Қырғызстандағы “Россотрудничество” өкілі Оштағы Орыс үйінің қызметкері Наталья Секеринаның тұтқындалуына алаңдаушылық білдірді. Ол Украина аумағындағы әскери қимылдарға жалдамалыларды тартты деген күдікке ілінген. Бұл туралы «Интерфакс» агенттігі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Секерина – Қырғызстан азаматы, біздің Оштағы бөлімшенің жергілікті қызметкері. Ол 2024 жылдың шілде айынан бастап Орыс үйінде жұмыс істейді, медиа саласымен өзара іс-қимылға жауапты. Біз оны адал, ашық әрі жауапты қызметкер ретінде танимыз», – деді Россотрудничество өкілдері.
Ұйым өкілдері істің нақты мән-жайы туралы толық ақпаратқа ие емесін айтып, тергеу барысында барлығы анықталады деп үміт білдірді. Сонымен қатар, Ресейдің ғылым және мәдениет орталығының тек үкіметаралық келісім аясында жұмыс істейтіні ерекше атап өтілді.
Секерина мен тағы бірнеше адам Қырғызстан азаматтарын басқа елдердегі қарулы қақтығыстарға қатысуға тартты деген күдікпен ұсталғаны 17 сәуірде хабарланған. 23 сәуір күні Бішкектегі Первомай аудандық сотының баспасөз хатшысы Нурзина Мурзаева бұл ақпаратты растады. Оның айтуынша, Секерина бұрын журналист болып жұмыс істеген. Ал екінші күдікті Сергей Лапушкин – Ош қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде болған. Олармен бірге тағы екі адамның ұсталғаны белгілі болды, алайда олардың жеке тұлғалары анықталып жатыр.
Ұсталғандарға қатысты «Жалдамалылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлығына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде 2025 жылдың 17 маусымына дейін қамауға алу шешімі шығарылған. Күдіктілердің бірімен жұмыс істейтін адвокаттың айтуынша, олар Украина аумағындағы әскери қимылдарға адамдар тартты деген күдікке ілінген. Бұл ақпарат расталса, оларға 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.