Жидебайдың қадіріне жеттік пе?

2413

Абай, Шәкерім, Мұхтар… Ұлтымыздың төлқұжатына баланған осынау ұлы есімдерімен үнемі қатар аталатын, егіз ұғымға айналған қасиетті мекен бар. Ол  ұлылардың өлкесі Жидебай. Жидебай қандай жер? Жидебайды біз қалай түсінеміз? Қасиетті жердің қадіріне жетіп жүрміз бе? Әлде Жидебай әлдекімдер ойлағандай Абай оқуларын өткізіп, кесенелерді аралап, мұражайды жағалап, сейіл-серуен құрып қайтатын жер ме? Ұлылар туған өлкені ұлықтасақ…

Тарихи деректерге жүгінсек, «Жидебай  Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының филиалы ретінде 1945 жылы (бір деректерде 1940 жыл деп жазылып жүр) құрылған. Ақынның 100 жылдық мерейтойы кезінде ұлы тұлғаның мекен еткен қыстауы мұражай-үйіне айналып, 1970 жылы (125 жылдық мерейтой қарсаңында) мұражайға жаңарту жұмыстары жүргізілген. Қазіргі атауы 1990 жылы ақынның 145 жылдық мерейтойы кезінде берілген. Мұражай құрамына бірнеше құнды тарихи ескерткіштер мен шағын мұражайлар енеді. Атап айтсақ, Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы, Ахмет Риза медресесі, Абай ауданының аумағындағы Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражайы, «Тақыр» жерінде 1997 жылы ашылған Көкбай Жанатаевтың мұражайы, 2003 жылы Құндызды ауылында ашылған Шәкір Әбеновтің мұражайы, Үржар ауданындағы Әсет Найманбаевтың мұражайы, Құнанбайдың құдығы, Зере мен Ұлжанның зираты, «Абай  Шәкерім» мазарлы кешені, мазарлы кешеннің мешіті, Мұсақұлдың қыстауы, «Оспан көлі», Кеңгірбай бидің зираты секілді алтынға айырбастауға қимайтын құнды дүниелердің барлығы осы қорықтың құзырында. Аумағы 6400 гектарға жетіп жығылатын қорық аймағына жалпы 16 нысан кіреді екен. Мұнда ұзын-саны 18 255-ке жуық бағалы заттар мен 300-ден астам жәдігерлер сақталған деседі.
Құнды дүниелер дегеннен шығады, жалпы Абай ауданында барлық елді мекендерді қоса алғанда 42 тарихи, мәдени  ескерткіштер, 60-тан астам ел тарихына, әсіресе Абай есіміне қатысты тарихи орындар мен 30-дан астам археологиялық, көне ескерткіштер бар екен.

ТУРИСТІК КЛАСТЕРДІ ҚҰРАМЫЗ ДЕП, ҚҰРТЫП ЖҮРМЕСЕК БОЛҒАНЫ
Туристік кластерді дамыту керек деп жиі айтамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзімізде барды бағалап, өзге елде майшаммен іздесең де таптырмайтын құнды дүниелерімізді шет жұртқа насихаттап, дамыту, өркендету туралы жиі айтып жүреді. Расында, елімізде туристік кластерді дамытуға сұранып тұрған көркем жерлер мен қасиетті мекендер жетерлік. Соның бірі  біз сөз етіп отырған Жидебай.
Осыны мұрат тұтқан аудан басшылығы осыдан бір-екі жыл бұрын, анығын айтсақ, Шәкерім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойы кезінде Жидебай мәдени-туристік кешенінің тұсауын кескен-ді. Сол кезде жергілікті атқамінерлер тарапынан кешен ішінде дәмхана, қонақүй, кинозал, фотосалон болады деген көркем сөздер айтылып, келешегі кемел жоспарлар жасалынған-ды. Өкініштісі, қыруар қаржыға салынған (кейбір мәліметтерге қарағанда 105 миллион теңге) кешен заң талаптарына қайшы келіп, тіпті Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы мен еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің (сол кездегі) рұқсатынсыз бой көтергені мәлім болып, алдағы уақытта қиратылады деген сөздер айтылған болатын. Хош. Біздің айтқымыз келгені  бұл емес. Айтқымыз келгені  Жидебайдың бүгіні туралы.
Жоспарлауға шеберміз ғой әйтеуір. Жақсы жоспарлар құрамыз, жақсы сөздер айтамыз. Бірақ соны жүзеге асыруға келгенде кежегеміздің кейін тартатыны бар. Нақ осы Жидебайдағы мұражайға қатысты да осындай жоспарлар жасалған. «Абай ауданындағы мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай  Бөрілі» қорық-мұражайы жеріндегі туристік кластерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар (2009-2010 жылдар)». Бұл жоба ресми түрде осылай аталады. Бағдарламаны бастан-аяқ шолып шықтық. Жобада енді мін жоқ. Көп нәрсе айтылып, көп нәрсе жоспарланған екен. Мәселен, «Ұлы Абайдың жерлері» этнографиялық паркін салу, қорық-мұражай аумағында орналасқан Кеңгірбай би мазарын қайта жөндеу, «Оспан құдығы» тарихи ескерткішін қалпына келтіру, Абайдың балалары оқыған «Махмұт» қыстағы мен «Орыс қорасы» аумағында ескерткіш белгі орнату, Абайдың туыстары жерленген орындарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, «Абай тұрған жерлер» атты туристік маршрут бағдарламасын жасау… Айта берсек, ішекше шұбатылып кете береді. Бірнеше тармақ, бірнеше бөлім. Біз маңызды, мәнді дегендерін елеп-екшеп қана айтып отырмыз. Өкініштісі, бұл жоба да жоғарыда сөз еткен мәдени-тұрмыстық кешен секілді аяқсыз қала ма деген күдік басым. Себебі жоспарланған дүниенің бірен-сараны болмаса, басым бөлігі әлі орындалған жоқ.
Тек туризмнің арқасында күнін көріп отырған елдер бар. Әрине, елімізде туризмнің қанат жайғанынан қазақтың ұтылмасы анық. Ал ұлылар туған өлкедегі қасиетті орын Жидебай келешекте қандай болу керек? Қалай насихатталуы тиіс? Біздіңше, Жидебай туралы аз айтылып, аз насихатталып жатқан жоқ. Дегенмен алдағы уақытта Жидебай туралы, Жидебай ғана емес, Абай туған өлкенің өткені мен кеткені, бүгіні мен болашағы жөнінде жан-жақты мәлімет беретін арнайы сайт ашылса, дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Әрине, жоғарыда сөз еткен жоба да ғайыптан тайып жүзеге асып жатса (ең болмағанда, жартысы), тақиямызға тар келмесі анық.

P.S. Ұлылар туған өлкені ұлықтау, өскелең ұрпаққа насихаттау қай-қайсымызға болсын парыз іс. Тек қасиетті мекен қасиетінен айырылып, Жидебай басы жынойнаққа айналмаса екен дейміз.


Азамат Қасым

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket