Ұлттық ұлылығы - салт-дәстүрінде

5198
Adyrna.kz Telegram

Ұлт болған соң өзіне тән бөгенайы бөлек ерекшелігі бары шын. Оны сол халықтың өрелі өнерінен, мәйекті мәдениетінен, тұрмыс-тіршілігінен байқай аламыз. Демек, міне бұл салт-дәстүрдің сан қырына кеп саятын дүние болмақ. Бастысы  ұлы даланың тұмса табиғатымен тыныстас көшпенді халқымыздың телегей тарихы, даладай дарқандығы, көкжалдай өрілігі, қырандай бөрілігімен әйгі. Тілмен де, қолменде сурет салған жасампаз халықтың болымысы бөлек, бітімі ерен, қолы ашық, қонағуарлығымен қуатты, өркениеттің озық үлгісін көрсетіп үлгіргені кәміл.

         Қазақ ұлты сан ғасырлар бойы көкірегін қарс айырған ашты азаптар мен қайғы жамылып, тас қамал бұғауға қамалып келсе де, арынан, салт-дәстүрінен аттамаған. Қасиетті халықтың сүбелі сөзінен, берекелі ісінен ұлттық кодты айқын көре аламыз. Дана халқымыздың салт-дәстүрін саялағанымыз  сәлиқалы ұрпақтан болғандығымызда шығар. Салт-дәстүріміздің түп-төркініне қарап отырсақ; қасиетті Құран кәримнің шұғылалы нұрымен пайғамбарымыз Мұхаммет(с.ғ.с)ның хадистеріндегі жауһар идеялармен етене егіздес келуінде. Адамдықтың, адалдықтың, тазалықтың нағыз өлшемдері жатыр. Ол өміріміздің жарық шам-шырағы тәрізді. Түсінген жанға біздің өмір сүру харекетіміздің басым бөлігі филосопиялық дүниелерге толы. Біз басқаларды әдемі әдебімізбен, иқуатты ибамызбен иландыра аламыз. Жаратушысына иілген басы ирімі жоқ дүниеден аулақ. Сайтанның өзін сан соқтырып кететін мінәжатының өзі мірдің оғындай емес пе?  текті халқым тегін біліп, текке сөзде айтпаған. Аурайына қарап табиғатын да болжаған.

        Тор көзді, тоқсан баулы көшпенді халықтың  ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрі, наным сенімдері олардың рухы мен қанына сіңген қадырлы дүние. Дегенмен бүгінгі жаһандану заманында тамырымызға балта шауып, қанымызды қарайтқысы келетіндер де аз емес-ау. Сан салалы мәдениеттердің тоғысқан күрделі күрмеуінде өзімізге, өткенімізге күдік ұялатып алсақ ең үлкен өкініш сол ғой. Әлемдік аренда да заттық өркениет ырықты орынға көтерілген сайын, рухани байлығымның алтын түсі көмескіленіп, ұлттық тұғырымыз тұғылдана бастағандай ма деп қаламыз. Неге солай дедік? өйткені мәңгілік елдің ертеңі болған бүгінгі жастар кешегі құнды дүниелерден, салт-сана, әдеп-дәстүрден сәлде болса алшақтап барады. Тегіне терең үңіле қоймайды. Санасын улаған атақ пен ақшаға құл болуға да бар. Тіпті олар көшпенді халық десе, өзен жағалап, тау сағалап төрт-түлік малын бағып, аттың жалы,түйенің қомында өткен бір халықты көз алдына елестетеді. Міне, біз осы жерден жаңсақ басамыз. Көзімізді шел басады-ау. Ендеше, көшпенді халық кім? Ол тұмса табиғаттың данышпаны, пайым- парасаты биік, даналығы дастан, ерлігі ерен еркін халық қой. Табиғатын ұлы кітап етіп оқыған. Болымысында боз жусанның исі аңқыған асыл халық емес пе? Тас қаланы жамылған кірпіш басты кейбір кейіпкерлердің кейіп-кеспірі үшін кешірім сұрап қояиықшы.

           Құшағы күн, қолы ашық, қонағуар, бауырмал халықтың ұлттық психологиясы бұзылса, іргемізді ібілістер қазбай ма? Даламыз қандай кең болса, қазақтың мінез-құлқы да сондай мәрт, киген кимінің етек-жеңі де кең болған ғой.Сондықтан атам қазақ: "Кең болсаң кем болмайсың",-деп бір түйіп қойып, патша көңіліне бәрін сыйдыра алатын, сыйлай алатын кеңістіктегі халық саналған.

         Біздің ағаш бесіктен жер бесікке дейін өміріміз ұлттық салт-санаға, әдеп-дәстүрге  жақын болуы біз үшін жарқын болашағымыздың мұнарасы десек артық айтқан болмаспыз. Шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқан перезентіне ең жақсы есімдерді ырымдап тұрып, құлағына азан шақырып ат қоятын. Жаңа туған келіннің «Қалжасына» ақсарбас малын сою, ат шаптырым жердегі ағайыннан «Сүйінші» сұрату, «Шілдеханасын» өткізу, «бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Тұсауын кесу» т.б сынды әдеп-иба, ырым-тиымдармен ұлына 30, қызына 40 тәрбие бере отырып есейтіп ержеткізді. Бала өмірінің әр кезеңіне қарай берілетін төл тәрбиенің маңызы зор. Мәселен, ұл бала үшін сүндетке отырғызылып, ат жалын тартып мінгеннен бастап оны шаруашылыққа, еңбекке, өнерге(аңшылыққа, бағыбаншылыққа т.б) баули бастаса, ал қыз балалар құлағын тесіп, сырға таққаннан бастап тігіншілік, тоқымашылық сынды  алуан қолөнер түрлеріне жетелейді. Іс мұнымен ғана бітіп қалмайды ғой. Кешегі «Тіл ашары» берілген ұрпағының бүгінгі сөз мәдениетіне, әдебиетіне де айрықша көңіл бөлетін. Шешендік өнерімен сүбелі сөз айта білуіне түрткі тастайтын.Дегенмен оның арғы түп тамыры «Бесік жырында» жатқанын аңғарғанымыз да абызал шығар. Біздің алтын құрсақты аналарымыз аяулы балапанын бесікке салған күннен бастап, «Бесік жырын» қасиетті ақ сүтімен бірге оның құлағына былай құйып жіберуші еді: 

«Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем!

Балапандай мұз балақ,

Қанатыңды қақ бөпем!

Арыстандай жауыңа,

Айбаттанып шап бөбем!

Қай-қашанда халқыңды,

Қамқоршы боп бақ бөпем!

Өз құрбыңның алды боп,

Өнер шамын жақ бөпем!

Ата-бабаң таппаған,

Тапқырлықты тап бөпем.

Кең бол байтақ даламдай,

Дала жомарт анадай.

Сүйсең отан, жеріңді,

Болар ана көңілі жай.

Әлди, әлди, әлди-ай,

Аспандағы жұлдызым,

Суда жүзген құндызым.

Ізгі ісіңе ел сүйінер,

Қас қырандай шүйілер,

Азамат бол, әлди-ай!»,-деп анамыздың ақ сүтімен берілген тәлім-тәрбие, баланы жаны сұлу, ниеті таза, досшыл, қамқоршыл, көпшіл, патриот болуға сусындататын. Міне, біздің бүгінгі ел басқаратын, сорпа бетіне шығатын игі жақсыларымыздың кешегі түп тамыры осындай асыл қасиеттермен жалғасып жатса заңды ләзім шығар.

        «Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі»,-демекші тұрмыс тіршілігіміздегі адамдығымыздың алтын арқауына айналған әрбір қағида жосын, қисынды дүниелер, батыр бабаларымыздың ерлігі, ептілігі, даналарымыздың филосопиялық тағылымдары, қас шеберлердің құнды жадігерлері біздің  өміршеңдік күшімізге, рухымызға айналды. Біз сонымен биіктедік, біз сонымен танылдық. Дегенмен бүгінгі тұрмысымыздың тұздығы сұйылып бара жатқандай. Мұның себебі, әрине, біз шынайы рухани жаңғыра алмай отырмыз.

       Жаһандану заттық оркениетке иек артқан сайын, ұлттық психологиямыздың үстемдігін төмендетіп бара жатырмыз. Тұрмыс тіршілігімізде салт-санамызды, әдеп-дәстүрімізді бұрмалап алдық. Ұлттық тағылымдағы педагогика жүйесі құрылмаған. Халқымыздың тиымдарынан тиылмаған, ырымдарындағы ымды да түсінбеген тілі шұбар, діні делсал жүріп жатқан ұрпақ қайрымдылығы аз, қатігездігі көп.  Даңықтылығы жоқ, Дау-дамайы көп, арын бұлғаған, ажырасуды айып санамаған, жетім мен жесірі жылаған, түрмесі мен қарттар үйі қаптаған, қырық пышақ болып қырқысып жататын келеңсіз тұстарымыз қазыр жоқ емес қой. Сонда біздің құдай сүйер қылығымыз қайда қалып барады? Ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты болсын деп тәрбиені тал бесіктен беретін күніміз қараң қалғаны ма? Ешкімнің ала жібін аттама деп өмірдегі алғашқы тұсауын ала жіппен қиып, сәтті қадам тілеген ұрпағымыздың бүгінгі күні қара басын күйттеген пенделікке баруының сыры неде? «Малым арымның садағасы»,-деп өлімнен ұятты артық қойған халықтың қытығы кетсе, қытымыр тірлік бізді оңдыртар ма екен?!

          Қазыр торқалы той, топырақты өлімнің өзіне де белгілі адамдар тізімдікпен ғана шақырылады. Бәрінің алған-бергені бұқпалық есеппен жүріледі. Жастарымыз ата-тегін біле бермейді. Туыстық қарым-қатынастың өзінде үлкен ара-жіктер бар. Ешкім тегін жұмыс жасағысы жоқ. Бөлініп аламыз, ешнәрсе бітірмейміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»,-екенін біле тұра, елден оқшау бөлектеніп, жалғыз тыртыңдап тірлік жасағымыз келеді. Сонда біз «Асар салуды» білмегеніміз бе?  тіпті көршілерімізбен де кейде бет жыртысып жатамыз, енді мұнымызда бір күнә шығар. Кезінде ақ жаулықты аналарымыз қара шәугіміне бірер жілік етін сала салып, сорпа-суын көршісімен бөлісіп ішкен ғой. Сондықтанда, «Алыстағы туыстан, жақындағы көрші артық»,-деп бірін-бірі демеп, қолпаштап қарайласып отырған. Көршісі көшіп келсе, ерулік шайын апарып, «Қоныс құтты болсын» айтатын. Ал бүгінгілердің көршісі демеген күннің өзінде, ағайын-туысымен қандай қарам-қатынаста екені айтпасақта өздеріне аян. Ғұламалар айтушы еді: «Жақсылық жасай алмасаңда, жамандық жасама!, олда-қайырлы садақалардан»,-болмақ делінген. Ендеше, біз бәз біреуге астымыздағыны түсіп, аузымыздағыны жырып бере алмасақта, оған деген идеяны дұрыстап, өсек-аяңға қоспай, жылы қабақ таныта білсек олда нұр екен. «Жақсы сөз- жарым ырыс»,-депте жатамыз, бірақ біз кейде осы жақсы сөздерімізге де сараң боп қимай қаламыз ғой. Амандасудың өзі  бір ауыр дүниедей сезіледі. Амандасу салтын, әдебін білмейміз.Ілтипат көрсетіп, басы иілген жанды көрсек, бейшара, жалынышты құлды көргендей боп «Рахыметімізді» де аяп қаламыз. Еріндерін сәл жыбырлатқаннан ерінетіндерде бар. «Өркенің өссін», «Бақытты бол», «Мың жаса», «Таудай бол», «Бағың жансын»,-дегендердің бірін айта салу бізге осы тәйірі қиын ба? Әлде олда ақшаға сатылатын дүние ма? Міне мұның барлығынан біздің ұлттық психологиямыздың қандай деңгейде тұрғанын болжай аламыз. Шынын қуғанда, ұлттық мінез-құлық, психология-ол біздің салт-сана, әдеп-дәстүріміздің нағыз бет-бейнесін әшкерлеп тұрады. Міне,ұлттың ұлылығы да осындама деп ойлай берем. 

             Халқымыз қанша ма бұраң кешірмелерді басынан кешірсе де мәдени, әдеби мұрасын да сармайдай сақтап келген. Халықтық фолкорындағы тұрмыс салт-жырлары, тарихи  шежірелік жырларының өзі жатқан бір терең дүние. Біздің би шешен, ақын-жырауымыз, сал-сері, әнші-күйшілеріміз болсын барлығы өздері жасаған ортасында басынан кешкен тарихи, түрлі қоғамдық,  әлеуметтік жағдайларға байланысты тұрмыс салт-дәстүріндегі өлеңдер (дінни сенімге қатысты өлеңдер, үйлену салты жөніндегі өлеңдер, төрт-түлік туралы өлеңдер, өлім-жітімге қатысты өлеңдер, өнер-білім туралы өлеңдер т.б) жарыққа шығарған. Бірақ әр өлеңнің өзіндік мағаналары мен жеткізілу ырғақтары, әуендері көңіл-күйге, эмотцияға байланысты өзгеше орындалып, жеткізіліп отырғанын білеміз. Айталық соның ішіндегі «Жоқтау» жыры қайғылы, мұңды келсе, «Қоштасу», «Махаббат» жырлары сағынышқа жақын үндесіп келеді. Ал «Беташар», «Жар-жар»,«Бесік жырлары» көтеріңгі, қуанышты көңіл-күйде әуелеп жетеді. Сондай-ақ, «Батырлар жыры», қиса мен дастандар белгілі екпінді ырғақпен ұран үлгісінде шығандады.

             Қазақ  әннің өзі мәдениетіміздің  құрамдас бөлігі.Ол халқымыздың өмір тіршілігімен тыныстас болып, әр дәуір оқиғаларынада идеологиялық тұрғыдан үн қосып отырған. Сондықтанда: «Әннің қызыметі тек жеңіл көңіл көтерумен шектелмейді, ол әлеуметтік жүк көтеретін шығарма»,-деп Ғабит Мүсірепов ағамыз тамаша айтып кеткен. Ендеше, біз бүгінгі ән мәдениетінің түп-төркініне де бірер сәт көз жүгіртіп, оның тілге жеңіл, ойға орамды, көкейімізге қонымды, терең тәрбиелік мазмұнға ие лирикалық қуатына дем бергеніміз жөн шығар. Шыныменде бүгін әнші көп, Шәмші жоқ заман сияқты. Ал ән мәдениетін сәл доғара тұрып, күй өнеріне келетін болсақ; «Қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра»,-екенін біле тұра, домбырадан төгілген күйге құлақ түргіміз жоқ. Күй өнерінің өзі де үлкен бір өнер саласы. Күйдіңде түсінген жанға керемет тілі бар. Оныңда өмірге келуінің астарында сырлы ақиқат, нағыз аңыз жасырынып жатқанын білеміз. Демек, Алашқа Алланың мейрімі түскен филосоп, өнерлі халық екеніне көз жұмбаңыз. Ол керек болса, ою-өрнектерменде ой айтқан өрелі ел. Ою-өрнек стильінде айрықша көркем тіл, образды бейне бар. Біз кемеңгерлігімізді, кереметімізді, өрлігімізді өнерімізбенде солай паш еттік. Әрбір жасаған заттық байлығымызға арман-тілегіміз, салт-сана, жора-жосынымыз,ерлігіміз, ептілігіміздің болымыс бояуы сіңді. Құнды жәдігерлерімізде ұлттық хош иіс аңқып тұрады.

         Тәуелсіздігіміздің көк туы желбіреген қуанышты сәттерден бастап қоғамдық өміріміздің барлық саласында жаңғыру мен алға жылжып өркендеудің бар тынысы ашыла бастағаны шын. Соның ең айқын бір дәлелі ретінде өзіміздің төл тарихымызды түгендеп, ұлттық құндылықтарымызды бағамдау болатын. Ел болу үшін бесігіңді түзе демекші, қоғамдық өмірде, ел саясатының сәлиқалы тұстарын пайдалана отырып, идеологиялық тұрғыдан жастарға патриоттық тәрбие беру маңдай алды іс. Ол үшін тағы да  қазақ халқының этникалық тарихын, құнды жәдігерлерлерін, дала өркениетінің өрлігін, мәдениетінің мәйегін, салт-дәстүрінің сәнділігін санаға түю мен басқаға паш ету біз үшін мақтаныш.

 

        Бүгінгі таңда біз мәдениетіміздің, ұлттық сана-сезіміміздің серпілісін тудырып, рухани жаңғырумен жандануды көздемесек, өз отымызды өзіміз өшіріп аларымыз хақ.Тарихымыз түгелденіп, ұлттық психологиямыз көркемделген сайын, ұлттың ұлылығы өрлеп, ел өркендейді. Ұлттың тұтастығына, болашағына, мемлекет тағдырына төнген әрқандай қауіп-қатер ол тарихтың бұрмалануы, ұлттық сана-сезімдердің әлсіреуімен байланыста боп жататынын аңғарғанымыз абызал.

Нүсіпқан Қадырсұлтан

Алматы облыы, Алакөл ауданы, Ынталы ауылы

Пікірлер