Украина мен АҚШ минералды ресурстар бойынша келісімге қол қоймақ

811
Adyrna.kz Telegram
Фото: rbc.ru
Фото: rbc.ru

Украина мен АҚШ арасында пайдалы қазбаларға қатысты маңызды келісімге қол қойылмақ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Reuters агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, келісім 30 сәуір күні бекітілуі мүмкін.

Украинаның экономика министрі Юлия Свириденко Вашингтонға келісімге қол қою мақсатында жол тартқан. Аталған келіссөздер АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қызметке келген алғашқы апталарында басталған.

Келісім жобасы Украинада инвестициялық жобаларды басқаруға арналған бірлескен қор құруды көздейді. Дегенмен, қордың нақты жұмыс істеу тәртібін реттейтін екі техникалық келісімнің мәтіні әлі толық мақұлданбаған.

Bloomberg агенттігінің жазуынша, келісім жобасында АҚШ пен Украина "Украинаның тау-кен өндірісі, энергетика және онымен байланысты салаларға инвестиция тартуға жағдай жасайды" делінген. Бұл мақсатта құрылатын инвестициялық қордың табысы тараптар арасында тең бөлінеді.

АҚШ пен Украина арасындағы келісімге елдің энергетикалық инфрақұрылымы мен порттары кірмейді. Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Украинадан сирек металдардан бөлек, порттар мен инфрақұрылымдарды да қамтуын сұраған болатын. Алайда кейін бұл талаптан бас тартқан.

Келісімге сәйкес, АҚШ пен Украина сирек металдардан түскен табысты бірлескен қорға аударады. Қорға түскен қаражат екі ел арасында 50/50 үлеспен бөлінеді. Украина өзінің пайдалы қазбалары мен инфрақұрылымына толық иелік етеді. Сонымен қатар, АҚШ тарапынан көрсетілген әскери көмек те осы қорға салынған инвестиция ретінде есептелмек.

Ақпан айында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ ұсынған алғашқы келісім жобасына қол қоюдан бас тартқан болатын. Алайда соңғы келісім нұсқасы тараптардың мүддесіне сай келеді деп күтілуде.

Пікірлер