ҚҚС 20%-дан 16%-ға төмендеді. Мәжіліс салық реформасын мақұлдады

898
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/06/img_4925-960x500.jpeg?token=c208f00c123ad2d1b9974c6dcce7c4b6

Бүгін Мәжіліс депутаттары Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, Салық кодексінің жобасы өткен жылы тамызда Парламентке ұсынылған бастапқы нұсқадан мазмұндық жағынан өзгеше.

«ҚҚС реформасы бойынша – бастапқыда Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 миллион теңгеден 40 миллион теңгеге дейін көтерілді. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап – 5 пайыз, 2027 жылдан бастап – 10 пайыз. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу шеңберіндегі тауарлар мен қызметтер ҚҚС-тан босатылады», – деді Бейсенғалиев Мәжілістің жалпы отырысында.

ҚҚС-тан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық кітаптар, сондай-ақ оларды басып шығару қызметтері де босатылады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында қосымша есепке алынатын ҚҚС көлемі 70 пайыздан 80 пайызға дейін арттырылды. Бұл олардың салық жүктемесін азайтады.

«Рұқсат беру жүйесінің орнына тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі енгізіледі. Аймақтық ерекшеліктерді ескеру мақсатында мәслихаттар 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлемені 50 пайызға дейін өзгерте алады. Бизнес арасындағы операцияларға арнайы салық режимін қолдану кеңейтіледі», – деді депутат.

Бұдан бөлек, заң жобасында әлеуметтік сала ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығының төмендетілген мөлшерлемелері белгіленеді: 2026 жылдан бастап – 5 пайыз, 2027 жылдан бастап – 10 пайыз. Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салық шегерімі 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (2025 жылы шамамен 19,6 миллион теңге).

Құмар ойын және банк саласына арналған КТС мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көтеріледі. Дегенмен, кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша банктер үшін ставка 20 пайыз деңгейінде сақталады. Жалақы бойынша жеке табыс салығы үшін прогрессивті шкала енгізіледі: 8500 АЕК-ке дейінгі жылдық табысқа – 10 пайыз, одан асқан сомаға – 15 пайыз; дивиденд түріндегі табысқа – 230 000 АЕК-ке дейін – 5 пайыз, одан жоғары болса – 15 пайыз.

«Алкоголь, темекі, қыздырылатын темекі өнімдері мен энергетикалық сусындарға акциздерді кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам халық арасында салауатты өмір салтын ынталандыруға бағытталған», – деді Бейсенғалиев.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімсіз пайдаланған жағдайда төлем мөлшерлемесі 100 есе өсіріледі. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемелері лицензия мерзімі мен учаскелер санына байланысты қайта қаралады.

Мәжіліс депутаттары Салық кодексіне енгізілген түзетулерді қолдап дауыс берді. Енді құжат Сенатқа жолданады. Егер Парламенттің Жоғарғы палатасы заңды мақұлдаса, ол Президентке қол қоюға жіберіледі.

Комментарии