Сымбат Мүталапханқызы, этнограф: Мың жарым жылдық тарихы бар балбалда қазақ әйелі кимешекпен тұр

4104
Adyrna.kz Telegram

– Шүкір соңғы жылдары ұлттық киімге деген қызығушылық зор. Дегенмен ұлттық киім деп жүргендеріміздің көбі әсіре модернизацияланған дүниелер. Бұған қалай қарайсыз?

– Бүгінгі күні жас сәнгерлер, шағын кәсіпкерлер ұсынып, қазақ ұлттық киімі деп атап жүрген дүниелер шыны керек көңіліме қонбайды. Жергілікті дизайнерлер батыстанып кеткен, ал осы саланы дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлердің көпшілігі Қытай Халық республикасынан, Моңғолиядан келген ағайындарымыз. Бір өкініштісі қанша дегенмен олардың өнімдерінен сол мекен еткен жерлердегі халықтың әсері байқалып қалады. Бірақ үйренеріміз де бар. Мәселен, Моғолиядан келген қазақтар бүгінде жойылып кетуге шақ қалған кесте өнерін шебер меңгерген.

Жан-жақтан қоспалап, бұрмалап жасаған дүние өзінің ұлттық кодын жоғалтқаннан кейін рухани мүсәпірлікке апарып соғады. Мәселен, Астанадағы «Еуразия» сынды сауда үйлерінде сәукелелер сатылады. Сәукеле деген аты ғана. Биіктігі отыз сантиметрдей және маржанды моншақтармен славян халықтарының өрнектері салынған, ақ матамен тысталған. Шындығында сәукеле – 50-70 сантиметрге дейін баратын өте биік бас киім. Сәукеле көбінесе қызыл түсті матадан тігіледі, ақ киізден жасалады, ішінен киетін шаш басарлары болады. Сәукеле – қалыңмалдың құнын орап әкететін дүние. Шеберді таңдап, қолақысын беріп, айлап, жылдап арнайы тіктіреді. Оған халқымыз гауһар, жақұт бар байлығын қадаған. Қазақтың «Жеті жастан жинасаң жетеді, алты жастан жинасаң асады» деуі бекер емес. Сәукеле басқа адамға берілмейді, егер қыз барған жерінде қайтыс болса, сәукеле төркініне қайтарылған.

Оқыса, ізденсе, бәрі бар. Өкінішке орай, Әлкей Марғұлан, Халел Досмұхамедов, бертіндегі Өзбекәлі Жәнібековтердің еңбектеріндегі құнды-құнды деректерді модельерлер қажет етпей отырған сыңайлы.

– Тәуелсіздік алғалы бері, әсіресе соңғы 4-5 жылда орамал тағатын қыз-келіншектердің қатары көбейіп келеді.  «Осылар неге кимешек кимейді екен» дейтіндер бар. Орынды уәж, дегенмен кимешек тігетін мекеме жоқ қазір. Жалпы кимешек қандай болуы керек?

–                          Қазір қорапты матамен қаптап, сыртынан шарф орай салғанды кимешек деп жүрміз. Ал кимешектің өзіндік пішіндері, әр аймақтың өзіндік жергілікті, тіпті рулық ерекшеліктері бар. Керейдің кестелі кимешектері, Сыр өңірінің асыл тасты кимешектері, Шығыс Қазақстандық әйелдердің шашақты күндіктері, Дина апамыздың басындағы кимешек-шылауышы айта берсек, талай жерге барармыз. Шәкәрімде: «Күндіктері қайқиып, Бәйбіше шығар балпиып» деген жолдар бар емес пе? Жасы ұлғайған сайын кимешектің көлемі ұлғая береді. Жас аналар кимешектің сыртына бағалы тас, моншақ тағып, әдеміленеді. Ә.Қастеев, Е. Сидоркинде әжелерінің бауырында отырған жас балалардың суреттерін қарасақ, қазақ аналарының символикасы кимешек екендігін байқаймыз. Қазақ әйелдерінің бас киімдері Гүлфайруз Исмаилованың шығармаларында аса тартымды бейнеленген.

Шоқан Қозы көрпеш Баян Сұлу мазарының жанындағы балбал тастардың суретін салған. Мыңжарым жылдық тарихы бар балбал тас әйел мүсіндеріндегі бас киімдерге  назар аударыңызшы. Жоғары жағы сүйірленіп, төменгі жағы орауға икемделген. Өкінішке орай, Шоқан салған бұл балбалдар бүгінге жетпеді.

Қазір кимешекті тігетін, сататын бір де бір кәсіпорынды кездестірмедім. Желбір-жекен, қызылды-жасылды, оңды-солды тігілген көйлектер. Әр халық өзінің тұрмысына, табиғатына сай киінеді ғой, осыны неге ескермейміз?

– Шоқан Уәлихановтың суреттеріндегі әйелдер образын ерекше ынтамен зерделеп жүргеніңізді білеміз. Ондағы бас киімдер қандай екен?

– Шоқанның суреттерінде бас киімдердің керемет үлгілері бар. Ал Шоқан көзімен көргенін салған. Соған қарап былтыр Ұлттық академиялық кітапханада ғалымның 185 жылдығына орай көрме өткіздік. Шоқан суреттерін негізге алып,  қазақ әйелдерінің бас киім үлгілерін көрсеттік. Сәукелесі бар, тақиясы бар, қарқарасы бар, сегіз бас киім, бес кимешек тіктім. Колледж студенттері келіп дәріс алды. Сол кездегі директор белгілі жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев үлкен қолдау жасады. Көрме арқылы қазақ халқының ұлттық қолөнері, салт-дәстүрі, ырым-тыйымы туралы  әжептәуір материалдар жиналды.  Ол кісі жұмыстан кеткен соң, этнография залында тұрған көзімнің майын тамызып жасаған заттарымның бәрін жиып алып, қоймаға атып ұрды. Өзім үшін емес, ел көрсе, баскиімге қатысты халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ережесін сақтаса деген едім.

Өзіме қайтарып беруін талап еттім. Оның біраз шаруасы бар екен. Мен патенттеп алуды ойламаппын. Кітапхана басшысы құжаттарын реттестірген соң береміз деді. Байқауымша ұлттық құндылықтарға көзқарас төмен. Тек мақтан үшін, дақпырт үшін ғана істелетін сияқты. Ал «кие», «құт» деген ұғымдар адыра қалған. Ата-бабалар мұрасының обал-сауабын ойлайтын уақыт келген сияқты.

–  Бас киімдердің қандай түрлерін жасап едіңіздер?

– Алдымен Шоқанның әжесі Айғанымның суретін тауып алдық. Жақсылап қарасаңыз кимешектің сыртына алтын тиындар тігілген. Соның үлгісін келтірдік. Кейіннен ойымыздан Зейнептің образын шығардық. Ол Баянауылдық Мұса Шормановтардың қызы, осал жерден емес. Архив құжаттарына қарап, Кереку өңіріндегі арғындардың кимешек үлгісін жинадық. Ішкі интуиция мен деректер негізінде бір қырына тақия кигіздік. Шоқан туралы пьесалардағы бас киімдерді қарап шықтым. Өйткені оларды Сәбит Мұқановтың өзі көрді, қате болса, айтар еді ғой. Шоқанның жары атақты Тезек төренің қызы, оның сәукелесін жасадық. Гүлфайруз Исмаилованың суреттерін көптеп қарадым. Сыр өңірінде кең таралған қасабаның бір нұсқасын жасадық. Ел біле жүрсін, бүгінде Жамал Омарованың, Роза Бағланованың киген қасабалары құнды жәдігер ретінде ел мұражайларында сақтаулы. Шоқанның Ыстықкөл қырғыздарының әйелдерін салған суреті бар. Сондағы басы сүйірлеу келген бас киімді және қырғыздың кимешегін (олар элечек дейді) тіктік. Сол сәттерде кішкентай кәсіпкерлік ашып, бас киімдер тігумен айналыссам ба екен деген ой келгенін қайтесіз.

– Осының бәрін өзіңіз тіктіңіз бе?

– Ұлттық өнердің эксклюзивке айналып кетуі, онымен айналысатын адам аздығынан. «Шеше көрген тон пішер» дейді. Анам Нағима Зейноллақызы өте шебер адам болатын. Ағайын-туысқа, көңіліне жаққан адамдарға сәукеле, балалы болғандарға тақия тігіп беретін. «Басыңа бас қосылсын», «Басыңнан бақ таймасын» деп тілеулес болатын. Намазын оқып, қажылыққа барған, тақуа жан еді. Халифа Алтай, Әмина Нұғыман тағы да басқа діндар, ғұламалармен дәмдес болған жан.

