Шұбат антибактериялық және антивирустық қасиетке ие

4362
Adyrna.kz Telegram

Күнде жейтін ас-ауқатымыз химиялық, синтетикалық жасанды дүниелерден жасалғалы бері адамзат денсаулығына зор қауіп төнді. Аллергия, псориаз, қант диабеті, холлецистит, гастрит т.б. көптеген дерттер ушығып шыға келді. Дерт атаулының өршу себептерінің бірі азық түлігіміздің ластануында болып отыр. Қазақ атамыз: «Асы саудың – дені сау» деп бекер айтпаған. Сондықтан да қазақтың денсаулығы мықты болсын десек, дүниеге аяқ қолы балғадай сау ұрпақ әкелеміз десек, асымызды адал қылып ішейік. Осы мәселені тағамдық рационымызға қазақтың ұлттық тағамдарын енгізу арқылы шешуге болады. Бүгін әрі сусын, әрі қорек, әрі шипа болып табылатын шұбатты әңгімемізге арқау етпекпіз. Қазақ үшін түйе — қасиетті мал. Төрт түліктің төресі атанған жануардың сүті – ем, еті — азық, жүні — киім. Нардың жүнін қазақ халқы аяққа таптамаған, тек кеудешелер мен жиделер, шекпендер мен көрпелер дайындаған. Қазіргі медицина түйе жүнінің де емдік қасиеті барын анықтады.

Түйе сүті — қоректік заттарға өте бай сусын. Мәселен, қымыздың құнарлылығы 528 ккал болса, сиырдікі — 660 ккал, ал түйенікі — 911 ккалға тең. Бір литр шұбат адам ағзасының витаминдер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қамтамасыз ете алады. Шұбат ішкен адам күні бойы тоқ жүреді. Ұлттық ғылым академиясының академигі Т.Шармановтың айтуынша, түйе сүтінің созылмалы өкпе, бауыр ауруларын, холециститті, өт жолдарының қа­бынуын емдеудегі қасиеті клиникалық апробация арқылы дәлелденген. Сондай-ақ инфаркттың, ин­сульттің алдын-алуда маңызы зор, қант диабетіне, қатерлі ісікке де шипасы бар.

Табиғи шұбат өнімдері адамның есте сақтау қабілетін жоғарлатып, ми тамырларына сергектік пен демалыс береді. Құрамында А, В1, Д, Е, С дәрумендері бар сусын ұзақ уақыт емделуді қажет ететін туберкулез ауруына да бірден бір шипа.

Ұлттық сусынның дайындалу процесі де күрделі емес. Өйткені оны бір қорландырып алса, одан әрі ешқандай ашытқысыз аши береді. Қымыз секілді мезгіл- мезгіл пісіп отырудың да қажеті жоқ. Тек кісіге құйып берерде ғана шайқап-шайқап жіберсе, ол жақсы араласып, көпіршігі азаяды. Шұбат құйылған ыдыстың тығынын алып немесе местің пұшпағын шешіп, газын шығарып отыру керек. Әйтпесе тығынды ұшырып, месті ісіндіріп жібереді.

Ойсылқара түлегі сүтінің құрамында лактоферрин деген зат бар. Адам ағзасында да лактоферрин деген белок бар. Ол ағзаның иммундық жүйесін нығайтады. Белоктың басты биологиялық қызметі темір иондарын байлайды және оны тасымалдайды. Ағзаға қандай да бір бактерия мен вирус келіп түссе, лактоферрин бірден оның көзін жоюға әрекет етеді. Лактоферрин сүттің құрамында болатындықтын жаңа туған сәбиді ана сүтімен қоректендірудің қандай маңызды екенін біле беріңіз. Медицинада лактоферрин белогының вирустарға қарсы белсенділігі жоғары екендігі анықталған. Оның герпес 1, цитомегаловирус, ВИЧ, гепатиттің С-түрі, хантавирус, ротавирус, полиовирустың бірінші түрі, аденовирус, респираторлық синцитиальді вирус, тышқанның лейкоз Френд вирусы тәрізді дерттерге қарсы әсері күшті. Вирустарды бактериялардан бөле-жара айтып отырған себебіміз, ХХІ ғасырдың медицинасы вирустық ауруларды емдеуде дәрменсіз. Әлемде вирустың көзін жоятын бірде бер препарат әлі дүниеге келген жоқ. Қазіргі дәрі-дәрмектер тек вирустың салдарын ғана емдейді. Ал шұбат сол вируспен күресе алады екен.

Ауада батериялар мен вирустар толып жүр. Біздің ағзамыз олармен секунд сайын күресіп бағуда. Кедейдің ауруы саналатын туберкулезбен қазір ауқаттылар да науқастанып жатқан тұста, ағзамыздың ауруға қарсы иммундық жүйесін нығайту әрқайсымыз үшін қажет-ақ. Ендеше, денсаулығымызды нығайтуды ойласақ, шұбат ішуді әдетке айналдырайық.

Шұбатты негiзiнен 14 күнге дейiн сақтауға болады. Ал, оны ұзақ сақтау үшін Шымкенттік ғалымдар Академик Асылбек Баймұхановтың басқаруымен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Дастанбек Баймұханов, ғылым кандидаты Мүсәтiллә Тоқанов және Болат Тоқанов таблетка түріндегі шұбатты шығарудың технологиясын ойлап тапты. Шұбаттың құрғақ ұнтағы үш жылға дейiн жарамды. Оның 1 таблеткасында 1,24 грамм шұбат бар. Мұндай өнiм ағзаның жұмыс қабiлетiн арттырып, ерлердiң әлеуетiн көтередi, әйелдердiң климаксы кезiнде көмегі зор. Ал, балалардың белсендi iс-қимылын арттырып, денсаулығын бiршама нығайта алады. Шұбаттың бiр таблеткасыбұл табиғи “биологиялық белсендi қоспа“ секiлдi емдiк қасиетке ие. Сондай-ақ, Мүсәтiллә Тоқанов ол таблетканы маскүнемдікті емдеуге де қолдануға болатынын айтады. Шұбат таблеткасын “Химфарм-Santo“ кәсіпорны шығарып жатыр. Шипалы шұбат өндiрiсiне Жапонияның, Еуроодақтың, АҚШ және Австралияның тауар өндiрушiлерi қазiрден бастап қызығушылық танытып жатыр. Егер мықтап айналысса, қазақтың емдiк қасиетi мол сусыны мемлекеттiк брендiге айналатын өнiм болуы да ғажап емес.


Сандуғаш Серікқали

Пікірлер