Орбұлақ шайқасы. Тарихқа тағзым (фото)

2915
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тарихындағы қанды шайқастардың ішіндегі даңқты жеңістердің бірі – Орбұлақ шайқасы. 1643 жылы қазақ қолын бастаған Салқам Жәңгір жоңғар қолын бастап келген Батыр қоңтайшыны тас-талқан етіп ұтады. Елу мың әскермен келген жоңғарға 600 мергенімен қарсы тұрған қазақ қолы жауға табанды қарсылық көрсетеді. Ташкенттен 20 мың қолмен көмекке келген Жалаңтөс баһадүр жаудың ту сыртынан тиеді.

Орбұлақ шайқасына арналған театрландырылған қойылым 2015 жылы көрсетіліп еді.  Араға 4 жыл салып Талдықорғанда екінші рет тойланды.

Талдықорған ипподромына кірген сәттен тойды ұйымдастырушылардың қаншалықты дайындалғаны көрініп тұрды. Біз барған уақыт арқан тарту мен асық атудан жарыстың қызған сәтіне келіппіз.

Арада көп өтпей арыстан жүрек, қабылан білек палуандардың да сайысы басталды. Есімі елге танымал Ұлан Рысқұл, Руслан Әбдіразақов, Еламан Ерғали сынды палуандардың топ жаратынын кілем шетіндегі топтанған жұрт айтып тұрды. "Халық айтса қалып айтпайды". Жұрттың болжамы расқа шықты. Ерғали Еламан топ жарып, су жаңа «Лада Гранта» автокөлігіне ие болды.

Той төрінде шапқылап жүрген балалардың қолынан бауырсақ көріп, сатып алған шығар деп ойлағанбыз. Олай емес екен. Екі тонна бауырсақ пісіріліп жұртқа тегін таратылып жатыр екен. Гиннес рекордтар кітабына қазақстандық жаңалық ретінде жазылған бауырсақтан біз де ауыз тидік.

Қақпадан ары қарай дендей енген сәтте алдымыздан құс ұстап, тазы ерткен бір топ құсбегілер мен аңшылар жолықты. Жиналған жұрт бүркітпен суретке түсіп, балалар қазақы тазылармен серуендеп мәз-мейрам болды.

Дәл сол құсбегілер алаңымен қатар жерде әскери техникалар көрмесі өтіп жатса, одан ары қарай жұртшылық «Алтын адам», балбал тастар, батырлар қақпасымен "селфи" жасап жатты.

Қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесінің маңы қара құрым халықтан көрінбей жатты. Жұрт өзіне керек заттарды сол ьжерде сатып алып жатса, енді бірі ұсталардың шеберлігіне таңдай қағып, жәрмеңкені аралап жүрді.

Жамбы ату мен садақ атудан өтіп жатқан жарыстың бас жүлдесіне 150 мың теңге тігіліпті. Құралайды көзге атқан мергендердің садақ ұстауы Англияның әйгілі Шервуд орманындағы Робин Гудтан кем емес.

Жігіттердің бір бөлігі сән көрсетілімінің маңайында жүр.  Алматыдан арнайы келген модель қыздар этникалық стильдегі киімдерімен подиумға шыққан сайын әйелдер қауымы да киімдеріне таңдай қаға қарап отыр.

Түс ауа тойдың ең шырқау шегі Орбұлақ шайқасының тарихи сахналануы басталды. Алматы облысының әкімі Амандық Батталовтан бөлек ҰҚК бұрынғы басшысы Амангелді Шабдарбаевты, Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты, эколог Мэлс Елеусізовті құрметті қонақтардың ішінен көзіміз шалып қалды.

Декорация алаңында жұртшылық оқиғаның қалай басталғанын тамашалады. Керуеннің тоналуынан басталған соғыс, жекпе-жек, қазақ ауылына басқыншылардың басып кіруі, бесіктегі сәбидің найзамен түйрелуі,  бала мен әйелді тұтқынға әкетіп, қарсыласқан адамды өртеп жіберу секілді керемет оқиғалар каскадерлардың қатысуымен кино болып өтіп жатты.

Оқиғаның ең қызықты сәті жұртшылықтың алдында далада өрбіді. Орбұлақ шайқасының қалай өткенін жұрт көз алдынан өткізіп, өздері де сол заманға барғандай демдерін ішіне тартты. Улы түтінге тұншыққан жау әскері, мергендердің оғынан құлаған атты әскер, майдан даласынан иесіз шығып жатқан аттар өте әсерлі көрініс болды.

Каскадер, «Kazakh union» орталығының бастығы Бауыржан Әбішев жетекшілік еткен шайқас алаңы жұртшылыққа ұнағаны сонша қазақ батырының киімімен соғысып, соңынан жеңісті әнмен әрлеген әнші Ибрагим Ескендірдің әні бітісімен жұрт полиция мен әскердің қоршауын бұзып, батырларға қарай лап қойды.

Балпық бидің 315 жылдығы мен Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Орбұлақ» шайқасы қойылымының соңы ат бәйгесімен жалғасын тапты. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын қазекең  бәйгенің бас жүлдесіне 4 автокөлік тігілгенін де айтып жатты.

Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевтың айтуынша, бүгінгі шара «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында өтті. Шараға 98 миллион теңге бөлініп, оның 61 миллионы тарихи көрініске жұмсалған.

Президент Қ. Тоқаев осыдан жеті жарым жыл бұрын қазақ даласында құрылып,  әлемдік геосаясатқа әсер еткен,  алып империя Алтын Орданың мерейтойын атап өту туралы ұсыныс айтқан болатын. Президенттің ұсынысын қолдаған облыс жұрты "Орбұлақ шайқасын" керемет қылып атап өтті.

Оңғар Қабден,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер