Соңғы кезде қазақ халқы ұлттық мұражайларда ғана тұру керек деген тоғышар түсінік те белен ала бастады. Көне бұйымдарды жинап қана қоймай, әртүрлі кәдесый бұйымдар өндірумен аты шыққан «Әдемі-ай plus» компаниясының президенті, ҚР мәденит қайраткері, этнограф, коллекционер Баһаргүл Төлегенқызын әңгімеге тартқан едік.
– Бұл күнде сізді жалпақ жұрт тынып-білді десек, артық айтқандық болмас. Өзіңіз жетекшілік ететін «Әдемі-ай» компаниясының алдыға қойған мақсат-мұраты нендей?
– «Әдемі-ай» компаниясының басты міндеті – ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық ұғым-түсініктің халыққа жету жолдарын қарастыру. Өзім 15 жылдан бері қазақтың ескі қолданбалы өнерінен коллекция жинап келемін. Оның ішінде зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері, көшпелі қазақтың тұрмыстық заттары кездеседі. жеке қоржынымда мыңнан астам коллекция сақтаулы. Былтыр Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда және Астана қаласындағы ҚР мемлекеттік «Алтын және бағалы мұражайында» «Жүрегімде- отаным» атты көрме өткізген едім. Биыл тағы да ҚР мемлекеттік Орталық музейінде сол көрмем өтті. Осы жылы экспонаттық бұйымдар былтырғыға қарағанда көбірек болды. Онда зергерлік қана емес, көшпенді қазақ халқының тұрмыстық бұйымдары, ат-әбзелдері, жүн тоқыма бұйымдары да орын алды. Көрмеге қылыш, қалқан, ұршық, келі-келсап, күбі және тағы басқа заттар қойылды. Мұражай директоры «Біздегі этнографиялық зал мен Баһаргүлдің көрмесінде ешқандай айырмашылық жоқ. Жекелеген адамның ұлттық құндылыққа зор жанашырлық танытуы өте қуанышты жағдай» деп жұмысымызға үлкен баға берді. Осы жолы да халық мәдени мұрамызға жақсы сусындады деп ойлаймын.
– Биыл «Қазақстан әйелі» атандыңыз… Небір аты мәшһүр апа-әжелеріміздің ішінен «жүзден – жүйрік» шығуыңыздың сыры неде?
– Бұл жобаға қатысу мен үшін үлкен қуаныш. Жеңіске жетіуімді халқымның еңбегімді бағалағаны деп білемін. Шет елден келіп осында сіңісіп кетудің өзі оңай емес. Мұражайға келушілердің ішінде «сонша көп коллекцияны қалай жинадыңыз?» деп таңдай қағушылар басым болды. Оған қоса, ел-жұрт бізді «Әдемі-ай» журналы арқылы да танып қалды. Содан болса керек, ашық дауыс беу барысында менің асығым ашысынан түсті.
– Ұлттық мұраны қызғыштай қорғау үшін рухани құндылықтарға деген сүйіспеншлік қажет. Сіздің бойыңыздағы ата-баба мұрасына деген махаббат қайдан пайда болды, қалай туды?
– Мұндай іске білек сыбана кірісу үшін үлкен ұлтжандылық керек. «Әке көрген – оқ жоңар, шеше көрген – тоң пішер» дегендей, анам саусағынан бал тамған шебер кісі еді. Бес жасымнан бастап сол кісінің инесін сабақтап беріп, қасынан бір елі ұзамай жүруші едім. Шешем сырмақ, кесте тоқып, түс киіз басудан алдына жан салмайтын. Ата-анамның арқасында рухани мұраны көздің қарашығындай сақтау керектігін үйрендім. Ата-әжем, ата-анам қазақтың көшелі мәдениеті мен салт-дәстүрін жақсы біліп қана қоймай, соны күнделікті өмірде ұстанған. Мен Пекин қаласында оқып жүрген кезімде қытай мұражайларындағы бірнеше мыңжылдық жәдігерлері мені қайран қалдырған еді. «Неге осылай өз ұлттық мұраларымызды жинамасқа?» деген ой келді сонда. Осы күнге дейін көне жәдігер кездестірсем, әйтеуір қолыма түсіргенше асығамын. Менің металдан жасалған зергерлік бұйымдарға айрықша көңіл бөлуім ақша табу мақсатында емес, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
– Сіздің коллекцияларыңыз Қытай жақтағы қазақтардан жиналған ба, әлде Қазақстанның өзінен бе?
– Қазақстанның батыс өңірлерінде зергерлік жұмыс жақсы дамыған. Сол себепті зергерлік заттар көбіне қазақ елінен жиналды. Шынын айту керек, мен осы жаққа келгенімше көркем металл бұйымдарын көрмеппін. Есесіне, тоқыма бұйымдар қытай қазақтарында көп кездеседі. Ал мұнда тоқымашылыққа бет бұратындар некен-саяқ. Өз басым металл бұйымдарымен көбірек жұмыс жасауға тырысамын. Өйткені, оның көркемдігі өз алдына, ұзақ сақаталады. Қазекем «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деп бекер айқан ба?! Ешқашан құнын жоғалтпайды. Шірімейді. Металл бұйымның уақыт өткен сайын құны арта түседі. Мәселен алтын адам қаншама ғасырлардан кейін бізге бүтін қалпында жетті емес пе?!
– Бүгінгі таңда рухани құндылықтар құнсызданып бара жатқан тәрізді. Бұға не себеп?
– Қазір техниканың жетілген жаһандану дәуірі келді. Жаппай анаған бір, мынаған бір еліктеушілік басым. Осындай алмағайып уақытта ұлттық мұрамыздың тасада қалуы өз-өзінен түсінікті. Мен ақша табу үшін емес, ұлт мұратына жұмыс істеп жүрген адаммын. Өйткені, көркем металл бұйымдарымды сату арқылы түскен ақшаға ел ішінен жәдігерлер жинаймын. Қарап тұрсаңыз, менің бизнесім қалта қомпитуға емес, ұлт мұрасын сақтауға негізделген. Елдің ел болуы байлығында ғана емес, салт-дәстүрінде, тарихында, дінінде, құнды жәдігерлерінде жатыр. Бәріміз соның жолында еңбек етуіміз керек. Озық елдердің техникасын үйренген жөн, бірақ ұлт ерекшелегін де жадымыздан шығармауымыз керек. Саяхатшылар есебінен Париждегі эфиль мұнарасының үлгісіндегі көркем бұйым әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, ел қазынасына қыруар қаржы түсіреді екен. Біз де алтын адам секілді халқымыздың қайталанбас ерекшелігін жер бетіне паш етсек дейміз.
– Түркі халықтары, оның ішінде қазақ көкбөріні пір тұтқан. Бөрі бейнесі сіздердің қолдарыңыздан шыққан бұйымдарыңыздан қаншалықты орын алады?
– Бір мүсіншілер жасаған бөрі бейнесін сатқан едім, ел талап алып кетті. Қазақтар оны жақсы көреді. Батыста Адай атаның кесенесін жасаған кезімізде қасына көкбөрінің бейнесін де қойыңыз деді сондағы жұрт. Қазір сол кесененің жанында көкбөрі мүсіні бар. Менің жәдігерлерімнің ішінде қасқыр терісін көруіңізге болады. Оның тісі мен асығын тұмар ретінде мойынға тағылғаны да көпке мәлім. Бәле-жаладан сақтайды деген наным-сенім бар. Киіз үйдің төріне қасқыр терісін, аяғын киелі деп іліп қояды. Қытай десе, айдаһар, айдаһар десе, қытай елестейді. Сол тәрізді бөрі текті қазақ деген ұғымды халыққа насихаттай білгеніміз жөн. Қазір елімізде символ ретінде бөрі барыстың тасасында қалып тұр.
– Орыстілді қазақтар орыс болмағанына ұялса, қазақтілді қазақтар араб болмағанына ұялатындай кезеңді бастан кешірудеміз. Сонда қазақтың төл ғұрыпы қайда қалады? Ұлттық киімдердің артықшылығы туралы не айтасыз?
– Қазақтың ұлттық киімдері – ибалықтың шыңы. Сәнді әрі ашық-шашық емес.
Жас қыздардың, келіншектердің, орта жастағы әйелдердің жас мөлшерлеріне орай киімдері болған. Жүзіктердің «құдағи жүзік», «құстұмсық жүзік» деген түрлері бар-тұғын. Құстұмсық жүзік қыз балаға тағылады. Ол тұрмыс құрған соң, әке-шешесі қызыма жақсы қарасын деген ниет-тілекпен құдағиына құдағи жүзік тағады. Құдағи жүзік қомақты болып, екі саусаққа арналады. Бұл сыйластықтың белгісі. Ал құстұмсық жүзік бір жылға жетпей қайтып келген. Бұл қыздың «жағдайым жақсы» деген ишарасы саналған. Қазақ келіншегі салтанатты сәттерде сәукелені бойына алғашқы бала біткенге дейін киетін болған.
Қазір қырыққа келген әйелдер сәукеле киіп сахнаға шығады. Кезінде қыздарымыз шаштарына шолпы-шашбауды әсемдік үшін ғана емес, тәрбиелік мәні болғандықтан да таққан. Бұл әшекей заттар байсалдылыққа баулыған. Егер қыз шалт қозғалыстар жасаса, шашбаудан қатты дыбыс шыққан. Шолпысын салдыр-сұлдыр еткізіп ел назарын өзіне аударғысы келмеген әдепті қыз салмақты болып өседі. Күмістің өзі – пәктіктің символы. Баланы қырықтан шығарғанда не үшін күміс қасықпен қырық қасық су құяды? Ол суға тағы күміс теңге салып қояды. Бұл бәле-жаладан, төтенше қауіп-қатерден сақтайды деп сенген. Ата-баба дәстүріне бас июіміз керек. Біз дәстүрді мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде пайдалануымыз қажет.
Әңгімелескен Арман Әубәкір