Тарбаған қайда бармаған десеңізші, мына жалпақ жер үстінде

7520
Adyrna.kz Telegram

СУЫР – «ҚҰРМЕТТІ КЕНШІ»
Қарағанды қаласын араласаңыз, ертеректе қойылғаны мен кейін орнатылғаны бар бірталай ескерткішті көресіз. Ел тарихы мен сол тарихқа қатысты тұлғалары мәрмәр, қола, тіпті пластик арқылы түрлі пішінде, алуан кескінде алдан шығады. Өндірісті қалаға ғана тән пейзаж ішінде суыр да жүр.
Қазақ даласының қақ ортасындағы қара қазандай Қарағандыңызда тұрған, еңбек еткен жазармандар қатарынанбыз. Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жас кезінде осында көмір қазғанын, Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек және басқа қаламгерлердің осында жастар газетінің тілшісі болып қызмет атқарғанын мәртебе санайтынбыз. Ол кісілер бәрін қопарып жазып кетсе де, қалған-құтқанының өзінен күніне бір беттік мақала шығатын. Аққошқаров, Адам Жүсіпов бастаған азаматтарынан «Бегазының бір тасына» дейін түгендеп кеткенбіз. Сарыарқадағы жеген нан, ішкен суымызды адал ақтағандай күйде жүретінбіз. Сөйтсек, басты тақырып, тіпті кейіпкер деуге болар, қалам қарауылына ілікпепті. Әттеген-ай!
Оны кейін де ескермес едік, тарихты зерттеушілер мұрағаттарда қопа-қорыс болып жатқан қалың құжаттар арасынан тауып, қайта жария еткен мына бір дерек болмаса: «Ресей императорлық кен барлау басқармасының арнайы шешімімен Қарағанды көмір кенін табушы Апақ Байжановқа жыл сайын бір қадақ шай, бес қадақ қант, үш пұт ұн және 40 рубль беріліп тұрсын».
Қарағандының көмір қатпарла­рын­да жатқан қазынаны сол кездегі ақша­ға шағып есептегенде, қазақ жігітіне берілетін сыйақы мұхиттан тамған тамшыдай шығар. Бәрібір ескерусіз қалдырмаған. Және бір жолғы емес, Апақ қанша өмір сүрсе, сонша жыл алып тұрмақ. Рас, оны қанша жыл алғаны пысықталмаған екен, қазақтар қашан қағазға мұқият болған. Жомарттық пен әділдікті қатар аңғартқан осы тарихи шешімді білген соң оқыс сұрақ ойға түссін: Апақтың көмір кенін ашуына себеп болған суыр ше?
Императорлық кен барлау басқар­масы оны ескермепті. Содан бері ескерусіз байғұсқа тек еріккендер мен желіккендер, арасында ресейлік қазақ продюсері Бари Алибасов та бар, 2011 жылы көмірлі қалада «Где-где? В Караганде!» деген ескерткіш орнатқанда соның бір мүсіні болу құрметі тиіпті. Астана, Мәскеу, Қарағанды бағыттары көрсетілген бағананы әлде көтеріп тұр, әлде соған сүйеніп тұр. Қасындағы қисайған-мисайған екі адамға қарағанда аң да болса, тұрысы тік. Суыр үшін қазақ даласындағы жалғыз құрмет – осы. Ал оның еңбегі Қарағандының қатпарлы қазынасының шетін жер бетіне шығарумен шектелмеген.
Сарыарқаның шығыс шетін әдіптеп жатқан Шыңғыстаудан 1952 жылы Төлеухан деген кісі суыр ін қазғанда жер астынан шығарып тастаған бір затты тауып алған. Жалтырап жатуы тегін емес, тұтас күмістен соғылған бұйым екен. Қапысыз шебер қолынан шыққан сәндік затта қолына қару ұстап, иығына қорамсақ асынған, астына арыстанды ауыздықтап мінген белбеулі адам бейнеленген. Алматыдағы Тәуелсіздік сынтасының ең үстіндегі мүсінді әркім біледі. Соған арқау болған идеяның түп қазығы заманында төңіректі түгел билеген ұлыстан жеткен жаңағы жәдігерде жатқанын пайымдайсыз.
Күміс затты Төкең жылдар өткен соң суретші баласына береді. Баласы Қуанышбек оны өзі оқитын Новосібір қаласының ғалымдарына көрсетіпті. Тексергенде күмістің 825-інші сынама екені анықталады. Кейінгі өндірістің өзінде мұндай таза құйма алуға қол жете бермейді. Қуанышбектен бұл затты көрген ақын-журналист Мерғали Ибраев мақала жазады. Одан жоғарыда атын атап кеткен ағамыз Ақселеу Сейдімбек кітабына қосады. Беріде моңғолдың бір саясатшысы құйма жайындағы мақаланы суретімен қоса «Ардын-эрх» деген газетке жариялатады. Оны көрген Улан-Батордағы Шыңғыс ханды зерттеу ғылыми орталығындағылар «мынау – Шыңғыс ханның пайзасы» деп шу ете түседі. Пайза – ханның өз жаушыларына беретін белгісі. Мына заманда МАИ қызметкерлері кезекшілікке шыққанда кеудесіне нөмірлі жетон тағады ғой, тура сондай белгі. Демек, «жетон» орнына «пайза» десек, байырғы сөз суырдың інінен шыққан әлгі асыл заттай жарқырап кетер ме?!
Өз дәуірінде пайзаны көр­сет­кен адамға қаһарлы қаһан­ның билігі жететін жердің бәрін­де жасауылдар жол ашып, баһадүр­лер бар құрметін жасайды. Мінетін аты дайын, тартыла­тын табағы әзір, түсетін үйі тігулі. Жаугершілік заманда осы үшеуінен басқа қу жаныңызға не керек? Сондай қуатты затты, апыр-ай, қай жаушы түсіріп алды екен өзі?!
Кешікпей моңғол ғалымдары Қуаныш­бек Төлеуханұлына делдал аттандырыпты. Қандай бағасына болсын сатып алмаққа! Сатылды ма, сатылмады ма – күміс заттың одан арғы ізі бізге белгісіз, ал суыр інінен табылған жерге Қуанышбек бастаған азаматтар белгі қойған. Мәрмәр тасқа күміс пайзаның көшірмесін орнатып, сосын «Ел күбірін тау естиді, тау күбірін Тәңір естиді» деген және басқа нақыл сөздерді қашапты. Әттең, көне қазынаны қайта жер үстіне шығарып тастаған суырға қатысты ештеңе жоқ. Ең болмаса, «суырдың шаңқылын Шыңғыс хан естиді» дей салса, әділетті болар ма еді» дегенбіз осы хабарды оқыған кезде.
