"Өлім мен өмір мәселесі". Халық денсаулығы туралы кодекс және белсенділер уайымы

4108
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан үкіметі дайындаған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына қарсы петицияға бірнеше мың адам қол қойды. Онлайн петиция авторлары балаларға жасалатын екпені міндеттеу туралы ұсынысқа келіспейді. Олар кодекстің донорды реттейтін және адам ағзасын шетелге шығаруға рұқсат беретін бөлімдеріне де қарсылық білдірді.

ЕКПЕ МІНДЕТТІ БОЛА МА?

Қарағандылық Виктория - "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасына қарсылардың бірі. Екі баланың анасы денсаулық сақтау министрлігінің екпені міндеттеу туралы ұсынысымен келіспейді.

Соңғы екі жарым жыл бойы Виктория мен оның отбасы қызының денсаулығы үшін күресіп жүр. 2017 жылы жаңа туған сәбиге дәрігерлер туберкулезге қарсы екпе салған. Осыдан кейін сәбидің ағзасы асқынған. Қыздың айығып кетуі екіталай.

- Перзентханада туберкулезге қарсы екпе салғанда, осындай салдары болуы мүмкін деп ешкім ескерткен жоқ. Екі айлығында қызымның қолтығынан аузы іріңдеген кішкентай түйін байқадық. Екпеден кейін асқынған деп, бізді фтизиатрға жіберді. Бірнеше күннен кейін түйін жаңғақтың көлеміндей ұлғайды. Отадан кейін қызымның иммунитеті әлсіреді. Әлгі түйіндер денесіне қаптап шыға бастады. Қазір де солай. Бізді таңдау құқығынан айырғанына үзілді-кесілді қарсымыз. Екпені күштеп салатын болса қайтеміз? Оның салдарына кім жауап береді? - дейді Виктория.

Викторияның қызы отадан кейін әлі ем қабылдап жүр. Емдеуге көп қаржы керек. Викторияның сөзінше, жарты жылда қызының ем-домы мен дәрілеріне шамамен 350 мың теңге (шамамен 900 доллар) кетеді. Мұндай ақшаны кейде бір айда-ақ жұмсауға тура келеді.

Виктория перинаталды орталықты сотқа берген. Сот жарты жылдан кейін перинаталды орталықты 200 мың теңге төлеуге мәжбүрлеген. Виктория сот процесін әрі қарай жалғастырмай, бар күшін қызының денсаулығын қалпына келтіруге жұмсаған. Қазір қызын жекеменшік емханадағы дәрігер-иммунологқа қаратады.

Қазақстан үкіметінің денсаулық сақтау туралы заңнамаға ұсынған өзгерістеріне қарсы адамдар бірігіп, онлайн петиция жариялаған. Петицияға шамамен сегіз мың адам қол қойған. Әлі де қол жиналып жатыр.

Сәбиге екпе салып жатқан сәт. Көрнекі сурет.
Сәбиге екпе салып жатқан сәт. Көрнекі сурет.

- Бұл бастамаға баланың денсаулығы туберкулезге қарсы екпеден кейін нашарлағаны дәлелденген сот тәжірибесі түрткі болды. Біз қоғамдық денсаулық департаментіне екпенің салдары туралы толық ақпарат беруді сұрап хат жаздық. Ресми жауапта туберкулезге қарсы екпенің бес салдары көрсетілген. Екпеден сүйек кемігі зақымдануы мүмкін дегені мені тіпті таңғалдырды. Екпенің салдары туралы ата-аналарға ешкім ескертпейтіні ызамызды келтірді. Одан бөлек, бір топ ана бізге осы бастамамен келді. Үнімізге құлақ түреді деп үміттенеміз. Бұл өте күрделі мәселе, - дейді тұтынушылар құқығын қорғайтын (медициналық қызметтерді қоса алғанда) "Гарант" қоғамдық бірлестігінің басшысы Жасұлан Айтмағанбетов.

Кодекс жобасында балаларына профилактикалық екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарды әкімшілік жауапқа тарту ұсынылған. Одан бөлек, екпе салынбаған балаларды балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кіргізбеу қарастырылған. Петиция мәтінін дайындаған бастамашыл топ кодекстің ата-ана екпеге қағаз жүзінде келісім беру не бас тарту арқылы білдіретін қазіргі нұсқасын қалдыруды қолдайды.

