Соңғы мереке күндері бір шайхана, бір мейрамханада болдық. Жігіттермен бірге. Екеуінде де мәзірде (мәзірдің сыртында тек қана орысша - Меню тұр) бас тағамның аты - "қазақ еті" болып тұр. Бұл сөз қазақша ойлайтын, қазақы мүддені көксейтіндер үшін маңдайға ұрғандай болады. Бірақ ол жағдай сіздің санаңыздың деңгейіне қарай көрініс береді. Қысқасы: "қазақ еті" деген тіркес - "қазақтың еті" дегенді білдіреді. Бұған қарап, бұрын қазақ малдың етін жейтін еді, енді өз етін өзі жеуге көшкен бе деген ой келмесе де, шетелден келген адамға "мяса казаха", "Kazakh meat" деп аударып, айды аспаннан бір шығаруға да болады...
Содан тағам таңдау дау мен таластан басталып кеткені өтірік емес... Жарайды. Бұл қайдан шықты деген сұраққа мейрамханада болғанымызда бұрынғы сенатордың әңгімесінен қанықтық. Ол жерде "қазақ еті" дегенге ешкім байланған да жоқ, байқаған да жоқ. Бірақ сенатор сөзі оның төркінін аша салды. Ол "ескі президентпен" табақтас болған екен. Содан алдарына мәзір әукелгенде онда әдеттегідей "бишпармак" жазулы тұрады. Содан сенатор "Нұреке, бишпармактың қазақшасы қандай деп ойлайсыз?" деген сұрақты қыстыра салады. НӘН мәзірге шұқшияды да, сол бойда қойнынан қаламын алып "қазақ еті" деп жаза салады. "Бишпармак дегенді қойыңдар, бұдан былай "қазақ еті" деп жазыңдар" дейді даяшыға. Бірақ бұл тіркес одан кейін тарала қойған емес. Оның таралғаны соңғы 2-3 жылдағы "бишпармак" тартысынан кейін шыққан "құбылыс".
Былай қарасаң, ол кісі өзінше қазақшалады. Басқаша қарасаің, оны сөкет түсінуге болады: қазақ - "қазақ етін" жеуші... Бірақ мәселе неде?
Мәселе бас тағамның атауының дұрыс орнықпауында ғана емес, оған атүсті, ұсақ-түйек қарап келген ғылымда емес пе?! Ғылыми сананың тапшылығында емес пе?
Десек те, советтік дәуір бұған өзінше ізденді де, оны "қазақша ет" (мясо по казахски) деген айдар тақты. Ол енді шындықтың дәл өзі болмаса да, жақындау еді. Бірақ бас тағамның атауы – «қазақ еті» дей алмас едік. Ол атау да емес...
Осы жерде ауызекі бұқара тілінде тарап жүрген "қазақ "ет" деген жоқ па?", "ет асу" ??? деген жоқ па дегендей қарабайыр ұсыныстардың қаптағанына да назар аудара салайық. Қазақ бас тағамды ешқашан
Бұл жай ғана бір-екілі сөз емес, қазырғы бүкіл қазақ лексикологиясы мен терминологиясының маңдайын тасқа тіреп қойған мәселе! Бұл мәселелер арнайы заманауи тетікпен, яғни ғылыми түрде ғана шешіле алады. Және бұған этнолингвистика, психолингвистика, лексикология мен терминология қатысуы керек. Сөйтіп қазақ тілінің жаңа индустриал (тіпті бұл да жеткіліксіз, енді технологиялық) сана деңгейіне лайық 5000-10000 сөзден басталатын тіл корпусы керек. Бұны да Қанағат Жүкешев мырза айтып жүр. Әрбір лексема қолдануға, айтуға, жазуға икемді болатын, алдымызда қабылдауға лайық лексикалық база жасау міндеті тұр. Оған кім шешім қабылдап, оны кім атқаруы керек? Билік!
Оның рецептін айтсақ: жаңа қолданбалы лингвистика институтын құру қажет! Бұл институт құрамында бастапқыда мынадай кемінде 4 бөлім болғаны жөн:
- Термин-лексикалық зертхана – ғылыми терминдер мен сөздердің баламасын іздестіру және әлемдік терминдерді орфоэпия-орфография жағынан қазақ тіліне икемдеу;
- Аударма бөлімі – ғылыми мәтіндерді қазақшалауды жолға қою және олардың мәселесін шешумен айналысу;
- Ғылыми оқулықтар мен әдебиеттерді жүйелі түрде қазақша шығаруды ұйымдастыру бөлімі;
- Ғылыми сұранысқа сәйкес Цифрлық лингвистика өнімдер бөлімі.
Бұлай етпесек, "сен салар да, мен салар, атқа тоқым кім салар" күйден арылмаймыз.
Серік Ерғали