Air Astana әуе компаниясы ұшағының фюзеляжынан жарықшақ табылды. Прокуратура тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.
2025 жылғы 18 сәуірде Telegram-дағы «Berkut 001» арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасымен көлік прокуратурасы мен Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі әуе қауіпсіздігі саласында кең көлемді тексеріс жүргізіп жатыр.
Аталған тексеріс барысында Air Astana әуе компаниясына тиесілі ұшақтың фюзеляжының артқы жүк бөлігінің маңынан ені шамамен 25 сантиметр болатын жарықшақ анықталған. Осыған байланысты ұшақтың пайдаланылуы уақытша тоқтатылды.
Сонымен қатар, Telegram арнадағы жазбада тексеріске қатысып жатқан лауазымды тұлғаларға қысым көрсетіліп жатқаны, яғни қауіпсіздікке үлкен қатер төндіретін бұл ақауды маңызды емес ескерту ретінде тіркеуге итермелеу әрекеттері туралы да айтылған.
ҚазТАГ агенттігі бұл мәліметті Бас прокуратурадан растауды сұраған.
«Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмаларын орындау мақсатында тұрақты жолаушы тасымалдарын жүзеге асыратын әуе компаниялардың қызметіне тексеріс жүргізілуде. Бұл жұмысқа уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар тартылған. Тексерістердің мақсаты – ұшулар қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда жұмыс жалғасуда, оның нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етіледі», – делінген прокуратура жауабында.