Қазақ «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» дейді. Осындайда әр қазақтың көркіне көрік қосқан ұлттық киімі есіңе оралады. Себебі, әлемдік аренада қазақтың жарасымды шапаны мен тымағы, бүрмелі көйлегі мен бөрігі бәсекеге қай қырынан алып қараса да төтеп бере алады. Дегенмен күнделікті өмірде Фариза апамыз: «Заман жаңа, түр жаңа, киім жаңа, кінәлама ерсі деп мұнымды ана» деп жырлағандай, «ақжемденіп жыртылғалы тұрған» шалбарлыларға, құрақ-құрақ көйлектілерге көзің үйренгелі қашан.
ОЯН, ҚАЗАҚ! КИІМСІЗ ҚАЛҒАН ЖОҚСЫҢ БА?
Иә, «іштен шыққан шұбар жыланын» тоғыз ай толғанып, он ай көтерген анамыз кешіреді-ау, ал ұлт деген ұлы анамыздың алдында не деп ақталамыз? Осындайда бір оқиға есіме орала береді. Бүгінде айырылмастай дос болған джинсыларға кеңес кезінде колхоз бастығы, есепшісі секілді мықтылардың балаларының ғана қолдары жеткен екен. Сондай «бақыттыны» көріп, бір апамыз: «Осының әкесінің байлығын не қылайын, баласы өмірі алқам-салқам болып, киімге жарымай жүреді», – депті. Шіркін, аңғал да көреген қарттар-ай.
Тәуелсіздігімізді алып, көзімізді ашып, жан-жағымызға қарасақ, шетел жұмысшысына арналған киімінің өзін әлем мойындайтын сәнге айналдырыпты. Басқалар қарап қалсын ба? Аспан асты елі жібек көйлегін заманға сай икемдеп шығарып жатыр. Жапондар киманосын келістіріп жүр. Шотландықтар да қалар емес. Әлемдік жұлдыз ер-азаматтарының өзі шотландық юбканы арланбай киіп, керісінше сол арқылы сәнқой екендерін тағы бір дәлелдегендей басылым беттерінен түсер емес. Мұндай бәсекелестікте қазақ жігіттері де өз орнын алған? Олар бірден құлақтарына сақина салдырып, керемет заманауи күй кешуде. Осындайда қазақтың киімге қатысты ырым-тыйымдарының тәрбиелік мәнін ескере бермейміз. «Ер адам әйелдің жаулығын басына салмайды» дейді ата-бабамыз. Дегенмен, украиндық Верка Сердючкаға тосырқай қарап жүргенде бізде де «жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шықты». Әзілді алға тартып, орамал таққан Берікті «Екі жұлдыздан» көрген сайын әупірімдеп жүріп өз арнасына әзер қайтыпты-ау деген ойға келемін. Сондықтан, бірлі-екілі қыз болып киініп, әзілдеу бір басқа, ал сахнада тек әйел образымен көріну ұрпаққа үлгі болар қарекет емес. Әйтпесе, көршілеріміздегідей кішкентай «Верка Сердючкалардың» қаптап кетпесіне кім кепіл? Күлдірем деп жүріп бүлдірерміз сосын.
Бүгінде әйтеуір бәрінің орны ауысып кеткен. Сондықтан болар ұлы қайсы, қызы қайсы ажырату қиын. Орыстар жолы болғыш жанды жейдемен туылған деуші еді. Біздің қаракөз қыздар құдды шалбармен туылғандай. Ал сондайда көбіміз модельердің «құрбанына» айналып жүргенімізді сезіне бермейміз. Сенбесеңіз, бұған тарихтың өзі дәлел. Әрі бәрін бастаған тағы сол құрама ұлттардың қосындысы болған Америка халқы. 19-ғасырдың 2- жартысында 20-ғасырдың басында Францияның әлсіреуін пайдаланған пысықайлар киім фабрикасын өз қолдарына алып, ұзын юбканы қақ ортасынан екіге бөлу жұмысын дереу бастап кетеді. Огайалық Амелия Блюмер 1840 жылы көйлектің етегін тізеге дейін қысқарту арқылы қыз баланың іштік киімдерінің қатарына жататын шалбардың «бағын ашады». Ал бүгінде біз оны бабамыздан қалғандай бәлсінеміз. Байқасақ, үстіміздегінің бәрі мұхиттың арғы жағындағы сол құрама халықтың «ұлттық киімі». Иә, олар бізді ғана емес, күллі әлемді жаулап алған. Дегенмен, «Көппен көрген ұлы той» деп қашанғы жүреміз? «Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?» демеуші ме еді Абай. Бізге Орта Азияда тең келер мемлекет жоқ де масаттанамыз. Тіпті оларға көз жүгіртпейміз де? Әйтпесе, ұяттан қызарар едік. Мәселенки, биыл Түркіменстан Ғылым академиясы ғалым-әйелдерді жұмысқа ұлттық үлгідегі көйлек киіп, бастарына жұқа жібек орамал салып келуді міндеттеді. Ендеше, түркмен қызы өзінің ұлттық киімінің жанды жарнамасына айналды. Сұлтанмахмұт Торайғыровша айтсақ, «Анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр, анау ойда қазақ тұр, қастарында азап тұр, ұйқысы көп, ояуы аз, бұл не деген ғажап-дүр».
1926 жылы қазақты наурызды ресми тойлауға тыйым салғанын білеміз. Бірақ дәл осы жылы қазақты қазақтың киімінен айырғаны жайында неге екені белгісіз, жұмған аузымызды ашпаймыз. Сол шешімнің кесірінен, анасынан ерте айрылған жетімектей күй кешіп жүрміз. «Түркменстанда қабылданған шешімге жергілікті қыз-келіншектер қарсы» деп дабыра көтеріп жатыр батыс. Қандай мүдде көздеп отырғандығы да түсінікті. Алда-жалда айымыз оңынан туып, осындай ұсыныс бізде талқыланатын болса, қазақстандық бикештер де ат тонын ала қашары даусыз. «Бұл біздің бостандығымызды шектеу, құқығымызға қол сұғу. Барып тұрған әділетсіздік!» деп шырылдары анық. Бірақ 1926 жылы ұлттық киім киу құқығынын айырып, әділетсіздікке ұшыраған қазақты баба мұрасымен заңдық талаппен қайта қауыштыру керісінше әділеттілікті орнатар еді-ау.
Иә, бажайлап қарасақ тәніміз де, жанымыз да ұлттық рухтан айрылған жалаңаш күйдеміз. Ганс Христиан Андерсеннің «Жалаңаш патша» ертегісіндегі жағымпаз тігіншінің «бар» деп өткізген «жоғын» киген билеушідей көшеге шығып алып, әй бір масаттанамыз. Мүмкін, топтың арасынан бір сәбидің шықылықтап күлгенін күтіп жүрген шығармыз.
Сондықтан, ағайын, үстіңізге тағы бір жақсылап қараңызшы!
ИСЛАМ ҰЛТТЫҚ КИІМГЕ ҚАРСЫ ЕМЕС
Қазақ керемет дана халық деп кеуде қағамыз. Бірақ несімен керемет екендігін сараламаймыз. Кез келген ұлттың мәдениеті оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрінен тұтас құрылады. Біреуін бөлшектеп алу қате. Ендеше, қазақтың ұлттық киімі де сонау қазақ қазақ болып қалыптаса бастаған Алтын орда, Ақ орда заманында мойындаған, Хақ дін исламмен біте қайнасқан. Сондықтан, ата-бабамыз, әурет жерлерді жабуды парыз еткен қасиетті кітап Құран сөзін аяқ асты қылмай, қызына бүрмелі көйлек, кәмшат бөрік, ана атанғанда кимешек кидірген. Онсыз бала емізуге тыйым салған. Ешқандай фабрика, зауытсыз-ақ, ешбір академия бітірмей-ақ ұл-қызын өзінің төл киімімен қамтамасыз еткен кешегі қазаққа жете алмай, қаракөздерімізді түріктің, үндінің, арабтың, қытайдың киіміне қаратып отырып, мықтымын деп кеуде кергенді қашан қоямыз?
Ал ұлттық киімнің ұлағатын түсінген бүркеншік сататын дүкендер бүгінде тігіншілерге арнайы тапсырыс беріп қазақы сипаттағы дүниелерді сөрелерінің алғашқы қатарына қойған. Әрі олардың өтімділігі жоғары екендігін алға тартады. «Ақ шымылдық», «Айша Бибі» сынды сән салондары да қазақылық пен имандылығы қатар өрілген дүниелерін көпшілікке ұсынып жүр. «Ерке-Нұр» сән театры да былтыр ислами қағидаларға сай ұлттық киім топтамасын жасап шығарды. Бірақ бұлардың көпшілігі күнделікті өмірге емес, тойға, сахнаға арналған.
