Рамазан Стамғазиев: Дәстүрлі әншілерге жаным ашиды

2969
Adyrna.kz Telegram

– Рамазан аға, әңгімемізді бізді алаңдатқан сауалдан бастайық. Биыл «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігігінің ұйымдастыруымен Ақан серінің, Біржан салдың кешін өткіздіңіздер. Соңғы уақытта өткен дәстүрлі әндердің концерті сол. Бірақ байқағанымыз, ұйымдастырушылар көрерменді қинап ұстап отырғандай болды. Залды студенттермен толтырып, қайтқысы келгендерге «деканатқа айтамыз» деген ескертпелер жасалғанын көзімізбен көрдік. Халық әндері сұраныстан қалып бара жатқан жоқ па осы?

– Студенттерді мәжбүрледі дегенді бірінші рет естіп отырмын. Концертке ешкімнің аяқ-қолын байлап алып келмейді ғой. Ол өзі тегін концерт. Түсінген адамға Ақан сері, Біржан салдың осы күнге дейін айтылып жүрген әндерінен бөлек, Затаевичтің, Ерзаковичтің, Ахмет Байтұрсыновтың, Қаныш Сәтпаевтың қолжазбаларында сақталған әндерін қайта жаңғыртып, жаңа орындаушылар сахнаға алып шықты. Сондай кеште отыра алмаса білмеймін. Халық әндері сұраныстан қалып бара жатқан жоқ па? дейсіз. Бұған бастысы дәстүрлі әндерді орындаушыларымыз бар, ізімізді басып, жыл сайынғы конкурстардан лауреат атанып жүрген жастар бар деген жауап айтайын. Бірақ халық әндерін қолдаушылардың көмегі аз. Өйткені сол «Адырна» ұйымдастырған концертті түсіруге, сахнаның безендірілуіне көмек сұрап «Қазақстан» телеарнасы мен «Хабар» агенттігіне қаншама хат жіберілді. Бірде-бірі селт етпеді. Халық келсе де, келмесе де, есігімізді ашып қойып, дәстүрлі ән кештерін бәрібір өткіземіз. Концерт бере берсек, халық әндері құлаққа сіңісті болып халыққа таралар, бәлкім.
– Бірақ бір сұхбатыңызда: «Дәстүрлі әншілерде өкпе көп. Жоғары жаққа айтамыз, бірақ еститін құлақ жоқ. Кейде өзімізді-өзіміз қайрап жоғары жаққа шығып аламыз да, меселіміз қайтып келеміз. Себебі, қазір нарықтың заманы», – деп өзіңіз де мойындағандай болыпсыз ғой.
– Ол рас, қазір халық әндеріне сұраныс өте аз. Өйткені халық ырғақты, даңғаза музыкаға бұрылып кетті. Ал зиялы, дәстүрден, қазақтың әдебиеті мен тарихынан, ұлттық музыкасынан хабары бар адамдар халық әндерін тыңдайды. 600 орындық шағын залда отырған көрерменнің тек алпысы ғана халық әнінің тыңдарманы. Сол 60 адам әннің тарихын, орындалу техникасын, халық арасында тараған варианттарын шемішкеше шағып, айтып отырады. Соған қарап, айтқан әніңнің далаға кетпегеніне қуанып, тәубеңе келесің. Дәстүрлі ән кенжелеп, жетілмей қалған баланың күйін кешіп отыр, шыны керек. Жыл сайын өтетін бір-екі байқау, екі-үш концерт бар. Сонда шығып қоямыз. Бірақ мемлекет дәстүрлі ән кештерін өткізбеді, ақша бөлмеді дей бермей, жаңағыдай «Адырна» сынды ұйымдармен бірігіп, есігімізді ашып қойып, әнімізді айта береміз.
– Халық әндерін бүгінгі күнге лайықтап, эстрадамен айтып жүрсіз. Бір сіз ғана емес, бұған соңғы кезде Айгүл Қосанова, Ардақ Балажанова, Қарақат Әбілдина, Сәуле Жанпейісовалар да бет бұрды. Бұл да халық әнінің халінің мүшкілдігінен емес пе?
– Халық әндерін ешбір аспапсыз, жалаң дауыспен аттың жалы, түйенің қомында, отырып та айтты ғой ата-бабаларымыз. Кейіннен домбырамен, сыбызғымен, қобызбен айтты. Ахмет Жұбанов үлкен оркестр құрып, халық әндері оркестрмен де, фортепианомен де орындалды. Керек десеңіз, хормен, симфониялық оркестрмен де айтылды. Қазір эстраданың үстемдік құрған заманы. Сондықтан неге бұл заманның да тілімен сөйлемеске? Халық әндері тек қана домбырамен айтылсын деген заң жоқ қой. Дәстүрлі ән мен эстрадада қатар жүрген әншілер кез келген аудиторияны игеріп кете алады. Анау Біржаннан бастап, кешегі Кененге дейінгі екі ғасырдың аралығындағы әндерді, домбырамен де эстрадамен де айтып береміз. Бірақ мен концерттерімде бірінші, екінші блокта міндетті түрде халық және халық композиторларының әндерін орындаймын. Жеке концертімдегі әндерімнің 60 пайызы халық әндері.
– Аға, сұхбаттарыңызды оқып отырсам, «дәстүрлі ән қараусыз жатқан сала» дейсіз. Онымен қоса, дәстүрлі әншілердің өкпе-назын да айтасыз ылғи. Сіздер өкпелей беруден шаршаған жоқсыздар ма? Өздеріңізге жандарыңыз ашымай ма? Неге ұйым құрып немесе халық әндерін орындаушылардың продюсерлік орталығын ашпайсыздар? Өйткені насихаты аз болғандықтан, халық әндері халыққа таралмай жатыр емес пе?
– Менің қолымда билік жоқ. Оның үстіне үлкен орталықты құра қойып, жүргізіп кететін адам емеспін.

Мен – орындаушымын. Бірақ қай тұстан алып қарасаң да, дәстүрлі әнге деген салқындық айдан анық байқалып тұрады. Мен дәстүрлі әншілерге халықта сұраныс жоқ деп қарап отырасыңдар ма? Әнді халыққа жеткізудің жолын іздеу керек. Бізді меңдеп алған эстрада ма? Онда халық әндерін эстрадаға бағыттаңдар. Тек бояуын кетіріп, өңін бұзып алмасаңдар болды дегенді үнемі айтамын.

Халық әндерін эстрадаға салып та, фольклорлық ансамбльмен де айтуға болады. Мен кейде әріптестеріме ренжимін, кейде қуанамын. Қуанатыным – нарықтың заманында қара домбырасын тастамай, үлкен буынның аманаттап кеткен дүниелерін арқалап жүр. Ал ренжитінім – Үкіметке қарап аузымызды ашып, бізге ананы, мынаны істеп беруі қажет деп отырамыз.
– Осы эстрада әншілерінен сұхбат алғанда коттедж үйім, астымда мәшинем бар деп жатады. Ал дәстүрлі әншілердің тұрмыс-тіршілігі қалай? Жақында Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың жеңімпазы Нұржан Жанпейісовтің үйсіз-күйсіз жүргенін естіп едік.
– Мен сізді қуантайын, кеше ол бала ипотекадан үш бөлмелі үй алды. Эстрада әншілерінің азды-көпті той-томалағы бар. Олар қайткен күнде де жанын бағады. Ал дәстүрлі әншілер ондай жерлерге көп шақырылмайды. Оның үстіне олардың еңбегі де ескерілмейді. Жыл сайынғы дәстүрлі әндер байқауынан лауреат атанып жатқан жас әншілер жетіп-артылады. Бірақ ақпарат құралдарының бірде-біреуі олардың сол жетістігін жазбайды. Сондықтан дәстүрлі әншілер танымал емес. Соңғы бес жылда «Шабыт» фестивалінің, Әміре Қашаубаев, Дәнеш Рақышев, Кенен Әзірбаев атындағы конкурстардың, Майра Уәлиқызы атындағы сырнаймен өлең айтатын байқаудың жеңімпаздарын халық танып жатыр ма? «Шабыт» фестивалі өтсе, сіздер міндетті түрде балетті, классикалық жанрды жазасыздар. Осыдан соң қайдағы танымалдылық, қайдағы табыс? Дәстүрлі әншілердің көбінің жағдайы мәз емес. Шыны керек, дәстүрлі әншілерге жаным ашиды. Басында үйі, астында мәшинесі де жоқ. Өзім дәстүрлі әннен де, эстрададан да нанымды тауып жеп жүрмін. Былтыр Қарағандыда Тәттімбет атындағы оркестрмен қосылып концерт бердім. Фольклорлық ансамбльмен де айтып жүрмін. Біраз әндерді эстрадаға бағыттадым. Яғни қай жерде сұраныс бар, сол жерге түрлі бағыттағы «тауарларым» дайын.
– Рамазан Стамғазиевтің репертуарындағы Тұрсынжан Шапайдың әндерінен Тұрсынжанның бір шығармашылық кешін өткізуге болады деген әңгіме бар. Тұрсынжан Шапайдың көп әні сіздің репертуарыңызда. Ол кісі көңілі түспеген адамға әндерін бере бермейді деп естиміз. Тұрсынжан Шапаймен шығармашылық байланысыңыз қалай басталды? Былайғы өмірде аралас-құралассыздар ма? Ол кісі қазір қайда жүр?