Шыңғыстауға ескерткіш орнатушылар жер астында көміліп жатқан пайзаны алдыңғы төрт тырнақты аяқтарымен тырмалап шығарған шағын аңды ескермесе де, жер қазушылар жайында дастан жазған ақын Жәркен Бөдешұлы оны аттап өтпеп­ті:
Көктем сайын көгілдір суыр, көртышқан
Күйбең қағып ін қазар.
Мұның өзі бір базар.
Ін аузынан жалтылдап лағыл
шығып қалады,
Таңғалдырған әлемді сахараның
танабы.
Ақынның «Қаныштың картасы» атты дастанын оқып отырып, бас шайқадық. Жәркен әлгі пайза туралы ақпаратты білсе де, білмесе де, соны жазып отырғандай. Негізі, бұл туындының кейіпкері – қазақтың біртуар ғалымы Қаныш Сәтбаев. Ақынның мына шумақта айтайын дегені – ғалымның жер астында қандай кен жатқанын суыр мен тышқан ін қазғанда шығарып тастайтын топырақтан-ақ анықтай алатыны. Өткенде, Канадада бір аңшының бұланды көздеп атқанда, оғы әлгі­нің тасасында тұрған, аңшы оны бар-ау деп ойлама­ған екінші бұланды қоса жыққаны туралы оқып едік. Мынау соның ақын­дықтағы кері екен.
Қазақ даласының қай қиырын шарласаңыз да суырдың ініне жолығасыз. Ең көбі – еш талассыз, Тарбағатай тауларында. Бабалар ұрпаққа қалдырып кеткен даланың шығыс тарабындағы үлкен тау. Қойнауы аң мен құсқа, ағаш пен шөпке толы. Бір тұста қазақтар тосын шабуылдан «Ақтабан шұбырындыға, Алқақол сұламаға» ұшырап, амалсыз тастап кеткен. Ұлт тарихы мен дәстүрін жетік білген Жағда Бабалықұлы ақсақал бұл тіркестің дұрысы «Алқақол сұлама» дейтін. Арада жылдар өткен соң ес жиып, соғысып жүріп алып таудың аумағын қалмақтан қайтарып алған. Дерегі бар. Бөгенбай батырдың өмірден өткенін Абылай ханға естірту үшін Бұқар жыраудың айтқан толғауы:
Асу салған тас бұзып,
Тарбағатай белінен.
Ел қондырған қос тігіп,
Борлы деген көлінен.
Қалмақты шапқан шулатып
Ақшәулінің өрінен.
Қоныс қылған найманға
Бәрін қуып жерінен,
Батырың өтті Бөгенбай.
Ақшәулі – Тарбағатайдың жеке шығып тұрған шоқысы. Аягөз мен Үржардың арасында. Негізі, екі тау екен, көрдік. Қоңыршәулі мен Ақшәулі. Етегінде совет кезінде Знаменка деген ауыл болды. Беріде ауыл Ақшәулі атын қайта алса керек. Толғаудағы Борлы көлін Бөкейхановтың зерттегені туралы Ресей жағырапиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімшесінің мәліметі бар.
Тек, «айтпаса – сөздің атасы өлетін» жағдай: Тарбағатай қалқа болып тұрған екі облыс, алты аудан, қаншама ауылда Қабанбайға ескерткіш қойылып, көше берілгенімен, Бөгенбайға қатысты ондай құрметті көре алмайсыз. Орыстың Пожарскийі мен Минині ескерткіш болып Қызыл алаңда қатар тұр. Ал бізде? Бөгенбей – Ерейментауда, Қабанбай – Тарбағатайда, екі батыр қалмақты қатар қумағандай, тізе қосып бірге жортпағандай. Бұл бөлек запыран еді, қайтейік, суырға қоса ақтарылып кетті. Сонымен, жүз он жылдық соғыс нәтижесінде хас батырлардың білек біріктіруімен бұл тау қазаққа қайта қоныс болды. Ал суырға баяғыдан құтты мекен еді.
«Тарбағатай» моңғол-халқа тілінен аударғанда «суырлы тау» дегенді білдіреді. «Тарбаған» – суыр да, «тай» – тау. Біздің тілімізден де алыстығы жоқ. Сирақтары қысқа, денесі ебедейсіз мақұлықты арғы бабаларымыз «тарбақ» деп дәл сипаттап, содан «тарбақ аң» деген тіркес жасауы қисынға сияды. Жаңағы «бұлан» немесе «жылан», «құлан», «тарпаң», «қабылан», «арыстан», «арлан» сияқты тағылардың атауы екі сөздің бірігуінен қалыптасқанын ескерсек, «тарбаған» да сол қатардан табылмай ма?!
Бірақ ежелгі «тарбаған» халқа мен ойраттың қанжығасына «байланып», кейінгі қазақ әлгі аңды «суыр» деп атауға көшіпті. Түбі ортақ татар да солай айтады. Татарстанның Бүгілме ауданында Азантау, Шилітау, Қылыштау атауларымен қатар Суыртау деген жер аты сақталған. Тарбағатаймен салыстыруға келмес шағын төбе болса да, суырға мекен шығар. Жер аты, қай халықта болсын, тегін қойылмайды.
Сонымен, Сырбай Мәуленов жыр­лаған­дай:
Жалаңаяқ жарысқан,
Айналаның тал бәрі.
Айдалада – алыста,
Тарбағатай таулары.
Балалық шағымыз осы таудың бөктерінде өткендіктен, терісі сарғыш, жоны қоңыр, құйрығы қара, тұрқы шағын, аяғы быртық, алдыңғы тістері шығыңқы, дауысы шаңқылдаған ащы аңды сан рет көріп, оған қатысты небір әңгімелерді естідік. Қай беткейге қарамаңыз, түгел суырдың іні. Оны борпылдық немесе мүлде тасты жерден қазбайды. Борпылдаққа қазса, топырақ үстіне сусып, еңбегі еш болмақ. Қатты жерден қазса, жұмысы өнбей, өзі ит-құсқа жем болмақ.
Суырдың інін осы заманғы жайлы пәтерге теңеу керек. Біріншіден, құрғақ. Екіншіден, жылы. Үшіншіден, дәретханасы бөлек. Кейде ұзындығы 10 метрден асатын дәліз жер астын қуалап барып, биік бөлмеге ұласады. Онда суыр қыстайды. Бір өзі емес, бүкіл әулетімен. Бұл бөлме шөп қоймасымен жалғасады. Жоқ, суырлар жер астында қыс бойы шөп жеп шықпайды. Олар аязды алты айды ұйқымен өткізеді. Шөп ұйқыға кетер алдында төсеніш жасауға керек. Әдетте іннің екінші аузы болады. Ол жыртқыш аң, адамдар бір жағын қазып, суырды іздегенде екінші жақтан сытылып кету үшін.
2011 жылы үлкен ағамыз Амангелдіге еріп Тарбағатайдың Қызылтас атты шоқысының қойнауындағы Молдажар қыстауынан өзі сияқты фермерлердің ауылы саналатын, мемлекеттік мектебі мен поштасы, жекеменшіктің дүкендері бар Үштөбе ауылын бетке алдық. Бір қырқада жол шеті астаң-кестең болыпты. Бірер күн бұрын Молдажарға өткенде ондай қопарылған ештеңе байқалмаған. Көліктен түскен ағамыз: «Е-е, суырдың інін аю қазған екен», – деді.
Кейін ғылыми еңбектен таптық, аю суырдың бір ғана шығар аузы бар інін қопарады екен. «Қиналған Жамбыл жері осы» демекші, суырдың қалай сорлағанын қараңыз. Суырдың інінде бір тесік барын аю неден біледі? Лебінен. Егер іннің екі аузы болса, оған ауаның кіріп жатқаны сезіледі. Алматының енді іске қосылған метросында тұрсаңыз, келген-кеткен пойызбен бірге желдің лебі байқалмай ма, мынау да сол сияқты. Ешқандай ауа қозғалысы болмаса іннің аузын иіскеген аю өзіне тамақ тауып алары анық. Аю мен қасқырды азуы мен тырнағынан бұрын, тұмсығы асырайды.
Жаз айларында жыртқыш аңдардың тамағы болуы – Тарбағатайдағы суырдың тағдыры десек те, одан азайып кетпеген. Табиғи тепе-теңдікті бұзған – аю мен қасқыр емес, қылығы одан қорқынышты Совет саясаты. Сол тұста Аңшылар қоғамның куәлігі бары да, куәліксіз-ақ мылтық шошайтып жүргені де суырды атты. Өйткені елде баскиім қат еді. Бұрынғы қазақтың түлкі, қасқыр, қарсақ, сілеусін, мәлін терісінен тігетін тымағы социализмге жақпады. Біз 4-5 класта оқып жүргенде Талғатбек Уәлиханов деген қарт мұғалім жас кезінде орыс мектебіне оқуға келгенінде басындағы тымағын басқалар мазақ­тайтынын еске алатын. Мұхтар Ма­ғауин­нің ғұмырнамалық «Мен» романында рес­публика насихатын билеген партия хатшысы жас автордың кітабындағы түлкі тымақ киіп түскен суретіне қалай шүйліккені туралы айтылады.
Сонымен, қазақтың тымағы советтік шеңберден шығарылды. Онымен қоймай жанат, кәмшат, құнай, құндыз, күзен, бұлғын, сусар терісінен дөңгеленіп тігілетін бөріктен де айырды. Бірақ қақаған аязда халықтың бас киімсіз жүре алмасы анық. Бәрінің орнын құлағы қайырмалы құлақшын (Тарбағатай жақта «малақай» дейді) ауыстырды. Ол үшін құндыз, ондатра, суыр сынды тышқандардың, қоянның терісі керек. Құндызы қымбат. Оны киген адамның лауазымы – не облыстық партия комитетінің хатшысы, не профессор. Ондатра – екінші сатыда, орта буындағы басшылар мен мамандардың басында жүреді. Қалған халыққа жарайтыны – суырдың терісі.
Мыңдаған жылдар Тарбағатайды еркін жайлап, тауға өз атын берген; малмен, арқармен, елікпен қатар жайылған; абайламағаны қасқырдың тісінде, бүркіттің тырнағында кететіні болмаса, көлденең шығынға ұшырамаған суырға зауал келді. Бала кезімізде Одақтың аңшы орыстары тауда жаз бойы жатып, жүздеген теріні керіп, кептіріп әкететін. Ол – заңдысы. Заңсызы – ауыл-ауылдың мылтықтысы. Олардың да жазғы олжасы шаш етектен. Әр ауданда малақай тігетін цехтар, мамандар жеткілікті. Екі баскиімге жететін тері өткізсеңіз, біреуін тегін тігіп береді.
Суырдың терісі «бір жылға шыдайтын» қояннан жақсы, кемі төрт-бес қыс киіс береді, бірақ түгі қырқылмай, құлпырып тұратын құндыздай қайдан болсын?! Сол тұста оны құндызға ұқсатып қараға бояу өнері шықты. Шәкерім Құдайбердіұлының «Бояулы суыр» өлеңі бар. Әлбетте, Совет кезінде Шәкерім шығармалары қапаста жатты. Біз беріде, Советіңіз келмеске кетіп, қазақ қана емес, даланың суыры еркін тыныс алған шақта оқыдық.
Бір суыр адасыпты оттап жүріп,
Кез болды бір ауылға көп қаңғырып.
Ит қуалап тыққан соң иесіз үйге,
Бояу толы шелекке кетті кіріп.
Осылай басталатын оқиғалы өлең. Суыр өзінің боялып шыққанын ерекше қасиетке балап, басқаларға «мен енді тауыс болдым» деп жар салады.
«Тауыс» деңдер мені енді, суыр демей,
Қорқыңдар, рұқсатсыз шөп те жемей.
Жүнім – асыл, сендерден түрім – бөлек,
Немене мен суырдың патшасы емей!
Шіркін, Шәкерім, қалай шебер келтірген! Басқа суырлар мұны «патшамыз» деп мойындап жатқанда, ін түбіндегі кәрі суыр келеді: «Мен тауысты көріп едім, оның қанаты болатын, ұша алатын», – дейді. «Несі бар, мен де ұшамын», – деп тастан секірген суыр ағын суға күмп етіп, батып өледі. Мысал өлеңдердің ең соңында халыққа қаратып айтылған бір шумақ жүреді. Бұл – классикалық үлгі. Абайда – солай, Ахметте – солай. Ендеше, Шәкерім де:
Жігіттер, бұл суырды қылма мазақ,
Осыдан естілерің болады аз-ақ.
Бояуды да «бағым» деп күн өткізіп,
Қол жетпеске ұмтылған көп қой қазақ.
Өлеңде суырдың қазаққа өкпесі жоқ. Ескерткіште болмаса. Ескерткіш демекші, Қарағандыдан көп бұрын Ресейдің Краснокаменск қаласында суырға монумент қойылыпты. Мұнда 1939-1956 жылдар арасында СССР Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысымен жыл сайын тау-тастағы індерге у құйылған. Оған «осы өңірден оба шығуы мүмкін, оны суыр таратады» деген долбар себеп болыпты. Ақыры 1956 жылы суырдың оба таратқыш емес екені түпкілікті анықталып, «рақымшылық» жасалған. Беріде Ресейдің ғалымдары эксперимент ретінде ұйқыдағы суырға оба жұқтырмақ болған еді, одан еш нәтиже шықпаған!
Әттең, далаға себілген удың зәрі «рақым­шылықтан» кейінгі ондаған жылдар бойы қайтпаған екен. Сөйтіп, ғалымдардың есебінше, ширек ғасырда миллионнан астам суыр қы­рылған. Иә, суыр үшін де Совет заманы аса қолайсыз, зұлматқа толы болыпты. Өзімен кетсін! Мынау – соның бодауына әрі биолог, әрі сәулетші Александр Пильников қойған монумент. Біздің Қарағандыдағы жол көрсеткішті құшақтаған себепсіз суырға қарағанда қисыны бар-ау.

СУЫР – «ҚҰРМЕТТІ ЕЛШІ»
Венадан басталған жол жолаушыны шаршатпайды. Тақтайдай тегістігі мен оқтай түзулігі, қатарының көптігі мен қауіпсіздігі, жолдан нәпақа іздеген полицейлердің жоқтығы өз алдына, екі жақтағы табиғаттың тамаша көріністері көз суарып отырады. Еуропаға ғана тән пейзаждың ішінде суыр да жүр.
Әсіресе, Австрия астанасынан аттанып, елдің ірі қаласы – Зальцбургке, одан Италияның Адриат теңізі жағалауындағы Венецияға дейін барғанша Альпі тауларының шығыс қапталының небір әдемі жерлерін көресіз. Бірақ табиғатқа сүйсінгісі келген адам үшін күре жол қолайлы емес. Ала бұлтты аспан астындағы биік жартас, оның бетімен қыз бұрымындай құлаған сарқырама, кейде – жасыл ағаштар, кейде – тақыр төбелер, бірде – шалғынды кең қойнау, бірде – тастақты тар шатқал аяқ астынан көзден ғайып болып, жасанды жарық жанған туннельге кіресіз. Ондағы инженерлік тапқырлықтарға таңдай қағып болғаныңызша, жасыл әлем қайта жарқ етеді. Тек алдағы таудың сұлбасы манағыдан басқа. Бәрі Шығыс Альпі болғанымен бір биігі екіншісін қайталамайды.
Қазақта «тескен тау өтіп кеттің бе» дейтін сөз бар. Біздегі сөздің қай заманнан қалғанын қайдам, ал Еуропаңызда тауды тесіп жол салу орта ғасырлардан қолға алынған. Шамасы, алдымен аңдардың, әсіресе суырдың ін қазғанын көрген соң, ойланса керек. ХХ ғасыр соңында туннель қазу шарықтау шегіне жетті. Вена мен Венеция арасында ша­масы қырықтан астам тескен таудан өттік, білем. Оның жиырма шақтысының ұзындығы ша­қырымнан асады. Жалпы, Австрияның ең ұзын туннелі 14 шақырым деседі. Әзірге біз­дің Алматының метросынан бір жарым есе артық.
Тауларды тесіп жол өткізу – уақытты, жанармайды үнемдетеді. Екінші жағынан, сол таулардағы жан-жануардың тынышын кетірмейді. Вена мен Зальцбург арасындағы алапта мың-мыңдаған суыр жазда қамсыз жайылып, қыста мұңсыз ұйықтайды.
Иә, суырдың Еуропадағы «Тарбағатайы» – Альпі. Ғылыми тілде «Альпі суыры» деп атал­ған түрі тұрақты мекендейді. Зерттеушілер­дің айтуынша, көкшулан түсі мен қолтоқпақ­тай тұрқы Америкада қалған ежелгі туыстары­мен бірдей. Нансаңыз да, нанбасаңыз да расы – осы, Азия мен Еуропаға суыр Америкадан келген. Американың алып жануарына айнал­ған бизонның ол құрылыққа Азиядан барға­нын, сол бизонды соңынан қуып жаңа құрлық­қа жеткен аңшылардың ұрпағы беріде үндіс атанғанын білеміз. Суырлар болса, керісінше көшкен. Әлбетте, арғы-бергі көшті мүмкін еткен жағырапиялық жағдайдың ықылым заман бұрын Азия мен Америка қара жер арқылы жалғасып тұрғандығы. Кейін жіңішке мойнақ су астына батып, байланыс үзіледі. Одан беріде екі жақтың аңдарын адамдар кеме, қайық, ұшақпен тасып жүр.
Суыр Америкадан Еуропа тауларына дейін өз аяғымен келсе, адамдар «ондатра» деген тышқанды кемемен жеткізді. Суырдың Еуразия кеңістігіндегі жалғыз жерлесі – осы ондатра. Бірі – мұндағы қара жерге, екіншісі – көк суға бауыр басып кетті. Суырдың Америкадан қашан келгені ғалымдарға ғана белгілі болса, ондатраның тарихы оңай: Еуропаға 1905 жылы әкелініп, Прага түбіне жіберілген. Отыз жылда Еуропаның барлық елдеріне тарайды. Совет Одағы 1928 жылы Америкадан бірнеше жұбын сатып алған. Ол жиырма жылда кәсіпшілік жасайтын деңгейге бір-ақ шыққан. Сөйтіп, 50-жылдардан бастап аңшыларға ондатра атуға рұқсат етілді. Кезінде әкелінген әрбір ондатра енді 73 мыңға көбейгені анықталды. Өте өсімтал аң. «Тышқан жорғаламайды» делінетін Совет Одағының шекарасынан өтіп – Қытайға, одан Қытайды көктеп, Корей түбегіне жеткені – бөлек жыр.
Жол-жөнекей айта кетелік, сол 50-жылдары Совет Одағында Бүкілодақтық жануарлар шикізаты мен терісі ғылыми-зерттеу институты болған. Оның бір филиалы Алматыда еді. Кейін оны Аңшылық пен аң шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты деп өзгерткен. Сол институт мамандарының мәліметінше, 1935-1987 жылдар арасында 120 миллион ондатра терісі дайындалған. Әлгі орта буын мамандарын баскиімге жарытқаны осыдан аңғарылады. Қазақстанда кәсіптік ондатра өсіру ошақтарын құрғаны үшін үш бірдей ғалымға Сталиндік сыйлық берілген. 1958 жылы кооперация саласында аң өсіріп ататын шаруашылықтар құрылды. Тарбағатайда айлап жатып суыр ататындар соның аңшылары болғаны сөзсіз.
Ондатраның «жерлесі» – суырдың өсімтал­дығы ондай емес. Бұлар ықылым заман бұрын келіп, мылтық шықпай тұрғанда көбейіп алғанымен ғана түр ретінде сақталып тұр. Әрі Батыс Еуропаға барғандары жақсы қорғауға алынған. Автобаннан тау-тауға тармақтала­тын шағын жолдарына «Абайлаңыз, суырлар» деген белгіні жиі қойыпты. Тарбағатайдағы күре жолдарда ондайды ешкім өңі тұрмақ, түсінде көрмес-ау… Еуропада оның үстіне зерттеуге қөңіл бөлінген. Сонау 1859 жылы «Табиғи ғылымдар хабаршысы» журналының №10 санында «Альпі суырлары» атты мақала жарық көрген. Онда суырдың елге белгілі жазғы тіршілігі емес, қысқы ұйқысы жан-жақты зерттелген.
Суырдың алғашқы суреті одан ертеде 1572 жылы салынған. Көптеген мұражайларда оның бас сүйегінен бақайына дейін сақталған. Францияның Лион университетінде суырды тексеретін арнайы зертхана бар. Оның профес­соры Раймонд Рамюс суыр әулетінің 20 мил­лион жылдан бері өмір сүріп жатқанын айтады. Бір миллион жыл бұрын Солтүстік Америкадан Азияға өтеді. Онда Жер бетінде зіл, қылыш тісті жолбарыс, жүндес мұйізтұмсық аталатын жануарлар болған. Бәрі кейін құрыды. Адам кінәлі емес, табиғаттың сынына шыдамады. Анда-мұнда зілдің, яғни мамонттың сүйегі, тіпті мүрдесі табылса, Жер жүзі бір шулап қалады. Ал суыр содан бері аман-сау. Қайта өрісі кеңейген. Азияның жаққаны сонша, салмағы ата-бабасынан үш еседей ауырлап, он келіге дейін тартатын болды. Бірнеше түрге тармақталды. «Дала суыры», «Алтай суыры», «көкшулан суыр», «қаратөбел суыр» аталатын аталарға бөлініп кетті. Бәрінің бабасы – Америка суырынан аумайтын ұрпағы Альпіде ғана сақталды. Ғажап емес пе, ең алыс аймаққа кеткен ұрпағы ең алғашқы атасынан аумайды!
Еуропаның суыры Альпі, Периней, Карпат, Татра тауларының биіктерін мекендейді. Төскейден төмен түспейді. Демек, аса жылы жер жақпайды. Атамекені Солтүстік Америкадағы сияқты қоңырсалқынды ұнатады. Жер бетін мұз құрсаулаған кезеңнен аман қалған аң үшін суықтан гөрі ыстық қауіпті шығар. Ғаламдық жылыну үдерісі бұл аңға жаңа қатер әкелуі ғажап емес.
Айтпақшы, «Мұз кезеңі» атты мульт­фильм­де тәуір бейнеленген зіл, қылыш тісті жолбарыс, жүндес мүйізтұмсық және басқалары жете алмаған бергі дәуірге «суыр неге жетті» десек, оған қысқы ұйқы себеп болса керек. Аңдар суық әрі тамақсыз кезеңді інде жатып өткізуге бірден емес, біртіндеп бейімделген. Қысқы ұйқының да түрі көп екен. Аю мен борсықтікі – шынында, ұйқы. Қатер төнсе, қарны қатты ашса, оянып кетеді. Суырдың ұйқысы қазақтың:
Есіл тасып барады жардан асып,
Қар жауады жаңбырмен араласып.
«Шам сөндіріп барайын» деген басым
Ұйықтап өліп қалыппын қара басып, – дейтін қара өлеңіндегі дәл төртінші тармақтағыдай. Білетіндер «қыста кірпі де осылай өліп ұйықтайды» деседі.
Қар жауып, суық түсерден бұрын суыр інге жатып қалады. Содан қайтып күн көзінде шуақ пайда болғанша кемінде 6-7 айды ұйқымен өткізеді. Қазақта және мынадай ескі өлең бар:
Қара жерге қар жауып,
Қарды көрген бір мұрат!
Қара жерден қар кетіп,
Жерді көрген бір мұрат!
Бұл – адамға қатысты айтылған арман. Суырға қысқы қарды көру еш мұрат емес. Есесіне қары кеткен қара жерді көру нағыз бақыт болар. Жаз бойы жайылып, армансыз семіреді. Сол майы қысқы ұйқы кезінде денеге нәр беріп тұрады. Дене қимылсыз, жылылығы 10 градустан аспайды. Минутына екі-үш рет қана тыныс алады. Жүрек соғысы минутына 220-дан 30-дейін, яғни жеті есе азаяды. Бір ғажабы, қаны ұйып қалмайды. Ең кереметі, суыр індегі қысқы ұйқыға жатар алдында ағзасын барлық зиянкестерден тазалайды. Ғылым осының қандай жолмен жүзеге асатынын біле алмай-ақ қойды. Оны білсе, адамзат үшін керемет жаңалық ашылмақ.
Суырды, сөздің тура мағынасында, «індетіп» зерттеген ғалымдар мына қызыққа да назар аудартады. Әрбір жиырма күн сайын бір тәулікке оянады екен. Онда жатқандағыдан көптеу қуат жұмсалады. Ара-тұра оянғаны дененің құрыс-тұрысын бір жазып қою үшін шығар. Сөйтіп, қысты інде «өлі мен тірі арасында» өткізіп, көктемгі шуаққа шыққан суырдың денесі әлі майлы болады. Көк жетілгенше әрі қарай арықтай түседі. Сосын шыққан шөпке жайылып, қызған күнге шуақтап, қайтадан денеге май жинауға кіріседі. Оның тірлігін қасқыр, бүркіт, әлде адам бөліп жібермесе, жиырма жылға дейін жасайды.
Бұл аңның тарихи отаны – Америка Құрама Штаттарында Суыр күні өткізілетіні мәлім. Пенсильвания штатының Панксатони қаласында «Фил» деп аталатын суырдың іннен шығу сәтін бақылауға мың-мыңдаған турис­тер жиналады. Егер Фил іннен шыққан кезде өзінің көлеңкесіне қарамаса, көктем ерте басталады. Көлеңкесіне қарап қойса, қыстың аяғы созылады. Қазақта керісінше аңның інге жатар кезін бақылайтын. Егер тамыздың соңы мен қыркүйектің басында күні бойы тынбай жайылса, қыс ұзаққа созылмақ. Ерте мен кеште жайылып, күндіз шуақтап не көлеңкелеп жатса, онда алдағы қыс мал мен жанға жайлы өтеді. Інін қалың қымтап жапса, ол қыста қатты аяз тұрады.
Жарнамаға жанын салып, сол арқылы қара тастан май сығатын америкалықтар суырдың іннен шығар сәтін ақша түсетін шоуға айналдырғаны мәлім. Филді көруге келгендер суырдың суреті бар киімдерді, кітаптарды, ойыншықтар мен ыдыс-аяқтарды жаппай сатып алады. Мультфильмнің кірісі тағы бар. Пүліштен жасалған ойыншық суырдың неше түрін біз Австрия Альпісінде көргенбіз. Он тоғызыншы ғасырда мұнда флейта тартып, суыр жетектеген масқарампаздар жүрген. Олар халық жиналған жерге барып, ақшаға билет алғызатын. Суыр қандай билетті шығарып берсе, тағдыры сондай болмақ.
Шоуды қызықтаушылар – өз алдына, әлемнің суыртанушы ғалымдары конгресс өткізіп тұрады. Бұл жағынан бағы бар екен. Зерттеушілердің халықаралық кеңестері Украинада, Францияда, Швейцарияда, Монғолияда, Ресейде бірнеше рет өткізілген. Соңғы басқосу Ресейдің Кузбасс өңіріңде өтіпті. Бұған Ресей Табиғаттану академиясының академигі Александр Поляков мұрындық болыпты. Бұл жақты суырдың 20 мың жыл бұрын пайда болған жас түрі мекендейді. Оны Том университетінің профессоры, осы түрді қорғаушылардың бірі Николай Кащенконың құрметіне «Кащенко суыры» деп атайды. Бүкілресейлік териология қоғамы суырларды зерттеу комиссиясының төрағасы Олег Брандлердің анықтауынша, басқа суырларда 38 хромосома болса, Кащенко суырында 36 хромосома бар! Осының бәрі суырдың қаншалықты егжей-тегжейлі зерттелгенін аңғартады.
Суырдың бір астанасы – Тарбағатай бізде болғанмен, мультфильм түсіріп, ойыншық шығару тұрмақ, Қазақстанның әлгіндей халықаралық конгресс шақырғаны туралы естімеппіз. Есесіне, ел ішінде суыр жөнінде әңгіме жетерлік. Оны қазіргі ғалымдар елемесе де, бұрынғы даналар назардан қағыс қалдырмапты.
Мәселен, атақты Мәшһүр Жүсіп бір ақ суырды үнемі бақылап жүрген. Отызыншы жылы басқа жақтан аң аулап келген жігіттерге «ақ суырға тимесеңдер болды, көршім еді» деп ескертеді. Ақ суырдың іні Мәшекеңнің көзі тірісінде салдыртып қойған күмбезінің іргесінде екен. Аңшыларды қара басқанда, құрған тұзақтарына ақ суыр түсіп, өліп қалыпты. Сонда назаланған Мәшекең әлгі елдің сөз түсінер ақсақалына бір ауыз хат жазып жіберген. Ұзамай бір ата ел «суыр жеген Қозған» атанады. «Ақ суырды аулаған аңшы ұзақ өмір сүрсе де, ұрпақсыз өтіпті» дегенді Мәшекеңнің немересі Сүйіндік Көбеевтің естелігінен оқыдық.
Суыр жөніндегі әңгіменің қызығын Моң­ғолияға екі мәрте барғанда естідік. Айтпақшы, бұл тараптағы халықаралық жиындар ортасында міндетті түрде Моңғолия ғалымдары жүреді. Өздерінде сан рет конгресс өткізген. Бұл елдің Шыңғыс ханнан кейінгі екінші тақырыбы, мақтанышы суыр деуге болар. Сөйтіп, ол Қаһанның пайза ұстап кеткен хабаршысындай талайдың басын қосуға себеп болып жүр. ХХІ ғасырда!

СУЫР – «ҚҰРМЕТТІ ЕМШІ»
Улан-Батор шаһарының шетіндегі құрметті қонақтар үшін салынған мекенге дейін жол тау бөктерлеп кетеді. Аз ғана жер жүргеніңізбен бүкіл елдің кең, шексіз болмысын байқайсыз. Азияға ғана тән пейзаждың ішінде суыр да жүр.
Моңғолия астанасының шетіндегі ауласына киіз үй тігілген коттедждерден кейін бүлінбеген табиғат басталады. Басында балқарағай, самырсын өскен таудың етегі толы суырдың іні. Биіктен түскен бұғы, дөңгеленіп тұра қалған жылқы, тоңқаңдап қашып бара жатқан суыр көзге таныс. Моңғол ақындары оны талай жырлаған шығар, әттең, әдебиетімен таныс емеспіз, ойымызға өзіміздің Мұқағали оралсын:
Бір тынбайды шегірткенің шырылы,
Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры.
Бәрі таныс: кісінеген құлыны,
Ін аузында шаңқылдаған суыры.
Түркінің түп мекені болған маң дала – енді іргелес Моңғолия. Мына аң мұнда «тарбаған» деп аталады. Көрші ел кезінде он алтыншы республика сияқты күн кешті. Совет Одағы моңғолдың малы мен кенін озбырлықтан опырып, Мәскеудің толмас, тоймас «көмейіне» тықпалады. Сөз жүзінде «азат ел» делінсе де, басқасы былай тұрсын, тарбаған терісін өткізу жөніндегі тапсырманы орындауға мәжбүр болды.
Тәуелді тұстың деректері мынадай: СССР-ға жыл сайын 2,5 миллион тері жөнелтілген. Беріде моңғол арасынан шыққан «жаңа байлардың» бастапқы капиталы да тарбаған терісі болған. Ол елдегі 21 аймақтың 18-ін мекендейді. Гоби шөлінен басқа тау аңғарларынан, ойлы-төбелі алқаптардан бір жаққа қарай үйілген топырақты, сол үйменің шетінде үңірейіп жатқан інді көруге болады. Суырдың іні – әдетте, үш түрлі. Қыста ұйықтайтын негізгі інді жоғарыда сипаттап кеттік. Одан басқа төсенішке шөп жинайтын қоймасы мен «дәретханасы» жоқ жазғы ін қазады. Онда ыстықта көлеңкелеп жатады. Үлкен дәретке іннің сыртынан бір жерді таңдайды. Үшіншісі – қашқанда бас сауғалатын жайдақ ін. Баспана жағынан да тарбаған-суырдың өмір салты көшпелі халықтың тіршілігін еске салады-ау!
Жалпы, «суырды адамнан азған» деген сөзді аталарымыздан талай естідік. Алдыңғы екі аяғы аяқтан гөрі қолға ұқсайды. Шошайып тұрып сонымен дәнді үгітіп, аузына сала қояды. Кейбір аңшылар қашар жері қалмаған суырдың бетін басып, кәдімгідей жылайтынын айтатын. Жұптасқанын көріп қалғандардың «пәтшағарлар адамнан аумайды» дегенін естідік. Әрі еркегі ерте көктемде ұрғашы суырды өзі қыстаған іннен емес, басқа көрші «тайпадан» таңдайды. Қазақтың «жеті атасын» сақтамаса да, соған жуықтайды.
Бірақ қандай жағдайда адамнан азғанын қазақ ішінде ешкім айта қоймайтын. Моңғол жерінде бұл туралы аңыз сақталған екен. Алғаш Шоқанның досы Потанин жазып алған. Беріде түрлі нұсқада сан рет қайта хатқа түскен. Халқа, ойрат, саха, тува, хақас халықтары тегіс біледі. Желісі мынадай: Мергендігі асқан аңшы масаттанып, ақыры Жаратушымен бәстескен. Жер бетіндегі аңды қоймаған соң оған қарлығашты жіберген. Аңшы жебесі оның құйрығынан ғана тиіп, екіге бөліп түседі. Бәсте «жеңілдің» деген Жаратушы аңшыны тарбағанға айналдырып, жер астына түсіреді. Қарлығашқа атқан оқтан құтыла алмағаны үшін «айырқұйрық болып қаласың» дейді.
Содан бері моңғолдар тарбағанға садақ жебесін кезеген емес. Інге түтін салады, қақпан, тұзақ құрады, итпен алады. Мылтық шыққалы бері ататын болған. «Мылтықтың оғы – садақтың жебесі емес».
Әлбетте, суыр ату жеңіл-желпі әрекетке жатпайды. Оны не көрінбеген атады, не ерінбеген атады. Бұл – өте сақ және ұйымшыл аң. Жайылып жүргенде біреуі міндетті түрде қарауылға тұрады. Аспаннан бастап айналаны шолады. Қандай болсын қауіп байқалса, ыңқиттап дабыл қағады. Сол сәт барлық суыр жайылуды, қыздырынуды тастап, дереу інге бас сауғалауға кіріседі және әрқайсысы дабыл белгісін қайталайды. Сөйтіп, тұтас аңғардың суыры әп-сәтте тығылып үлгереді.
Қысқа аяқтарымен, семіз денесімен алысқа жүгіре алмайтын болған соң іннің айналасына жайылады. Оның есесіне көзі өте қырағы. Әдетте қарауыл суыр іннен шыға сала айналадағы оба, тас, тобылғы, қараған, қазық, тағы басқа ербиіп тұрғанның бәрін белгілеп алады. Соның әлгілерді айнала түгендеп тұрады. Егер әлдебір шоқиған жоқ болып кетсе немесе жаңадан пайда болса, аттанға басады. Көзі өткір болуымен қатар өте сақ, құлағы сыбдырды бір шақырымнан естіп қояды. Осы қасиеттері де оны көшпелі халыққа жақындата түседі.
Соншама сақ тарбағанның әуестігіне не дауа! Осы тұсын моңғол аңшылары тап басқан. Бұл сырды білетіндер үшін көрінбей де, ерінбей де аңдып жатудың еш қажеті жоқ. Үстіне таза ақ киім, басына салпаңдаған құлақтары бар ақ бөрік киіп, бетінде көзге ойған тесікті ақ жамылғысы, қолында екі ақ желпуіші бар аңшы тарбағанға қарай жүреді. Кез келген қарайғаннан қауіптеніп, бірден қашатын аң мынаған аң-таң болып қарайды. Сонда ақ киімді аңшы құлақты секеңдетіп, желпуішті желпіп жақындай береді. Біраздан соң қорқудың орнына қызыққа батқан аң бірге билей бастайды. Бітті. Жанына келген аңшы оған жалғыз оқты жалындырады не келтекпен ұрып алады.
Моңғолдар баяғыдан тарбағанның етін жейді. Оны пісірудің бірнеше әдісі бар. Мәселен, терісін сыпырмай бауырынан ғана жарып, ішек-қарнын тазалап алып тастайды. Отқа қызып тұрған тастарды ішіне тығып, сыртын ағашпен бүріп бітейді. Сосын шоққа айналдырып қақтайды. Тарбағанның жүні үйтіліп, терісі доптай домаланып, бырысады. Бұл тағамның аты – «бодэг».
Екінші түрі – «хорхог». Онда терісін сыпырып, ішек-қарнын лақтырады. Қалайы құтыға отқа қызған тас пен таза етті кезегімен қатарлап тастап отырады. Толған кезде аузын мықтап жауып, құтыны тепкілеп домалатады. Бізге Байөлкенің қазақтары осы әдіспен қойдың етін де пісіріп берген еді.
Тарбағанды жерге көміп пісіретін де тәсіл бар. Тілерсектен келетін шұқыр қазып, оған шөптің сағдары мен отқа қызған тасты салады. Тағы сағдар, тағы тас. Сосын үстіне сойылған суырдың етін тастайды. Тағы қу шөп, тағы ыстық тас. Ең бетін күлмен көміп қояды. Байқасақ, осының бәрі – далада, ыдыс жоқ жерде істеуге оңай аңшы мен малшының тағамдары.
