Ресейлік саясаттанушыны Назарбаев әуежайынан кері қайтарды. Себебі неде?

1171
Adyrna.kz Telegram
Фото: rbc.ru
Фото: rbc.ru

Тарих ғылымдарының кандидаты Андрей Грозин Қазақстанға кіре алмай, әуежайдан кері қайтты. Оны елге кіргізбеу себебі айтылмады Бұл туралы Ресейдің ТМД елдері институтының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Андрей Грозин 27 сәуір күні Астана әуежайында төлқұжаттық бақылаудан өте алмай, келесі күні Мәскеуге кері қайтуға мәжбүр болған.

Ғалым Қазақстанда Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне арналған іс-шараға қатысуы тиіс болған. Сондай-ақ оның «Ресей – Қазақстан: қауіпсіздік және гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы өзара іс-қимыл динамикасы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде сөз сөйлеуі жоспарланған.

Институт директоры, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Константин Затулин бұл жағдайға пікір білдіріп, Қазақстанның кейбір өкілдерінің қонақтарға қатысты «екіұшты әрі достықтан алыс» әрекеттері жиілеп кеткенін айтты. Институт өкілдері бұған ұқсас жағдайдың 2023 жылы Затулиннің өз басынан өткенін еске салды. Ол Байқоңырдан ғарыш кемесінің ұшуына қатысу үшін Қазақстанға кірмек болған. Алайда оны бірнеше сағат бойы оны шекарадан өткізбей қойған. Ақырында бұл жанжал шешілгенімен, түсіндірме берілмеген.

«Қазақстанды құрметтейтін ресейліктерге мұндай тосын жайттар жиі кездескенін қаламаймыз, әсіресе Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында. Бұл жеңіске Қазақстан мен бүкіл КСРО халықтары зор үлес қосты», – делінген институт хабарламасында.

Андрей Грозин – ТМД елдері институтынан бөлек, Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері. Оның ғылыми және мерзімді басылымдарда 250-ден астам мақаласы жарық көрген, алты монографияның авторы (екеуі – қосалқы авторлықта). Сондай-ақ ол Ресейдегі ірі бизнес құрылымдарға кеңес береді, ресейлік және шетелдік БАҚ-пен жұмыс істейді. 1996 жылдан бері Ресейде тұрады, оған дейін Қазақстанда өмір сүрген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. Бұрын ҚР Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар министрлігінде, Қорғаныс министрлігінде, Экология және биоресурстар министрлігінде және басқа да мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқарған.

Қазақстан билігі тарапынан Грозинге кіруге тыйым салу бойынша ресми түсініктеме берілмеді. Алайда қазақстандық саясаттанушы Марат Шибұтов Telegram-арнасында бұл шешім Ресейдің қазақстандық ғалымдарға жаппай тыйым салуына жауап болуы мүмкін екенін жазды.

«Мен бұрын жазғандай, ресейлік ғалымдармен бірлескен топта жұмыс істейтін қазақстандық тарихшылардың барлығына жуығы, бір адамнан басқасына, 2022–2023 жылдары Ресейге кіруге тыйым салынды. Бұл – біздің ғылыми элитамыз: институт директорлары, ғылым докторлары мен академиктер. Олардың барлығына Ресейге баруға болмайды. Бір ғалымымыз Шереметьево әуежайында заңсыз мигранттармен бірге бір тәулік отырып, елшілік араласқаннан кейін ғана елге оралған. Сондай-ақ бірқатар депутаттар мен саясаткерлер де тыйым тізімінде», – деді Шибұтов.

Оның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік органдары бұл мәселе бойынша ресейлік әріптестеріне жүгінгенімен, жауап болмаған.

Шибұтовтың пікірінше, Қазақстан тарапынан мұндай тыйымдар Ресейдегідей ауқымды болмайды.

«Бұл біздің қымбатты ресейлік әріптестеріміз жасағандай ауқымды шектеуге айналмайды. Бірақ бұл – Ресей билігіне қойылатын өте маңызды мәселе. Мұны шешу қажет», – деп түйіндеді Шибұтов.

Грозиннің мәтіндерінде ура-патриоттық ресейлік БАҚ-қа тән баяндаулар жиі кездеседі. Ол Украинаны қатты сынап, оны «404 елі» немесе «Ресей мен Польша арасында жатқан территория» деп атайды. Тарихшы сондй-ақ, Қазақстанға да кейде қатты сөздер айтады. Мысалы, Грозин Тоқаевтың сыртқы саясатына риза емес.

«Қазақстаннан оның... кешіріңіз, көп векторлы саясаты барынан басқа ештеңе күтпегенбіз. Соңғы екі айда қазақстандық сарапшылардың БРИКС-ке Қазақстанның қосылуы жайында бірде-бір болжамын таппайсыз. Батыс пен Шығыс арасында ауытқып, Қазақстан осы жолы Батысқа қарай икемделіп барады», - деген Грозин.

Ресейлік сарапшы бір сұхбатта Қазақстанды БРИКС-ке кіруден бас тартқаны үшін сынап, бұл әрекеттің Ресейге де қажет емес екенін айтады.

«Мүмкін, Қазақстанның өзінің үнемі құбылатын позициясымен БРИКС-ке асықпай жатқаны да дұрыс шығар. Ол жердің оған онша қажеті жоқ. Өйткені мұндай ел, осындай басшылықпен, осындай элитамен процестердің дамуын тежеп, легитимизацияға зиян келтіріп, қажетсіз талқыларды ұйымдастырып, ұсақ-түйек нәрселермен кедергі келтіруі мүмкін», — деген Грозин.

Пікірлер