– Ол кісі қазір үйінде. Тұрсынжан ағамен жерлеспіз. Бекболаттың орындауындағы Тұрсынжан ағаның әнін естіп отырып, Бекболаттан ол кісінің телефон нөмірін алып, таныстығымыз солай басталған. Бір концертке жетер емес, асып та кететін әндерін алып үлгердік Ұлту екеуміз. 30 маусым күні Шапайдың Астанадағы Конгресс-холда Тұрсынжанның шығармашылық кеші өтеді. Мен Тұрсынжан Шапай мен Несіпбек Айтұлының өнерге деген тазалығына тәнтімін. Тұрсынжан ағамен аралас-құраласпыз. Үйіне барам десем, күндіз-түні есігі ашық. Шығармашылық байланысымызда ешқандай шекара жоқ.
– Ілгеріректе «Дариға-дәурен», «Арман» сынды бейнебаяндарыңызды көруші едік. Соңғы кезде мүлде бейнебаян түсірмедіңіз. Оның үстіне кейінгі кезде «Сәуле-ғұмыр», «Ақмарал» сынды хит әндеріңіз де жоқ. Неге?
– Қазір бәрі қыруар ақшамен бітетін заман. Бір әннің аранжировкасы 1500 доллар тұрады. Бірді-екілі дайындап қойған әнім бар. Бірақ әндерімнің көпшілігі қазір Қазақ радиосына немесе эфирге жіберіліп жатқан жоқ. Оны айтсаң, жамандағандай боласың. Бірақ қай заманда да топқа түскен адамға аяқтан шалып, жолды бөгеп болмаса бар дүниеңе көлеңке түсіретін белгілі азаматтар болады. Оларды бәленбай-түгенбай деп атын атағым келмейді. Сондықтан болар, менің көп әндерім қазір эфирде жоқ. Мұны келе-келе уақыт өз орнына қоятын шығар. Бірақ бұл шығармашылығым тоқтап қалды деген сөз емес. Олар орнынан кетер, мүмкін, сөйтіп қайта эфирге шығармын. Ал бейнебаян дегенді қойдым, түсірмеймін. Өйткені 25-30 мың долларға түсіресің. Телеарналардан айналдыру үшін әр көрсетіліміне 200 доллардан тағы төлейсің. Оның керегі не? Кешегі Нұрғали Нүсіпжанов, Бибігүл Төлегеновалар, бүгінгі Тоқтар мен Саяттар бейнебаянсыз-ақ танылды ғой.
– Аға, дәстүрлі әншілердің еңбегін жоққа шығарды деп ренжімеңіз. Біздікі халық әндері халыққа тарап, кеңінен насихатталсын деген ой ғой. Алда өткізіп жатқан «Халық сөзі халық әндеріне шақырады» концертіміздің мақсаты да осы.
– Бастамаларыңызды естіп қос қолымды көтеріп қолдадым. Оның үстіне концерттің қайырымдылық концерті екеніне қуаныштымын. «Халық сөзі» халықтың көкейіндегі мәселелерді көтеріп жүр. Бір жылдық тойларыңызда халық әндерін айтқызғандарыңыз өте дұрыс. Біз мұндай концерттерге атсалысуға, халық әндерін насихаттаймыз деген адамдармен жұмыс жасауға қашанда даярмыз. Айтарым, бұл үрдістеріңіз осымен үзіліп қалмасын! Бұл бастаманы жылына екі-үш рет өткізіп тұрсаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді. Кейін бес жылдық, он жылдық мерейтойларыңызды да халық әндерімен өткізіңіздер!
– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Қарлыға ИБРАГИМОВА,

«Халық сөзі».

Пікірлер