Қасиетті Құранда қыздарымызға хиджаб ки, арабқа елікте деген сөз жоқ, тек жабық киінуді парыз етеді. Ал қазақтың ұлттық киімі бұл талаптарға сай келген. Сондықтан, өзімізді шығыс өркениетінің, ислам өркениетінің ажырамас бір бөлшегі ретінде сезіну төл мәдениетімізге бастайтын алғашқы қадам екендігі анық. Қасиетті Құранда: «Сендерді өзара қарым-қатынас жасап, бірін-бірі танысын деп ұлттарға, ұлыстарға бөлдік» деп жазылған. Ал қазір киімімізге қарап кімді кім танығандай?! Кейде арабтарға таңғалам, қандай ресми кездесу болмасын, мейлі ол жаһандық деңгейдегі басқосу болсын, ақ шағаладай болып жарқырап отырады. Дәл солай қазақтың киімін әлемге паш етсек, қолымызды қаққан біреу бар ма?
АСА МӘРТЕБЕЛІ ҮЛГІГЕРЛЕР ЖЕРГЕ ТҮСІҢІЗДЕР!
Жоғарыдағы жайттардан-ақ қарапайым халық тарапынан қазақ ұлттық киіміне сұраныс жоқ деу барып тұрған екіжүзділік. Себебі, шындығына келгенде нарықта ұсыныс жоқ. Сондықтан да қос анамыздан кешірім сұрап жүрген жайымыз бар.
Не де болса, бүгінде ұлттың тамағы тоқ, көйлегі көк болғаны жеткіліксіз. Қазақ елі азаматының киімі ыңғайлы, сәнді болуымен қатар түймесі қазақша тіл қатып, оюы «Ор теке» биін билеп, бұлынан жусанның иісі аңқып, әлемге алаш деп айқайлап тұрғаны ләзім. Әлде қазақтың киімі мылқау матаның құрамасы емес екенін білмейтін бе едік? Бүлдіршінге үкілі тақия кидіріп, бөріктіні бойжеткен деп таныған, келіннің сәукелесін бір үйір жылқыға бағалап, арындай аппақ жаулығынан сәбилі болғанын, күмбездей кимешегінен үбірлі-шүбірлі ана екенін танитын едік қой. Шапанына қарап ел-жұртын, атақ-даңқын, кәрі-жасын, руын ажыратпайтын ба едік? Бұл жерде мәселе өткенді толығымен көшіріп алу емес, кешегінің бүгінгі жалғастығын табуда.
Дегенмен, соңғы кезде «бояушы бояушы дегенге сақалын бояйдының» кебін киетін кездеріміз көбейіп кетті. Мәселен, шапанының санынан шатасқан ақын-жазушылар қаншама? Немесе базардағы жылтыратып қошқар мүйізді жабыстыра салған киімдер ұлтты ұялтпаса, ұпайын түгендемес. Енді бірде сахнаға шыққан өнер жұлдыздарының тұрмыс құрмағаны да, ана атанғаны да, әжесі де сәукеле киіп шығады. Мұнысы қай сасқаны? Сосын көрермендерді кінәлап, «Көкем-ау, мен тұрмысқа шыққанмын немесе менің балам, немерем бар деп» түсіндіріп, әлек болады. Ал Айткүл Құдайбергеновадай мүмкіндігінше кимешек киіп, өнер көрсететін жандар саусақпен санарлық.
Абай «Он сегізінші қара сөзінде»:
«Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейінгілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» – дейтұғын болмаққа ойланбақ.
Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – дейді.
Осындайда кезінде күллі Одақ аяғынан тік тұрып қошамет көрсететін Дина Нұрпейісованың кимешекпен домбыра шертіп отырған суреттері көз алдыңа келеді. Кием десе, атақты күйшіге тақия, бөрік, сәукеле табылмай қалып па? Әлде бүгінгі әнші-күйшілеріміз, өнердегі әпке-қарындастарымыз өнерін емес, өзін көрсету үшін шыға ма сахнаға? «Қатты айтсаң, қарындасқа жақпайсың, ақырын айтсаң, ақың кетеді» дегенді осындайда айтқан шығар қазақ.
Тағы бір қорқынышты үрдіс қазіргі ұлттық киімнің аты бар да, заты жоқ. Неліктен? Шамасы жауапты тағы да үлгігерлер мен өнер иелері берер. Мына екі пікірге назар аударыңыздар:
1. «…киімнің бастан-аяқ ұлттық үлгіде болуы міндетті емес. Заманауи стильдегі элементтер үйлесіп тұрса, оның өзі жақсы.» (Аида Кауменова, «Жұлдыздар отбасы» №6(72) наурыз, 2010)
2. «Олар (әртістер) көбінесе сахналық киімдерін «стильге келтірілген, бірақ ұлттық мағынасы болса дейді». Берік Исмайылов, «Жұлдыздар отбасы», №6(72) наурыз, 2010)
Осыдан келіп, қазақтың ұлттық киімі батыстың сән индустриясының қолбаласына айналғандығын көруге болады. Өнер иелерінің басым көпшілігінің бір оюды жабыстырып қойып, етек-жеңі жоқ «қойыртпақ» бірдеңелерді іліп алып, ұлттық киім киіп жүрмін деп кеуде керетіндері де түсінікті болды.
Ол аздай Аида Кауменова: «Қане, көз алдыңызға елестетіңіз: сіз сәнді джинсы шалбар киіп алғансыз, аяғыңызда биік өкшелі аяқ киім, ал үстіңізде – ұлттық ою-өрнектермен безендірілген корсет. Сыртынан аң терісін тігілген күртеше киіңіз. Бітті! Дап-дайын стильді образ!» дегенін егер тақырып тек заманауи киім жайында болса түсінер ем? Не десе де жоғарыда аталған журналда жарияланған «Ұлттық киімнің қадірі» атты мақала ұлттық киімнің үлгігерлердің алдындағы қадірін айқындап берсе керек. Сондықтан Аида ханым, рахмет, мен елестетпей-ақ қояйын. Одан да мынаны салыстырайық, мен сізбен орысша амандасып, французша пікірлесіп, ағылшынша айтысып, қытайша қоштассам, қалай болады екен?
Иә, сауалдар шаш-етектен. Жауап аз. Тағы да қазақтың ұлттық киімдері сахна, той шеңберінен шыға алмай жүргеніне, «Сымбаттың» жұлдыздарды ғана сымбатты қылып, «Еркенұрдың» халық еркелерін ғана нұрға бөлеген ұлттық киімдерінің қызығын қарапайым халықтың көре алмайтынына қынжыласың. Осындайда, қымбат қайталанбас бір-екі туынды шығарумен ғана шектелмей, подиум үшін емес, қарапайым халықтың қолы жететін, күнделікті өмірге қажетті киім-кешек жайында неге ойланбаймыз? Айтпақшы, Қытай деп жүргенде «Қырғыздар жасаған» деген тауарлардың да халықтың төменгі бөлігін жауалап алғанына көңіл бөлмейміз. Неге ертеңгі болашағымыз мектеп оқушыларының киім үлгілерін жасағанда немқұрайлылық танытпай, үлкен жауапкершілікпен, ұлттық нақышпен қаруланбаймыз? Мүмкін әдетімізше шетелдік мамандарды тыңдайтын шығармыз? Кезінде Ресей сән әлеміндегі орнын айтып жатудың өзі артық болатын Зайцев та: «Ұлттық ерекшелік іздеп келім едім, еліктеу басым» деп өкініп еді ғой? Ал біздің жылайтындай жағдайымыз бар. Бірақ «жылаған балаға емшек бермейді» дегенді ұстанып, жанарымыз жасқа толғаннан көп нәрсе өзгере қоймас.
Сән саласында «Прет-а-порте» деген маңызды термин әлемдік сәнге басшылық етеді. Француз тілінен аударсақ: «Басынан бақайшығына дейін дайын». Яғни, дүкендерде, әмбебап сауда орындарында қалың көпшілікке арналған киімдер ұсыну. Ендеше, қазақтың ұлттық киімдерінен «прет-а-порте» ат тонын алып қашып жүргенде, оның ұлт игілігіне қызмет етері күмәнді. Францияны сән орталығына айналдырған биліктің шешімі емес, осы ұғымның «кереметінде» екенін ұмытпайық. Ал біздің сәнгерлер аспанда жүр. Олардың қарапайым халыққа жетуі үшін әлі біраз күтуге тура келетін секілді. Әлде құзыры бар, құрығы ұзын орындардың сән театрларын аралап, бізге халыққа арнап сапалы ұлттық киімдер шығару керек деген сөзін күтіп жүрсіздер ме?
