсіншілер жасақталатын.  Барды бар, жоқты жоқ  дейтін еді. Көркемдік кеңестің сын тезінен шыққан туындыға сұраныс аса зор болатын-ды. Көрмеге бір апта қалғанда ғана хабарланамыз. Неге екенін білмеймін, кей кезде ешқандай да хабар келмейді. Бала құрсақта тоғыз ай жатуы керек қой. Сол сияқты мүсіннің де мезгілі болады. Бұл оңай жұмыс емес. Екіншіден, мұндай күрделі жұмыс тәжірибелі маманға берілетін. Кейінгі кездері мүсінді кез келгені жасай беретінді шығарды. Әуесқойлар көбінесе сапасыз мүсін жасайды.

– Мүсін өнерімен шұғылданып келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

– 1973 жылы Ленинградтағы академияны тәмамдағаннан бері шұғылданып келемін. Оқуды  бітірісімен Бүкілодақтық жарыс өтті. Әлия деген батыр қызымызға арналып менің авторлығымдағы ескерткіш орнатылды. Жамбылдың, Абайдың, Шоқанның, Мағжанның, Сәкен Сейфуллин, Шәкен Айманов, Сәтбаев, Қызылордада Асқар Тоқмағамбетовке, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнайы қойылған ескерткіштер менің шеберханамнан шыққан жұмыстар.

1993 жылы мені 3 айға Түркияға жіберген. Соңынан үш ай он бір жылға айналды. Стамбулда ұлы Абайдың ескерткішін, Анкара қаласында Мағжанға, Абайға, Әуезовке, Ататүркке және тағы басқа тұлғаларға бірнеше ескерткіш жасадым. Содан қайтып келгеннен кейін балам Саят екеуміз Мәскеуде Чистопродный бульварында 2006 жылы Абайдың ескерткішін орнаттық. 2007 жылы Иранның астанасы Тегеранда тағы да дана Абайдың ескерткішін жасадық .

– Жеке шеберханаңыз бар ма?

– Бар. Үлкен өкінішке қарай, қазіргі жастарға өте қиын. Бұрын Кеңес үкіметі жақсы жәрдем беретін. Қазір жастарда не шеберхана, не үй жоқ. Шеберхана мәселесі – жастар үшін күрмеуі көп мәселе. Суретшілер одағында шеберхана  берілуде. Алайда, аяқсыз қалып қоюда. Әлі ешкімге толық ғимарат берілмеді.  Қолдарында құжаттары да жоқ.

– Сіз кімнің шапанынан шықтыңыз?

– Менің ұстазым – Журавлев Николай Степанович деген мүсінші. Қазір Алматыда Абай атындағы ҚазҰПУ-да дәріс береді. Ленинградта Пенчук, Анекошиндардың шеберханасынан шықтым.

Қарапайым ақпар алатын баспасөз ашылса…

 

Мәлік Сұлтанұлы, профессор:

 Мүсін өнеріндегі қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін сіздің қандай ұсынысыңыз бар?

– Қазір қай жерде қайсыбір мүсін ашылып жатқандығынан бейхабармыз. Әркім өзінше қимылдауда. Кеңес кезінде Мәскеуден суретші, мүсінші, сәулетшілер жайлы журналдар оқырманға жол тартатын-ды. Шетелден келетін басылымдар  да баршылық еді. Сол журналдардан  жер-жерден хабар-ошар алып отырушы едік. Суретшілердің еңбегі кеңінен насихатталатын. Қазір журналға ақша жетпесе де, ең құрығанда республикаға таралатын газет болса деген тілегіміз бар. Академия қабырғасындағы қабырға газеті ешкімге жетпейді. Өнердің кино, театр саласы жап-жақсы насихатталып жүр ғой. Сол сияқты мүсін өнері де көлеңкеде қалып қоймаса игі еді. Қарапайым ақпарат алатын баспасөз болса, айымыз оңынан туар еді. Өз  көзіңмен көрмеген соң, адам оның қандайлығын қайдан айтсын?!  Біреудің аузынан естіп, әлдебір қорытындыға келуге болмайды ғой. Болат Сапарұлы осыдан екі жыл бұрын өзі жасаған мүсінді ашты. Талайлар таңдай қақты. Енді біреулерге ұнамай қалды. Өзім көріп, мүсіннің әп-әдемі екенін байқадым. Ешқандай кемшілік аңғармадым. Өнер академиясына соңғы жиырма жылда ешбір әкім басын сұқпады. Биыл аудан әкімі келіп, студенттердің жұмыстарын көріп, өз ойын айтты. Балаларға өз ұсынысын білдірді. Атқамінер азаматтардың академияға ат басын бұруы жақсы үрдіс қой.

Өзімнің ойымша, ескерткіш те идеологиялық құралдың бір түрі. Ол керегіне керек. Дегенмен, адам демалып жүргенде көретін, аялдайтын саябақтарға жәй мүсіндер қойылса. Қайсыбір мүсінші жеке шеберханасында ескерткіштен өзге көптеген өз қиялынан туған алуан мүсіндер жасайды.

– Қазір қандай мүсін жасаудасыз?

– Абай атындағы ҚазҰПУ-дың алдында тұрған Абайдың ескерткішін өзім істегенмін. «I club»-тағы екі мүсінді жасадым. Торғайда Шақшақ Жәнібектікі бар. Өткен жылы  Болат Сапарұлы екеуміз Мақаншыда Қабанбай батырды қойдық.  Қазір Үкілі Ыбыраймен жүрмін.

– Сізді жақында шеберханаға қол жеткізді деп естідік. Рас па?

– Сәтбаев көшесінде бұрын комбинат болған-ды. 50 адамдай істегенбіз. Шүкір, шеберхана алдым. Үш жыл бойы күттім.  Бірақ, әлі ішіні кіруге рұқсат жоқ. Жыл сайын 6 бала осы академияны бітіреді. Таңсықбаев атындағы училищеден де түлектер бар дегендей, жылда он шақты маман түлеп ұшуда. Бұрын жақсы бағдарламалар бар еді. 80-жылдары өкімет көп көмектесетін. Қазір оның бірі де жоқ. Жас мүсіншілер қатты қиналуда.


Мөлдір КЕНЖЕБАЕВА

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket