Тіл - ұлттың қорғаны

67492
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқымызды өзге елден ерекшелеп, ұлылығымыз мен ұлттығымызды көрсететін, болмысымызды  даралайтын байлығымыз –ұлттық мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз. Әр ұлттың өзіне тән ұлттық дүниетанымы, ұлттық құндылықтары болады. Әдетте ұлттық таным жайлы сөз қозғағанда  біздің есімізге не түседі? Тіл, салт-сана, дәстүр, халық мұрасы, мәдениет, менталитет, т.б. Кеңестік санада «ескінің қалдығына» айналған ұлттық құндылығымызды болашақ ұрпақ санасына сіңіретін сәт, тәуелсіздік таңы атқалы биыл жиырма сегізінші жыл. Шүкір! 

Жасампаз еліміз еншісін алғалы ұлттық сана, ұлттық көзқарас, ұлттық құндылықтарымыздың  қал-ахуалы қандай дәрежеде? Әріге бармай, бүгінгі күн тұрғысынан саралайық. «Бұл ән –бұрынғы  әннен өзгерек», толғауы тоқсан қызыл тілдің толғамағы –ұлттық таным мәселелері. 

Неге мәселелері дегенді алып отырмыз? Себебі, күнделікті құр сөзді айтып, даурықпа сөз бен жасанды ұран салудан аулақпыз. Мәселенің ашығын айтып, жастарға аз да болса ой салу негізгі мақсатымыз болмақ. 

Әуелгі мәселе –тіл  мәселесі. Себебі ұлттық дүниемізді халық арасында насихаттау, жеткізу үшін ең әуелі тіліміз түзу болмақ керек. Тіл –халықтың қазынасы, ұлттық мұра.  Тіл тағдыры –ұлт тағдыры. Бұл сөзге жасанды жанашырлықпен емес, терең түсінікпен қарасақ екен.
      Хош...  Əдеттегідей, автобусқа мінсем жан-жағымдағылардың қимылын бағып, кімнің аузынан қандай сөз шығады екен деп бақылайтын əдетім. Себебі, меніңше, автобус –ең  бір қайнаған қоғамдық орын. Шаруасынан шаршап, жұмыстан қалжырап қайтқан халықтың «шынайы бет-бейнесі» көрінетін кез –әсіресе   кешкі мезгілдегі автобус іші...  Жұма сайын жүретін жолыма түсіп, аязды күні аялдамада аяқтарымды бірді-біріне соққылап, сарылып сары автобусты күттім. Не керек, сегіз минут күттірген сары автобус селкілдеп жетіп те келді. Күндегідей, халық ығы-жығы... Қысқасы, біз отырған (тұрып тұрған) автобусқа бес аялдамадан соң баласын жетектеген əйел мінді. «Ақша төлеп отырамыз» деп тап-таза айтып тұрған кондуктор əйел "баламен орын берейікші" деп қалды. Ниетін түсіндік, бірақ тілді қалай болса солай қолдануға бола ма? Мен ызаланып үлгергенше, бір үлкен кісі:  –Əй, –деді жекіріп. –Осындай да сөз бола ма екен, «балалы əйелге орын берейік» деп жөндеп айтсаң болмас па?–деп зірк ете қалды. "Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен бездің" кері келіп, аузымды ашуға арым жібермей, ашуды ала көзбен көрсетіп тұрған едім, əлгі кісіге сонша риза болдым. "Жай сөз, маңызды емес, не айтқысы келгені түсінікті емес пе" деген ой болуы мүмкін, кондуктор әйелдің  де ойы осылай-ау, тілін дұрыстамақ боп безектеген кісіге бет бұрып та қарамады. Рас, əйтеуір түсіндік. Бірақ, біреу солай жүйесіз сөйлесе, екінші тағы солай жасаса, жасампаз тіліміздің ертеңі не болады? 

Әлгі оқиға əсер етті. Бірдің сөзі түзелсе, мыңға сабақ емес пе?
Тіліміздің өз заңдылықтары бар, ережені еркін меңгеріп, бай тіліміздің байлығын сарқа пайдаланып, бал тамызып неге сөйлемеске?!

Бұны бір деп қойыңыз. Келесі қоғамдағы келелі мәселе –бүгінгі бала тәрбиесі. Бүгінгі бала –виртуалды әлемнің құлы. Кішкентай бүлдіршіндердің  бетін адам көргісіз қанжоса кейіпкерлерге ілесіп жасаған ерсі қылығын, тіс дәрігерінің кезегінде отырып, «мама, айтшы, бұл ойын ғой, иә» деп жыламсыраған баласына «жоқ, балам, бұл шынайы өмір» деп  ұғындыра алмай әлек болған ананы көргенде жаным ашып, көзіме еріксіз жас келді. 

Әдеттегідей, қызықты жаңалыққа тап болармын деп ғаламтор желісін ақтарып отырғанмын.  Бірде көзім жапон мақалдары деген сілтемеге түсті. Жапонша білмесем де, «мақал – сөздің мәйегі» деп білетін, үш ойдың бірін мақалдап жеткізбесе қарабайыр сөйлегендей сезінетін қазақ болған соң, сілтемені басып, өзге елдің мақалы қандай екенін көргім келді. Құдай оңдағанда, қазақшаға аударылған екен. Менің бір таң қалғаным мына мақал болды. «Баланы еркелету – тастап кетумен бірдей» дейді. Ал керек болса! Бала тәрбиесінде  «баланы бес жасқа дейін патшаңдай көр, бес жастан кейін құлыңдай жұмса, он бес жасқа келгенде досыңдай сырлас» деген нақыл әрі қағидатты жиі еске алатын біздің халық дана деп қалай айтпассың?! Міне, нағыз тепе-теңдік. Әр нәрсені өз уақытысымен жасай білетін халқымыз «бала – бауыр етім» деп біледі, еркелетіп, жылы-жұмсақты ұсынып, бар тәттісін аузына тосады. Баланы тәрбиелер кезінде тәрбиелеп, еркелетер тұста ықыластан ада етпей, жиі-жиі мақтап, қанат бітіріп отырған жөн.  Жас баланың ойы жүйрік, бір айтқанды бірден ұғып алады. Әрі көп нәрсені білгісі келеді. Сондықтан қояр сауалы да көп. «Ол кім? Бұл не?» деп жиі сұрайды. Бұл кезде оған бәрін жүйелі түсіндіріп айту маңызды. Баласы бірдеңеге қызығушылық танытып сұрай қалса, екі көзі ғаламтормен торланған ата-анасы ештеңеге қарамастан, «иә,иә» немесе «мә, балам, телефонмен ойын қосып беремін» деп жауап беретіндер де бар. Бір-бірін өлтірген қантөгісі көп мультфильм, адамның басын алып жатқан сорақы ойын ойнап өскен бала есейгенде  не болмақ? Содан келгенде безбүйрек әке мен тасбауыр ана қайдан шықты деп зарлаймыз. Қиыны сол, көңілге өкініш ұялатар, «қап, әттеген-ай»-ды айтқызар жайыттар кейінгі уақыттарда жиі орын алып жүр. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді.» Қаншабір жандар сәбидің жұпар иісіне жете алмай жүр, қаншабіреулер бауыр етінен баз кешіп әлек, жаман әдеттерге әуестеніп баласына «тәлім-тәрбие» көрсетіп жүргендер қаншама?! «Бала нені білсе жастан, ұядан – өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген Ж.Баласағұн данамыз. Әрбір сөзі алтын, зерден құралған ақылгөй данышпанның сөзін қате деп кім айта алады?! Сондықтан барымызды бағалап, баланы еркелетер тұста мейірімді де аямай, қажет тұсында тәрбиеге де салып, түзу жол, дұрыс нұсқау беріп, ең бастысы ұлттық тәрбиемізді, ұлттық мінезімізді бойына сіңдіріп, Абайдың  «Адамзаттың бәрін сүй» қағидасын ұғындырып өсірген жөн.

Ал, отбасында дұрыс тәлім алмаған, ұлттығымызды, ұлылығымызды жастайынан бойына дарытпаған баладан қандай ұрпақ шығады? Шет елге елітіп, ұлтын сыйламайтын, әже айтқан қырық үйден тыйымын білмейтін қыз, тектілігін ұмытып, ұлттық дәстүрді ұстанбайтын ұл шығады. Міне, қасірет. 

Ойымызға тұздық болсын, ойыма бір оқиға түсіп отыр. Бірде ауызашардан қайтып келе жатып, жолда бір əжені кездестірдім. Қолында үш бірдей дорбасы жəне балдағы бар. Аяғын сылтып басатын, жасы да біразға келген, дорба арқаламақ тұрмақ, аз жүрсе шаршап қалатын Алланың бір пендесі екен. Екеуміз бір аялдамадан түсетін болдық. Автобустан түсіріп, көмектесіп жіберіп жатырмын. Əрі қарай мына түрмен қалай кетеді деп қоямын жəне. Сонымен жөн сұрасып, жер асты жолымен(подземка) арғы бетке өткізіп жіберетін болдым. Əдетте өзіміз жүгіріп өтетін жолды əжемен жиырма минуттай жүрдік. Сол сəтте бір-бірімізден біраз нəрсе сұрап үлгердік. Қайда тұрасың, ата-анаң қайда, бауырларың бар ма деп бəрін сұрап алды. Өз өмірін де бір сəт көз алдыма келтіріп үлгерді. Сөз арасында "бақытты бол, айналайын" деп ақ тілегін жаудырып қояды. Ата-əже көріп өспеген соң болар, үлкен қарияларды көрсем жылы ұшырап, өзім де сөйлескім келіп тұрады. "Қайда тұрасыз? Қайдан қайттыңыз, мынша жүкті арқалап? Балалар бар ма?" деп сұрадым, үп-үлкен кісіні түн жарымда неге жалғыз жіберіп қойған деген оймен. Кейуананың жүзі бозарып сала берді. "Қызым жол апатынан қайтыс болды",–деді  аз үнсіздіктен соң. Жүрегім зырқ ете қалды. Кейуана əрі қарай əңгімесін жалғастырды: "Ұлым бар, алғаны (әйелі) жөнді болмай, бізді тастап кетті, бізге келіп ұрсып, ақшамызды алып кетеді. Екінші ұлым бар. Ол да солай. Мүгедек шалым оларды үйге кіргізбей қуып жібереді. Қыз деген жақсы еді. Ұлдан қайран болмады. Өзім ауру бір кісіге дəрі апарып, көңілін сұрай барып едім, қараңғы түскенін аңдамай қалыппын" деп əжем ақтарыла салды. 

Бұрынғының адамын қараңызшы, өзі  мүгедек болса да төсек тартып жатқан бір кісіге көңіл сұрай баруды парызы санайды.

Ойлаңызшы, бұрынғы заманда ата-анасын тастап кету, құрсағын жарып шыққан шаранасын бас тарту деген болған ба еді? Жесірін жасытпаған, жетімін жылатпаған елдігіміз қайда? Ұлттық дәстүрді, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген, аузын ашса ар жағы көрінер дархандық қайда?  Қарттар үйі мен балалар үйін паналаушылар көбейіп тұрған заманда бұл да өзекті мәселе. Бұл тізімге кейінірек пайда болған «аналар үйі» дегенді қосыңыз.

Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін», –дейді. Ал,  адам сенген, заман сенген жастарымыздың арманы –шет елде өмір сүру болғанына кім кінәлі? Адам ба, заман ба? Бір көршімнің көзбен көрмесе де айтулы шет елде тұрғысы келетінін, аузынан сонша суы кете армандағанын көріп жағамды ұстап, қайран қалдым. Себебін түсінгім келмесе де, сұрадым. Уәжі –біреу. Шетелде өмір сүру керемет екен-мыс. «Өзге елде  сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болдың» мәнін түсінбейтін қазақша білмейтін қазақ көршім өз елінде сұлтан болып жүргенін ұқпайтын да секілді. «Тасиды қаның, ашиды жаның...» Айтасың, «баяғы жартасқа» соғылып, өзіңе ғана естіледі. Жаңғырық...

«Ауруын жасырған өледі» деген, көз көріп, құлақ естіген мәселені көтердік. Әсілінде, бұл дегеніміз  құлдырау емес. Әрине, бүгінгі күннің қаһармандары жетерлік. Елдің елдігін, халықтың тұтастығын, тілдің тазалығын сақтау үшін, еліміздің керегесі кең, терезесі өзге елмен тең, шаңырағымыз биік  болуы үшін, жұртымыздың жалғасты өмірі жарық, жастарымыздың болашағы жарқын болуы үшін, ұлттық тәрбиенің жарқын үлгісін көрсетіп, халқымыздың ұлықтығын, ұлылығын насихаттап жүрген атқамінерлер қаншама? Тәуелсіз елді, «елім» дер ерді нәсіп қылған Аллаға сансыз мадақ.

Мәселені көтердік. Себеп қандай?  Не жетіспейді? Себеп жалғыз. Жетпейтіні –ұлттық  тәрбиенің, ұлттық сананың кемдігі. Патриоттық намыстың, елім деген көкіректегі оттың болмауы. 

«Қазақтың бір жаманы осы...» 

Неге біз «қазақ десең өзіңе тиеді» деген сөзді жиі қолданамыз. Ойлаңызшы, бірде-бір ел өз ұлтын жаман демейді. Дәл осы қолданыс өзге елде мүлде жоқ. «Жаман ұлт болмайды, жаман адамдар болады» деген.  Ең бастысы біздің елге ұлттық танымды білумен қатар, ауызбіршілік керек. Ауызбіршілік –ұлттығымыздың, бейбітшілігіміздің жарқын көрінісі. М.М.Сперанский: «Қазақтар шөлейтте өсетін балтамен ұрып сындыра алмайтын сексеуіл ағашы сияқты, сексеуілді тек бір-біріне ұрып сындыруға болады. Қазақтарды да бір-біріне айдап салып, әлсіретіп барып құлдықтың қамытын кигізе аламыз» деген болатын. Біз ұлы халықтың ұлағатты ұрпағы ретінде бұрынғы салтымызбен, ұлттық түсінігімізбен бұндайға жол бермеуіміз керек. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген.  Біліміміз бен білігімізді, ұлттығымыз бен ұлылығымызды танымымызбен ұштастырып, бағымыз бен берекемізді, тектілігіміз бен тәуелсіздігімізді сақтай білейік! Бабалар қанымен қорғап жеткізген ұлылығымызды сақтайық! Ұлы халықтың ұлағатты ұрпағы, ұлттығымызды жоғалтпайық! 

Мұханбетқали Аружан Мұханбетқалиқызы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
филология және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті.

 

Пікірлер