Ауыл-аймақтарға этнографиялық саяхаттарды жандандыруға не кедергі?

3169
Adyrna.kz Telegram

 

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы-ғалым:

– Этнография – қазақ деген халықтың бүкіл тарихымен, психологиясымен, сана-сезімімен, рухани ұлттық болмысы­мен байланысты нәрсе. Қазіргі таңда біз халқымыздың рухани-материалдық құндылықтарын басқа елдерге танытуымыз керек. Біздің жерімізде сонау көне дәуірдегі таңбалы тастардан бастап ортағасырлық Айша бибі, Қарахан мазарлары секілді құндылықтарымыз, кейінгі қазақ хандығы тұсындағы үлкен-үлкен қалаларымыз, елді мекендеріміз бар. Осындай рухани-материалдық құндылықтарымыз туралы жүйелі түрде халықаралық туризм мекемелеріне ақпараттар беріп, тұрақты түрде жүргізілетін этнографиялық саяхаттар­дың бағыттарын белгілеуіміз керек.

Бұл мәселемен арнайы министрлік айна­лысуы тиіс деп ойлаймын немесе туризм саласын спорттан бөлек министрлік ретінде бекіткеніміз жөн. Этнографиялық саяхаттарды ұйымдастыру мәселесін министрлік қолға алып, қаражат бөлсе ғана біршама іс тындырылған болар еді.

Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ, «Алаш» зерттеу орталығының директоры:

– Бүгінде этнографиялық саяхаттарды жандандыруға бізде ештеңе кедергі болып тұрған жоқ, тек ынта жоқ. Біз болашақты ойлаудың орнына әрқайсымыз өз қара басымызды күйттейміз. Кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстары тарихты өздіктерімен зерттеп, халық мұрасын барынша білуге тырысқан. Мысалы, Мұхамет­жан Тынышбаев – теміржолшы, ал соның жазған тарихын біз әлі оқып келеміз. Халел Досмұхамедов – дәрігер, Ахмет Байтұрсынов – ауыл шаруашылығы маманы бола тұра, тілді, тарихты терең білді. Себебі олардың санасы жоғары, ойы терең еді. Ал қазіргі тарихшыларымыздың еңбектенуге, зерттеуге деген ықылас-ынтасы төмен. Біз Тәуелсіз мемлекетпіз, өз тізгініміз – өз қолымызда, ешкім бізге кедергі болып жатқан жоқ. Егер өз ұлтымыздың тарихын, этнографиясын зерттеуге деген ниет болса, қаржы да, басқа да табылады.

Бабақұмар ҚИНАЯТҰЛЫ, тарих ғылымының кандидаты:

– Ауыл – қазақтың алтын бесігі ғой. Қазақ менталитетінің, мәдениетінің мәйегі ретінде ауылдағы этномәдени ахуалды біліп отыру үшін этнографиялық саяхаттарды мейлінше көп жүргізу керек. Кеңес дәуірінде қазақ этнографиясы жан-жақты, кешенді түрде зерттелді деп айта алмаймыз. Өйткені Халел Арғынбаев, Марат Мұқанов тәрізді үлкен ағаларымыз айтып кеткендей, Қазақстанның жері құс қанатын талдырады. Бір өлкеге барып зерттеу үшін ұлан-ғайыр жерді басып өту керек. Сондықтан біз еліміз бойынша әрбір аймақтық, аудандық, өңірлік саяхаттарды бірнеше бағытта, кешенді түрде жүргізгеніміз дұрыс. Осындай зерттеу саяхаттарының нысанынан руханият, тіл, дін мәселесі, социологиялық зерттеулер тыс қалмауы тиіс. Ел ішіне жасалатын саяхаттардан бөлек, тіпті қазақ диаспорасы тұратын шетелдерге де жиі барып тұрсақ, артық болмайды. Әрине, мұндай зерттеу саяхаттары мол қаржыны қажет етеді. Осы салаға қаржы бөлетін жоғарғы жақтағы мекемелер аталған мәселенің байыбына бара бермейді. Осы ең басты кедергі болып отыр.


Айнұр СЕНБАЕВА, «АЛАШ АЙНАСЫ».

Пікірлер