Денсаулық сақтау министрлігі осыған дейін екпені міндеттеу - азаматтардың денсаулығына жауапкершілігін арттыратын шара деп түсіндірген. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өткен айда Facebook парақшасына елде екпеден бас тартқан ата-аналар көбейіп келе жатқанын, мұның соңы балалардың мүгедек боп қалуына немесе өліміне соқтыруы мүмкін екенін жазған. Біртановтың пікірінше, балаларға арналған профилактикалық екпені міндеттеу нормасы "мемлекет, азаматтар мен медицина қызметкерлерінің халық денсаулығы үшін жауапкершілігін күшейтетін жаңа кодекстің идеологиясына сәйкес келеді". "Қазір барлығына, тіпті тегін екпеден бас тартып, өзіне немқұрайлы қараған науқастың денсаулығына да дәрігер жауап береді" - деп жазды министр. Бірақ ол екпе қауіп төндіретін кез сирек те болса бар екенін айта кеткен.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

ЕКПЕДЕН БАСҚА ҚАУІП БАР

Балаларға екпе салуды міндеттеу – бастамашыл топтың наразылығын туғызған жалғыз бөлім емес. Заң жобасында қоғам белсенділерінің көңілі толмайтын тұстар көп. Мысалы, "кәмелет жасына толмаған немесе ақыл-есі кем балалардың заңды өкілдері олардың өмірін құтқару және денсаулығын сақтауға қажетті медициналық көмектен бас тартқан жағдайда" медицина қызметкерлері қамқоршы органдар мен сотқа шағым жаза алады. Қоғам белсенділері "…және денсаулығын сақтау" деген тұстың түсініксіз екенін айтып, бұл сөз тіркесін мүлде алып тастауды ұсынады. Бастамашыл топтың пікірінше, бұл сөзді медицина қызметкерлері өз құзыретін асыра пайдалануға қолданып, қамқоршы органдар мен сот адамның жеке өміріне араласуы мүмкін.

Бастамашыл топ трансплантация жайлы өзгерістерге де алаңдайды. Олар адамның өзі тірі кезінде келісім берген жағдайда ғана өлген соң ағзасын трансплантациялауға болады деп есептейді. Ал қазіргі жағдайда тірі кезінде донор болудан бас тартпаған адам өлсе, оның ағзасын туыстарының рұқсатынсыз ала беруге болады.

Билік ұсынысы бойынша, медициналық көмек қажет болған жағдайда ағзаны Қазақстан аумағынан тыс жерге алып шығуға рұқсат етіледі. Шетелде медициналық көмекке мұқтаж, трансплантацияны қажет ететін реципиенттер де бар. Бастамашыл топ бұл ұсынысты мүлде алып тастау керек деп санайды. Қоғам белсенділерінің пікірінше, донор органдарды шетелге шығарудың соңы қылмыстық әрекеттер тудыруы мүмкін.

Операция жасап жатқан дәрігер-трансплантологтар. Көрнекі сурет.
Операция жасап жатқан дәрігер-трансплантологтар. Көрнекі сурет.

Қоғам белсенділері кодексті қазіргі нұсқада қалдырған дұрыс деп санайды. Қазіргі нұсқа бойынша, ағза трансплантациясын қажет ететін адамға (немесе кәмелеттік жасқа толмаған реципиенттің заңды өкіліне) трансплантациядан кейін асқынулар болуы мүмкіндігі туралы ескерту жасалуы керек. Билік бұл бөлімді алып тастағысы келеді. Қоғам белсенділері "кәмелет жасына толмағандар мен ақыл-есі кем азаматтарға ағза трансплантациясын жасау" туралы бапқа олардан тірі кезінде және өлгеннен кейін органдарын алуға тыйым салу туралы толықтыру енгізу керек деп есептейді.

