Қазақ топырағындағы 70 жыл. Байқоңырдан басталған жол

1653
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2021/07/a-bajқoңyr-960x500.jpg?token=fe3ead2c04cadfafdc4f207abde84f70

Қазақстандағы ең ірі және әлемдегі ең алғашқы ғарыш айлағы – «Байқоңырдың» құрылғанына 70 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ғарыш айлағының жалпы ауданы 6717 шаршы шақырымды құрайды және ол әлемдегі ең үлкен ғарыш алаңы болып табылады. Байқоңыр ғарыш айлағы 1955 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында құрылды. Айлақтың инфрақұрылымы 9 ұшу кешенін, ғарыш аппараттары мен зымыран тасығыштарды құрастыруға арналған 11 ғимаратты, сондай-ақ ғарыштық техниканы отынмен және сығылған газбен қамтамасыз ететін 3 стансаны қамтиды.

1957 жылдың 4 қазанында дәл осы Байқоңырдан әлемдегі алғашқы жасанды Жер серігі – «Спутник-1» сәтті орбитаға шығарылды. Ал 1961 жылдың 12 сәуірінде әйгілі космонавт Юрий Гагарин «Восток» кемесімен алғаш рет адамзат тарихында ғарышқа ұшты. Осы тарихи оқиғалардан бастап Байқоңыр ғарыш кеңістігін игерудің көптеген ірі жобаларының бастау алған орнына айналды. Мұнда Күннің, Айдың және басқа да планеталардың алғашқы жасанды серіктері, сондай-ақ «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері және «Салют», «Мир» орбиталық станциялары ұшырылды.

Байқоңыр ғарыш айлағын салу кезінде күтпеген археологиялық қазбалар да табылғанын хабарлаған едік. Гагарин старт алаңын қазу барысында 35 метр тереңдіктен ежелгі ошақ пен тұз байланған ағаш отын қалдықтары анықталған. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша бұл жәдігерлердің

жасы 10-30 мың жыл аралығында екені белгілі болды.

1991 жылы тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» кемесімен осы ғарыш айлағынан ғарышқа көтерілді. Кейін қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев 1994 және 1998 жылдары екі рет ғарыш сапарына шықты.

Отставкадағы полковник, Байқоңырдағы Гагарин атындағы старт алаңының бұрынғы прорабы Сергей Алексеенко ғарыш айлағындағы қызықты деректі еске алды. Оның айтуынша, 1957 жылы ғарыш айлағында жүйелерді жууға арналған 12 тонна спирттің тек 7 тоннасы пайдаланылған, қалғаны шұңқырға құйылып, құммен көмілген. Алайда бұл жағдай білгендер үшін спиртті ішімдік ретінде пайдалану мүмкіндігін туғызған, бірақ тәртіп тез қалпына келтіріліп, спирт өртелген.

Осы тарихи нысанды сақтау мақсатында Ресейдің «Роскосмос» компаниясы Қазақстанға Байқоңырдағы №1 ұшу алаңын – «Гагарин старты» мұражай кешеніне айналдыру ұсынысын білдірді. Бұл кешен ғарыш айлағында қолданылмаған ғарыштық технологиялардың үлгілерін жинақтап, келушілерге таныстыруға бағытталғаны туралы айтқан.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1991 жылдан бастап, Байқоңыр ғарыш айлағы елдің меншігіне өтуі тиіс болғанымен, Ресей Федерациясымен 1994 жылы жасалған келісімге сәйкес ғарыш айлағы 2050 жылға дейін жалға берілді. Осы уақыт аралығында ғарыш айлағынан 1500-ден астам ғарыш кемелері ұшырылып, 150-ге жуық ғарышкер ғарышқа сапар шекті.

Комментарии