«Күйеуім қайтыс болған соң несиесі мұраға қалды, төлей алмай қиналып кеттім», - дейді жалғызбасты ана...

5433
Adyrna.kz Telegram

Бұрындары қазақ «әкеден балаға мал қалады, болмаса тал қалады» деуші еді.  Ал қазір біздің қитұрқы заңның арқасында несие мұраға қалып жатыр.  «ҚР Банктер және банктік қызмет туралы» Заңға сәйкес адам қайтыс болған жағдайда оның мойнында несиесі болған болса, ол мұрагерлік несие болып есептеліп туған-тусына, бала-шағасына, заңды некелі жарына  өтеді. Осылайша заң бойынша, несие алушы қайтыс болған жағдайда, несиені қайтару міндеттемесі тоқтамайды. Бүгін біз «Адырна» ақпараттық порталы арқылы осы мәселелердің жігін ашамыз. 

Бізге мәселесін айтқан Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны Айнұр Қармысова. Бұл отбасы күйеуінің көзі тірісінде банктен үш жылға 1 млн теңге несие алады. «Жазмыштан озмыз жоқ», несие алғаннан кейін алты айдан кейін күйеуі бақилық болады. Ал осыдан кейін барып алынған несие қамыты кейіпкеріміздің мойнына ілінеді. 

«Бастапқыда күйеуім қайтыс болды ғой, енді несием кешірілетін шығар деген оймен банкке бардым. Жолдасымның қайтыс болғанын нақтылайтын куәлікті көрсеттім. Сөйтсем банк қызметкерлері несиенің кешірілмейтінін, сұрагерлік несие екенін айтты. Қазір өзім жұмыссызбын үш баламен банктің несиесін төлейден шаршадым, қиналып кеттім»,-дейді Айнұр Қармысова. 

Біз Айнұрдың мәселесін жеңілдетпек болып, арнайы мамандардың кеңесіне жүгіндік. Сала мамандарының айтуынша, бұл арада бір жеңілдігі, мұрагерлікке қалған несиеге пайыздар қосылмайды. Ал банктен алған негізгі соманы қайтару мұрагердің міндеті болып саналады. «Қанша жерден наразы болсаңыз да, мұндай жүйемен келіспесеңіз де, заңға бағынуға міндеттісіз» дейді мамандар.

     Қазақтың қарызға батуы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бере ме? 

Жалпы, несиеге қатысты деректерге жүгінсек, елімізде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам болса, олардың 5,1 млнға жуығының мойнында несиесі бар. Бұл - елдегі әр төртінші адамның банк алдында қарызы бар екенін көрсетеді. Қазірде осы несие алушылардың 1,5 млннан астамы алған қарыздарын қайтара алмай банктердегі проблемалық несие  қорын көбейтіп отыр. Бүгінгі күні елдегі қайтарылмаған несие көлемі 3 трлн теңгеге жеткен.

Қазақстандағы несие жүйесіне қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов, несиеге 24-28% үстеме қосу, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл қосу, қайтыс болған адамның несиесін мұраға қалдыру Қазақстанда ғана бар үрдіс екенін алға тартты. Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, әсіресе несиені мұраға қалдыру жайы дамыған елдердің тәжірибесінен әлдеқашан алынып тасталған.

«Қазір елдегі қайтарылмаған несиелер көлемі 3 трлн теңгеге жетті. Бұл банктер үшін өте қауіпті жайт. Тіпті банктер қарыз алған адам бақилық болып кетсе, оның несиесін бала-шағасына мұраға қалдырып заңды ұтымды пайдаланып отыр. Негізінде, көптеген елдерде мұндай саясат жоқ. Дамыған және дамушы елдердің біразында несие тұтынушыға 2-3-4 пайызбен беріледі. Сондай-ақ  ол елдерде несие алушыға жазатайым жағдай болғанда сақтандыру компаниялары қарызын өтейді. Ал бізде банктер несие аларда сақтандыру қызметін мәжбүрлеп тұрып тұтынушыға ұсынады. Ол үшін төлем алады. Ал жазатайым жағдай болса  сақтандыру қызметінің толық несиені өтеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Болашақта Ұлттық банк басшылығына келген Ерболат Досаев мырза осы мәселені шешуге атсалысса дейміз. Несиені мұраға қалдыру бабын заңнан алып тастауға ықпал ету керек. Халық қалаулылары да осыған мән берген жөн. Егер бұл бап алынып тасталмаса қазақтың қарызға батуы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қала береді»,- деді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

   Несиені мұраға қалдыру заңнан алынуы керек 

Сөйтіп, Жұмаділда Баяхметов айтып отырғандай, өзге елдерде   Қазақстандағы тәрізді несиені  мұраға қалдыру үрдісі жоқ. Экономист-ғалым «Мұндай үрдіс әзірге Қазақстанда ғана  тәжірибеде қалып тұр. Өзге елдерде қайтыс болған адамның несиесін «бала 18-ге толғанда төлейді» деп кәмелет жасқа толмаған баласына жүктеп қою, артында қалған туыстарына төлету деген жоқ. Біздегі несие саясаты халыққа емес, банкке ғана тиімді. Егер қарапайы мхалықты ойласақ, несиені мұраға қалдыруды заңнан алып тастау керек»  деді.

Ал қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, заңға расымен де сауатты етіп, түзету енгізу керек. 

«Мен өзім білетін  шет мемлекеттерде Венгрия, Польша елдерінде несие алған адам мүлде жұмысқа жарамсыз болып қалып, өндірістік жарақат алып мойнында несиесі болса оның 40 пайызын жұмыс беруші өтейді. 60 пайызын сақтандыру компаниясы төлейді. Өкінішке қарай, біз мұндай жүйеге жете алмай отырмыз. Халықтың қалтасы банктерге тоналып жатыр. Банктер халыққа тиімді операциялар жасап отырған жоқ. Сондықтан болашақта Үкімет банктерге халыққа тиімді қызмет көрсетуге қатысты заңға өзгертулер енгізіп,  талапты төтесінен қойса жақсы болар еді», - деді Ілияс Исаев. 

Қарлығаш Зарықханқызы, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер