2028 жылға дейін. Өзбекстанда бизнеске салынатын салық мөлшері өзгермейді

863
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/11/b4d55032-6508-4c5d-9aa8-5fe6a19045e9-960x500.jpeg?token=9f417da59ebf7af89f36f3736313e73d
Ташкентте өткен сыртқы инвесторлар кеңесінің үшінші пленарлық отырысында Өзбекстан президенті 2028 жылға дейін бизнеске салынатын негізгі салық мөлшерлемелері өзгермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады. Кеңес құрамына әлемдік ірі компаниялар мен халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері енеді. Жиында президент төртінші Ташкент инвестициялық форумының нәтижелерін оң бағалап, «Жаңа Өзбекстанды» дамыту жолындағы қолдаулары үшін қатысушыларға алғыс білдірді. Мирзиёев соңғы жылдары шетелдік әріптестермен ынтымақтастық аясында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілгенін атап өтті. Мәселен, өткен жылы Еуропалық қайта құру және даму банкі Өзбекстан экономикасына рекордтық көлемде – 1 млрд АҚШ долларына жуық инвестиция салған. Бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан Орталық Азия елдерінің ішінде көш бастады. Сондай-ақ жеке компаниялар мен банктермен бірлескен жобалар портфелі 1 млрд доллардан асты. «Жасыл» энергетика, қалдықтарды өңдеу, энергияны сақтау, «жасыл» сутегі өндіру секілді бағыттарда бірлескен бастамалар жүзеге асырылуда. Цифрлық технология саласында да белсенді ынтымақтастық орнаған. Мысалы, DataVolt компаниясы өңірдегі ең ірі «жасыл» деректер орталығын құру жобасын қолға алса, Veon жасанды интеллект негізінде мобильді қосымша әзірлеуде. «Бұл – шетелдік инвесторлардың біздің реформаларымыз бен ашықтық саясатына деген жоғары сенімінің айқын дәлелі», – деді Мирзиёев. Соңғы екі жылда Өзбекстанда шетелдік капитал қатысқан 5,5 мың жаңа кәсіпорын ашылып, олардың жалпы саны 16 мыңға жеткен. Биылғы отырыс аясында салық жүйесін реформалау мен инфрақұрылымдық жобаларға жеке секторды тарту секілді 40-тан астам жаңа бастама іріктелді. Мемлекет басшысы ағымдағы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 4,5 млрд долларлық жобалар іске қосылғанын мәлімдеді. Бұл жобалар жол салу, сумен жабдықтау, ирригация сияқты салаларды қамтиды. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сәйкес қаржылық есептілік, экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару жүйесін енгізу бойынша нормативтік-құқықтық құжаттар әзірленіп жатыр. Президент барлық ұсыныстар мұқият қаралып, әрбір бастама бойынша жеке «жол картасы» әзірленетінін айтты. Елде жаңа жұмыс топтары құрылмақ. «Тағы бір мәрте атап өткім келеді: біз инвесторларға ашық, еркін, тұрақты және сенімді Жаңа Өзбекстанды құрып жатырмыз», – деп түйіндеді Шавкат Мирзиёев.
Комментарии