Біз мектепте орыс тарихын, кеңес тарихын оқыдық. Кейіннен институтта шет елдердің музыка, өнер тарихын оқыдық. Қазақ музыкасы мен өнері тарихы 4-курста ғана жүрді. Сол кездегі оқу бағдарламасы негізінде. Негізі өлке тарихынан бастап, сосын кеңейе беру керек. Ал біз Африканың мемлекеттерін, оның астаналарына, басшыларына  дейін жатқа айтамыз. Ал өз туған жеріміздегі тұлғаларды, дәстүрді білмейміз. Кітапханада жүргенде шешендік сөз өнері курсын тегін ашуға әрекеттендік. Хабарландыру да бердік. Бір-екі адам ғана келді. Ал басқа тілдердің курстарына барсаң, тіпті үнді тілінде, уақытын жібермейді, ақшасын төлейді, думандатып, қаракөз қыздарымыз сондай құмартып тұрып үнді биін билейді. Осы өз салт-дәстүрімізге деген салғырттықтың кесірінен сан соғып қалмасақ болғаны.

– Жалпы болашақ сәнгерлерге ұлттық киімнің тарихы жөнді оқытылмайтын секілді кейде.

– Былтыр үлкен бір модольермен әңгімелесіп қалдым. Тарихшы екен, орыстілді. «Заман солай болды, қазақшаны енді үйреніп жүрмін» деп ағынан жарыла бір әртіске тіккен бас киімін көрсетті. «Бұл интерпретациялық дүнием, екі жағын да айналдырып киуге болады», – дейді. Ойландым, қазақтар бас киімді ешқашан теріс кимейді. Сосын «Бұл қазақтың бас киімі емес» дедім. Қазақтың киімін тіксеңіз, осы халықтың ұстаным қағидаларынан, ырым, сенімінен алшақтамағаныңыз дұрыс болар тегі дедім. Бетіме бажырая қарады, ойланатын сияқты. Жуырда бір сән көрсетілімін байқап қалдым. Көйлегінің бір жеңі бар, бір жеңі жоқ. Ал қазақ қашан сыңаржақтықты жақтырған? Бата бергенде «Төрт құбылаң тең болсын!» демей ме? Осы орайда  әртістердің ішінде Тамара Асар, Айгүл Қосанованың киімдері ұнамды, жарасымды тігіліп жүр деп ойлаймын.

Мамандарға келсек, Алматыда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынды өнер тарихы оқытылады. Білікті мамандар жеткілікті. Бірі болмаса бірі жөн сілтер. Сонда айналып келгенде бәрін өзімізден табатынымызды түсінер. Франциялық эннон деген биік, сүйір бұрышты бас киімдер тарихымен таныссам, оны 17-18-ғасырларда ең бай, бақуатты әйелдер ғана киген екен. Бас киімнің артында қытай жібегінен вуаль болған. Бәлкім Жібек жолы арқылы қазақтың сәукелесі Еуропаға жетіп, сәнге айналған шығар…

– Ұлттық киімнің саф үлгілерін қайта қалпына келтіру үшін қандай дереккөздерді қарауға кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен ана тілімізді таза меңгеру керек. Сөз ұқпаған адамнан не сұрауға болады? Соған мән бермейміз. Ауыз әдебиетін қараңыз. Жыр-дастандар егжей-тегжейлі сурет, кино емес пе? Тілмен салынған сурет. Қыз баланың киімі көбінесе қызыл, жасыл түстен таңдалады, «құлпыр» деген ою бар мәселен. Салт, дәстүр әдет-ғұрпымызда қаншама дерек бар. «Сырғаңды қайық қылып өткіз мені», «Қос етек, бұраң бел, қуалай соғар, қоңыр жел», «бүрмелі көйлек», «түлкі тымақ», «құндыз ішек» демеуші ме еді халық әндерінде.  Атам қазақтан келе жатқан баталарда информация мол.

– Әңгімеңізге рахмет!

Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ

 

Пікірлер