Ендеше, аса мәртебелі үлгігерлер жерге түсіңіздер!
СӨЗ СОҢЫ
Қазақтың киімі футбол ойынымен салыстырсақ: қақпашысы жоқ, ойыншысы батысшыл, жанкүйері ынтасыз. Нәтижесінде: ҮЛКЕН НӨЛ. Сонда не істейміз?
Бәлкім, Қазақстандық киім өндірісін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдармыз. Онда ұлттық киімді, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін шығаратын кәсіпорындар арасында байқау өткізіп, тендер жарияланса, республикалық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары байқау жүлдегерлерінің өнімдерін тегін жарнамаласа, мектеп оқушыларының киім үлгілерін көшірмелемей, дайын асқа тік қасық болмай, заманға сай қазақы етіп шығуын мемлекет тарапынан қатаң қадағаласа, бәлкім, ұлттық киімнің ұпайы түгенделер ме еді? Мүмкін ұлт қалаулылары ұлттық мұраны жоқтатапай, депутаттық сауал тастап, Түркмен елінің тәжірибесін елімізге енгізуді талқыға салып көрер?
Сосын сәнгерлердің ұлттық киімді заманға икемдеу керек екен деп оны батыстың қолбаласына айналдыруды доғарғаны жөн болар. Әрі ұлттық киімдердің көпшілікке қол жетімді болуын қаматамасыз етуде күн, түн демей қызмет етіп, ұлттық киімдерге реформалар енгізгенде, қазақтың дінін, ділін ескерсе игі. Осындайда, әсіресе, қыз балалардың киім үлгілеріне абай болған жөн. 1807 жылы «Париж айнасы» басылымында: «Олар (әйелдер) жуыну бөлмесінен шыққандай киінеді» деп жазған еді. Бұл бүгінде Алматының да айнасы. Мұнда 1960 жылы өте қысқа юбка және жемпір киген «Челсилік қыз» образын ұсынған Лондон тұрғыны Мэри Куанттың идеясы билік құрып тұр. Енді ол «Қазақстандық қыз» образының «озық үлгісіне» айналды. Өкінішті!
Кезінде жібекке қызығып, барын бағаламай, тері мен жүннен жасалған бұйымдардан қол үзіп қалған ғұндар Қытай патшалары тартқан тегін сыйдың сұрауы барын соңынан түсініп, сан ұрып қалғанына тарих куә. Ал бүгінде мәселе экономикалық тәуелсіздікте ғана емес, мәселе ұлттың өзін-өзі тануында. Ал бізде ұлттық киімді шетелге шыққанда ғана сатып алатындар бар. Не айтамыз? 18-ғасырдың соңында Жан Жак Руссоның ойлары мен батыл қадамдары киім индустриясына елеулі өзгерісстер енгізіп, оның барынша қарапайым, жарасымды тігілуіне аз уақыт болса да әсер ете алған екен. Сондықтан үміт ұлт зиялыларында, тәуелсіз Қазақ елінің ұландарында. Талқылаңыз, таласқа түсіңіз, ойланыңыз, ой айтыңыз, ағайын.
Жанар Елдосқызы
Тақырыпқа тұздық
Шәкәрім Құдайбердіұлы
…Еуропа білімді жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.
Терең ойлап, сөзімнің түбін біл де,
Іштен жыла, шырағым, сырттан күл де.
Сол есті елде киім бар мода деген,
Керегіне лайықтап киінбеген.
Жас балаша қызығып сәкәкүлге
Масқара боп жүргенін бір білмеген.
Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек,
Киіп алып, қылтиып қағар сертек.
Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа
Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек?
Әйелдері қуыршақ үлбіреген,
Жалбыр шашақ сәкәкүл талай неген.
Кеңірдегін сорайтып, кеудесі ашық,
Осы емес пе орынсыз сәңқой деген.
Ойлашы, осы ақылға жараса ма?
Емес пе ержетпеген бала-шаға?
Не денеге, не жанға жайлы емес қой,
Осыған да дау айтып таласа ма?
Лайықты киім жоқ па бұдан басқа,
Керексіз кербезденіп бос шатаспа.
Ақылды киім бермес, ғылым берер,
Ғылымын ал, өнерін ал, мұны таста!…