Тарбағанның бауырын ғана алып өз ма­йына қуырса, «жалбақ» деген тағам шығады. Жалбақты ешқашан әйелдер мен балаларға бермейді. Аңшылар оңашада пісіріп, өздері жейді. Бұл тағамды еркектік қуатты күшейтетін дәріге балайды. Әсері «Виаграны» жолға қалдырып, бұғының мүйізі мен киіктің текесінің шыбығынан еш кем емес» деседі.
Қазақтар бұл аңның етін көп жей бермей­ді. Ертеректе мүлде ауламаған. Оған Қазақстан, Моңғолия мен Қытай шекаралары түйіс­кен өңірінде туып, бала кезінде суырды көріп өскен Халифа Алтайдың «Тарих» атты өле­ңін мысалға келтіреміз:
Баққаны – қой мен түйе, сиыр, жылқы,
Түзелер аман болса, ойын-күлкі.
Аң аулап, бүркіт салып саят жасап,
Қуалап соққандары – қасқыр, түлкі.
Жарықтықтың жазғаны – шындық, қазақтардың аңшылық құмары, негізінен, қасқыр мен түлкіге ауған. Себебі, суырлы жазда онсыз да ел ішінде қызық көп, саят қар түсе басталады. Ол кезде суыр жатып қалады. Жеуге мал еті жеткілікті болғандықтан, ұсақ аңды азық деп те санамаған. Суыр – көбінесе жайлаудағы балалардың ермегі. Айтпақшы, оның мал шаруашылығына жанамалай себі тиген. Көктемде суыр шыққан соң ит-құс көбінесе соны азық етіп, малды торуылдауды қояды. Қазақтар күзет пен көзеуден қолын босатып, бір еркіндік алады. Есесіне, суырды ит-құсқа басы бүтін қалдырған.
Ғылыми тұрғыдан суырдың еті таза болатыны даусыз. Жарты жылдық ұйқыға жатар алдында ағзадағы бактерияларды адалап тас­тайтынын айттық. Ешқашан өлексе, жәндік, қоңыз жемейді. Суатқа бармайды. Демек, бойында еш микроб болмайды. Осыған орай моңғолдар тағы бір аңыз шығарып алған. Маңайдағы барлық аң жиналып, кімнің таза екенін жөнінде таласқан деседі. Сонда тар­баған: «Ең таза аң менмін. Өйткені аяқ астындағы суды емес, шөптегі тұнық шықты ғана ішемін. Мал баспаған шөпті жеймін. Шөп қурағанда оны жемей, жатып қаламын», – деп бәрін жеңіп кетіпті-мыс.
Аңыз – өз алдына, суырдың еті аминді қышқылдарға толы. Бұл жағынан балықпен теңдеседі. Демек, теңіз-мұхиттан алыста жатқан, балық аулауды кәсіп көрмей далада жүретін халыққа тарбағанды жеу айып емес, табиғи түрдегі қажеттілік болып шығады.
Майы – мүлде қазыналар қоймасы. Онымен түрлі ауруларды емдеген. Үсіген жерді майлайды. Суықта үсіп қалмау үшін алдын ала беті-қолға жағады. Жөтелгенде, суық тигенде ішеді. Өзі қысқы аязда тоңазымай, сұйық күйде тұрады. Бір ғажабы, темір немесе шыны ыдыста сақталмайды. Ондай ыдыс­­тың еш тесігі болмаса да, арасына сіңіп ке­теді. Сондықтан сарымай сияқты сиыр­дың қары­ны­на салады. Аңшылар қысқы аязға тоңбау үшін жазда тарбағанның майын жақсылап жейді.
Моңғол арасында естіген мына бір дерек қарт аңшының ақылымен жас аңшының өкпедегі құртын қалай түсіргені туралы. «Тарбағанның майын алып, – депті қарт, – оған кемінде үш-төрт өтін құясың. Сосын тарбаған жақсы жейтін көк гүлдің тамырын қосасың. Ол гүлдің күлтесі ұсақ, бірақ тамыры бармақтай болады және өте ащы. Жаласаң, тіліңді тызылдатады. Қоспаны бірнеше күн тұн­дырып, таңертең тамақтың алдында және кешке ұйқыға жатар алдында бір қасықтан ішесің».
Осы ақылды тыңдаған ауру аңшы бәрін істейді. Сосын… «Бірінші қасықтан соң өте жаман болдым. Бүкіл ішек-қарным аузымнан шығып кетердей лоқсыдым. Сөйтіп, құсып, сәл тынышталдым. Кешке ішкен соң тағы құстым. Іштен ірің көтеріліп, сасық иісі өзімді тұншықтырды. Ертеңінде таңертең үшінші рет ішкенімде әрқайсысы жаңғақтай болатын, орталарында тесігі бар үш кесек нәрсе құстым. Өңешімнен бері зорға өтті. Кешке төртінші рет ішкенімде жараның ұйыған қанын құстым. Содан кейін аурудан құлан-таза айығып, аттай шауып кеттім».
Бұл – аңыз емес, нақты оқиға.
Тағы бір нақты мысалды «көшпелі өмірдің академигі» атанып өткен Жағда ақсақалдан естігенбіз. 1945 жылы жазда Үш аймақ көтерілісі кезінде бір жігіт жаралы болады. Оған ауылдан емші шақыртады. Емші оқ тиген жігітке жаны ашитын азаматтардың ең мергенін Майлы тауындағы қалың суыр арасына аттандырған. Оған: «Бір суырды аяғынан атып жарақатта, – деп ескертеді. – Ол сүйретіліп інге кіреді. Аздан соң тап сол жерден басқа суыр шаңқылдап шығуы керек. Оны атуыңа болмайды. Бірақ аңдып отыр. Ол даланы кезіп кетіп, біраздан соң інге қайта оралады. Осы кезде бір оқпен сеспей қатырасың. Дереу іннің аузына барып, әлгі әкелген үш-төрт тал шөпті аласың». Тапсырма – осы. Мерген тастай етіп орындап, шөпті жеткізді. Емші оны жігіттің жарасына таңып, бірер күнде аяғынан тік тұрғызыпты.
Осыдан кейін «суыр – емші» деген үшінші тақырыпшаны біз «суыр – кенші» мен «суыр – елшіге» ұйқас үшін алмағанымызды аңғарарсыз, қадірменді оқырман.


Қайнар Олжай,

Қазақстан – Австрия – Моңғолия,

«Ана тілі».

Пікірлер