Белсенділер емханаларды өздеріне кома жағдайында келіп түскен немесе медициналық мекеме қабырғасында комаға түскен науқастар туралы трансплантация бойынша координациялық орталыққа дерек беріп отыруды міндеттеуге де қарсы. Олар қолдамайтын басқа өзгерістердің қатарында "ми толық өлген" деген диагноз қойылған жағдайда адам өмірін жасанды шаралар арқылы қамтамасыз етуді туыстарының келісімінсіз тоқтату; халықтың аз қорғалған топтарын биомедициналық зерттеулерге (тәжірибе жасауға) пайдалану мүмкіндігі сияқты баптар бар.

Белсенділер заң жобасында он күн ішінде артынан ешкім іздеп келмеген және тұлғасы анықталмаған денені "анатомиялық сый" деп қабылдау туралы өзгеріспен де келіспейді (қазір мұндай дене 45 күн бойы сақталады).

Бастамашыл топ жеке медициналық ақпарат тек науқас пен оны емдейтін дәрігерге ғана ашық болуы керек деп есептейді. Олар ұлттық электрондық денсаулық паспорты жеке деректерді цифрлық денсаулық сақтау субъектілеріне қолжетімді етеді деп алаңдайды. Заң жобасында «науқас денсаулық паспортындағы денсаулығы мен өзіне көрсетілген медициналық көмек туралы ақпаратты алып, "ол деректерді кімдер қарағанын қадағалап отыруға құқылы" делінген. Кодекс жобасына қарсылық білдірушілер мәтін соңындағы "тиісті құзырлы органдар қараған кездерден басқа" деген сөзге назар аударып, бұл норманы әртүрлі түсіндіруге болады деп алаңдайды.

ЖОБАНЫ ҚАБЫЛДАМАУҒА ЖӘНЕ ҚОЛ ҚОЙМАУҒА ШАҚЫРУ

Қазанның басында қатарында Қарағандыдағы "Гарант" қоғамдық бірлестігі бар қоғам белсенділері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" жаңа кодекс жобасына қол қоймауды сұраған.

Белсенділер хат мәтінін парламенттегі мәжіліс депутаттарына да жолдап, "елдегі әр азаматтың өмірі мен өліміне қатысты кері тұстары бар" кодекс жобасын мақұлдамауға шақырған. Қоғам белсенділері заң жобасын қабылдамау керек немесе бірнеше норманы қайта қарау керек деп есептейді. Қазанның 14-і күні мәжілістен белсенділер өтініші назарға алынғаны туралы жауап келген.

Белсенділерге жауап жазған парламенттің төменгі палатасының әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаты, бұрын Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің бастығы боп істеген Зәуреш Батталова "Сіздердің Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне ұсынған өзгертулерді қабылдамау туралы өтініштеріңіз назарға алынды. Бұл мәселе мәжілістің жұмыс тобында қаралады", - деген.

Қарағандылық терапевт дәрігер Камилла Ахатова заң науқастарға таңдау құқығын қалдыруы керек деп есептейді.

- Адам құқықтарын өрескел бұзатын заңға қарсымын. Адамдарды медициналық манипуляцияға мәжбүрлеп көндіруге болмайды. Әр адам өзі мен баласына тиімді нұсқаны таңдауы керек. Таңдау болғаны жөн. Міндетті екпеге қарсымын. Мен бұл ойға бірден келген жоқпын. Балалардың реакциясын зерттеп, әртүрлі әдебиет оқып, осындай шешім шығардым. Кодексті екпеге келісу не одан бас тарту ерікті түрде жүретін қазіргі мәтінде қалдыру керек деп ойлаймын. Таңдау құқығы кодекстегі басқа ұсыныстарға қатысты да сақталуы керек, - дейді үш баланың анасы Камилла Ахатова.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлеуметтік желіде жоба аясында туған талқылауға қатысты "азаматтардың конституциялық құқығын бұзуға ешкім мүдделі емес" деп жазды. Министр кодекстің жаңа нұсқасына ұсынылған нормалар "әлі қарастырылып жатқанын және қоғамдық талқылауға шығарылғанын», "өзгерістер қоғамның келісімін талап ететінін", соңғы шешім "халықтың ұсыныстарын ескеріп қабылданатынын" айтты. Министр қоғамды диалогқа шақырып, кез келген пікірге ашық екенін екенін білдірді. Онлайн петиция дайындаған бастамашыл топ мүшелері өздерінің ұсыныстары ескерусіз қалмайды деп үміттенеді.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер